Лирикалық тек, лирикалық жанрлар

0
6031
Иллюстрация: Freepik.com

Әдебиеттің ежелгі тегінің бірі – лирика. Лирикалық бейнелеу тәсілінің ерекшелігі. Лириканың субьективті сипаты. Лирика туралы сыншы, ғалымдар толғамдары. Лирикалық жанрлар (ода, элегия, ән өлеңі, арнау, соннет т.б. табиғаты.

Лирика көлемі жөнінен, эпосқа қарағанда, әлдеқайда ықшам. Сюжетке де көп бара бермейді. Оқиғадан гөрі отты сезім басымдау, күллі сюжет сол сезім маңына, философиялық ой маңына жинақталады.

Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі. Мұның эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де айрықша үлкен. Себебі бұл арада өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл-күйі бір-біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді. Ақын оқшау образ жасап, оқырманға «содан үйрен, не жирен» деген тенденциямен ғана тынбайды, оған тура өз басындағы сезім мен сырды тұп-тұтас көшіре салады. Сонда ақын көкірегіндегі сезім – оқырман сезімі, ақын көңіліндегі сыр – оқырман сыры болады да шығады.

Лириканың күші –  әсерлілінде; әсерлілік – айтайын деген ойды сырлы суретке айналдыру, яғни лириканың күші – баяндауда емес, суреттеуде жатыр. Ал лириканың суреттейтін шындығы ұланғайыр, шындықты қамту құлашы кең; шын мәніндегі шебер лирик ақынды не жалаң қайғының, не бірыңғай қуаныштың ақыны, не мұңшыл, не күлкішіл ақын деуге болмайды; талантты лириктің өлеңдерінде соның бәрі түгел, тұтас жатады; оның сырлы жырларындағы сәл ғана, ең бір жай сезінудің өзі, оқыған жанның сана-сезімін түгел баурап, көңіл-күйін түгел тербетіп, барлық пердені бірден басып, барлық шекті бірден сөйлеткендей сайрап кетеді.

Сондықтан шын мәніндегі шынайы лирика сырдаңдық атаулыдан әрқашан аулақ тұрады. Мұндай лириканың үлгілерін Гете мен Пушкин, Абай мен Шевченко, Блок пен Мағжан, Элюар мен Хикмет секілді әлемдік әдебиеттің әйгілі классиктерінің бәрінен табуға болады.

Лирикада мінез болады. Ол – ақынның мінезі: өлеңім өзіме тарт дегендей, әр өлең тек иесіне ғана тартады. Сондықтан оқырманның өлеңді сынайтыны секілді, өлең оқырманды да сынайды. Біздің жаңа дәуірдің алғашқы жылдарында, мысалы біреулер Маяковскийге құмартса, біреулер Есенинді ұнатты. Бұл жайдан-жай емес,  әркім өлең мінезіниөз қабілетіне, өз мақсат-мұратына қарай танып-білмек. Бұл – өлең мен адам арасындағы қарым-қатынас.

Лирикалық жанр түрлері көрсетпек болған өмір құбылыстарын қалай суреттеуі, ақынның көңіл күйін қалай берілуіне байланысты. Бұл жанрға тән ақынның дүние танушылығы, көзқарасымен өзінің ішкі сезімін, күйініш-сүйініш дайым ұштастыра жырлау десек, айырмасы, жоғарғы айтылғандар тәрізді, қалай жырлауында ғана. Кейде шаттық, қуаныш, асқақтық білдірсе, кейде мұң, зарды, кейде көңілдің би-жай қоңыр күйін сездіру мүмкін.

Міне, осы сипаттарына қарап, лирикалық жанр әлденеше түрлерге бөлінеді. Әр халықтың лирикалық өлеңдері оның атам заманғы ауыз әдебиетінен басталған. Мысалы қазқ лирикасының басы баяғы салт-өлеңдерде: тойбастар, жар-жар, сыңсу мен беташарда немесе мұң-шер өлеңдерінде: қоштасу мен көңіл айтуда, естірту мен жоқтауда жатыр. Солардан өрбіген лирикалық сарын толассыз жамырап әртүрлі ән-өлеңдеріне, толып жатқан толғау жырларға тоғысқан да, одан лиро-эпосқа келіп сіңген.

Орта ғасырда роман (француз, испан, итальян) елдерінің поэзиясында туып қалыптасқан лириканың ерекше түрі – баллада (итальянша ballare – билеу) лиро-эпостық сипаттағы шағын сюжетті өлең. Мұнда ақын өзінің көңіл-күйін, толғанысын жырлап қана қоймайды, сол сезімді туғызған себептерді оқиғаға айналдыра суреттеп көрсетеді. Балладаның мазмұны көбіне тарихи шындық, оқшау фантастикалық хал, ерлік әрекет (мысалы ағылшынның Робин Гуд жайлы халық балладалары) болып келеді.

Лириканың антикалық әдебиетте көп тараған түрлерінің бірі – идиллия, әлдебір парықсыздау салтанат, әрекетсіз, қызық, уайым-қайғысыз қызғылт өмір туралы жыр. Идиллиялық өлеңнің тақырыбы – мал баққан, шөп шапқан, егін салып, балық аулаған адамдар тұрмысы, олардың сұлу табиғат құшағында өтіп жататын той-думаны, сауық сайраны.

Ежелгі Эллада ақыны Пиндардан рим ақындары Гораций мен Овидийге, одан орыс ақындары Лермонтов пен Державинге дейін екі мың жылдан аса ғұмыр кешкен бір лирикалық түр – ода (грекше ode-ән) – есімі елге тараған жеке адамдарды не батырларды мадақтаған я болмаса ел ішіндегі елеулі оқиғаларды дәріптеген аса көтеріңкі, көңілді жыр.

Бір таптық топтың ең керекті санаған адамы не нәрсесі туралы ақынның өте қуанышты, өте көтеріңкі тілмен жазған лирикалық өлеңдерді ода деп атайды (мысалы, әскердің жеңуі, сарайда болған мейрам т.б.). Ресейде ода жазушылар Ломоносов, Державин т.б. болды. Қазақ хандарының дәуірлеп тұрған кезінде ханның қасындағы ақындардан ода шығарушылар көп болған. Жәңгірдің хан боп тұрған кезінде ханның сарай ақыны болған Байтоқ ақынның одаға жататын бірнеше өлеңдері бар.

Лириканың әдемі түрлерінің бірі – сонет (итальянша sonetto,  sonare-сылдырау, сыңғырау) – арнаулы өлшеммен, әр түрлі тақырыпқа жазылатын сыршыл өлең; ХІІІ ғасырда Сицилияда туған; Данте, Петрарка көп жазған; кейін Батыс Европаның басқа елдеріне кең тараған; классикалық үлгілерін Шекспир жасаған.

Сонеттің арнаулы өлшемі бар; көлемі – он төрт жол, алғашқы сегіз жолы – бірінші бөлім – катрен де, соңғы алты жолы – екінші бөлім – терцет. Алайда мазмұн жағынан бұл екі бөлімнің ара жігін ажырату қиын. Сонет қазіргі қазақ лирикасында да бар. Соңғы кезде лириканың бұл түрімен Е.Әукебаев айналысып жүр. Қ.Аманжоловтың «Құрдас туралы» деп аталатын сонеті бар.

Элегия – бір мұң, бір сарын аралас назды сарын. Элегия деп өзінің жай өмірімен байланысты, басында болған күйініш-сүйініштерді (сүйіспендік, табиғат күйін т.б.) суреттеген шығармаларды айтады. Элегияда көңілдің қайғысын суреттеу өте жиі ұшырайды.

Сондықтан элегия қайғылы өлең деген түсінік туды. Элегияның өрбіген дәуірі феодалдық-крепостнойлық құрылысты капиталдық жаңа қатынас әлсіретіп, феодал құрылысы құлауға айналған дәуірде болды. Соның салдарынан жеке бақыттылық, жеке рақатты аңсаған қайғылы ой, жеке өмірді көксеген тілек элегияда терең із қалдырды. Қазақ әдебиеті тарихында элегияның күшейген кезін ХІХ ғасыр деп айтуға болады. Қазақ хандығы жойылып, отарлау саясаты күшейіп, қазақтың ескі феодалдық өміріне өзгеріс кіре бастаған кезде кейбір қазақ ақындарында элегияға берілушілік көп болды.

Мысалы, Шәңгерей ақынның көп өлеңдері элегияға жатады. Лирикалық жанрға ән өлеңі, сатиралық лирика секілді өлең түрлері де жатады. Лириканың бұлардан басқа түрлері де толып жатыр: арнау (кейде арнайы шарықтау, кейде көлемді лиро-эпикалық шығармаға беташар, кейде жеке адамдарға бағыштау түрінде жазылған өлең), ой (әр тақырыпта туған әр алуан философиялық толғау), канцонетта (баяғының серілік сезімдерін мадақтайтын көне әуен), романс (сүюді жырлау), пастораль (малшы сазының бір түрі), эклога (ауылдағы сауық жырының бір түрі), эпиталама (жас жұбайлардың жарастығын мадақтайтын көне өлеңнің бір түрі), эпитафия (дүниеден өткен әлдебір қадірлі кісі жайлы жоқтау), эпиграмма (жеке біреулерді мінеп, мысқылдайтын сықақ өлең) т.б.

Лирикалық шығармалар кейде тақырыбы, мазмұнына қарай бөлінеді: саяси-азаматтық лирика (тақырыбы да, мазмұны да әлеуметтік мәні зор ірі мәселелерді сөз етеді), сүйіспендік, махаббат лирикасы (негізгі әңгіме махаббат туралы, кейде қуанышты, кейде қайғылы болуы мүмкін), философиялық лирика (ақын лирикалық өлеңін философиялық терең мазмұнға құрады. Мұндай лирикалар қазақтың толғауына жақын келеді).

Осылардың ішінде ерекше тұратын табиғат лирикасы. Жаз, күз, қыс, теңіз, тау, орман, тоғай тәрізді әр алуан табиғат құбылыстарын жырлауға арналған лирикалық өлеңдер. Әрине, лирикалық өлеңдердің мазмұны да, түрі де, оларда байқалатын көңіл күйлері де ақынның өмірге көзқарасымен байланысты.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Мақпыров С. Әдебиеттің тектері мен түрлері. Алматы, 1994.
  2. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1992, 2002.
  3. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы, 1969.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ахметов К. Әдебиеттану әліппесі. Алматы, Қазақпарат, 2000.
  2. Ахметов К. Әдебиеттануға кіріспе. Қарағанды, 2004.
  3. Джуанышбеков Н.О. Введение в литературоведение. Алматы, 2005.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Көркем троптар, олардың түрлері
  2. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  3. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  4. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  5. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  6. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  7. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  8. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  9. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  10. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ