Менің балабақшам (Балабақша туралы эссе)

0
10914

«Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан жақсы қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз»

Н.Ә.Назарбаев

Кіріспе

Мәңгілік ел болып қалыптасу жолында ұрпаққа берілетін тәрбие елбасымыздан бастап ойландырып-толғандыратын өзекті мәселелердің бірі екенін ешкім жоққа шығармайды. Дүние есігін ашқан әрбір нәресте отбасында ата мен әженің, әке мен шешенің, бауырлардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Отбасында берілетін тәрбие әр отбасында түрліше, өздерінің қалыптасқан отбасылық құндылықтары арқылы, үлкендердің өмір жолдары арқылы тәрбиеленеді. Ал білім мен тәрбие беретін орындарда жаңашылдық пен заманауилықты ұштастыра отырып, ел ертеңін тәрбиелеуге үлкен жауапкершілік танытылады. Ары қарай өмірдің өсу сатысында білім мен тәрбие ұйымдарында қалыптасқан бір ізділік жүйе арқылы өз көзқарастарын қалыптастырып, «Мен»-і танылып, жеке тұлға ретінде қоршаған ортада өз орындарын табады.

Эссеге арқау болып отырған тақырыпқа тоқталатын болсақ, балабақша тек бүлдіршіндердің келіп-кететін мекені болмау керек. Ал, ата-ана үшін бала-бақша өз жағдайларын жасап, баламыз жұмыс жасауға кедергі болмасын деген ниетте балаларын кешке дейін апарып тастайтын орын болмау керек. Осындай көзқарастар қалыптаспас үшін балабақша жұмысының, ұжым ауызбіршілігінің мықты болуы абзал.

Бүлдіршін бақшаға-достарымды көрем, үйде еш ойналмайтын қызық ойындар ойнаймын, ешкім білмейтін тек тәрбиешім ғана білетін қызықты ертегілерді тыңдаймын, әндер үйренемін деп, қызығып келетін шуақты мекеніне айналуы керек.

Ал, бала жүрегінде осындай орын алып, балабақшаға демалыс күндері де сәби жүректерін алып ұштырып тұратын деңгейге дейін жеткізетін ол әрине-балалардың бағбаны-тәрбиешілер болып саналады. Бір тәрбиеші-бірнеше баланың өміріне жауапты болғандықтан, ешқандай атүстілік танытпау керек, немесе кешке дейін жұмыс уақытын өткізіп, күн көрістің қамын ойламау керек. Әрине, үлкен ыждағаттылық пен кең жүректілікті қажет ететін мамандық болған соң тәрбиеші болу кез-келгеннің қолынан келе бермейтін нәзік кәсіп иесі деп білеміз. Күнделікті сұранысқа ие қат мамандық болмағанмен, өмірге келген әрбір бүлдіршіннен ел азаматтарын тәрбиелеп шығару үшін қай кезде де қажет, ешқашан керектігі мен қажеттілігі жойылмайтын тұрақты мамандық деп білемін.

Негізгі бөлім

Педагогикалық ұжым төмендегі қарапайым ғана шындықты мойындаған кезде ғана, балабақша аймағы мейрімділік территориясына айналары сөзсіз. Ол — ешқашан өзіңді баладан жоғары қойма, өзіңнің қолыңнан келмейтін нәрсені баладан талап етпе! Осы бір шындықты түсінген кезде ғана, бала өзін тек тәрбие құралы ғана емес, ең қиын тапсырманы сеніп тапсыруға болатын сенімді серіктес ретінде сезінетін болады. Ең бастысы- балабақшаны тек оқу-тәрбие ошағы деп санамай,  баланы түсінетін, әрдайым көмек қолын созатын әлем деп сезіну. Осындай мейірім  мен сүйіспеншіліктің аймағы —ол біздің балабақшамыз. Сондай-ақ, ол мәңгілік балалық пен жастықтың ордасы. Балабақша бізге өз мүмкіндігімізді толық көрсетуге, баламен бірге балаша ойнауға, ойлауға, еркелеуге, қиял әлеміне шарықтауға, ертегілер еліне саяхат жасауға мүмкіндік береді.

Біздің мамандығымыз — бұл біздің өмір жолымыз. Біздің балабақша – бұл бөлек әлем, гүлденген көгал. Балабақша бізге балада бар ең нәзік – бала жан дүниесін сезінуге, аялауға, бағалауға үйретеді. Балабақша баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуында ерекше орын алатын сатысы. Балабақшада балаға қажетті, сетінемейтін махаббат жібі бар. Ұзақ жылдар жасағандығына қарамастан, балабақшаның әр кірпіші, әр бұрышы ешқашан ескірмейтін мейірім мен сүйіспеншіліктен тұрады. Балалардың күлкісі мен мейірімі арқасында біздің балабақша жыл өткен сайын гүлденіп, көркейіп, жасара түсуде.
Балабақшаның жүрегі — музыка залы. Ол балалардың күлкісінен қуат алады. Педагогтардың балаға қуаныш силауға, талмай еңбек етуге деген тілегі мен талпынысы балабақшаны мейірімділік пен сүйіспеншілік аймағына айналдырды. Педагогтардың кәсіптік деңгейі — балабақшаның қаңқасы. Кәсіптік қызметімізде бізге көмектесетін бақшадағы әр тәрбиешінің шығармашылық белсенділігі, жаңалыққа құмарлығы. Жаңашылдық пен ізденімпаздық-міне біздің мекеменің басты ұстанымы осылар! Бұл тұрғыда жүйелілік пен ізденушілік үлкен орынды алады. Педагогикалық шеберлік педагогтың әдіс-тәсілдерді меңгерудегі білік-дағдыларына тікелей байланысты. Педагогикалық шеберлік — өскелең ұрпақты тәрбиелеу өнері.Біздер балаға қиындығы мен қарама — қайшылығы мол өмірді, қоршаған ортадағы құбылыстарды түсінуге көмектесуіміз қажет. Тек педагог ғана бала жанының қаншалықты сезімтал, ұғымтал екендігін бағалай біледі. Біздің балаға береріміз — махаббат, сүйіспеншілік, мейірім, қамқорлық.

Ақын Фариза Оңғарсынова өлеңге қосып жырлағандай, «Үй жақсы ма, бақшама?» деген сұраққа біздің балабақшаның әр бүлдіршіні қуана «бақша» деп жауап берер еді. Балалар  — өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі.

 Қорытынды

Біздің балабақшалар-тәрбиешілер арқылы өздерінің алға қойған мақсаттарын жүзеге асыра отырып, егемен еліміздің саналы да сапалы ертеңін тәрбиелеуде үлкен жауапкершілікке бастау алады. «Баланы бастан…» деп айтыылған халықтық қағиданың бала болашағына ықпалы зор екеніне ешкімнің дауы жоқ.

Отбасында еркелеп, өз дегенін, қалауын орындатып қоятын ерке балалар да жоқ емес. Балалардың барлығы бірыңғай тәртіпті болып туылады, тәртіпті болып тәрбиеленеді деген қатып қалған аксиома жоқ. Бірақ, баларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке баулитын орта-тағы да балабақша.

Салыстырмалы түрде сөйлейтін болсақ, кімнің пікірімен бөліссек те бақшаға барған баламен, бақшаға бармаған баланың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қай жағынан болмасын –адамдармен қарым-қатынас жасағанда да, сөйлеу мәнерлерінде де, өз ойларын жеткізе білуде де тағысын сол сияқты көптеген құбылыстарда да айырмашылықты байқап жатамыз. Сондықтан да бақша-тек балаға бас көз болып қарайтын, осы еңбектері үшін мемлекеттен жалақы алатын адамдардың жұмыс орны деп қарамау керек. Керісінше, бақша менің балама білмегенді үйретіп, жақсыны беріп, жаманнан жирендіретін, білімді де білікті мамандардың ордасы деп білуі керек. Сонымен бірге балаларын өздерінен де асқан жауапкершілікпен бала тәрбиесіне мән беретін –сенімді тұлғалардың мекені деп те баға беретіндей дәрежеге жеткізуіміз керек.

Бақшаны-бала бағбандарының мекені деп тани отырып, балабақшаны-болашақтың қақпасына айналдыруымыз керек.

Болашақтың қақпасы-әрбір бақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарында ертеңге деген нық сенім, жүректерінде патриоттық сезімдері жалындаған ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін алтын қақпа болуы тиіс. Қазіргі заман талабына сай өнерлі, шығармашылыққа бай, жан-жақты дамыған, өздерінің жағымды жақтарын көрсете білетін, өз ойларын ашық айтатын ұрпақ тәрбиелей отырып, мәңгілік ел болып қалыптасудың алғашқы қадамдары деп білемін.

Егемен еліміздің мәңгілік болып, қазақ елінің мәңгі жасауы және «қазақ» атауының ешқашан өз тұғырынан түспеуі болашақ ұрпақтың қолында. Ал болашақ ұрпақты талапқа сай елжанды, ел мақтанышы етіп тәрбиелеуде-бақша өмірінің рөлі зор.

Бойымыздағы бар білімімізді, асыл қасиеттерімізді періште бөбектерге арнай білсек, олардың жүрегіне жол тауып, өзіндік «мені» бар дәрежеге жеткізсек, Отанды, адамзатты сүюге тәрбиелесек – міне, біздің балабақшамыздың нағыз мейірім алаңына айналғаны.

 

Шукибаева Жумагул

Түркістан облысы, Келес ауданы

«У-Аяулым бөбекжай балабақшасы»


ПІКІР ҚАЛДЫРУ