Оң қол және оның мағынасы

0
2914

…-Үйге оң аяғыңмен кір! Осы сөзді бала күннен естіп өстік. Тағы да «сәлемді оң қолыңмен бер, тамақты оң қолыңмен же, әуелі оң аяғыңды ки»,-деп үйретуші еді. Тағы да  ісің оң болсын, айың оңыңнан тусын деп жататын…

Кейін білдік , Құран аяттары да оңнан солға қарай жазылады екен. Сөйте-сөйте біздер де бала күннен оң жаққа, оң қолға деген ерекше құрмет қалыптасты. Кейін есейе келе ойлана бастадық, неліктен мұсылман елдері оң жақты қадірлейді деп. Ойлана жүріп намаз бастадық, ораза ұстадық, ислам құндылықтарымен таныса бастадық. Көп жылғы ізденістен кейін оның да жауабын тапқандай болдық…. Әуелі біраз шегініс жасап алайық…

Он сегіз мың ғаламды жаратқан Аллаһ тағала, енді жердегі топырақ пен құмның асылын алдырып жұмақта Адамды жасағанын бәріміз білеміз. Дамыған елдердің барлығының мектеп оқулықтарында осылай жазылған. Және ерекше махаббатпен сүйіп жаратқан делінеді. Кейіннен адам жерге түсті, өсті-өнді. Көбейді. Оған өмір сүру, өз жолын таңдау еркіндігі берілді. Сол-ақ екен жер бетінде дүрбелең басталып кетті!

Адамдар ойларына келгенін жасай бастады. Бірін бірі өлтірді, тонады, бірі тасқа, бірі хайуанға табына бастады.Тағы да оларға жаны ашыған Жаратушы, адамдар арасынан таңдалған ерекше пенделеріне дұрыс өмір сүрудің жолдары туралы ақпараттар жібере бастады. Ол ерекше жандар Пайғамбарлар деп аталды… Ол енді бөлек әңгіме.

Осы жерде маған мынадай бір ой келді, әр адамды ерекше махаббатпен сүйіп жаратқан Жаббар иеміз пенделеріне бір хабар не бір нышан етпеуі мүмкін емес қой?.. Және ол хабар барлық ұлт және ұлыс өкілдеріне бірдей ұғынықты болуы керек. Ойлана және сараптай келе ол хабар біздің оң алақанымызда жазулы тұрғанына көз жеткіздім! Айта кететін жайт,мен діни оқу тауыспаған қарапайым жұмысшымын. Кәсібім бағбаншылық. Сондықтан артық не кем айтып қойсам, Аллам өзі кешірген болсын…

Сонымен анықтап қарасақ, оң алақанымызда Жаратушының есімі анық жазулы тұр екен! Және де  ұлтқа, ұлысқа бөлмей барлық адам баласының оң алақанына бірдей жазылған. Шебер Аллаға оның еш қиындығы жоқ, — Жер бетінен саусақ бедері бірдей екі адамды тауып көріңізші!.. Адамдардың оң қолды неге құрметтейтіні түсінікті бола бастады. Жақсы, хош, оң қолымызға есімін жазып, онымен не айтпақ болды екен? Шамалауымша ең бірінші пендесіне сеніміңді түзе деп тұрғандай. Бас бармақпен әуелі Жаратушыңа сен дейді, сұқ саусақ- барлық періштелермен олар әкелген кітаптарға, ораңғы саусақпен-барлық пайғамбарларға, аты жоқ саусақ-ахирет күніне, яки жұмыр басты пенденің өлетініне һәм қайта тірілетініне, кіші шынашақпен тағдыр мен жазмышқа сенуге үндеген. Осылардың бәріне қалтқысыз сенген пенделер мүһминдер деп аталған. Және де оларға бұл дүниенің және ана дүниенің жақсылық рахаты уәде етілген. Осы сенімін нақ түзеп алған адам ешқашан қателеспек емес..
Енді  ары қарай ойланайық, бейхабар, яки жаһил пенде едік, сенімімізді түзедік. Енді оң қолымызға басқа көзбен қарап едік, Алланың мүмінге бұйырған бес парызын көрдік! Анықтап қарасақ — Рахым иесі бізге «Иман біреу, қалғаны оған тіреу» деп тұрғандай! Яғни бас бармақ — Иман, қалған төртеуі Намаз, Ораза, Зекет һәм Қажылық. Және де ұққанымыз Имансыз қалған төртеуінде мән жоқ екен! Шынында да солай ғой. Сенімсіз намаз оқып, қажыға барып адасқан жандар қаншама… Аллам бізді адасудан сақтаған болсын. Иманын толықтырған жан намазды өзі іздеп табады, оразаны да тұтады. Бұл үш парызға мал-мүліктің қажеті жоқ. Адал өмір сүріп, Алланың қамқорлығында болған пенде баий бастайды. Сол кезде қалған екі парызды орындап, зекет-садақа таратады, қажылығын атқарады.

Енді сұрақ, иманы түзу пенде қалған төртеуінсіз өмір сүре ала ма? Өмір сүре алады! Және де ол адамға ана дүниеде Жұмақ уәде етілген! Тек қана… ол жақта Аллаһ Тағала қалған төрт парызын орындамай келген күнәһар пендесін әуелі тазалап алады дейді… Ол қалай жүзеге асады, ол бізге беймәлім. Сосын бәрібір пейішке кіреді. Жаратқан біздерге қиналмай, сұрақсыз пейішке кіруді нәсіп етсін.

Енді «Жұмақтың кілті» делінетін намазға келейік. Бес парыз,бес уақыт намаз, ол да оң алақанымызда тұрғанын көрдік! Бас бармақ – таң намазы. Алагеуім шақ, тыныштық, аспанға қайтар алдында жиналған періштелер, сіз және Аллаңыз… Сол періштелер бүкіл тілеулеріңізді Жаратқанға жеткізбек. Сұраңыз, береді, риздық таратылатын уақыт. Кезінде аталарымыз таң намазын үйінде оқып, күні бойғы азаптан кейін қалған намаздарын күн бата қаза қылып өтепті..

Сұқ саусақ-бесін намазы, тал түсте мүмкіндігінше жамағатпен оқылады. Сосын-екінті намазы, ортаңғы намаз, рухани байлық таратылып, көкірек оянатын уақыт. Ендігісі Шам намазы. Күн бата оқылады. Сағат жоқ, күн бұлтты күндерде адамдар уақытынан көп жаңылысқан соң осы саусаққа белгіледі ме екен… Және соңғысы Құптан намазы, күннің соңғы арайы тарап, қараңғылық түскен соң оқылады. Күндіз шаршаған адам баласы әлсіреп оқыған соң нәзік шынашаққа байлады ма екен?.. Сонымен күндік намаздар тәмәм. Бар намаз қабыл болсын.

Тағы не деп тұр алақан? Тағы неден хабар берді екен Жаратушы? Енді оны Ұлы шығыс ойшылы Хакім Абайдың өлеңдерінен тапқандаймыз. Мүһмин адам әуелі мінезін түзеуі керек. Мұны ахлақ дейді, жақсы адамның мінезі жібектей болар… Еске түсірейік, Ибраһим Құнанбай ұлы не деді, «Бес асыл іске асық бол», һәм бес нәрседен ауаша жүр демеді ме? Мінезі жұмсақ, бес парызы түгел адам баласының Пейішке кіруіне не кедергі бола алар екен?..

Бәкір Дана Галымжанқызы
Тұран университеті,
Журналистика мамандығының 2-курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ