Педагогикадағы тұлғаның дамуына байланысты проблемалар

0
2540
Иллюстрация: Freepik.com

Жоспары:

  1. Тұлғаның даму процесі
  2. Нəсілдік жəне қоршаған орта
  3. Іс-əрекет жəне тұлға дамуы
  4. Даму диагностикасы

3.1. Тұлғаның даму процесі

Даму – адамның сандық жəне сапалық өзгерістерінің жүрісі мен нəтижесі. Даму нəтижесінде адам биологиялық түр жəне əлеуметтік тіршілік иесі болып жетіледі. Адамның биологиялық сипаты өз ішіне морфологиялық, биохимиялық, физиологиялық өзгерістерді қамтыған тəн- дене дамуынан көрінеді. Ал əлеуметтік даму оның психикалық, рухани, интелектуал кемелденуінен байқалады.

Егер адам сана жəне өзіндік санаға ие болып, өз бетінше жаңғыртушы іс-əрекет орындауға қабілетті болса, онда ол адам тұлға деп аталады. Адам тұлға болып туылмайды, ол қасиеттік дəреже даму барысында қалыптасады. “Адам” ұғымынан өзгеше “тұлға” түсінігі – адамның қоғамдық қатынастар, басқа адамдармен араласу ықпалында қалыптасқан əлеуметтік сапа-қасиеттерін білдіреді. Тұлға ретінде əрбір адам əлеуметтік жүйеде мақсат бағдарлы жəне ойластырылған тəрбие барысында қалыптасады.

Əрбір тұлға, бір жағынан, қоғамдық тəжірибені игеру деңгейімен, екінші жағынан, материалдық жəне рухани құндылықтар қорына қосқан қоғамдық үлесімен танылады. Тұлға болып жетілу үшін адам өзіне табиғаттан берілген жəне өмір мен тəрбие желісінде қалыптасқан ішкі қасиеттерін нақты практикалық қызметте аша білуі шарт.

Адам дамуы – бұл өте күрделі, ұзақ мерзімді жəне қарама-қайшылықты процесс. Біздің ағзамызда болып жатқан өзгерістер өмір бойына ұласады. Ал адамның тəн-дене болмысы мен рухани дүниесі, əсіресе, балалық жəне жас өспірімдік шақта қарқынды ауысуларға кезігеді. Адамның дамуы сандық өзгерістердің қарапайым жиынтығы немесе төменннен жоғарыға бағытталған ілгерілі қозғалыс тобы емес., бұл процестің өзіне тəн ерекшелігі – сандық өзгерістердің тұлғаның физикалық, психикалық жəне рухани сапалық қасиеттеріне диалектикалық түрде өтіп, жаңалануы.

Бұл құбылыстарды түсіндіруде əртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Мамандардың бір бөлігі адамдардың дамуын кездейсоқ, басқарымға келмейтін өзінше жүрісі бар, даму өмір шарттарына тəуелсіз, сондықтан, тумадан берілген күштерге байланысты; адамның дамуын ешкім, еш уақытта өзгертуі мүмкін емес, тағдыр белгілейді. Ал басқа бір зерттеушілер тобының пайымдауынша: даму – бұл əуел бастан қозғалысқа қабілетті тірі материя. Даму жолында көне жойылып, жаңа туындап барады. Өмірге енжар икемдесуші жануарлардан адам өз дамуы үшін қажеттерін өз еңбегімен жасай алатындығымен ажыралады.

Дамуды қозғаушы күш – қарама-қарсылықтар тайталасы. Қарама-қарсылықтардың арқасында үздіксіз қайта жасалулар мен жаңғыртулар дүниеге келеді. Қарама-қарсылықтар – бұл өзара екі полярлы күштердің бір-біріне сиымсыздығынан туындайтын диалектикалық процесс. Адам қайшылықтарды іздеп немесе ойдан шығарып, əлектенуінің қажеті жоқ, олар қадам сайын өмірлік қажеттіктердің өзгеру салдарынан пайда болып отырады. Табиғатынан адамның өзі де қарама-қайшылықты дүние болмысы.

Қарама-қайшылықтар барша адамдардың дамуына ықпал жасаушы ішкі жəне сыртқы, жалпы (əмбебап), сонымен бірге қарапайым материалдық жəне ең жоғары рухани қажеттерінің жəне оларды қанағаттандыру мүмкіндіктері арасындағы қарама-қайшылықтар əмбебап сипатқа ие. Ішкі қарама-қайшылықтар əр адамның өз болмысына қанағаттанбауынан туындайды. Олар жеке-дара ниеттерде көрінеді. Негізгі ішкі қайшылықтардың бірі – жаңадан пайда болған қажеттер мен оларды іске асыру мүмкіндіктерінің арасындағы алшақтықтар.

Мысалы, оқушылардың өз психикасы мен интеллект, əлеуметтік деңгейінің жетімсіздігіне қарамай, мүмкіндіктері толысқан ересектермен бірге іс алып баруға ұмтылуы. “Қалаймын -“қолымнан келмейді”, “білемін” — “білмеймін”, “мүмкін”-“болмайды”, “бар”-“жоқ” – мəңгі қарама-қайшылықтарды белгілейтін қосарлы ұғымдар. Адам дамуын зерттей отырып, ғалымдар даму жəне оның нəтижелері – бір жағынан, жəне оларға ықпал жасаушы себептер – екінші жағынан, арасындағы заңдылықты байланыстарды аңдатушы бірнеше маңызды тəуелділіктерді ашты.

Неліктен кей адамдар өз дамуында өте биік нəтижелерге жетіседі, ал екінші біреулер — ондай мүмкіндікке ие емес? Бұл процестің жəне оның нəтижесі неге байланысты? Ұзаққа созылған зерттеулер осы сұраққа орай жалпы заңдылық ашты: адам дамуы ішкі жəне сыртқы жағдайларға тəуелді. Ішкі жағдайлар – адам ағзасының физиологиялық жəне психикалық қасиеттері. Сыртқы жағдайлар – бұл адамның қоршаған ортасы, ол жасаған жəне дамыған аймақ, сыртқы ортамен ықпалды араласу процесінде адамның ішкі мəні өзгереді, жаңа қасиеттері қалыптасады, ал бұл, өз кезегінде алдағы өзгерістерге жол ашады.

Сонымен, адамның дамуы сандық жəне сапалық өзгерістердің желісі мен нəтижесі. Даму барысында адам тұлғаға айналып, сана мен өзіндік сана, дербес жаңғыртушы іс-əрекет иесі болып жетіледі. Дамудың қозғаушы күші-қарама-қарсылықтар күресі. Адамның дамуы ішкі жəне сыртқы жағдайлармен анықталады.

3.2. Нəсілдік жəне қоршаған орта

Дамудың қай қырлары адамның өзіне тəуелді жəне қай тараптары сыртқы жағдайларға, жағдаяттарға байланысты? Дамуды айқындаушы себептер тобы – жағдайлар деп аталады, ал сол қарапайым себептердің ішіндегі ең маңызды, мəнді себеп – жағдаят (фактор) деп аталады. Даму процесі мен оның нəтижесіне əсер етуші жалпы жағдайлар мен жағдаяттар қандай?

Белгілі болғандай, адамның даму процесі мен оның нəтижесі үш өзекті жағдаяттардың бірлікті əрекетімен жасалады, олар –нəсілдік, қоршаған орта жəне тəрбие. Негізге “нəсілдік” деп аталатын адамның тума, табиғи ерешеліктері алынады. Нəсілдік – бұл атадан балаға берілетін тұрақты сапалар мен ерешеліктер. Нəсілдікті тасушы – биологиялық ген (грек сөзі — туындатушы). Организм қасиеттері табиғат жаратқан гендік кодтарда өрнектеліп, белгілі ақпарат күйінде тіршілік өкілі тəнінде сақталатынын жəне бірден бірге ауысып баратынын бүгінгі ғылым дəлелдеп отыр. Генетика – адам дамуының нəсілдік бағдарлама құпияларын ашып, жариялайды. Адамның нəсілдік бағдарламасы адамды адам кейпінде танытатын жалпы, сонымен бірге əрбір адамның басқаға ұқсамас өзгешілігін білдіретін айрықша детерминатты (тұрақты) жəне ауыспалы бөліктерді өз ішіне алады.

Нəсілдік бағдарламаның т ұ р а қ т ы бөлігі адамзаттық ұрпақ жалғастыру жəне адам тегіне тəн нышандарды – сөйлеу, тік жүру, еңбек іс-əрекеті, ойлау, т.б. – қамтамасыз етеді. Атадан балаға адамның сырт-қы белгілері: дене құрылысы, шаш, көз, тері түстері – ауысады. Қан тобы, резус-фактор, ағзадағы ақуыздардың əртүрлі бірігімі қатаң генетикалық бағдарламаға тəуелді түзілген.

Адамның жүйке жүйесі, мінезі, психикалық процестердің өту ерекшелігі осы нəсілдік қасиеттер тобынан. Ата-аналар тəнінде болған жүйке жүйесінің кемшіліктері, олардың арасында психикалық күйзеліс, сырқаттар – патологиялық ауытқулар ұрпақтан-ұрпаққа өтіп отырады. Сондай-ақ, қан аурулары (гемофилия), қан диабеті, кейбір эндокриндік бұзылыстар, мысалы – ергежейлілік, нəсілдік сипатқа ие. Ұрпаққа ауыр зиян келтіретін жағдаяттардың бір тобы – ата- аналардың алкагольдік жəне нашақорлық зиянды əдеттерінен.

Нəсілдік бағдарламаның ауыспалы бөлімі адамға тіршілік жағдайларының өзгермелі шарттарына икемдесіп баруына көмегін тигізеді. Нəсілдік бағдарлама жетілдіре алмаған адамның сапа-қасиеттері өмір бойы жүріп жататын тəрбиемен толықтырылады. Бағдарламаның бұл бөлігін əрбір адам өз бетінше дамыта алады. Осылайша табиғат əрбір адамға өзіндік даму жəне өзіндік жетілу жолымен өзінің адамилық мүмкіндіктерін іске асыруға жол ашады. Сонымен, тəрбие қажеттігі адамға оның табиғатынан берілген. Балалар өз ата-аналарынан нені мұра етіп алады – ақыл əрекетіне дайын қабілеттерді ме немесе қабілеттерді дамыту үшін қажет, мүмкін болған нышандарды ма?

Эксперименталды зерттеулерде топталған деректерді талдау бұл сұрақтарға нақты бір жауап мүмкіндігін берді: нəсілдіктен өтетін қабілеттер емес, тек қана – нышандар. Əулетке өткен нышанның кейін дамуы да мүмкін не қолайлы жағдайлар болмаса, өшіп кетуі де ықтимал. Бəрі жағдайға байланысты: егер адамның нəсілдік бастаулары нақты қабілетке өту мүмкіндіктеріне кез болса жəне тұрмыс шарттары, тəрбиесі, адам мен қоғамның қажеттері орынды үйлесім тапса, нышан қабілет деңгейінен көрінеді.

Барша қалыпты адамдар табиғатынан өзінің ақыл жəне танымдық күштерін дамыту мүмкіндігіне ие, сонымен бірге шексіз рухани дамуға қабілетті. Жоғары жүйке қызметі типтеріндегі айырмашылық ойлау процестерінің жүрісін ғана өзгертуі мүмкін, ал ақыл-парасат əрекеттері деңгейіне олардың ешқандай əсері жоқ. Солай да болса, бүкіл дүние педагогтары нышандардың ақыл ой қабілеттерінің дамуына кедергі де болатынын айғақтайды.

Мысалы, маскүнемдерден туған балалардың бас миындағы енжар жасушалар, нашақорларда болатын гендік құрылым бұзылымдары, кейбір нəсілдік психикалық сырқаттар– қабілеттердің орнығуына көп кедергі келтіреді. Шылымкеш ата-аналардан туған балалар өкпе ауруына шалдыққыш келеді.

Ақыл-ой əрекетіне негіз –жалпы нышандармен бірге арнайы нышандар да ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Белгілі іс əрекет түрінде адамды қалыптастырудың бастауы осы арнайы нышандарда. Егер адамға қажетті жағдайлар жасалса, арнайы нышандар ерте жастан-ақ белгілі болады. Мұндай нышандар: əн-күй, сурет өнері, математика, лингвистика, спорт жəне т.б. үлкен маңызға ие.

3.3. Іс-əрекет жəне тұлға дамуы

Дамуға нəсілдіктің, қоршаған ортаның жəне тəрбиенің ықпалына қосымша əсер ететін аса маңызды жағдаяттардың жəне бірі – бұл тұлға іс-əрекеті. Іс-əрекет ұғымы қандай да жұмысты орындау үшін жасаған адам қимыл-қозғалыстарының бəрін аңдатады.

Тарих тұңғиығынан іс-əрекет бабында небір дана бақылаулар бізге дейін жеткен: «балаңның немен жəне қалай шұғылданатынын айтсаң, оның қандай адам болып жетілетінін айтып беремін»; «қаңғыбас болғанның ешқайсысы да, дегеніне жете алмаған»; «қанша тер төксең – сонша емерсің», «адам өз бақытының ұстасы»; «ерте тұрғанның ырысы артық»; «еңбегіне қарай – сый-сияпаты»; «өнерлінің қолы гүл» т.б. Даму нəтижелері мен іс-əрекет қарқындылығы арасында тікелей байланыс болатыны айдан анық.

Бұдан даму процесінің жəне бір жалпы заңдылығы ашылады: оқушы неғұрлым белгілі салада көбірек іс-əрекет жасаса, оның сол саладағы даму деңгейі соншама жоғары келеді. Əлбетте, бұл заңдылықтың шексіз қолданыла беруі мүмкін емес. Ол жағдай əрбір адамның қабілеттеріне, жасына, іс-əрекеттің өзінің қарқындылығы мен ұйымдасуына тəуелді келеді.

Іс-əрекет барысында адамның жан-жақты жəне біртұтас тұлғалық дамуы жүріп жатады, оның қоршаған дүниеге көзқарас, қарым-қатынасы қалыптасады. Таңдалған іс-əрекет көзделген тұлғалық қасиеттердің қалыптасуына ықпал етуі үшін оны қажетті деңгейде ұйымдастыру жəне келелі бағдарлап отыру қажет. Бұл тəрбие практикасында өте күрделі іс. Өкінішке орай, көп жағдайларда осы күрделілік даму мүмкіндіктерін шектейді; кейде тəрбиеленушілер ең қажетті болған жағдаяттарға – қоғамдық, еңбек, таным əрекеттеріне белсенді араласа алмай, енжар бақылаушы күйінде қалып, дайын ережелерді жаттаудан ары өте алмайды.

Балалар мен жасөспірімдердің іс-əрекеттерінің негізгі түрлері – ойын, оқу, еңбек. Бағдары бойынша іс-əрекет танымдық, қоғамдық, спорттық, көркем өнерлік, техникалық, кəсіптік, құмарлық (гедоникалық) болып ажыралады. Барлық жастағы оқушылардың іс-əрекеттерінің ерекше түрі – тілдесу, қатынасу (ортақтасу).

Іс-əрекет сипаты бойынша белсенді (актив) жəне енжар (пассив) болуы мүмкін. Тіпті, құрттай ғана сəбидің өзі белсенді тіршілік иесі болып көрінгенді қалайды. Ол жасына қарамай үлкендерге, қатарына қандай да талаптар қояды, төңірегіндегі кісілерге, заттарға, болып жатқан оқиғаларға өз қатынасын білдіруге тырысады. Уақыттың озуымен қоршаған орта жəне тəрбиенің ықпалы арқасында белсенділік көтерілуі де мүмкін, кейде төмендеуі де ықтимал.

Мысалы, адам көп жұмыс істеуі мүмкін, бірақ іске құлықсыз, көңілі құламай, орындалуы қалай болса, солай – енжар. Əлбетте, мұндай іс-əрекет адамды жоғары нəтижелерге жеткізбейді. Дамудың тиімді болуы іс-əрекеттің белсенділігіне, көңіл-күй жарасымдылығына тəуелді. Адам таңдаған ісіне жан-тəнімен кірісіп, өзіндегі бар мүмкіндіктердің бəрін іске жұмылдырып, өзін кемелденген тұлға ретінде көрсете білуі қажет. Мұндай қызмет адамға қанағат лəззатын əкеліп, шабыт пен қуаттың көзіне айналады. Сондықтан да, іс-əрекеттің маңыздылығы оның өздігінен ғана емес сол əрекетте көрінетін тұлға белсенділігінің деңгейіне байланысты.

Белсенділік оқу барысында шəкіртке тезірек жəне табысты əлеуметтік тəжірибе топтауға мүмкіндік береді. Оның қарым-қатынас, тілдесу қабілеттерін дамытады, қоршаған болмысқа деген көзқарасын қалыптастырады. Баланың ақыл-парасатты дамуын танымдық белсенділік қамтамасыз етеді. Бұл үшін балаға танымдық мəселелерді шешуімен бірге игерілген білімдерді практикада қолдану қажеттігі де тəн болуы тиіс. Себебі еңбектегі белсенділік тұлғаны өзінің рухани жəне адамгершілік дүниесін тез арада жəне тиімді қалыптастыруға ынталандырады, оны көп жəне нəтижелі еңбектенуге бағыттайды.

Белсенділіктің барша көріністерінің негізінде бір ғана тұрақты дерек көзі- қажеттік орын алған. Адам қажеттіктерінің көп түрлілігі оларды қанағаттандыру үшін қолданылатын іс-əрекеттердің де сан қилылығын туындатады. Өсіп келе жатқан адамға белсенділіктің пайдалы бағыттарын көрсетіп, алдамшы қырларын мейлінше бəсеңсіту – педагогтар үшін тұрақты да жəне өте күрделі де міндет. Күрделілігі – адамның жеделдете кемелденуі дəуірінде іс-əрекет қажеттері мен сеп- түрткілері (мотивтері) өте қозғалмалы жəне ауыспалы келеді.

Сондықтан, əртүрлі жас сатыларында іс-əрекет түрлері ауысып баруы шарт. Жалпы мектептік тəрбиенің өзгерістер ізімен үлгере орындалуы өте қиын, солай да бола, əрқандай тəрбиелік іс мезетінен бір де кешікпей жүргізіліп, келеңсіз салдардың алдын алып отыруы қажет.

Əрбір адамның өзіндік белсенділігі оның қабілеттері мен дарынының дамуы жəне табыстарға жетуінің міндетті кепілі. Оқушы тəрбиесімен қандай да бір ғажайып тəрбиеші шұғылданбасын, оқушының өз əрекет- ықыласы болмаса, ешқандай нəтиже болуы мүмкін емес. К.Д.Ушинскийдің пікірінше, бала өзі оқуы тиіс, ал педагогтың қызметі – оған игерілуі қажет материалды ұсынып беру, оның оқу процесін басқару. Осыдан, дұрыс қойылған тəрбиеде оқушы педагогикалық ықпалдың тек объекті ғана емес, ол сонымен бірге өз тəрбиесін белсенді өз қолына алған- субъект.

Іс-əрекет сияқты тұлға белсенділігі де таңдамалы сипатқа ие. Тұлғаның дамуы кез-келген əсерден болмайды, солардың ішінде адамның өз қажетіне сай келген, оның тұлғасына жарасымды болған, шынайы болмысқа деген оның жеке көзқарастарына сəйкес ықпал болса ғана, бала дамуы қарқынды жүреді.

Тұлғаның белсенділігі дамудың тек алғы шарты емес, оның нəтижесі де. Қоғамдық белсенді, ынталы, шығармашыл жəне өзі мен төңірегіндегі қатысқан адамдардың бəріне бірдей жақсылық пен қуаныш беретін тұлға қалыптастырушы тəрбие əрдайым өз мақсатына жетіп отырады. Саналы, педагогикалық сынақтан өтіп, ұйымдастырылған оқушы іс-əрекеті белсенділіктің қай түрін де қамтамасыз ете алады.

Өсіп келе жатқан адамға толық іс-əрекет мүмкіндігін ашып беру, өз күш-қуатын белсенді қолдануға қажет əрекет тəсілдерімен қаруландыру, тұлғалық ерекшеліктерді жете зерттеу жəне əр тұлғаның болмысындағы табиғаттан берілген нышандар мен дарындылықты мейлінше жайып салу- əрбір тұлғаның даму процесін ақылгөйлікпен бағыттаушы ұстаз-педагогтың өз ар-намысы мен қоғам алдындағы борышы. Сонымен, оқушы дамуының маңызды жағдаяттарының бірі – оның меншікті өз əрекет –қызметі. Мұғалім қаншама жақсы бола берсін, өз үстінде еңбектенбеген оқушы көздеген мақсатына жете алмайды. Əрқандай іс-əрекет оқушы ықылысымен орындалып, шартты түрде белсенді болуы қажет. Орындаған ісінен шəкірт лəззат жəне қанағат табуы лəзім. Белсенді іс ешқашан шаршатпайды.

3.4. Даму диагностикасы

Педагогикалық практикада оқушының даму деңгейіне байланысты жетістіктерді дер уақытында зерттеп тұру қажеттігі күннен-күнге үлкен маңызға ие болуда. Бұл қажеттік тұлғаның қалыптасу процесін тиімді басқару үшін, ондағы жүріп жатқан өзгерістердің тереңдігін, қарқыны мен ерекшеліктерін білу керектігінен туындаған. К.Д.Ушинский : «Егер педагогика адамды барша тараптан тəрбиелегісі келсе, онда ол сол адамды ең алдымен жан-жақты білуі шарт» -деп өз уақытында диагностиканың нақты оқу тəрбие процесіндегі маңызын баса көрсеткен.

Диагностика (грек сөзі: диа – ашық, айқын жəне гнозис — білу) – зерттелуші объект немесе процесс жөніндегі ақпараттарды күні ілгері алудың жалпы тəсілі. Педагогикалық даму саласындағы диагностиканың мəн-мағынасы, медицинадағы сырқатты күні бұрын анықтаумен бірдей.

Диагностика жолымен тəрбие процесіндегі қандай да өзгерістердің белгілері мен себептері, оның сипаты анықталып, ол тəрбиені болашақта дұрыс жолға келтірудің жоспарына негіз береді. Дұрыс орындалмаған диагностика барлық еңбекті зая етіп, алдағы тұрған мақсатқа жетудің кедергісін азайтпақ түгіл, оны асқындырып жібереді. Сондықтан да, даму желісін диагностикалау жоғары мамандық пен жауапкершілікті талап ететін өте маңызды практикалық іс.

Оқушының тəн-дене дамуын диагностикалау қиындық тудырмайды. Бұл үшін бүкіл дүниежүзінде жалпы жəне айрықша сапалардың даму дəрежесін өлшестіруші ерекше тестер (нұсқау-көрсетпелер) қолданылады. Берілген тапсырманы орындауына қарай оқушының қажетті деңгейге, тəн-дене дамуындағы нақты өлшемдерге сəйкестігі анықталады. Алынған деректер жас мүмкіндіктермен салыстырылады.

Рухани, əлеуметтік дамуды диагностикалау үлкен қиындық тудырады. Бұл мақсатта қолданылатын əдістемелер əзірше күрделі, қорытынды дəлдігін қамтамасыз ете бермейді. Диагноз анықтаудың сенімділігін көтеруге орай комплексті тексерістер, антропометриялық, əлеуметтік жəне психологиялық деректер жинақталып, өзара салыстырылады, ал бұл үшін арнайы жабдықталған клиникалар мен зертханалар, дайындықты мамандар қажет.

Нақты педагогикалық практикада мектеп психологтары мен мұғалімдері тұлғаның жекеленген қасиет-сапаларын анықтауы мүмкін, бірақ мұндай зерттеулердің нəтижесіне негіздеп, даму құрылымдарына жалпы баға беріп болмайды.

Оқушылардың дамуындағы кейбір ерекшеліктерді диагностикалау-дың қарапайым əдістерін үйреніп алу кəсіби педагогикалық дайындықтың аса маңызды шарты. Мектеп мұғалімдерін аса қызықтыратын жəйттер – оқушылардың ақыл-ой əрекеттерін, мінез-құлық сеп- түрткілерін, қажетсіну деңгейін, көңіл-күй шабытын, əлеуметтік бітістер дамуы мен т.б. маңызды сапаларын күні ілгері байқастыру. Аталған сапаларды зерттеудің кең тараған əдісі — бұл тестілеу.

Мұғалімдердің өз қызметтерінде пайдалануы үшін

Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. Тұлға дамуы деген не?
  2. Оның қозғаушы күштері?
  3. Тұлға дамуындағы нəсілдік пен қоршаған орта ықпалы қандай?
  4. Тұлға дамуы мен іс-əрекет байланысын сипаттаңыз.
  5. Даму диагностикасының мəн-мағынасын түсіндіріңіз.

Басқа материалдар:

  1. Балаларды тәрбиелеудің психологиялық қағидалары
  2. Ата-ананың психологиялық құзіреттілігі – бала саулығының кепілі
  3. «Сәттілік серік болсын» атты әлеуметтік-психологиялық тренинг бағдарламасы
  4. Бірінші не көрдіңіз: түлкі ме, дельфин бе? 
  5. 4-5 жастағы балаларға арналған бинарлық сабақ
  6. Ата-аналар жиналысына арналған тренинг

ПІКІР ҚАЛДЫРУ