Сөз дәлдігі мен ой айқындылығы туралы

0
12176
Freepik.com

Сөз дәлдігі – сөздерді тілдегі мағынасына лайық қолдану. Сөз мағыналарын жақсы білген адам сөзді орнымен жұмсай алады. Кейде адамдар сөйлегенде не жазғанда сөзді қате қолданып жатады.

Мысалы: «Арландар» тобынан алғаш болып қол бастаған Теміртас Жүсіпов табандылық танытты. Аппақ қармен көмкерілген тау беткейінде қысқы күннің қызуы көз қарықтырады (газеттен). Осы сөйлемдердегі қол бастау, қысқы күннің қызуы қолданыстарында дәлдік жетіспейді.

Қол бастау – жорық, соғыс жағдайына байланысты қолданылатын тіркес, дұрысы жарысты бастаған болуы керек. Сол сияқты көз қарықтыратын күннің қызуы емес, сәулесі не жарығы болуы тиіс.

Дәл сөйлеуге қажетті алғышарттың бірі – мағыналас сөздерді, олардың деректі, дерексіз ұғымды білдіретін түрлерін талғап, таңдай білу.

Мысалы: жоғары сыныптағы құрдастарым да құттықтап келді. Өзінен жоғары сыныпта оқитындарды «құрдас» демейді, құрдастардың жастары шамалас болады. Сондай-ақ еңбек ардагері деген тіркес бар, ал жұмыс ардагері деп айтпаймыз.

Сөз дәлдігі – әдеби тіл стильдерінің (көркем әдебиет, публицистика, ғылыми стиль, ресми стиль) бәріне бірдей қажетті сапа. Осыған орай, бір стильде норма болып есептелетін қолданыстар екінші бір стильде нормаға қайшы болуы мүмкін.

Мысалы: беске бітірді, оқудан құлап қалды т.б. тәрізділер ресми тіл стиліне сай емес, бірақ сөйлеу тілі үшін қалыпты жағдай болып саналады.

Сөз дәлдігімен тікелей байланысты ұғымдардың бірі – ойдың айқындылығы. Сөз дәлдігі жекелеген сөздер мен тіркестердің қолданысына байланысты болса, ой айқындылығы тұтас сөйлемнің мағынасына қарай ажыратылады және сөйлеушінің әдеби тілінің байлығы мен нормасын жетік білуімен, грамматикалық формаларды орынды қолдануымен өлшенеді.

Сөйлеуші сөздердің табиғи мүмкіндіктерін: тура мағынасын, көпмағыналылығын, синонимдік, антонимдік, омонимдік қасиеттерін кең түрде пайдаланумен бірге, сөздерді ауыспалы мағынада, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді орынды қолдана
білмесе, ой айқындылығына нұқсан келеді.

Мысалы: Қасымды айтып жіберші, тезірек үйге кірсін! Үйде баласын жалғыз тастап, «қой да тыныш» дейтін ата-ана бар. Алғашқы сөйлемде табыс септігінің -ды жалғауы барыс септігінің -ға жалғауының орнына қолданылғандықтан, сөйлемнің алғашқы бөлігіндегі ой айқын емес.

Ал екінші сөйлемде «Қой да тыныш, қойшы да тыныш» мәтелін түгел қолданбағандықтан, ой айқындылығына нұқсан кеп тұр. Сол сияқты «Қор (қаражат) болмағанда қор болғандай екен» (газеттегі мақала атауы) сөйлемінде омонимдерді орынсыз қабаттастыра қолдану да мағына айқындығын көмескілейді.

Дереккөз: Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова,
Г.М.Найманбаева, Б.М.Найманбаева

Ұқсас материал:

  1. Ойкөкпар дегеніміз не?
  2. Сөзталас дегеніміз не?
  3. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  4. Рес­ми іс­қа­ғаз­дар сти­лінің түрлері
  5. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  6. Шешендік өнер тарихы
  7. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  8. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары

ПІКІР ҚАЛДЫРУ