Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдермен психологиялық тренингтер жинағы (Карточкалар иерархиясы)

0
14525
Иллюстрация: Freepik.com

Бұл  тапсырма оқушыларға идеялар мен ақпаратты басымдығы бойынша орналастырып, неге бұлай орналастырғандарын дәлелдеп, талқы жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ осыған ұқсас «Гауһарлар иерархиясын» қараңыз.

Сыныпты жоспарлау

Оқушылар тақтаның немесе қабырғаның жанында жұмыс істейді. Немесе топтарға үстел басында жұмыс істеуге болады.

Жұмыс алгоритмі

  1. Шағын топтардағы оқушыларға бірнеше карточка беріледі.
  2. Оқушылар оларды маңыздылық/басымдығына қарай орналастырады. Оларды тігінен немесе қатарлап қоюға болады.
  3. Бұдан кейін оқушылар сынып ішінде сұрақты талқылауды бастар алдында бір бірінің рейтингілерін салыстыра алады.
  4. Осы тапсырманы орындағаннан кейін жауап алу жүргізу пайдалы болуы ықтимал.
  5. Идеяларды одан әрі зерделеу үшін «Бес сұрақ» сияқты басқа әдістерді пайдалануға болады.

«Бес сұрақ» әдісі

Бұл әдіс ақпарат жинақтауға арналған, ол сондай-ақ оқушыларға мәселені терең зерделеуге немесе оны шағын тақырыптарға немесе тармақтарға бөлуге мүмкіндік береді. Бұл оқушыларға күрделі тақырыптарды түсінуге көмектеседі. Аталған әдіс іс-әрекетті жоспарлауға және мақсат белгілеуге ықпал етуі мүмкін әртүрлі мүмкіндіктерді қарастыруды көздейді. Ақпарат жинақтауға арналған тапсырмалар үшін осы әдіспен бірге «Идеялар тасқынын» мен «Стикерлер топтамасын» қолдануға болады.

Жұмыс алгоритмі

Үлкен қағаз бен маркер керек.

Оқушыларға «Қалай» немесе «Неге» деген сұрау есімдіктері қолданылатын сұрақтар қойылады.

Ұсыныстар оқу плакатында жазылады.

Мұғалімдер идеяларды дамытып, одан арғы идеяларды зерделеу үшін бір сұрау есімдігін пайдаланады.

Мұғалімдер идея/ұсыныс толық қарастырылғанша дейін бірдей сұрағы бар сұрақтарды пайдалануды жалғастыра береді.

 «БІР МИНУТ» әдісі

Бұл әдіс  оқушыларда оқылған материалдан түйінді, басты ақпаратты іріктей білу дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі, сондай-ақ белсенді тыңдау дағдысын дамытады. Аталған әдісті «Ыстық орындық» тапсырмасымен байланыстыруға болады. Сыныпты жоспарлау  топқа қаратып бір «ыстық» орындық қойылады. Сондай-ақ барынша жайлы қарым-қатынасты қамтамасыз ету мақсатында «ыстық» орындықты дөңгеленіп отырған балалардың ортасына қоюға болады.

Әдісті жүзеге асыру  алгоритмі

  • Оқушылар тиісті тақырыпты зерделеп, өздері негізгі деп санайтын ақпаратты атап көрсетеді. Оқушыларға рөлді топта немесе жеке зерттеуіне болады.
  • Оқуға берілген уақыттан кейін оқушылар «ыстық» орындыққа отырып, бір минуттың ішінде өздерінің басты қорытындысын/ақпаратын ұсынады.
  • Басқа оқушылар мұқият тыңдаулары керек, егер де олар «ыстық» орындықтағы баланың тақырыптан ауытқығанын немесе қайталанғанын, күмәнді деректер келтіргенін аңғарса, олар наразылық білдіре алады. Мұндай жағдай орын алса,  уақыт тоқтатылады.
  • Ұйымдастырушы  наразылықтың дұрыс/бұрыстығын шешіп, өз шешімін дәйектеуі қажет.
  • Егер де наразылық дұрыс деп танылса, онда «ыстық» орындықтағы оқушы ойыннан шығып, орындықты босатады. Наразылық танытқан оқушы   ұпай алады.
  • Егер де наразылықтан бас тартылса, онда оқушы басқа наразылық білдірілгенше дейін немесе бір минут аяқталғанша өз сөзін жалғастырады. Егер оқушы өзіне тиесілі  минут бойынша «ыстық» орындықта отыра алса, ұпай алады.
  •  Қосымша тапсырма ретінде оқушылармен «Тұжырымдамалық  карта» ойынын ойнауға болады, ойын барысында олар «Бір минут» тапсырмасын орындаған кезде алған барлық ақпаратты жинақтайды және құрылымдайды.

 Ойын жинақтау әдісі

Түсінік- бұл   логикалық түрде ресімделген   зат туралы жалпы бір нәрсенің идеясы.

Ойын жинақтау әдісі  оқытылатын пән немесе  зат құбылыс туралы  терең және толық  мәлімет береді.

Ойын жинақтау 3 кезеңмен өткізіледі.

1) Мұғалім ұғымдар  сипаттамаларына кіріспе береді.

Бұл сипаттамалар бойынша  оқушылар  қандай түсінік туралы әңгіменің өрбігенін.

2) Мұғалімнің  ұғымға қосымша мінездеме  енгізу.

Сипаттамалар  осы ұғымға жататындығын оқушылар анықтауы қажет.

3) Сабақта әлі айтылмаған  оқушылар өздерінің сипаттамаларын беруге тиіс.

Осы ұғым бойынша оқушылар  қорытынды жасайды.

  «Сүйсіну» әдісі.

«Жағымды» тарихи  қайраткерлерді оқығанда  қолданады.   Өзіңе ереше ұнайтын  қасиеттерді табу, оларды атау не үшін екенін түсіндіру.

   Р А Ф Т

Жазушы немесе  әңгімелеуші  өзіне рөль таңдайды яғни  мәтінді  өз атынан емес жазады.

— Р –  рөль, кімнің атынан құралған мәтін
— А-  аудитория, кімге жолданған мәтін
— Ф- форма
— Т – тақырып

«А Ә Б В»

Сыныптағы оқушының әрқайсысына А, Ә, Б және В әріптерімен қоса төрт-төрттен үлдірленген карточкалардың жинағын дайындаңыз. Жауаптың төрт нұсқасы бар сұрақтар қойыңыз, оқушылар дұрыс жауапқа сәйкес келетін карточкаларын көрсетуі керек. Олардан қалғандарының карточка-жауаптарына қарамауын өтініңіз.

1-қадам. А сұхбаттайды Б тыңдайды,  В сұхбаттайды Г тыңдайды;.

2-қадам керісінше.

3-қадам әр оқушы өз жұбы туралы  ақпаратпен төрт адамдық топта  бөліседі.

«А,В,С»

А-сұрақ қояды.

В-жауап береді.

С – айтқан жауаптарды бақылайды, толық болмаса толықтырады.

Оқушылар топта үшеуден отырады. А — сұрақ қоюшы, В – жауап беруші, С — бақылаушы рөлін атқарады. Бақылаушы қажетті жерлерін түртіп алып, әңгіме соңында қорытынды береді.

Оқушылар осы сұрақтарға жазбаша стикерге жауап береді. Ұсыныс, тілектерін айтады.

«Айдаһар»

Оқушыларды сергітіп алу үшін бәрін бір-бірінің белінен ұстатып тұрғызады. 1-оқушы «айдаһардың басы», соңындағы оқушы «құйрығы».  Басы құйрықты ұстап алу керек.

«Айқын мақсат қоя отырып»

—    Сабақ басталар алдында тақтаға мақсатты жазыңыз.

— Оқушылармен өздері оқып жатқандарын неліктен оқитыны туралы әңгімелесіңіз.

—  Қысқа мерзімді мақсаттарды ұзақ мерзімді мақсаттармен сәйкестендіріңіз (мысалы, М.Әуезовтің жұмысына талдау жүргізу өзге де ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізумен қатар, мәдени жақтарын кеңінен түсінуге және талдау дағдыларын дамытуға әкеледі).

—  Оқушылар сабақтың/блоктың/пәннің мақсаттарын айқын түсінгеніне көз жеткізіңіз.

—    Мақсаттарды оқушылармен бірлесіп әзірлеңіз.

«Айна»

                Оқушылар жұптасып, бір-біріне қарама-қарсы тұрады (немесе партада отырып та болады). Олардың біреуі қолдарымен, аяқтарымен, денесімен, бет-әлпетімен әртүрлі қимылдар жасайды, ал екінші оқушы оларды айна секілді қайталайды: оңды сол қылады, солды оң жасайды. Бір минуттан кейін оқушылар рөлдерімен алмасады.

«Айналмалы бекеттер»

               Әр шағын топты бекетте орналастырып, арандататын  сұрақты  талқылауға және ойларын  қағазға немесе тақтаға  жазуға  10 минут беріңіз. Уақыт аяқталғанда  топ басқа  бекетке ауысып  алдағы  топтың жұмысын  жалғастырады. Ауысу әр 10 минут сайын болып тұрады, әр топ барлық позицияларда  болып  шыққанға  және барлық топтардың  ойларын  ойлап  шыққанға дейін   жалғаса береді.

«Айырмашылығы неде?»

              Оқушыларға екі түрлі мəтін немесе екі түрлі сурет көрсетіңіз. Екеуінің арасындағы айырмашылықты анықтауды сұраңыз. Жауаптарын дəлелдеп отырулары керек.

 «Аквариум» әдісі

  1. «Аквариум әдісі» — балаларға мәселені «қоғам алдында» талқылауға ұсынғандағы диалог формасы. Шағын топ белгілі бір мәселе бойынша диалогті жүргізуге кімге сеніп тапсыруға болатынын таңдайды. Кейде тілек білдірушілер бірнеше болуы мүмкін. Қалған барлық оқушылар көрермен рөлін атқарады. Сондықтан да мұны «аквариум» деп атайды.
  2. Барлық сынып алда  өз  пікірін  білдіргені болмаса, ыстық  орындық сияқты. Олар алтын  балыққа  арналған  аквариумда, басқалары  оларға сұрақ  қойып  түсініктемелер  сұрай  алады және  т.б.

«Ақындар мен жазушылар»

  • Топтағы оқушылар 3-4 минут аралығында өздері білетін ақын-жазушыларын жазып шығады да, кезектесіп оқиды. Бір топта бірінші айтылған тұлға өздерінде қайталанса, сызып тастап отырады. Қай топтың тізімінде тұлғалар тектері көп қалса, солар жеңімпаз.

 «Алдын-ала берілген  атаулар»

Мұғалім сабақ басында жаңа тақырып бойынша тақтаға бірнеше атау (терминдер) жазып қойып (3-4 атау), оқушыларға олардың мағынасы, мазмұны  және өзара қатынасы мен байланысы туралы ойлануын сұрайды. Бұл жұмысты оқушылардың жеке, жұппен немесе шағын топ ішінде ауызша яки жазбаша (соңғысы тиімдірек) орындауы ықтимал. Содан кейін мұғалім бірнеше оқушының ойы мен пікірін тыңдауына болады.

Бұл тапсырманы күрлендіруге де болады.  Ол үшін алдын-ала берілген атаулардың ішіне сабақ тақырыбына қатысы жоқ бейтарап сөзді қосуға болады.  Мәселен, биология сабағында «Фотосинтез, жасуша, хлорофилл, терезе» сөздерін келтіруге болады.  Бұл жерде соңғы сөз оқшаулау және сабақ тақырыбына тікелей қатысы жоқ, сонда да оқушылар  олардың өзара қатысы мен байланысы туралы өз ойларын келтіруі керек.

«Алма, шие, өрік, банан»

Оқушылар орындықтарды шеңберлей орналастырып жайғасады.      Мұғалім оқушыларды отырған ретімен жемістер атауымен санап шығады: «Алма, шие, өрік, банан» деп. Осыдан кейін мұғалім бір не бірнеше жемістің атын атайды (мысалы, «Шие!» деп, не «Алма,өрік!» деп, немесе « Алма, шие, өрік, банан!»деп), сол кезде жемісі аталған оқушылар орындарын  алмастыру қажет. Ал мұғалім бір бос орынға отырады. Орын жетпей қалған оқушы жүргізуші болып, жемістердің атын атайды.

«Алфавит»

Оқушылар әрқайсысы алфавиттің бір-бір әрпін алып, жыл көлемінде оқыған материалдарынан өздеріне түскен әріпке сәйкес тақырыптарды айтып шығады. Мысалы, «Қаратпа сөз, қыстырма сөз, қосарлы айқындауыш, қарсылықты салалас, қарсылықты сабақтас т.с.с. Қорытынды сабақтарда, емтиханға дайындықта, есте сақтауын дамытуда көмекке келеді.

«Ара ұясы» техникасы

                Мұғалім жұптағы оқушыларға не білгендігі туралы пікір алмасуды және екі сұрақтан дайындауын тапсырады.Содан кейін әрбір жұп кезектесіп сұрақ қояды, ол сұраққа жауапты мұғалім немесе басқа оқушылар береді.Сонымен берілген осы техника негізінде мұғалімнің берген мәліметтері қорытындыланылады, өңделеді.

«Арқаға жазылған комплименттер»

Әр оқушының арқасына түйрегішпен (немесе скотчпен) А-4 форматындағы қағаз бекітіледі. Оқушылар сынып ішін аралап жүріп, бір-бірінің арқаларындағы қағаздарға жылы, жұмсақ сөздер жазып, бірін-бірі мақтайды. 2-3 минуттан кейін олар қағаздарын алып, шағын топ ішінде бір-біріне жазылған комплименттерді оқып береді.

«Арқаға массаж жасау»

Оқушылар шеңбер құрып тұрады да, мұғалімнің айтуы бойынша оңға бұрылып, ілгері қарай жүреді. Әр оқушы алдында тұрған жолдасының арқасына массаж жасауы керек. Бір минуттан кейін шеңбер теріс айналып, қайтадан алдында тұрған сыныптастарына массаж жасайды.

 «Арқаға сурет салу»

Бұл ойында барлық  әрекеттерді үнсіз жасау керек. Оқушылар екі топқа бөлініп,  бірінің артынан екіншісі тұрып, сап түзейді. Мұғалім ең артында  тұрған оқушыларға бір заттың атауы жазылған қағаз ұсынады (мәселен, алма, алмұрт,  жүзім, гүл, кітап, ағаш,автомашина т.б). Тапсырма: соңында тұрған оқушы үндемей, алдында тұрған оқушының арқасына әлгі заттың суретін саусағымен салады. Арқасына сурет салынған оқушы алдында тұрғанның арқасына өзінің арқасына салынған затты салады.

Суреттер салынып  біткеннен кейін мұғалім соңғы оқушыдан арқасына салынған заттың атын сұрап, оны қағазда жазылғанмен салыстырады.           

               «Артығын алып таста»

Оқушыларға сөздер немесе суреттер жинағын (сабақ тақырыбымен

байланысты) көрсетіңіз. Олар қай сөз немесе сурет қалғандарына қатысты емес екенін анықтауы керек.

«Ассоциативті қатар»

Мұғалім тақтаға бір сөз немесе сабақтың тақырыбын жазады. Оқушыларға бір бетке тақтаға жазылған сөзден пайда болған пікірлерін жазуды ұсынады. тастап, Сабақ тақырыбына қатысты ассоциация-сөздерді бір қатарға жазып шығу керек. Оқушылар сөздерді оқып, артық деп санаған сөздерді алып сабақ тақырыбын тұжырымдайды. Мысалы: ертегі, «Қобыланды батыр», кейіпкерлері, жыр, оқу, Тайбурыл….

Мұғалім парақтарды жинап алып, оқушылармен бірге жазылған ойларды қорытындылайды. Қорытындылау негізінде ойларын жіктейтін логикалық-құрылымды сызба немесе ойларына сәйкес тақырыптың қорытынды бейнесі анықталады (оқушының өз тәжірибесі).Мұндай жұмыстар оқушылар мен мұғалімге ойын жіктеуді ғана емес, өздеріндегі субъекті тәжірибелерін ескере отырып, жаңа тақырыпты жоспарлауға мүмкіндік береді.

«Ассоциацияның көмегімен көрініс»

Қатысушылар өздерінің есімдерімен қоса бір затты (пикникке алып шығатын немесе қызығушылығына байланысты) ұйқастырып айту керек. Мысалы: Есімім – Жантас, ұнататын сусыным – квас; Есімім – Жанар, ұнататын жемісім – анар т.с.с.

Сабақта өтілген ұғымдарды өз есімдерімен байланыстырып айтуларына болады.

«Атаулар (терминдер) кестесі»

Сабақ басында тақтаға тақырып бойынша 3 негізгі атауларды (терминдерді) жазып,оқушыларға оларды мынандай кестеге түрлендіруді ұсынамыз:

№1 атау №2 атау №3 атау
Атау туралы білімдері, мағлұматтары, түсініктері Атау туралы білімдері, мағлұматтары, түсініктері Атаау туралы білімдері, мағлұматтары, түсініктері

 

Оқушылар бұл тапсырманы алдымен жекелей (2-4 минут) орындап, одан кейін кестелерін топ (немесе жұп) ішінде оқып, талқылап, толықтырады (3-6 минут). Сыныптық талқылау барысында (4-6 минут) мұғалім оқушылардың өз кестелерін жариялауды ұсынады немесе тақтада келтірілген  кестені оқушылардың жауаптары бойынша толтырылады.

Сабақ соңында бұл кестеге қайта оралып, келтірілген мәліметтердің дұрыс/бұрыстығы анықталады.

 «Атаулар туралы үш сұрақ»

Мұғалім сабақ басында жаңа тақырып бойынша үш терминді тақтаға жазып, оқушыларға осы атауларға  қатысты мынандай сұрақтарға жазбаша жауап беруді тапсырады:

  1. Қайда? Бұл терминдерді сіз бұрынырақта қайда және қандай мағынада кездестіріп едіңіз?
  2. Қалай? Өз тәжірибеңізбен осы атауларды қолданудың мысалдарын келтіре аласыз ба?
  3. Қандай? Осы сабақта бұл атаулар қандай қолданыста болады деп ойлайсыз?

Әдеттегідей бұл жұмысты оқушылардың жеке, жұппен (шағын топ ішінде) ауызша немесе жазбаша орындауы ықтимал. Содан кейін мұғалім бірнеше оқушының пікірін тыңдайды.

Мұғалімнің сұрақтарды шығармашылық тұрғысынан әр сабақта тақырыпқа байланысты өзгертіп отыруы тиімді.

«Атмосфера орнату»

Абстрактылы ойлау дағдыларын қолдануды талап ететін ауқымды ашық сұрақ немесе проблеманы шешуге арналған тапсырманы қолдана отырып, сабақта атмосфера орнатыңыз. Пысықтау үшін жауаптарын күтіңіз. Мысалы, Вьетнам соғысына арналған сабақ мынадай сұрақтан басталуы мүмкін:  Американдықтар өздерін соғысып жатырмыз немесе соғысты жеңіп жатырмыз деп санай ма екен?

 «Атомдар мен молекулалар»

Молекулалар атомдардың жиынтығы екендігі баршаға да мәлім. Оқушылар сыныптың бос жеріне жиналады. Ойынды жүргізуші «Атомдар!» деп дауыстағанда, олар бір-бірімен араласып, әрілі-берілі жүруі керек, өйткені олар қазір броундық қозғалыстағы атомдар іспетті. Ал,жүргізуші «Молекулар!» деп айтып, бір санды атаса (мәселен, үш немесе төрт,бес, алты) оқушылар сол аталған сан құрамында топтарға жедел түрде бірігуі керек. Қалыс қалған оқушылар (топ құрамын аталған саннан кем құрғандар)айып ретінде бір тапсырма орындайды: өлең оқиды, ән айтады т.с.с.

Ойынның нәтижесінде құралған топтар сол құрамда  парталарға да отыруына болады: олар сабақты осы құрамда жалғастырады.                 

                                                                                                                    «Аударыспақ»

Жұптық тапсырма: сұрақ-жауап арқылы бір-бірінің білімін бағалау. Мұнда сұрақтың мазмұны, жауап мазмұны, дәйектілігі ескертіледі.  Екеуіне де тең бөлініп шариктер беріледі. Сұраққа дұрыс жауап берген адам шарик алады, ал жауап дұрыс емес болған жағдайда немесе сұрақ қоя алмаған жағдайда өзі бір шариктен айырылады.

 «Ашық және жабық сұрақтар»

Жабық сұрақтар пайдалы болуы мүмкін, алайда олар абстрактілі ойлау, талқылау дағдыларын қолдануға септігін тигізбейді және аса түсінікті болмайды. Ашық сұрақтар керісінше әсер етеді, сол арқылы оқу үдерісін жақсартады.Мысалы, Сіз өткен кеште бір жаққа шықтыңыз ба? Сіз кеше мектептен кейін не істедіңіз?

Жұмыс үлгісі: Оқушыларға белгілі бір тапсырма берер алдында олардың сұрақтарды анағұрлым анық түсініп, бағалау критерийлерін қанағаттандыру үшін не істеу қажеттігін түсіну үшін  мысалдар келтіріңіз. Оқушылар бағалау критерийлерін қолдана отырып, жұмыс үлгісіне баға қоя алады. Бұл не талап етілетінін және бұл үдеріспен қалай байланыста болатынын түсінуді модельдеуге көмектеседі.

«Аяқталмаған сөйлем»

«Мұғалімге жеделхат» тақтасына оқушылар стикер жапсыру арқылы орындалады.

Оқушылар өздеріне жақын сөйлемді таңдап, айтылған ойды жалғастырады:

  • бүгінгі сабақта мен….түсіндім, …білдім, ….көзімді жеткіздім.
  • бүгін сабақта қуантқаны…..
  • мен өзімді…..үшін мақтар едім.
  • маған ерекше ұнағаны…..
  • сабақтан соң маған……..келді.
  • бүгін маған……….сәті түсті.
  • қызықты болғаны…..
  • ……қиындық тудырды.
  • менің түсінгенім…..
  • енді мен……аламын.

 «Әдемі ойлай және демала біл» жаттығуы

        — Жүргізуші: «Толқыған кезде, асықпай дем алуға үйрен. Түзу отыр, қолдарыңды тізелеріңе салып, көздеріңді жұмыңдар, терең дем алыңдар:

— Ойша: «Мен арыстанмын»,- деп деміңді ішке ал, сыртқа шығар;

— Дауыстап: «Мен құспын»,- деп деміңді ішке ал, сыртқа шығар;

—  «Мен гүлмін»,- деп деміңді ішке ал, сыртқа шығар;

— Дауыстап: «Мен сабырлымын»,- деп деміңді шығар. Сен сабырлысың, сенің қолыңнан бәрі келеді».

 «Әйнек арқылы сөйлесу»

Топ жұпқа бөлінеді. Бірінші адамға сөздің көмегінсіз екіншісін киноға шақыру тапсырылады. Басқа жұптарға басқа тапсырма беріледі. Барлығы араларында дыбыс естілмейтіндей әйнек бар секілді сөйлесу керек.

 «Ән шырқау»

Оқушы топтарына ел арасында көп тараған, кеңінен таныс әндердің бір шумағы мен қайырмасы жазылған карточкалар таратылып беріледі. Оқушылардың әр тобы тез арада дайындалып, кезекпен карточкаларда келтірілген әндерді бірлесе орындауы керек.

Оқушыларға Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғиса Тілендиев секілді танымал композиторладың әндерін ұсынған орынды (« Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Армандастар», «Атамекен», «Өз елім»т.б.).

 «Әңгімелесетін әріптестер»

Өткен сабаққа сілтеме жасауды көздейтін бастапқы немесе бүкіл сыныпқа арналған тапсырма ретінде оқушылар әріптестерімен:

  1. жаңа оқылған 3 факті туралы;
  2. оларға жеңіл болып көрінгендер туралы
  3. оларға қиын болып көрінгендер туралы
  4. алдағы уақытта оқығысы келген нәрселер туралы ақпарат алмасады.

«Әріптер мен сандар»

Қатысушыларға мұғалім қалаған әріп не сан айтады.  Қай топ 10 санағанша, әртүрлі тәсілмен бірінші құрастырып болса, солар жеңімпаз. Сергіту кезінде немесе жағымды ахуал туғызу сәтінде қолдануға болады.

         «Əріптестер»

Əр оқушыға не жауабы бар, не сұрағы бар қағаз беріңіз. Оқушылар сынып ішінде жүріп, сəйкес келетін сұрақ пен жауапты іздейді. Күрделілік деңгейін арттыру үшін, оқушылар үндемей орындай алады.

 «Әуенді атаңыз – әуентақырыппен қалайбайланысқан?»

Музыкалық шығармадан үзінді қойыңыз. Оқушыларданталқылап, өз бағаларын беруді сұраңыз: музыка сабақ тақырыбымен қалай байланысқан?

Басқа материалдар:

  1. Менің педагогикалық тұлғалық орным (жас мамандарға арналған тренинг)
  2. Сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдермен психологиялық тренингтер жинағы
  3. Ұстаздарға арналған тренинг: «Педагогтардың кәсіби жануы»
  4. Балаларды тәрбиелеудің психологиялық қағидалары
  5. Ата-ананың психологиялық құзіреттілігі – бала саулығының кепілі
  6. «Сәттілік серік болсын» атты әлеуметтік-психологиялық тренинг бағдарламасы
  7. Бірінші не көрдіңіз: түлкі ме, дельфин бе? 
  8. 4-5 жастағы балаларға арналған бинарлық сабақ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ