Салалас құрмалас сөйлемдердің негізгі грамматикалық түрлері

0
2191
Иллюстрация: Freepik.com

Салалас құрмалас сөйлемдерге жалпылай ортақ грамматикалық құрылысы ілгеріде айтылды – олар баяндауыштары жақтық формада қатысқан компонеттерден құрылады, яғни бұл баяндауыштар тиянақты фиттик деп аталатын тұлғада  тұрады.

Сабақтас құрмалас сөйлемдерде бір компоненттің баяндауышы тиянақсыз-жақтық емес (фиттик емес) формада қатысады.

  1. Бұлар таяу тақалып келді, Танабай қарт есік алдында күтіп тұрған.
  2. Бұлар таяу тақап келгенше, Танабай қарт есік алдында күтіп тұрған (Ә.Тарази).

Салалас құрмалас сөйлемдердің құрылысы түрлі, олардың компоненттерін байланыстыратын амалдар да көп.

Тіл білімі салалас сөйлемдердің құрылысын тануды компоненттерінің көпшілігіне ортақ байланысу амалдарын анықтаудан, солардың салалас құрмалас сөйлемдерді ұйымдастыруға қатысуын табудан бастайды.

Осы позициядан кемінде салалас құрмалас сөйлемдер ең алдымен байланысу амалдарына қарай екі топқа бөлінеді.

  1. Орын тәртібі (жалғаулықсыз) арқылы ұйымдасқан салалас құрмалас сөйлемдер – бұлар іргелес салалас құрмалас сөйлем деп аталады.

Сәнжанның көңілі көтеріңкі, қабағы ашыңқы (Ә.Тарази). Жеңгей шұбыртып сөйлей берді, балалар тыңдай берді (С.Мұратбеков). Несіп айтысып, актив кемпір. Рызығың таусылмаған екен, бақытың бар екен (Ә.Тарази).

  1. Жалғаулықтар компоненттерін байланыстырып ұйымдасқан салалас құрмалас сөйлемдер – бұлар жалғаулықты салалас құрмалас сөйлем деп аталады.

Бұл грамматикалық топ кейбір еңбектерде жалғаулықсыз салалас құрмалас сөйлемдер деп аталады. Біз іргелес салалас құрмалас сөйлем деген атауды таңдадық. Оған мынандай себептер бар:

  1. Іргелес сөйлемдер, іргелес құрмалас деген атаулар қазақ тіл біліміне ертеден кірген. А.Байтұрсынов іргелес деп қатар келіп, мағына жағынан өзара қатысты тұлғаларды атайды және ғалым оларды құрмалас қатарынан бөлек қарайды. «Мағына жақындығынан басқа жақындық жоқ сөйлемдер іргелес делініп, мағына жақындығынан басқа қисын жақындығы бар сөйлемдер құрмалас делініп аталады». Осылай деп іргелес сөйлемдер деген атауды құрмаластан бөлек қарағанмен, келтірген мысалдарында, ол сөйлемдердің тыныс белгілерін түсіндіруінде А.Байтұрсынов екі жақты ұғымды қатыстырғаны көрініп тұр: іргелес құрмалас және тест (мәтін) ретіндегі синтаксистік тұлғалар деген ұғымдар.

А.Байтұрсынов мынандай мысалдарды іргелес сөйлемдер деп келтірген, оған төмендегідей түсінік береді.

Іргелес сөйлемдер

1) Күн ашық. Тоғайлар шат. Ың-жың орман.

2) Күн кеш болды. Ат болдырды, ел көрінбеді. Батыр сасайын деді.

3)Біссімілдә безгелдек! Бұлай жатсын дуадақ! Сыбығыма қоңыр қаз. Үлесіме үш үйрек. Екі сартқа бір тартар, аққуды батыр екең атар.

1-інші мысалға алынған сөйлемдер арасында жақсы күннің жайын сөйлеген ой іргесінің ғана біргелігі бар.

2-інші мысалға алынған сөйлемдер арасында кеш уақытта болған уақиға жайын сөйлеген ой іргесінің ғана біргелігі бар. 3-інші мысалға алынған сөйлемдер арасындағы үлес кіретін сөйлеген ой іргесінің ғана біргелігі бар.

Сөйтіп, үш мысалдың үшеуіндегі сөйлемдер біріне-бірі тек ой іргесімен ғана  жанасқаны болмаса, бастарын қосып тұрған басқа еш нәрсе жоқ. Сондықтан бұлардың аралары да біріне-бірі қосылмай, ашық-ашық үзіліп айтылады. Жазғанда араларына үлкен тыныс белгісі (.) қойылады. Іргелері жақын болса, ортаншы тыныс белгісі (,) қойылады.

А.Байтұрсынов іргелері жақын араларына ортаншы тыныс белгісі – үтір қойылады деп Ат болдырды, ел көрінбеді. Екі сартқа бір тартар, аққуды батырекең атар деген сөйлемдерді атап отыр.

Н.Т.Сауранбаев іргелес құрмалас сөйлемдер деген атауды құрмалас сөйлемдердің қалыпты бір ұйымдасу ережесі бар грамматикалық түрін таныту үшін қолданған[4].

Н.Т.Сауранбаев жалғаулықсыз құрмалас сөйлем, іргелес құрмалас сөйлем деген екі атау бар екенін және өзі соңғы іргелес құрмалас деген атауды қалағанын дәлелдейді: «жалғаулықсыз деген атау жай сөйлемдердің іргелесін құрмаласу тәсілін көрсетпейді. «Іргелесу» термині лайықты сияқты.

Біз Н.Т. Сауранбаевтың бұл дәлеліне қосыла отырып, тағы бір дәлелді атағымыз келіп отыр. Философия, логика затты, құбылысты бойында жоқ сапа, белгі арқылы анықтауды дұрыс жол деп есептемейді. Зат, құбылыс, процестер бойында бар сапа, белгі негізінде анықталғаны дұрыс деп есептейді.

Н.Т.Сауранбаев іргелес құрмалас сөйлемдерді бір тұлға ретінде тұтастырып тұратын  интонациялық қалпы бар екенін де атайды.

Құнанбай округті басқаратын приказдың бастығы, Майбасар оның орынбасары болатын (М.Әуезов.)

Бұл келтірілген мысалда екі сөйлем бар: бірінші – Құнанбай округті басқаратын приказдың бастығы, екіншісі – Майбасар оның орынбасары болатын. Бұл екі сөйлем бір-бірімен мағына жағынан ұласып Құнанбай мен Майбасардың қызметі туралы күрделі ойды білдірген. Сыртқы форма жағынан қарағанда бұл екі сөйлемнің арасын қабыстырып, байланыстырып тұрған ешбір дәнекер форма жоқ. Екі сөйлемнің баяндауышы да тиянақты қалыпта тұр. Сөйтсе де бұл екі сөйлем мағына жағынан ұласып, бір-бірімен байланысты болып тұр.

Мұндағы екі сөйлем бір-бірімен дауыс ырғағы (интонация) арқылы құрмаласқан. Дағдыда  әрбір жай сөйлемнен кейін дауыс бәсеңдеп барып тыныш отырады. Сөйтіп, қатар айтылған бірнеше жай сөйлемдердің арасы дауыстың тынуы арқылы бөлініп отырады. Жоғарғы мысалды құрмаластырмай, яғни бірін-бірімен байланыстырмай жай сөйлем түрінде айтсақ: «Құнанбай округті басқаратын приказдың бастығы. Майбасар оның орынбасары болатын» болып, екі сөйлем дара-дара болып ұғынылар еді.

Ал, бұл сөйлем ешбір дәнекер формасыз мағына жағынан құрмаласып айтылғанда, екі сөйлемнің арасында дауыс тынбайды, үзілмейді, екеуі де демнің екі ағысымен жалғас айтылады. Бірінші сөйлемнен кейін дауыс сәл төмендеп бәсеңдейді, бірақ тынбайды. Бұдан кейін оған іле-шала екінші сөйлем көтеріңкі дауыстан басталады.

Осы аталған белгілеріне сүйеніп Н.Т.Сауранбаев іргелес құрмалас сөйлемге мынандай анықтама береді: «Мағына жағынан бір-бірімен тығыз байланысты, бірақ аралары ешбір дәнекерсіз дауыс ырғағымен ғана тұтасып айтылған бірнеше жай сөйлемдердің тобын іргелес құрмалас дейміз». Бұл анықтамаға, іргелес сөйлемдердің ұйымдасу амалдарына қарасты мәселе кейін арнаулы тарауда айтылады.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  2. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  3. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  4. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  6. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  7. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  8. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  11. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  12. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  13. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  14. Екі негізді сөйлемдердің топтастырылу парадигмасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ