Себептік салалас құрмалас сөйлемдер

0
1743
Иллюстрация: Freepik.com

Жалғаулықтар қатысып ұйымдасатын себептік салалас құрмалас сөйлемдер. Себептік қатынас та адамның танымдық әрекетінде, табиғаттағы, қоғамдағы заңдылықтарды – себептік байланыстарды тануда зор орын алады.

Сонымен бірге себептік қатынас адамның іс-әрекетіне, басқа адамдармен араласуына байланысты туып жатыр.

  1. Қатты жел тұрды, сондықтан бұлт көшіп кетті.

 Темір тез балқиды, сондықтан ол оңай іске қосылады.

  1. Шешем шақырыпты, сондықтан тез жүріп кеттім.

Себептік салалас құрмалас сөйлемдерді ұйымдастыруға мына жалғаулықтар пайдаланылады: өйткені, сондықтан, себебі, сол себепті, неге десең, не үшін десең, сонан соң.

Бұл жалғаулықтарды қызметіне қарай екі топқа бөлеміз:

  1. Сондықтан, сол себепті, сол үшін, сонан соң.
  2. Өйткені, себебі, неге десең, не үшін десең.

Құрмалас сөйлемнің бірінші компоненті бір оқиғаны хабарлай, екінші компонент содан туындайтын, соның салдары ретіндегі оқиғаны хабарласа, құрмалас сөйлемнің компоненттерін байланыстыруға бірінші  топ жалғаулықтар қатысады.

Үмітай бұл сөзін арманды күдікпен аса бір құпия сыр етіп айтады, сондықтан бұл сөз бұрын емес, дәл осы арада алғаш айтылғадай болды (М.Әуезов). Егер тез қимылдамасаң, олар мақсатына жетеді. Елден айрылып біз қаламыз, сол себепті сіз де енді бөгелмеңіз (Ә.Әбішев).

Ал, жүн өнімі қалай? Уәдеңізде айтылмаған сияқты, сосын сұрай отырғаным ғой.

— Жоқ, айтылған. Сіз естімеген шығарсыз (А.Нұрманов).

Немістер орысты қырып шыдатпапты, сонан соң шепке тартып, алдына ұстауға қазақ сықылды аяусыз жұртты алатын болыпты-мыс (Ж.Аймауытов).

Бірінші компонент бір оқиғаны хабарлап, екінші компонент сол оқиғаға себеп болатын іс-әрекетті, оқиғаны хабарласа, құрмалас сөйлемді екінші топ жалғаулықтар қатысып байланыстырады.

Артынан ілесе Тайжанның үйіне кіруге бата алмады, өйткені ол үйде аюдай ақырған тентек мінезді Сәлима бар (С.Мұқанов). Кешке қарай Бекеннің аты босаңсуға айналды. Оған біз қинала қойған жоқпыз, себебі бұл атты Бекен жолда Тәйкеттің Сүлеймені деген кісінің үйіне тастап, тың ат сұрап мінгелі келе жатыр (С.Мұқанов).

Біздің ауылдан табиғаты көркем жер жоқ, неге десең қара қыртысты құйқасының қалыңдығы кезге жақын, бетіне біткен түгіне жатқан мал жасырынатын шұрайлы жер сонда (С.Мұқанов).

Бұл типтес салалас құрмалас сөйлемде негізгі, мәнді хабар бірінші сөйлем арқылы айтылады. Екінші сөйлемдегі оқиға-себеп, сол хабарды дәлелдеу ретінде қамтылады.

Осынысына орай өйткені, себебі арқылы байланысқан сөйлемдегі оқиғаның себеп ретінде хабарланбай, дәлел ретіндегі қатынасы басым көрінетіні бар.

Жол дегеннен әлдеқашан айрылған болуымыз керек, өйткені пәуескенің селкілдеуі жаман (С.Мұқанов). Бір жайын иек месқарын отырған төр жақта Шөптібайдың жолдасы болу керек, өйткені ол соған иек қақты (А.Нұрманов).

Бірінші компонент болжам мәндегі пікірді хабарлайды. Баяндауыш модальдық формада қатысады.

Екі топ жалғаулықтар құратын құрмалас сөйлемдер өзара конверсияға түсіп жұмсалады.

Мен тоқ адамнан қорқам, өйткені тоқ адамның көзі соқыр, құлағы керең (Д.Исабеков). – Тоқ адамның көзі соқыр, құлағы керең, сондықтан мен тоқ адамнан қорқамын.

Біздің ауыл Алмалы деп аталады, өйткені төңіректегі тау бөктеріне жабайы алма сықсып өседі (С.Мұратбеков). — Төңіректегі тау бөктеріне жабайы алма сықсып өседі, сондықтан біздің ауыл Амалы деп аталады.

Байланыстырушы қайталама қатысып ұйымдасатын себептік салалас құрмалас сөйлемдер

Себептік салалас құрмалас сөйлемдерді ұйымдастыратын байланыстырушы қайталаманы мына мысалдан көреміз.

Біреуінде алғаным жоқ, алмаған себебім – со кезде батыс жақтан қалың бұлт шығып, бері қарай дауылдатып жылжи бастады (С.Мұқанов).

Байланыстырушы қайталама (алмаған себебім) былай жасалған. Бірінші компоненттің баяндауышы есімше формасын алып себеп сөзіне тіркескен де байланыстырушы қайталама болып жұмсалған. Себеп тәуелдік жалғауын жалғап (себебі) субьектіге қатысын білдіріп тұр.

Гундар европаға көшті, көшкен себебі – су тапшы болды («Қазақ батырлары»).

Қайталамадан соң сызықшаның қойылуы осы үлгідегі себептік іргелес салалас сөйлем жүйесіне қатысына байланысты.

Қайталаманың ықшам ұйымдасуы бар: себеп сөзі қатыспайды, қайталама есміше тұлғада субстантивтеніп қатысады. Қайталама келесі компонентке сырт бастауыш болып байланысады.

Гундар Европаға көшті,  көшкені – су тапшы болды.

Сөйтіп ілгергі компонентті қайталап, оны кейінгі компонентпен себептік қатынасқа түсіреді.

Қызбен уағдаласып жүріп, құда түсеміз, қолдан аламыз деп отырғанда қызды алып қашты, сөйтіп екі ауылды үлкен дауға қалдырды (Ә.Асқар).

Бірінші компонент атаған оқиға екінші компонент атаған оқиғаның болуына себеп ретінде байланысқан.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  2. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
  3. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  4. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  6. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  7. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  8. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  9. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  10. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  11. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  12. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  13. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  14. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  15. Екі негізді сөйлемдердің топтастырылу парадигмасы
  16. Алайда жалғаулығының қатысуымен құрылатын қарсылықтық салалас құрмалас сөйлемдер


ПІКІР ҚАЛДЫРУ