Теңдік қатынастағы құрмалас сөйлемдер

0
1434
Иллюстрация: Freepik.com

 Теңдік қатынастағы құрмалас сөйлемдерде, алдымен, компоненттердің мағыналық жақтан теңдігі ескеріледі. Қалыптасқан түсінік бойынша, теңдік қатынасқа тек компоненттердің баяндауыштық тұлғасы назарға алынып келді. 

Мағыналық теңдік дегенде, екі компоненттің бір-біріне мағыналық тəуелсіздігі ескерілгені жөн. Əдетте шылаулар құрмалас сөйлемнің мағыналық түрін айқындаушы негізгі фактор болса, жалғаулықсыз салаластардың кейбір түрінде оны ажырату оңай емес. Тілімізде тек тұлғалық жағынан бағыныштылығы болмаса, мағыналық жағынан өз дербестігін сақтаған сөйлемдер жеткілікті.

Мұны кезінде Қ.Жұбанов, С.Жиенбаев, Қ.Есеновтер көрсеткен болатын. Мағыналық тиянақтылығына орай кезінде кейбір ғалымдар мұндай сөйлемдерді салалас деп таныған болса, енді біреулері мағыналық жағынан салалас, тұлғалық жағынан
сабақтас деп таниды.

Профессор Н.Сауранбаев жалғаулықсыз салаластарды «іргелес құрмалас» деп атап, оны салалас құрмаластың қатарынан шығарып, салаластар мен сабақтастардың арасындағы санат деп қарайды: «Сүйтіп, іргелес құрмаласта салаластың да, сабақтастың да белгісі бар.

Салаласқа тəн белгісі – ондағы жай сөйлемдердің грамматикалық жағынан бір-бірімен тең дəрежеде құрмаласатындығы жəне баяндауыштың тиянақты қалыпта болатындығы.

Бұл екі қасиет іргелес құрмаластарды салалас құрмаласпен жақындастырады. Ал іргелестерді сабақтастармен жақындастыратын белгі – іргелестегі жай сөйлемдер ішкі мағына жағынан бірін-бірі сипаттап, бір-біріне тəуелді болып байланысады…
Ал іргелестегі жай сөйлемдер ішкі мағына жағынан сабақтасып байланысады да, сыртқы байланысу формасы жағынан салалас болып келеді» [4, 36 б.].

Бұл пікірді əзірбайжан тілінің маманы Н.З.Гаджиева да қолдайды: «В бессоюзном сложном предложении общего присоединительного характера семантика взаимоотношений его частей выходит за рамки сочинения и подчинения» [65, 6 б.].

Бұл пікірге қазақ тілінде Ə.Хасеновтің пікірі қарсы келеді: «Қазақ тілі оқулықтарында жалғаулықты салаластар да, жалғаулықсыз салаластар да мағыналарына қарай топтастырылып, мəселен, қарсылықты, себеп-салдар, қарсылықты, жалғаулықты т.б. болып бөлінеді, яғни, алдымен, жалғаулықты түрлері өтіледі де, одан соң жалғаулықсыз түрлері қайталанылады.

Ал мағынасы жағынан олардың арасында айырмашылық жоқ: салаластың жалғаулықты түрі қанша болса, жалғаулықсыз түрі сонша» [66]. Бұл пікірді Ж.А.Жақыпов та қуаттайды: «Қазақ тілінде жалғаулық арқылы салалас құрмалас сөйлемді құрайтын сыңарлар ғана байланысады, оның өзінде жалғаулықтар сөйлемдер арасындағы мағыналық қарым-қатынасты анықтауда ерекше қызмет атқармайды. Қазақ тілі синтаксистік құрылысының бір ерекшелігі сол, салалас құрмаласты құрастырушы сыңарлардың жалғаулықты, жалғаулықсыз болуы көбіне мағына өзгертпейді» [67, 80-82 бб.].

Осы пікірлерге сүйене отырып, біз де салаластарды іргелес, жалғаулықты деп бөлу ісін компоненттерді байланыстырушы тəсілдердің үлесіне қалдырып, құрмалас сөйлемдерді компоненттер арасындағы функционалдық, семантика-грамматикалық қатынастарға қарай топтастыруды жөн көрдік. Бірінші орынға мағына шығарылғандықтан, алдымен, құрмаластар компоненттер арасындағы семантикалық-граммматикалық қатынастарына қарай топтастырылады да, байланыс тəсілі, байланысу формасы екінші кезекте қарастырылады.

Бірде іргелес салалас, бірде жалғаулықсыз салалас, бірде үлестес сабақтас деп берілетін сөйлемдердің біз айтқалы отырған теңдік қатынастағы құрмаластарға қатысы болғанымен, бірқатар ерекшеліктері де бар. Алдымен, теңдік қатынастағы сөйлемдерге баяндауыш тұлғасының, байланыстырушы тұлғалардың қатысы жоқ.

Бұл жердегі теңдік қатынас – мағыналық теңдік турасында болмақ. Құрмаластың бұл түрінде компоненттер бір-бірімен атрибутивтік, нысандық, адвербиалдық қатынасқа
түспейді, керісінше, əр компонент мағыналық дербестігін сақтап, əр компонентте дербес ой айтылады. Көбінесе айтылған ой бір-бірімен қанаттас, мезгілдес, кезектес, қатар орындалып жатады.

Мысалы: Ұлбике бəйбішелік түрмен қымыз сапырып, Берен еркектерден бөлегірек сонымен қатар отыр еді (Б.Майлин). Олардың бірі етіктерін киіп, бірі етіктерін шұлғауланып жатқан (С.Жүнісов). Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Не Кемпірбай молданың тұмары қабыл болды, не Шарипаның бала көтеретін кезі келді (Б.Майлин). 236 237 Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар І бөлім. Дəстүрлі синтаксистік парадигмалар Жəутіктің ойы біресе бұлттан шыққан қырандай жарқ етіп бой тастайды, біресе ол құйылып алдына келеді (Х.Ерғалиев).

Келтірілген сөйлемдерден байқағанымыздай, мағыналық жақтан теңдік қатынаста құрылған мұндай сөйлемдер бір-бірімен салаласа да, сабақтаса да, шылаулар арқылы да, шылаусыз да байланыса береді. Əдетте бір-бірімен синонимдес қолданылатын «мағыналық дербестік», «мағыналық тəуелсіздік» ұғымдарын құрмалас сөйлемге қатысты байқап қолданған жөн.

Өйткені бір бүтіннің құрамындағы екі компонентте белгілі бір дəрежеде дербестік болуы мүмкін, бірақ толық мəндегі тəуелсіздік болмайды. Қалай болғанда да, бүтіннің бөлшегі ретінде олар  бір-біріне құрылымдық жағынан тəуелді позицияда тұрады.

Тіліміздегі теңдік қатынастағы құрмаластардың құрылымдық ерекшеліктері, негізінен, төмендегідей:

– Антитеза немесе аналогия ретінде алынған екі түрлі субъектініңіс-əрекет, жай-күйі салыстырыла беріледі: Жақсының сөзі майдай, жаманның сөзі найзадай (Қашаған Күржіманұлы). Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер (Мақал).

– Компоненттерінде екі түрлі ойдың салыстырыла берілуі (синтаксистік параллелизм). Ерлік – елдің қасиеті болса, жүректілік – жігіттіктің қасиеті (Б.Момышұлы).

– Қайталаулар: Жақсы сөзді ел жаттар, ел жаттар сөзде салмақ бар (Мақал). Айсыз түндей надан жаман, Ақылсыз болса, балаң жаман (Досбол би).

–Ортақ сөздің немесе лексикалық корреляттардың болуы: Жəутіктің ьойы біресе бұлттан шыққан қырандай жарқ етіп бой тасалайды, біресе ол құйылып алдына келеді (Х.Ерғалиев). Тұз – астың төресі, онсыз ет те, нан да дəмсіз («Парас

Кейде бұл амал-тəсілдер бір сөйлемде қабаттаса да қолданылады:

Шын жақсыда тарлық жоқ, Əділ сөзде зорлық жоқ. Бұл сөйлемде салыстыру да, синоним де, қайталау да кездеседі. Жалпы теңдік қатынастағы құрмаластар мазмұны жағынан бір-бірімен тең түсетін екі синтаксистік параллельден түзіледі. Синтаксистік параллелизм құбылысында əрі мазмұндық, əрі құрылымдық ұқсастық болатындығы жөнінде Р. Сыздықова Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылымына қатысты
былайша түсіндіреді:

«Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша, Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша. Бұл екі тармақты бір-бірінен синтаксистік жағынан тығыз іліктестіріп тұрған – олардың параллельдігі, ал параллелизмді жасап тұрған бұл сөйлемдердің ішкі мазмұн ұқсастығымен қатар, сыртқы құрылымы: екеуінде де бастауыш бір сөзден (кейбіреу), баяндауыштары бір тұлғадан (-ар жұрнақты есімше), пысықтауыштары да бірдей тұлғадан жасалғандығы» [68, 310 б.].

Тіліміздегі теңдік қатынастағы құрмаластардың ұйымдасу тəсілдері мен жасалу жолдары əр алуан. Оны зерттеп, зерделеу келешектің ісі деп ойлаймыз.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Шартты рай формалы етістік қатысып құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  2. Етістіктің көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  3. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  4. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
  5. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  6. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  7. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  8. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер және оның грамматикалық-мағыналық түрлері
  11. Сабақтас құрмалас сөйлемдер және оның танылуындағы проблемалар
  12. Сабақтас құрмалас сөйлемдердің грамматикалық түрлері және олардың жасалуы
  13. Келер шақ көсемше етістіктің қатысуымен құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  14. -майынша, -ғалы, -гелі формалы көсемше қатысып құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  15. Есімшелердің қатысуымен құралатын сабақтас құрмалас сөйлемдер


ПІКІР ҚАЛДЫРУ