Тері өңдеу шеберлігі. Аң мен мал терісін илеу

0
4247
Freepik.com

Қазақ қоғамында күнделікті тұтынатын заттар мен сәндік бұйымдарды қолөнершілер жасайтын болған. Қолөнершілер қарапайым еңбек құралдарының көмегімен тұрмысқа қажетті мүліктер, музыкалық аспаптар, қару-жарақ, құрал-саймандар жасаған.

Қазақстанда көшпелі шаруашылықтың қажетіне сай қолөнершілер мал шаруашылығына керекті желі, шылбыр, ноқта, бұршақ, жүген, құрық, бұғалық, тұсау, өре, шідер, кісен , қада, ер-тұрман жасаумен шұғалданды. Сонымен қатар олар, құмнан, тастан,  саздан құмыра, көзе, ыдыс-аяқ жасаған.

Ал мүйізден, сүйектен, мал мен аң терісінен, ағаштан әшекейленген нақышты ыдыс-аяқ, дүние-мүлік, музыка аспаптарын құрастырған. Темір мен мысты пайдаланып қылыш,  найза, қанжар, айбалта, күрзі секілді қарулар соққан.

Қазақ халқының қолөнерінде ши орау, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу, сондай-ақ, моншақ, білезік, сақина, сырға, алқа, шолпы сияқты зергерлік бұйымдар жасау кең дамыды. Матадан, киізден тұс кілемдер, басқұрлар, тұскиіздер, т.б киіз үйдің сәндік жасаулары дайындалды.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, шаруашылығында тері өңдеу өнері маңызды орын алған.

Аң терісін өңдеу. Аң терісін бітеудей, мес қылып қояды. Ол үшін өткір пышақпен тіліп, теріні аяқтарынан бастап басына қарай айналдыра сыпырып, бас терісімен бірге алады. Теріні жарамсыз етіп қоймау үшін пышақ тигізбей, саусақпен, жұдырықпен іреген дұрыс. Содан соң оны жылы күйінде тұздайды. Тұз сіңген соң арнаулы кергішке керіп қойып кептіреді.

Кергіш — жануарлардың терісін кигізіп, керіп кептіру үшін қолданылатын құрал. Оны бұтағы аша болып өскен  ағашты өңдеп, ашасының арасына көлденең кергіш ағаш бекітіп, кәдімгі «А» әрпіне ұқсатып жасайды.

Жануарлар терісінің ірі немесе ұсақтағына орай кергіш те әртүрлі көлемде әзірленеді. Оған бітеудей сыпырылып тұздалған аң терілерін кигізіп, арасына киіз, сабан, т.б заттарды толтырады. Бұлай істеу теріні қалыпқа түсіріп, қуысына ауа кіруін қамтамасыз етеді.

Аң терісінің (түлкі, қарсақ, қоян) төрт түлік малдың терілерінен айырмашылығы — жұқалығы. Терінің ішкі жағына айран немесе сарысуға ұн қосып (қара бидайдың ұны) арнайы и жағып, бір-екі тәулік жылы жерде ұстайды. Қоян, түлкі, қарсақ, бұлғын, т.б аң терілері өте жұқа болғандықтан иді жылдам сіңіреді. Әбден иі қанған теріні тазартып, уқалап, созғылап жұмсартқан жөн. Иі қанып жұмсарған тері ақ түсті әрі жұмсақ келеді. Олардан бас киім, жаға, т.б заттар тігуге болады.

Мал терісін илеу. Тері илеу үшін алдымен «малма» деп аталатын сұйық затты даярлайды. Ол үшін ұйыған айранды дорбаға құйып, аузын байлап, астына ыдыс қойып, іліп қояды. Сонда айран сүзіліп, сары суы ыдысқа жиналады. Алынған сары суға ұн, кебек қосып араластырып, ашытады. Мұны малма дейді.

Осы малмаға теріні салып, бетін қақпақпен жауып, үстінен таспен бастырып тастайды. Иде жатқан теріні күніне үш-төрт рет аудастырып, сапсып отырады. Жиі сапсып отырмаса, теріге и толық сіңбей, әр жері көк аязданып, қатқыл болып қалады. Ондай жағдайда үстемелеп ұн,  кебек, сары су қосып, теріні тағы да біраз уақыт малмаға салып, жылырақ жерге қойып, жиі-жиі аудастырып, идің жақсы сіңуін қадағалайды. Жылқы терісіқалыңдығына қарай малмада шамамен 15-20 күндей жатады.

Терінің иі қанғанын білу үшін түгі жағынан  ұстап, екі жаққа тартып көреді. Жақсы и сіңген терінің түгі түбінен ағарып жарылады. Немесе теріге  тебен ине шаншығанда жеңіл сұғылса, онда терінің иі қанғаны. Содан соң теріні малмадан шығарып алып, көлденең ағашқа жайып, суын сорғытады.

Сәл дегдіген теріні жұмыр ағашқа асып қояды да, қырғымен қырып, әрі иін, әрі түгін, әрі шелін алады. Иі сіңіп ісінген тері тазарғанымен, шикілігі білініп тұрады. Бұдан кейін міндетті түрде керіп қойып,аязға сорғызады. Мұны «аязға пісіру» деп те атайды. Он шақты күн аяз сорған тері аппақ болып ширайды.Сол кезде үйге кіргізіп, тобарсыта кептіріп алады да,  талқыға салады.

Талқыдан шыққан сиыр терісінен, әдетте, таспа тіліп, айыл, тартпа,  құйысқан, өмілдірік, үзеңгі бау, қамытқа құлақбау жасайды. Жылқы терісінен жүген, қамшы, шылбыр, т.б өреді. Ал серке терісінен неғұрлым нәзік таспадан өрілетін мүліктер жасалады.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Басқа да ақараттар:

  1. Адамның іс-қимылына байланысты тыйымдар

  2. Бойтұмар, базарлық байғазы ырымы туралы

  3. Қазақ халқының ырымдары. Ақсарбас, көз тию, тізе бүгу туралы
  4. Ырым мен тыйымдар туралы. Ұшықтау, үшкіру, айдар қою тағы басқа

  5. Ақ құйып шығару, ауыз тию, сарқыт ырымдары туралы түсінік

  6. Қазақстанның құстары. Ұлар мен балықшы тұйғын құсы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ