Төлеген Айбергенов туралы тың деректер

0
16011

Дүниеге өзінің аппақ, тап-таза пейілімен келіп, сол көңілмен кеткен сағыныштың ақыны Төлеген Айбергенов осыдан 80 жыл бұрын 1937 жылы 8 наурызда Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүниеге келген.
Әкесі Айберген – сөзге шебер, негізінде ел басқарған, ауыл-аймағына сыйлы, қадірменді адам болған. Ол ауызша есепке жүйрік, ақылды, зерек ақсақал атанған. Әсіресе ауа райының қай кезде өзгеріп кететін, егінді қай кезде жиып алуға болатынын дәл есептеп айтқан екен. Анасы Жібек те халық ауыз әдебиетін терең білетін, өз қатар-құрбыларынан жарқын жүзділігі, мейірімділігімен, ерекшеленіпті бір сөзді бір сөзге ұйқастырып, табан астында суырып салып айтатын болған.
Төлеген Айбергенов – бір анадан туылған төрт перзенттің бірі. Үміт, Мақпал, Балқия атты қыздары мен Төлеген.

Төлегенді ешкім бетінен қақпай өсіреді. Ол 7 жасқа келген кезде анасы Ақсұлу қайтыс болады. Сөйтіп, ол Қарақалпақстандағы М.Горький атындағы жетімдер үйінде оқуын жалғастырады. Оны бітірген соң Низами атындағы педагогикалық институтқа түседі. 1959 жылы Ташкенттің Низами атындағы педогогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, 1959-1962 жылдары Қоңырат аудындағы орта мектепте мұғалім, 1962-65 ж. Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар мектебінде директор болған. Өмірінің соңғы жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының әдебиетті насихаттау бюросында ұйымдастырушы қызметін атқарады.

1965 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет істеді. Балауса жырларын жас кезінен бастап жаза бастайды. Айбергеновтың өлеңдері республикалық баспасөзде 1957 жылдан жарияланды. Туған жерге деген албырт сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты топтама жинақта басылды. Отанға, туған елге деген сүйіспеншілігін, замандастарымыздың рухани сезім байлығын, ізгі тілеу, ақ ниетін жарқырата ашқан, қазақ поэзиясында өзіндік жаңа ыррақ, тегеурінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары — «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970), «Аманат» (1975), «Бір тойым бар» (1981), балаларға арналған «Бақшаға саяхат» сурет-кітапшасы (1985) жарық көрді. Сондай-ақ орыс тілінде «Мир созвездья» (1987) деген атпен таңдама-лы өлеңдері аударылып басылды. Айбергеновтың «Ақ ерке, Ақ жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар», т. б. өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1974, қайтыс болғаннан кейін).

Төлегеннің жарының есімі — Үрниса. Ақынның бес перзенті болған. Үлкені — Салтанат, Махаббат, Дәурен, егіздер Құсни мен Айнар. Алайда, Дәурен 46 жасында өмірден озып кетті.

Төлеген Айбергенов Қазақстан жазушылар одағына мүшелікке өтіп те үлгермеді, оның қолында тек 1963 жылдың 3 қыркүйегінде алған журналистер одағының мүшесі деген мүшелік билеті бар еді. 1967 жылдың 16 тамызында Төлеген Айбергенов, небары 30 жасында о дүниелік боп кетті. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында аз еңбек еткен жоқ. Олай дейтініміз, артына қалдырған мол мұрасы – халқымыздың рухани мұрасын байытқан асыл мұра.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ