Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» өлеңіндегі астарлы ойды талдап жазыңыз!

1
20990
Заты даңқты, тумысынан текті, кесек жаратылған Арқаның арысы Ыбырай Сандыбайұлының өлең-жырларының нәзік кестесі, өрнек-нақышы, сыр- сымбаты да сан қилы, нешеме алуан поэзиялық, музыкалық құбылыстарға бай. Саз-келісім жағынан алғанда, біресе жігерлі, серпінді, отты, ойнақы, бұрқыраған, қуатқа толы яки жұмсақтығы жібектей әсем әуенді, қоңыр үнді, терең сезімге құрылған, я болмаса салтанатты шадыман… Сондай әндерінің қатарына «Қарақат көз», «Гәкку», «Мақпал», «Алтыбасар», «Жиырма бес», «Желдірме», «Сүйгенім», «Арарай», «Қалдырғандарды» жатқызуға болады.
Ыбырай Көкше өңірінде, Володар ауданы, Қызыләскер ауылында дүниеге келіп, жастайынан өлеңге, әнге кұмар болып, молдадан оқып, арабша сауатын ашып өсіп жетіледі. «Сандыбайдың әнші баласы, өлеңші баласы» атанып, ауыл-аймақтағы жиын, той-думаннан қалмай, атақты ақын-әншілер: Орынбай Бертағұлы, Арыстанбай Табылбайұлы, Шөже Қарнаубайұлы, Біржан Қожағұлұлы, Ақан Қорамсаұлы, Балуан Шолақ Баймырзаұлы, Тезекбай Шоктыбайұлы, т.б. ұстаз тұтып, үлгі-өнеге алып, олардың шығармашылық дәстүріне еліктеп, Көкше өлкесіне әйгілі бола бастайды. Осылай ән мәдениетінің ортасынан өсіп жетілгеп сылқым, өнерпаз жас жігіт Ыбырай алдыңғы ағаларының Біржан сал, Ақан сері секілді әшекейленген киімімен атқа мініп, тазы, қаршыға ұстап, аңшылық, ойын-сауық ортасынан көрініп «Үкілі Ыбырай» атанады. Үкілі домбырасын тастамай, жас әнші — Ыбырай халық әндерін, халық композиторларының әндерін шебер орындаушылық шеберлігіне жетіп, өзі де ән, өлең шығарумен айналысады. Ыбырай әндерінің кұрылысында өз ерекшеліктерімен, қайырмасыз әннің күрделі түрі романс бағытына жақындайды. Дауыска жайлы, қиын емес ырғақтардан құралып, көңілге тез қонатын әуеннен тұрады. Композитордың 40-қа жуық әндері бар.
«ҚАЛДЫРҒАН» әні дуралы дерек….
…Тайга ішінің аязы бүгін ерекше шаңытып тұр. Барактан барынша жылы киініп шыққан қария қуаты қайта бастағанын бойының лезде қалтырап қоя бергенінен аңғарғандай болды. Қалың оппа қардан малтығып, бірер аттап үлгергені сол еді, жайдың оты түскендей әлде не жақын маңнан шатыр етті. Қарағай, самырсындар селк етіп, ағаштардың өн бойларынан қар ұшқыны саулап қоя берді. Еңсегей бойлы қария өзін басып қала жаздаған ақ ұлпадан үсті-басын қағынып, арылысымен-ақ қарсы алдына көз салды. Әлгінде ғана тұлғасы аспандай зорайған алып қарағай аязға шыдамай қақ айырылған екен. Өзегінің қызғылт беттерінен сары алтындай шырыны бұлақ болып ағып жатыр. “Ғұмыры біткен соң, қарағай да жылайды екен-ау” – деп, тебіренді ақын жаны. Дұшпандарының жаласымен Қиыр Шығысқа айдалып келгелі Үкілі Ыбырай болмысы боркеміктікке ауысқандай ма қалай. Көзіне жас алды. Жо-жоқ! Ақынның Айыртаудай ардағын, Көкшетаудай қымбатын, өзін әз көтерген асыл жұртын сағынғаны бұл.
– Шіркін бір дүние кең едің,Біраз күн алдап бөгедің.Өкпеледім, дүние-ай,Жолдас едің демедің.Арғын, Найман ұлынан,

Талайдан сарқыт жеп едім.

Жетпістен асқан шағымда,

Сақал, мұртым қуарып,

Тамыр біткен суалып,

Неліктен мұнша жүдедім.
– Қария, баракқа қайтқаныңыз жөн болар. Түсіңіз қашып кетіпті, – деді ағаш дайындап жатқан алаңда балтасын құлаштай сілтеп, құлатылған қайыңдарды бұтақ­тарынан арылтып жүрген башқұрт жігіті. – Бүгінгі нормаңызды біз-ақ орындармыз.
Айналайындар! Бұның әндерін кешкілік бараққа жиналып, темір пешті паналаған сәттерінде елти, құмарта тыңдайтын тұтқындағылар жетпістен асып кеткен қарт ақынды әрі аяйтын, әрі сыйлайтын. Ыбырайдың осында келгелі қарағайдан қиып жасап алған домбырасы ақынның екпіні, тегеуіріні қайта бастаған дауысын демеп отырар еді. Сұрапыл аяздан қатып қалған орман қоянын тауып алып, темір пешке жібітіп, етін елге беріп, тоқ шегін бабына келтіре илеп, домбырасына таққан ақын оның үнінің қоңырлап шығар қаз дауысын ұнатқан. Салалы саусақтарын аспабының шанағына тигізуі мұң екен, өзгеше бір сазды қаузай жөнелетін тұтқындағы домбыра да. Үкілі Ыбырайдың есіне сері інілері Сәкенмен, Сәбитпен жүздескен айбоз күндері оралды.
Бұл – 1927 жылдың шыбынсыз жазы болатын. Жер бөлісі деген айқай-ұйқайы көп шаруа шыққан ел ішінде. Жайлаудың шұрайлысын, шабындықтың құнарлысын, егістіктің майлы топырақтысын нешеме жылдар малына азық еткен байлардан кедейлер еншісіне жаңа үкімет жер алып бере бастаған. Болыстыққа өз адамдарын отырғызып, биліктен әлі де тастай қатып ажырағысы жоқ ауқаттылар жер бөлісіне келгенде қандай қулық-сұмдықтарға бармады десеңізші. Сіңірі шыққан, сауатсыз кедейлерді бойтаса етіп, “жер де, мал да соныкі, мендегі мынау ғана” деген көзбояушылыққа дейін баратын олар. Бірақ, Сәкендей сауатты, Сәбиттей талапты жастарды ақиқаттан адастыру оңай емес. Сол науқанның қарбалас бір күндерінде Сәкен Сейфуллин 71-ге иек артқан Үкілі Ыбырайды алдырды. Ақынның алысқа кеткен даңқына тәнті екендіктерін айтысты. Сәбит Мұқан баласы екеуі еңсегей бойлы ер мінезді ақын Ыбырай мақпал бешпентінің жез түймелерін жарқыратып, Оқжетпестей тұлғасын тік ұстады. Дауысы да кең тыныс, ерек екпінінен жаңылмағандай көрінді Сәкенге.
– Ыбекеңді Оқжетпестің түбінде отырып тыңдайық, — деді, Сәкен Сейфуллин қасына ерген бозбала жігіт Мұқанның Сәбитіне, мұнартқан көгілдір Көкшенің жасыл жоталары қоршап жатқан шыңды иегімен меңзеп. Үкілі сусар бөркін желкесіне жылжытып, құндыз жағасы күнмен шағылысып құлпырған шапанын желең жамылып, тізерлеп отыра қалған ақын күмбірлеген тынысты домбырасын толғап-толғап, шырқай жөнелді.
Кез болдың тәтті ұйқыда биыл маған,

Жел көңіл жігіттікте тыйылмаған.

Бір дұшпан арадағы қас ойлар деп,

Қалмады елде құрбым сыйынбаған.
Қардан аппақ етің бар,

Қаннан қызыл бетің бар.

Қайта айналып келгенше,

Көкіректе зарлы дертім бар.
Ал, Қаракөз,

Қалдың кейін,

Мен не дейін,

Уа, шіркін!.
Ақын дауысы қиянға шырқап, Оқжетпестің ұшар басына қанат қақты. Айдын көлдің беті жел тұрмай, әннің екпінімен толқып, толып алды. Ақ қайыңның көлеңкесіне жайылған текеметте қисайып жатқан Сәкен ән орындалып біткенде орнынан атып тұрып, Ыбырайдың алдына барып, тізерлеп отыра кетті.
– Айналайын, ағатай-ай! Не деген құдіретті едіңіз. Япыр-ай, мұндай да көркем, биік дауыс болады екен ғой – деп, тамсанды Сәкен ақ жүзі алабұртып, аса бір ризашылық пейілмен. Ғажайып әннің әсері Арқаның самал желіндей көңілді желпіп, жанды жадыратқаннан соңғы тыныстан кейін ақын Сәкен де қанаттанып жырдан шашу шашты.
Әнші бар Көкшетауда талай ірі,

Ыбырай топ жарғанның о да бірі.

Қаңбақша қыз-бозбала қағып алып,

Жайылған талай әсем ән мен жыры.
Өзі ақын, ән шығарғыш, домбырашы,

Сауықтың жан думаны, болған пірі.

Ақырып арыстандай ән салады,

Ыбырай жүйрік тарлан, әлі тірі.
Ақан сері, Балуан Шолақ, Біржан сал секілді қазақтың небір саңлақ ардагерлерін шабыттана жырына қосқан Сәкен Үкілі Ыбырайға да өз бейіл, бағасын осылай берді.
– Ыбырай жүйрік тарлан, әлі тірі, – деп күбірледі ақын, сол бір думанды күндерді көз алдына елестеткендей, тайганың аязы ақырған ауасымен тұншыға тыныстап.
Енді бір уақ қазанның қара дауылы тал, теректерін ерекше теңселткен Қызылжар­дағы базарлы, думанды күндер келді көлбеңдеп көз алдына. Қазақтың ардақты перзенттері Құлымбетов пен Сейфуллин қатысқан 1924 жылдың соңындағы сол бір жастар кешінде Ыбырай ақын айрықша шабытпен, зор дауыспен өзінің “Қалдыр­ған” әнін тамылжыта айтып берген жиналғандарға. Ақынның шау тартса да, қуатынан таймағаны талайды тамсантқан сол жылы.
Суаты құмдақ көл қайда,

Жағалай қонған ел қайда.

Қыз-бозбала бас қосса,

Ыбырай ақын сен қайда.
Жан-жаққа гүлің балбырап,

Қызықты дүние сен едің.

Орта жүзді қыдырған,

Жалғыз да бұлбұл мен едім.
– Жас кезімде жазық далада шырқаған әнім жеті шақырым жерге жететін, – деген Үкілі Ыбырайдың жан сырларына жұрт имандай сенетін. Расы да солай еді-ау. Кең тынысты кеудесін жүрегінен нәр тарта жарып шығатын дауысының шалқар аясы мен құс қанатын көтерердей қуатына елінің қуана қол соғатыны, риза пейілдері, еркелеткен қамқорлықтары күш қосатын.
Осы 1931 жылдың Қиыр Шығысқа айдалып келген алғашқы айларының бірінде жетпістен асқан Үкілі Ыбырай сонау бала кезіндегі, сегіз жасындағы ғажайып түсін өзгеше мазмұнмен қайталап көрді де, өмірінің соңғы сәттері жақындағанын ақындық бір ерекше түйсікпен, көріпкелдікпен сезінді. Сезінді де ендігі халде алаң көңілінің ақ желкенін жайып, күндіз ағаш кескендерден бөлініп, тайга кезіп кететінді шығарды. Сол түсі қандай еді.
Ауылы аясына көз жеткісіз шалқар көлдің жағасына қонған екен. Айдынның аққу-қаздары сұңқылдап, шағалалары шаңқай түстің шұғыласына аппақ қанаттары шағылысып, аунап-төңкеріліп еркелей ұшып жүр. Жағалауда ақ боз ат мініп тұрған бұл көлдің арғы бетіне жанарын тіктеді. Бір сәтте көзіне көкжиектен бері ойысқан ақ киімді, ақ сақалды қария шалынды. Қолында үкілі домбыра. Сол қолындағы аса таяғымен бұл отырған жақты нұсқап, әлденені айтқандай, дауыстағандай болады абыз. Көл толқынын белден кешіп арғы бетке жақындап барған Ыбырайға әлгі абыз қарт: “Шырағым, мына домбыраны бала күніңде саған сыйлап едім, енді өзім қайыра алдым, сен ренжіме”, – деді.
…Азынаған суық барақтағы темір кереуетте жатқан қария қалтырап, шошып оянған сол жолы.
…Тайганың тасты талқан етер сұмдық аязынан күңірене қарс айырылған манағы алып қарағай құшағын жая құлап жатыр. “Менің де тамырым сенікіндей тереңде еді, қарағай! Құламастай, еш пенде құлата алмастай көруші едім өзімді, дариға!” Қарт ақынның жаны сыздап қоя берді. Жастығының жалаулы, жеңісті күндеріндегі ғашығы Кәкимә келді көлбеңдеп көз алдына. Не деп еді, сонда. Қалай-қалай төгілтіп еді ақын жаны жырларын жастығының сол жазираларында.
Құс салып, айдын көлде дабыл қақтым,

Ән салып, талай елдің дәмін таттым.

Жетсін деп осы дауысым Гәккуіме,

“Гәккуді” қоңыр қаздай қаңқылдаттым.
Түрлентіп тоқсан түрлі ән саламын,

Жай тастап құлашымды кең аламын.

Түскенде сен есіме, ерке Гәкку,

Құлпыртып осынау әнді толғанамын.
…Барактың өлеусіреген май шамының болар-болмас жарығымен қағазға сонау бір жылдары бастаған “Тотының тоқсан толғауын” мұңдана жаза бастады ақын. Арабша сауатқа зирек Үкілі Ыбырайдың айдауда жүріп бастаған күнделік дәптеріне 75 жастан асқан жанның елді сағынған, қиналған сәттерінің жанды сыздатқан сырлары тайганың аппақ қарының бетіндегі әлдебір жұмбақ іздердей өзгеше өрнек салып түсіп жатты.
Мына бір дүние өткен күн,

Кейінгі қуып жеткен күн.

Қара бура қартайып,

Жар басына шөккен күн.
Сексенге кеткен шағымда,

Жабысты мына жаманат,

Зарымды айтқан бұл әнді,

Қалдырдым саған аманат.
Сонау бір жылдары кең жайлаудың төсінде, Сасық көлінің жағасында: “Ыбырай жынданды”, – деп елді шулатып шығарған ардақты ақынның әні Қиыр Шығыстың бораны ұйытқып, аязы ақырған тайгасындағы саяси қылмыстылар паналаған барағында өзегіне өксік салып осылай өрілді. Бірақ, алыста жатқан жұртына Үкілі Ыбырайдың әйгілі “Қалдырған” әнінің осы жетінші нұсқасы жетпеді. Жазықсыз жер аударылған ақынның өзі 76-ға қараған шағында жат жұртта, туған елінен жырақта көз жұмды.


1 ПІКІР

  1. Қазақтың белгілі сазгері, алдына қара салмаған ақиық ақыны, аспандағы аққуға үнін қосқан дүлдүл әншісі Үкілі Ыбырай Сандыбайұлын көрген, өз ауызынан әнін естіп, өміріне әбден қанық болған жерлесіміз, ақын Ғалым Малдыбаев бір естеліктерінде “Қалдырған” деген сөздің мағынасы барлық ән-жырымды кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырдым дегенді білдіреді”, – деген Ыбекеңнің бірауыз сөзін келтіреді.
    Шынында да,
    “Алпысқа келдім жамағат,
    Көрмедім ешбір жаманат,
    “Қалдырғанды” тапсырдым,
    Сұраған саған аманат”, –
    деп, әрқашан жанынан табылатын шәкірті, жанын қияр бауыры Сұраған әншіні атап, аманаттап тапсырса да, кейінгі күллі ұрпаққа тіл қатып тұрғанын байқауға болады. Кейде сахнада тұрып, халық өзі ерекше ықыласпен қабылдайтын осы бір әнді аяқтар кезде Сұраған емес, “Сарыарқа саған аманат”, деп ауыз толтырып айтқың келеді. Айтып та жүрмін. Себебі, Сарыарқа айрандай ұйыған қазақтың ежелден құтмекені, төсінде малымыз жайылып, көгінде әніміз әуелеген – әнмекен. Ал “Қалдырған” – осынау ұлы даланың еркесі, халқының қалаулысы Ыбырай Сандыбайұлының сырға толы үлкен туындысы. Ақанның “Шырмауығы”, Біржанның “Теміртасы” сияқты өмірі мен шығармашылығының тоқ етер түйіні іспетті Ыбырай да осы бір соңғы әнінде сал-серілік дәстүрді сақтап, халық жадынан еш кетпестей әдемі түйіп, оны келешек ұрпаққа аманаттап кетті. Ал сіз бен біздікі аманатқа қиянат қылмаудың қамы болғаны абзал. Расында да, “Қалдырған” – Ыбырай бабамыздың соңғы әні. Алпысты алқымдаған Ыбекеңнің күмбір көкірегін жарып шыққан бұл әнді Сұраған әнші тілеулес дос-жаранға құйқылжытып орындап жеткізгеннен кейін ауылдың сыйлы ақсақалы Шалабай қария Ыбекеңді іздеп келіп: “Уа, Ыбырай, мынауың ерте қоштасу ғой” дегенде, ол: “Жоқ, осы қоштасу дәл кезіндегі қоштасу болды”, – деген екен. Алайда, бұдан кейін 10 жылдан артық уақыт өмір сүріп, 70-тен асып дүниеден өткен Ыбекең бірде-бір ән шығармағанын кейінгі шәкірттері де, өнер зерттеушілері де жазған болатын.
    Қызығың дүние өткен күн,
    Кейінгі қуып жеткен күн,
    Байланбаған асаудай
    Сырт айналып тепкен күн.
    Берейін жастар батамды,
    Сендерге тізгін көшкен күн,
    Кәрілер бесік тербетіп,
    Жастар гүл-гүл өскен күн.
    Кейінгіге өсиет әрі үміт артып, жастықтың сан алуан қызықтарының артта қаларын, тек елестей болып, есіңді шығарарын баяндаған осынау тәлімі мен тағылымы мол шығарманың қалай дүниеге келгені жайында көптеген зерттеушілер естеліктерінде, зерттеулерінде келтіреді. Атап айтсақ, Молдахмет Тырбиев, Ғалым Малдыбаев, Молдахмет Ержанов, Ілия Жақанов, Сәркен Құлмағамбетов, Кәкімбек Салықов. Әннің шығуына қатысты ел ауызында әдемі өріліп, аңыздай тараған әсерлі әңгімелер өте көп. Жалпы, Ыбекең кез келген ән туар алдында ұйықтап жатып түс көреді екен. Түсінде аққулар қонған айдын көлдің арғы бетінен сұлу келіншек күле қарап, теңселе басып қарсы жүрсе, сол күні дүниеге жаңа ән келеді. Міне, “Қалдырған” да осындай беймаза түннен кейін атқан күнмен жарыса туып, Ыбекеңнің ән-жырдан сарай салған қайран кеудесін жарып шықса керек.
    Біржан ЕСЖАНОВ,
    дәстүрлі әнші, өнер колледжінің оқытушысы.

    Қарт жүректі елжіреткен «Қалдырған» әнінің қалай туғанын айтайын. Осы әндегі Сұраған деген кісі қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Келлер ауданы, Талап деген жердің тұрғыны. Үкілі Ыбырай бір тойда өзінің әнін сол Сұрағанның орындауында естіп, қатты риза болған.Содан соңғы шумақты «Сұраған саған аманат» деп,яғни осы әнді келешек ұрпаққа жеткізуші сен деген екен. Міне, сол Сұраған сияқты әншілердің арқасында «Қалдырған» әні бүгінгі ұрпаққа жетті. Ал бүгінгі оны ұрпаққа жеткізеді деген ойдамыз. Ал қазіргі кезде «Сұраған жанға аманат» деп бұрмалап жүр, бұл дұрыс емес

ПІКІР ҚАЛДЫРУ