Ыбырай Алтынсарин – көрнекті ағартушы (сабақ жоспары)

0
4421

Сабақтың мақсаты:
– Ыбырай Алтынсариннің ағарту саласына қосқан үлесін бағалау.

Зерттеу сұрағы:
Ыбырай Алтынсариннің халық ағарту саласындағы жаңашылдығы неден байқалады?

Оқулық
Ыбырай Алтынсарин – көрнекті ағартушы. 192–194 беттер.

Тірек сөздер: ағартушы, демократ, мұғалім, мектеп, ұстаз.

Ресурстар
1. Ыбырай Алтынсарин. Таңдамалы шағармалар. Алматы: Ғылым, 1994.
2. Сүйінішәлиев Х. ХІХ ғасыр әдебиеті. Хрестоматия. Алматы: Ана тілі,
1992.
3. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. –
Алматы: Атамұра, 2002. 768 б.

Көрнекілік
Фотослайд, Ыбырай Алтынсариннің шығармалар жинағының, еңбектерінің мұқабасы түсірілген суреттер.

Мақсатты айқындау
Ыбырай Алтынсариннің “өнегелі өмір” жолдары мен ағартушылық, шығармашылық жолдарымен, еңбектерімен, қоғам дамуында атқарған істерімен, Қазақстан тарихында алатын орнын жас ұрпаққа түсіндіру.

Оқушыларға Ыбырай Алтынсариннің орыс-қазақ мектептеріне арнап жазған “Қазақ хрестоматиясы”, “Қазақтарға орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық” атты оқулықтарымен таныстырып, оқулықтарға орыс жазушыларының балаларға арналған шағын шығармаларымен қоса, өзінің жазған өлең, әңгімелері, еңбектерінің тәрбиелік маңызын, оның орыс-қазақ мектептері мұғалімдеріне оқулық, көмекші құрал ретінде орыс педагогтары мен жазушыларының еңбектері мен оқулықтарын аударып ұсынудағы тәжірибесін айтып жеткізу.

Дамытушылық маңызы. Ыбырай Алтынсариннің ұстаздық қызметі, ұстаздық, ағартушылық қызметін таныстыру арқылы оқушылардың оны “Ұлттық тұлға” ретінде тануына қол жеткізу. Ыбырай Алтынсариннің еңбектерін оқушыларға таныстыру, оқыту арқылы оқушылардың санасын, көзқарасын “ұлттық идеология” тұрғысынан қалыптастыру.

Тәрбиелік маңызы. Ыбырай Алтынсариннің ұстаздық қызметі арқылы оқушыларды ұстазды құрмет тұтуға, еңбектерін оқыту арқылы үлкенді сыйлауға, жамандық пен жақсылықты, сараңдық пен жомарттықты, шындық пен жалғандықты ажырата білуге, ой-санасын қалыптастыра білуге, өзін-өзі тәрбиелей білуге, өзін-өзі тани білуіне тәрбиелеу.

Сабақтың деректік материалдары
“Аш қасқырдың қойға ұмтылғаны сияқты, мен балаларды оқытуға қызу кірістім және мені өте қанағаттандыратыны – бұл балалар әлдеқандай үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды және тіпті жазуды үйреніп алды…

Қысқасы, бұл жастар 4 жылдық курсты бітіргеннен кейін тәп-тәуір сөйлейтін және жаза алатын болады. Кейіннен парақор болмауы үшін олардың адамгершілігіне де ықпал жасауға бар күшіммен тырысамын” (Ыбырай Алтынсарин, 1864 жыл 16 наурыз).

Сабақ түрі мен әдісі
Тұлғатану, дөңгелек үстел (мұғалім–модератор, оқушылар–атысушылар). Дискурс, ақпараттылық, ғылымилылық.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Сабақты өту барысында басты назарда ұсталатын мәселелер:

1. Ыбырай Алтынсариннің еңбек жолы.
2. Ыбырай Алтынсариннің “Қазақ хрестоматиясы” оқулығы.
3. Ыбырай Алтынсариннің балаларға арнап жазған еңбектері.
4. Ыбырай Алтынсарин ашқан оқу орындары.

Тақырыпты жүргізуде сабаққа ардагер ұстаздың бірін, Қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімін шақыруға болады. Бұл сабақта да кітапхана мен кітап қорынан көрмесін ұйымдастыру керек. Оған Ыбырай Алтынсариннің шығармаларынан бөлек, Ыбырай Алтынсарин туралы жазылған еңбектерді де қоюға болады.

Газет, журнал мақалаларын да қамту керек. Мектеп кітапханашысы да сабаққа қатысып, 3 минут уақытқа өз пікірін айтып, кітап қорымен қысқаша таныстырып өту керек.

Бағалау мүмкіндігі
Оқушы білімін бағалауға ұсынылатын сұрақтар:

1. Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған қандай шығармалары бар?
2. Ыбырай Алтынсариннің қандай өлеңін жатқа білесіңдер?
3. Ыбырай Алтынсарин ұстаздарға арнап қандай еңбектер жазған?

Қосымша тапсырма
Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған шығармаларын оқып, өз пікірлеріңді айтыңдар.

Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерінің бірін жатқа айту.

Білімін шыңдауға берілген тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
1. Ыбырай Алтынсариннің еңбектерін анықта:

А) «Қазақ хрестоматиясы»;
В) «Маңғыстау сапарлары»;
С) «Қазақстарға орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық»;
Д) «Тарихи жазбалар»;
Е) «Қыпшақ Сейітқұл»;
F)«Қырғыз өлкесі»;
G) «Орынбор тарихы»;
H) «Дала өркениеті».

Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
2. Ыбырай Алтынсарин ұсынған орыс педагогтерінің еңбектерін көрсетіңіз:

А) «Қазақ хрестоматиясы»;
В) «Балалар әлемі»;
С) «Қазақстарға орыс тілін үйретуге алғашқы басшылық»;
Д) «Әліпби және мектеп пен үйде оқуға арналған кітабы»;
Е) «Қыпшақ Сейітқұл»;
F) «Арифметика»;
G) «Орынбор тарихы»;
H) «Дала өркениеті».

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:

  1. Шоқан Уәлиханов — дарынды ғалым (сабақ жоспары)
  2. ХІХ ғасырдағы қазақтың күй өнері (сабақ жоспары)
  3. «Зар заман» әдебиет ағымы өкілдерінің саяси көзқарастары (сабақ жоспары)
  4. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті (сабақ жоспары)
  5. ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақтардың ортаазиялық хандықтармен қарым-қатынастары (сабақ жоспары)
  6. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ