Шоқан Уәлиханов — дарынды ғалым (сабақ жоспары)

0
4491

Сабақтың мақсаты:
– Шоқан Уәлихановтың ғылыми зерттеулерінің тарихи құндылығын анықтау.

Зерттеу сұрағы
Неге С.Мұқанов Шоқан Уәлихановқа арналған шығармасын “Аққан жұлдыз” деп атады?

Оқулық
Шоқан Уәлиханов – дарынды ғалым. 188–191 беттер.

Тірек сөздер: кадет корпусы, зерттеуші, шығыстану, саяхатшы, экспедиция.

Ресурстар
Шоқан Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 1-том. Алматы: Қазақ Совет
энциклопедиясының бас редакциясы, 1985.
Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. –
Алматы: Атамұра, 2002. 768 б.

Көрнекілік
Фотослайд, Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағы, Шоқан Уәлиханов туралы көркемфильмдер дискісі, Шоқан Уәлихановтың “Алтын емелдегі” мемориалдық мұражай сайтына интерактивті тақтаға ғаламтор желісі арқылы қосылу, мұражай сайты электронды көрнекілікті қамтамасыз етеді.

Мақсатты айқындау
Қазақтың тұңғыш ғалымы, тарихшы, публицист, лингвист, өнер зерттеуші, дін зерттеуші, археолог, этнограф, саяхатшы, демократ-ағартушы Шоқан Уәлихановтың өмір жолы мен шығармашылығын, ғылыми мұраларын оқушылардың санасына сіңіру. Шоқан Уәлихановтың 12 жасына дейін Құсмұрындағы жеке мектептен білім алып, діни сауат ашып, шығыс поэзиясын оқумен, сурет салумен шұғылданғанын, шығыс поэзиясына деген ерекше сүйіспеншілігі осы мектеп қабырғасынан қалыптасқанын, әсіресе араб өлеңдерін сүйіп оқығанын  айта отырып, оның білім мен ғылым жолындағы ізденісінің Кадет корпусында,  одан әскери қызметті қоса атқарып жүріп жалғастырғанын жеткізу.

Шоқан Уәлихановтың ерекше зеректік қабілеті оның тез есеюіне, жан-жақты болуына әсер еткенін, ұстаздарының оның зерттеуші-шығыстанушы болатынына
күмән келтірмегенін оқушыларға жеткізу.

Дамытушылық маңызы. Шоқан Уәлихановтың Кадет корпусындағы
ғылыми-ізденіс шығаршылығының дамуын қамту: географ, Орта Азияны зерттеуге ерекше құмартқан белгілі ғалым Г.Н.Потанинмен ғылымизерттеушілік көзқарастары бір арнаға тоғысып жатқан достар болуы;

-Омбыда жүріп Шоқан тарихи-географиялық, философиялық, шығыстану туралы әдебиеттерден өзі не жеке кітапхана жинауы;

-Омбыда оқып жүріп орыс зиялыларымен, зерттеушілерімен танысып, пікір алмасуы оның ғылымизерттеушілік құштарлығының артуына көп әсер етуі;

-Шоқанның өз ойын асқан шеберлікпен тартымды жеткізе білуі; Шоқанның орыс жазушысы Ф.М. Достоевскиймен және оның досы, патша самодержавиесіне қарсы күрескен революционер-демократ С.Ф.Дуровпен кездесуі рухани дамуына ерекше
әсер еткенін, олармен үзбей байланыста болуы;

-Шоқанның әскери қызмет пен ғылыми ізденістерін қатар алып жүруі; рухани достары А.Н.Майков, В.С.Курочкин, К.К.Гутковский, П.П.Семенов-Тян-Шанский, А.Н.Бекетов, Е.П.Ковалевский, В.В.Григорьев, В.П.Васильев, В.В.Вельяминов-Зернов, А.Н.Майков, Я.П.Полонский, Василий мен Николай Курочкиндермен байланысы;

-Шоқан Уәлихановтың “Ыстықкөл”, “Қашқар” экспедицияларының бағыттары;

-ғылыми еңбектері т.б. мәселелерді белгіленген кесімді уақытта қамтуды жүзеге асыру.

Тәрбиелік маңызы. Шоқан Уәлихановтың өнегелі өмір жолы мен еңбектері арқылы оқушыларды патриоттыққа, төзімділікке, қажырлылыққа, еңбекқорлыққа, ізденімпаздыққа, білімпаздыққа баулу. Шоқан Уәлихановты “ұлттық тұлға” ретінде таныту.

Сабақ түрі мен әдісі
Тұлғатану. Дөңгелек үстел (мұғалім–модератор, оқушылар–қатысушылар). Дискурс, ақпараттылық, ғылымилылық.

Сабақтың деректік материалдары
Шоқан Уәлиханов туралы замандастарының естеліктері
Н.И.Веселовский. Аққан жұлдыз

Қырғыз хандарының ұрпағы және орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өтті. Орыс шығыстанушылары оны бір ауыздан ерекше құбылыс деп мойындап, болашақта түркі халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашады деп үміттенген еді, бірақ Шоқанның мезгілсіз дүние салуы бізді бұл үміттен айырып отыр.

Ол 30-ға да толмастан өкпе ауруынан қайтыс болды. Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт Уәлихановтың айрықша қабілетті екенін байқап, оның ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасады және ғылым әлеміне тамаша нәтиже әкелген Қашғар сапарына баруына жәрдемдесті. Уәлиханов Қашғардан оралған кезде Гасфорт сапардың есебін реттеуге өзі қатысып, кейіннен Уәлихановқа Петерборға барып келуіне жағдай жасады.

Қашғар сапары туралы жазбалар осы тамаша адамның негізгі айтулы еңбегін құрайды; қалған мақалаларының басым көпшілігі толық аяқталмаған немесе кіріспе күйінде қалған және бұл мақалалардың дені қолжазба емес, өзгелердің көшірмесі ретінде сақталған. Қолжазбаны көшіруші өз тапсырмасын мүлтіксіз орындады деуге келмейді, Уәлихановтың жазуы өте түсініксіз болғандықтан, қайталап көшірген. Сол бос қалған жерлер көп немесе сөздердің мағынасы бұрмаланған, ал автор неге екені белгісіз, түзетулер жасамаған.

Дегенмен де Уәлихановтың барлық ізденістерінің маңызы соншалық, Орыс географиялық зерттеу қоғамы 1867 жылдың 24 сәуірі күнгі мәжілісінде .Ш.Уәлихановтың соңында қалған барлық мұраларын басып шығаруды ұйғарды. Бұл шешім сол кезде жүзеге аспай, Уәлихановтың өңделуге тиіс біраз мақалалары әркімнің қолында кетті. Мәселен, В.В. Григорьевтің қағаздарының арасынан, мен Шоқанның екі дәптерін таптым, біреуі–Едіге туралы қырғыз аңызы, екіншісі–оның ықшамдалған орысша аудармасы.

1887 жылы Г.Н. Потанин Уәлиханов шығармаларын басып шығару туралы мәселені қайта көтерді және дала генерал-губернаторы Г.А. Колпаковский баспаға қажетті қаржы жайын қарастыруға келісім берді. Бірақ Колпаковский көп кешікпей Петерборға қызметке ауысып, бұл мәселе тағы тоқтап қалды.

Сол кезде Г.Н. Потанин менен Уәлихановтың жарық көруге тиіс жинағына редакция жасауымды және баспагер табуымды өтінді. Өз жұмысым қиын болса да, бұл істің жеңіл еместігіне қарамастан, Шоқан Уәлиханов аруағының ризалығы үшін және шығыстануға үлес болсын деп бас тартпай, оның жазбаларын қарап шығуға келістім. Бұл жұмыс мен ойлағаннан да күрделі болып шықты.

Өкінішке қарай, Г.Н. Потанин маған түпнұсқамен салыстырылмаған көшірмені беріпті, ал олардың біразының түпнұсқасын табу мүмкін болмады.

Кейіннен, Потанин мырза арқылы Уәлихановтың бастапқы жазбаларын алдым. Оны К.К. Гутковскийдің қызы К.К. Гутковскаядан алдым. Менің өтінішім бойынша Г.Н. Потанин мен Н.М. Ядринцев Шоқан Уәлиханов туралы естелік жазды. Сондай-ақ, менің қолыма оның отандасы, Түркістан өлкесінде қызмет еткен және 1891 жылы Ресей консулы қызметінде жүріп Джидда қаласында тырысқақ ауруынан дүние салған И.И. Ибрагимовтың естелігі түсті.

Уәлихановты жақсы білетін С.Я. Капустин бұл басылымнан бөлек, оның толық өмірбаянын жазып шықпақ ойы болған, бірақ онда Уәлиханов туралы еш мағлұмат айтылмаған, кіріспе сөзбен ғана шектеліпті.

Орыс географиялық қоғамының кеңесі, менің мәлімдемемнен кейін Уәлихановтың шығармалар жинағын басуға қажет қаражатты бөлуге шешім қабылдады, солайша мен баспа ісіне кірістім. Бірақ мені өте қынжылтқан жағдай: Уәлихановтың негізгі жұмысы “1858-1859 жылдардағы Алтышар немесе Қытай провинциясы Нан-Лудың (Кіші Бұхар) алты шығыстық қаласының жағдайы туралы” деп аталатын мақаласының түпнұсқасын ала алмадым, бұл мақала қоғамның “Жазбаларында” ұқыпсыз редакцияланған,
өте көп қате кеткен.

Тек мақаланы теру кезінде мен Уәлихановтың Сыртқы істер министрлігі мұрағатында сақталған есебімен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Есеп көшірмеші қолымен жазылған, кей жерлеріне Уәлиханов өзі түзету енгізген.

Бұл мәтіннің осы томдағы барлық күмәнді тұстарын мен бөлек орналастырдым (398-403 бб.), қалған қосымшалар өзгеріссіз берілді. Бұл ғасырдағы Шығыс Түркістан туралы біздің мағлұматтарымыз негізінен ол жаққа барып келген сібірлік көпестер арқылы жиналды. Осы саладағы ең тамаша еңбек біздің казак корпусында қызмет еткен қырғыз сұлтаны Уәлихановтың еңбегі болып табылады.

50-жылдардың басында ол Шығыс Түркістанға саудагер ретінде барып біраз қолжазба жинады. Ол Шығыс Түркістан болып саналатын Жоңғария мен Алтышардың (Алты қала) сипаттамасын жасады. Бұл еңбек 1861 жылы жарық көрген “Географиялық қоғам жазбаларында” жарияланған.

А.Н. Пыпин. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов туралы

Шоқан Уәлихановтың өмірбаяны өте қызықты құбылыс–азиялық және еуропалық қасиеттердің қосындысы. …Ол кезінде өз әкесі білім алған,қырқыншы жылдары казак әскери училищесінен кадет корпусы болып өзгертілген Омбы кадет корпусында оқыды. Шоқан бір ауыз орысша білмей корпусқа түсіп, 1853 жылы офицер болып шықты (өз қатарластарынан бір жыл ерте бітірді, себебі басқа ұлт өкілі болғандықтан арнаулы әскери ғылымдарды тыңдауға құқы болмады).

Ол сол кездегі Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфортқа адъютант болып тағайындалды. Шоқанның дамуына ең алдымен оның өз табиғи дарыны себеп  болса, екінші жағынан Омбы қоғамының біраз білімді адамдарының оған өзге ұлт өкілі ретінде ықыласы әсер етті. Гутковскийлер, Капустиндер, марқұм С.Я. Капустин оның ең жақын достары болды.

Гутковский губернатордың жолдасы, Сібір қазақтары облысының меңгерушісі болған кезде, Шоқанмен арасы жақындай түсіп, оған қырғыздарды басқару туралы жазба дайындауды тапсырды.

Сол жылдары Батыс Сібір өлкесін аралаған П.П. Семенов Шоқанға қызығушылық танытып, оны ерекше тұлға деп таныды, оның білімділігіне және Түркістан туралы әдебиеттерді көп оқығанына таңғалды. Уәлиханов қазанамасында айтылғандай (П.П. Семеновтың мәліметтеріне сүйене жазылған), 1858 жылы (Шығыс Түркістандағы үзіліссіз толқулар мен көтерілістер себебінен Батыс Сібір басшылығы) “Қашқар жағдайы туралы жергілікті жерден нанымды мағлұматтар алу үшін және бұл өзі әбден қолдан келетін, мүмкіндігінше жан-жақты зерттеп, біліп келетін, Орталық Азияның
осы бөліктеріндегі сауда жолдарын зерттеу үшін сенімді адамды аттандыру
қажет болды.

Тапсырма өте қауіпті болды, оны орындайтын адам батыл шешімді, көреген, байқағыш, сонымен қоса татар тілі мен шығыстық салтдәстүрді білуі керек болды, себебі азиялық киіммен жүру керек еді”. Бұл шарттарға Уәлихановтан артық сай келетін адам табу қиын еді. 1858 жылдың маусымында ол семейлік бай сарт көпестің керуенімен ертеректе Қашқарда өмір сүріп, кейіннен Ресейге қоныс аударған отбасынан шыққан жас сарт саудагер ретінде Әлім деген атпен аттанды.

Уәлиханов шашын тақырлап алғызып, азиялықша киініп, Семейден керуенмен шықты. Керуен Қашғарға аман-сау жетті, ал 1859 жылдың көктемінде қазіргі Верный қаласына оралды.

Қазанамадан: “Бұл саяхат географиялық ерлік болды. Марко Поло заманынан бері осы қалада өлтірілген бақытсыз Адольф Шлагинтвейтті айтпағанда, Қашқарға бірде-бір еуропалық кіре алған жоқ”–деп оқимыз. Шоқанды өзі атын алған Әлімнің туыстары қарсы алып, оған қуанып, оның оралу құрметіне той жасалып, сұлу қалыңдық тауып (жергілікті салт бойынша қалада тұрған кезде) Шоқанды үйлендірді.

Қашқар өлкесі бұл кезеңде енді ғана төңкерісті бастан өткерген болатын, оны жасаған көтерілісші Якуб бек еді, сондықтан өрттің жалыны әлі басыла қоймаған. Уәлиханов Қашқар алаңынан адамның бас сүйегінен тұрғызылған пирамиданы көрді, тұрғындар солардың арасында Шлагинтвейттің да басы бар десті. Қашқардағы билік басындағылар Әлім атын жамылған орыс офицері жасырынып жүр деген хабар алды, бірақ ол тым кеш жетті: керуен Ресейге оралып үлгерген еді.

Қашқардан қуғыншылар жіберіліп, алайда олар керуенді қуып жете алмады, ол орыс шекарасынан өтіп кетті. Шамасы кадет корпусының тас қабырғасындағы өмірден бастап Шоқанның денсаулығына зиян келген болар. Оны әр жаз сайын туған жеріне жіберіп тұрғанымен, бірақ бұл сапарлардан жинаған күш-қуат қыс бойы жоғалтқан
денсаулығын қалпына келтіре алмады.

Қашқар сапары аяқталғаннан кейін оны Петерборға шақырды, бірақ астананың ауа райы мен өмірі оның денсаулығын одан әрі төмендетті: одан өкпе ауруының белгісі табылып, дәрігерлер келесі жылы туған даласына қайтуға кеңес берді. Бұдан кейін ол
қырда өмір сүрді (Көкшетау округінде), қыста Омбыға барып тұрды.

Генерал Черняев Ташкентке алғашқы экспедиция шығарған кезде, Уәлиханов бұл сапарға шақырылды, бірақ әскери жорықтарға төзбей және генерал Черняевпен іс жүргізу барысында келіспеушіліктер туып Верныйға оралды.

Оның дерті меңдеп, 1864 жылы 31 жасында дүние салды. Уәлихановтың баспа бетінде жарық көрген жазбалары санаулы ғана, олар Географиялық қоғамның басылымдарында жарияланды: “Жоңғария очерктері” (”Жазбалар”, 1861 ж., I II кітап), “1858-1859 жылдардағы Алтышар немесе Қытай провинциясы Нан-Лудың (Кіші Бұхара) алты шығыстық қаласының жағдайы туралы” (сонда, ІІІ кітап), 1868 жылғы “Географиялық қоғам хабаршысында” (ІV т. 2 бөлім) Уәлихановтың Қашқарға сапары туралы хабарландыру басылған.

Бірақ Уәлиханов жинаған мағлұматтардың бәрі басылған жоқ. Оның қолжазбалары із-түссіз жоғалып кетті. “Орта Азия тарихы, этнографиясы және географиясы жайлы материал жинау үшін Уәлиханов ешнәрседен аянбады, – делінген қазанамада, – өз халқының аңыз, әңгіме, поэма, қисса-дастандарын мұқият жазып алды, өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, ескі жәдігерлерді сатып алып, көне қолжазбаларды жинады… Уәлиханов өз еліне терең адалдығын сақтады, ол қазақ өмірін сүйді, сонымен бірге батыс өркениетін бағалай алды, өз халқының болашағын тек Ресей қанатының астынан көрді”.

Уәлихановты жақсы білетін адамдар оның ақыл-ойының келістігі және бағытбағдары жағынан орыс батысшылы болғандығын айтады: Ол Ресейді шын жақсы көрді, оның кемшіліктерін көре білді, жақсы адамдармен бірге оның жаңаруын шын жүректен тіледі. Шоқан алпысыншы жылдардағы қозғалысқа қызығушылық танытты. Діни тұрғыдан алғанда ол еркін ойшыл болды, бірақ өз халқымен байланысын үзбес үшін мұсылман болып қалды.

П.И. Небольсин. “Ш. Уәлиханов Петерборда”

Көп ұлысты Петерборда, бізде жарияланған діни-сенім бостандығының көрінісіндей басқа сенімдегі бірнеше шіркеу орын тепкен Невский даңғылы бар, Петерборда қырғыздар сирек; мұнда олар бар-жоғы бес адам ғана болар.

Олар жалпы еуропалық әскери киім киіп жүреді және біреуінен басқасының назар аударатындай ешбір ерекшелігі жоқ. Бұл біреу – әлі өте жас атты әскер офицері, шамасы, шені бойынша штаб-капитан, Әулие Владимир орденінің иегері, шығу тегі бойынша сұлтан, аты Шоқан, әкесінің аты Шыңғыс, фамилиясы Уәлиханов (атасы хан Уәли, тегі – сұлтан).

Уәлиханов Сібір қазақтарына жатады, ол Қашқарға саяхат жасап, осы қыста Географиялық қоғамның бір мәжілісінде жеке эрудиция мен шынайы ізгіліктерге толы баяндама жасады.

И.В. Мушкетов. “Шоқан Уәлиханов және оның геологиялық коллекциясы”

1858 және 1859 жылдары Шоқан Уәлиханов көпес ретінде сауда керуеніне еріп алғаш рет Верный қаласы мен Ыстықкөлден Зәукі асуы арқылы ТяньШаньның барлық жоталарын кесіп өтіп, Шатыркөл көлінен асып Қашқарға барды.

Уәлиханов мырза өз саяхатының барлық нәтижелерін жариялапүлгермеді; ол тек маңызды ғылыми мәні бар, автордың сирек кездесетін байқампаздығы мен мол білімін танытатын бірнеше мақалаларын жарыққа шығарды; …Ол жергілікті халықтардың тілін жақсы білді, сондықтан жергілікті халықтардан әртүрлі және толық мағлұматтарды одан артық ешкім жинай алмайтын еді, егер де ол Қашқардан қайтып келген соң көп ұзамай қайтыс болмағанда оның еңбектерінің нәтижелері тіпті жемісті болар еді.

Оның бірнеше мақалалары бар, ең соңғысын ол қайтыс болғаннан кейін 10 жылдай уақыт өткен соң П.П. Семенов жариялады. Олардың алғашқылары география саласында емес, тарих жайлы, сондықтан маңызды болғанымен де біз оларға тоқталмаймыз, тек атап өтерлігі, Зәукі немесе Жәукі арқылы Тянь-Шань асуларынан көлденеңнен кесіп өтіп, Семенов жолын жалғастыра келе, ол “жолда кездескен тау жыныстарының коллекциясын жасап, сондайақ Яркент маңындағы Мирджай тауларында және Қарақас өзенінде алынатын нефрит бөліктерінің, болорлық яшманың, мәрмарды, хрусталды, Керия өзенінің құмды алтынын жинады”.

Өкінішке қарай, бұл сирек кездесетін коллекция сарапталмай жатып жоғалып кетті, қалай болса да, мен қанша іздесем де, оны таппадым. Алтышарды сипаттағанда Уәлиханов мырза әртүрлі минералды заттардың бар екенін қысқаша айтып өтеді, олар аз зерттелгенімен, Керия ауылында алтынның көп мөлшерде жуылып алынатыны соншалық, тұрғындар салықты (Қытайға) осы металмен төлеп, оны жеке адамдарға сата алады.

Хотаннан сарайға жыл сайын 80 ланға дейін алтын жөнелтіледі. Бірақ алтынның көп мөлшері лазурит, феруза, лағылмен бірге Памир, Қаратегін және Болорда өндіріледі.

П.П. Семенов Тянь-Шаньский, А.А. Достоевский. “Ш.Ш. Уәлихановтың
Қашқарға жасаған саяхатының маңызы жайлы”.

Тянь-Шаньның бізге таяу орналасқан бөліктерін зерттеуге жол ашылды. 1858 жылдың өзінде орыс офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов …Зәукі асуы арқылы Ташкентке өтіп, ол жақтан көптеген қызықты ғылыми этнографиялық және статистикалық мағлұматтар жинап келді. Петерборға келген соң П.П. Семеновтың жетекшілігімен оларды өңдеуге кіріскен еді, бірақ сырқат жәнемезгілсіз ажал оның қызықты ғылыми жұмыстарын тоқтатып тастады.

…Ол Омбы кадет корпусында тәрбиеленді және офицер болғаннан соң ерекше дарынымен П.П. Семеновтың назарын аударды. Олар 1856-1857 жылы Сібірде
танысты. П.П. Семенов генерал-губернатор Г.Х. Гасфортқа Қашқарға өз ұлттық қырғыз киімімен сапар шегіп, ерекше дарыны арқасында Ресей үшін өте қажет Қашқар ғана емес, тұтас Алтышар туралы мәліметтерді жинап, орыс шекараларын мазасыздандырған Шығыс Түркістанда болып жатқан төңкерістің себебін түсіндіре алатын жалғыз сауатты офицер Ш.Ш. Уәлиханов екені жайлы кеңес берді.

Мұндай қажетті мәліметтердің бағдарламасын П.П. Семеновпен бірге қырғыз даласын жетік білетін полковник К.К. Гутковский құрды. Сібір әскери округының қолбасшысы Г.Х. Гасфорт Шоқан Уәлихановты сәті түскен кезде Қашқарға жолсапарға аттандырып, ол (керуенбасының туысы ретінде) Зәукі асуы арқылы 1858 жылы көпес керуеніне ілесіп, аманесен жетті.

Ол жерде Шоқан Уәлиханов жалпы Алтышар туралы аса құнды мәліметтерді жинап үлгерді және алғаш рет Адольф Шлагинтвейттің қазасының себептері мен құпиясын аша алды. Шлагинтвейт Қашғарға келген кезінде, сорына қарай, Шығыс Түркістанның қожайыны болып халық көтерілісін ұйымдастырған, қанышер қожа Уәлихан төре таққа отырады. Қытай әскерлерінің қысымында қалған қашқарлықтар ференгтің (шетелдік) келгеніне қуанып, ол (Шлагинтвейт) қорғанысқа кеңес бере алады деп ойлап оны Уәлихан қожаға әкеледі.

Әрдайым ашулы және қан төкпей отыра алмайтын ол сол сәтте өкінішке орай,апиын ішіп еліріп отырады. Қожа Шлагинтвейттен құжаттарын көрсетуді талап етеді, ол құжаттарын тек Қоқан ханына көрсете алатынын және олар Бомбейден соған арналғанын айтқанда, ыза болған қожа ашуға булығып, жатжерлікті бірден өлім жазасына бұйырады. Жаза қаланың шетінде орындалады, Шлагинтвейтті жендеттер мешіт орналасқан жаңа алаң арқылы алып өтеді.

Оқиға куәгерлері, Шоқан Уәлиханов жергілікті дәстүр бойынша әйелдікке алған Қашғар қызы да шетелдіктің бойы ұзын, жергілікті киім киген, бірақ жалаң бас, шашы ұзын болғанын айтады. Адольф Шлагинтвейттің шабылған басы Уәлихан төренің бұйрығымен жазаланғандардың бас сүйегінен орнатылған пирамиданың ең төбесіне қойылған.

Бұл оқиға 1857 жылдың тамыз айында болған. Арада көп уақыт өтпей жергілікті халық пен әскер Уәлихан қожаның қанышер қылықтарын көтере алмайтынын түсінеді… Сөйтіп, Уәлихан төре Қоқанға қашты, ал қытайлықтар көтеріліс жасаған халықты
қайтадан билеп-төстеп, көп адамды жазалап, қаталдық танытты.

Қашғарда 5 айдай болған Шоқан Уәлиханов 1859 жылы сәуірде қызықты мәліметтермен кері қайтып, 1860 жылы Петерборға келді. Ол жерде Географиялық қоғамның мүшелігіне алынып, П.П. Семеновтың жетекшілігімен Қырғыз даласы туралы жинаған мол географиялық, этнографиялық және тарихи материалдарын
өңдеуге кірісті.

Бұған қоса Петербор университетінен дәріс тыңдау арқылы өз мағлұматтарын толықтыруға тырысты. Француз және неміс тілдерін меңгерген Уәлиханов Орталық Азияға қатысты нәрсенің бәрінде тамаша қабілеттілік танытты. Уәлихановтың “Жоңғария очерктері”, “Алтышардың жағдайы” атты тамаша мақалалары 1861 жылы жарық көрген “Императорлық орыс географиялық қоғамының жазбалары” жинағында жарияланды.

Өкінішке орай, Уәлихановтың әлсіз денсаулығы Петербор ауа райын көтермеді; …1865
жылы өкпе дертінен дүние салды. Оның Қашқар сапарының соңғы беттерін
1868 жылы Қоғамның “Известиясында” барон Ф.Р. Остен-Сакен басып шығарды.

Шоқан Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 1-том. Алматы, 1985.
Шоқан Уәлихановтың Алтынемелдегі тарихи-мемориалдық мұражайы

Мемориалдық мұражай 1985 жылы, Абылай ханның ұрпағы, қазақтың көрнекті зертеушісі, этнограф, батыл саяхатшы Шоқан Уәлихановтың 150-жылдығына орай ашылған. Мұражай Алматы облысы, Кербұлақ ауданы,Шоқан ауылында орналасқан.

Мұражай экспозициясы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметімен байланысты бірнеше бөлімдерден тұрады.

Осында Шоқанның тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен XIX ғасыр басының саяси-әлеуметтік және мәдени өмірін қайта қалпына келтіретін материалдар;

Омбы кадет корпусында оқу жылдары мен жұмыс қызметінің басы, орыс зиялыларымен танысуын баяндайтын материалдар;

Орталық, Орта Азия, Оңтүстік Сібір мен Қазақстанның тарихы, этнографиясын және георафиясын зерттеуде елеулі із қалдырған Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы; Петербург кезеңі, Ресейдің ғылыми және әдеби топтарымен орнатқан достық және іскерлік байланыстары жайындағы материалдар қойылған, бір бөлімі Шоқан Уәлихановтың әдебиет, суреттер мен кино кейпіне арналған.

Экспозиция Қазақстанның халық суретшісі Қ.Наурызбаев орындаған Ш.Уәлихановтың гранит мүсінінен басталады. Мұражай кіреберісінде тас мүсіндері орнатылған.

Экспозицияда Шоқанның жеке заттары – эполеттері, қаруы, ер тоқымы,ол құрған карталар мен сызбалар, қолжазбалар, саяхат пен экспедициялар барысында жасалған графикалық және көркем суреттері, халық қолданбалы өнерінің топтамалары көрсетілген. Музыкалық аспаптар Ш.Уәлихановтың қазақ аңыздары мен әндеріне деген қызығушылығы мен жылы ықыласын дәлелдейді. Қырғыз, ұйғыр, қытай ұлттық киімдері, зергерлік бұйымдар, Уәлиханов саяхаттары кезінде жинаған минералдар ғалымның зерттеу қызығушылықтарын көрсетеді.

Шоқанның балалық шағы өткен Сырымбеттегі Айғаным әжесінің мекенінің, қабіріндегі жерлеу құрылысының үлгілері, қазіргі әйелдер тіккен және ғалымның атақты саяхаттарының маршрутын қайтадан көрсететін түпнұсқалық гобелен сол кездегі экспонаттарымен жарасады. Экспозицияда Ш.Уәлихановтың көзі тірісінде және қайтыс болғаннан кейін шыққан туындыларының баслымдары көрсетілген.

2013 жылы мемориалдық кешенді қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстар аяқталды, олар екі жылдан астам уақытқа созылды. Мұражай ғимараты толығымен қайта қалпына келтірілген, желілер мен коммуникациялар ауыстырылған, жұмыс барысында сәулетшілер Рүстем Сейдалин, Бек Ыбыраев, Серік Рустамбеков құрған мұражайдың бірегей сыртқы түрі сақталған.

Қайта қалпына келтіру жұмыстары барысында экспозицияның көркем безендірілуінде өзгерістер пайда болды. Ол Мемлекеттік Эрмитаж бен КСРО (Ресей) халықтарының этнография мемлекеттік мұражайы материалдарымен толықтырылған, көптеген жаңа экспонаттар ҚР Орталық мемлекеттік мұражайынан, ҚР Ұлттық кітапханасынан, сонымен қатар Шоқан Уәлиханов ұрпақтарынан сый ретінде алынған. (http://culturemap.kz/kk/object/memorialnyiy-muzeiy-im-ch-valihanova-altyn-mel)

Сабаққа қатысты ескертпелер
Сабақты өту барысында басты назарда ұсталатын мәселелер:

1. Шоқан Уәлихановтың саяхаттарының нәтижелері.
2. Шоқан Уәлихановтың шығармалары мен ғылыми зерттеулері.
3. Шоқан Уәлихановтың Петербургтағы шығармашылық өмірі.
4. Шоқан Уәлиханов салған тарихи суреттер мазмұны.
5. Шоқан Уәлихановтың шығармаларының құндылығы.

Сабақ барысында мұғалім оқушылар назарына мектеп кітапханасынан және өзінің жеке кітап қорынан Шоқан Уәлихановтың шығармаларын алып келіп, сыныпта шағын кітап көрмесін жасайды. Осы кітап көрмесіне кітаптармен бірге Шоқан Уәлихановтың сөздерінен цитаталар жазып, оны А3, А4 көлемдегі қағаздарға қалың бояумен шығарып қою кітап көрмесінің мазмұнын аша түседі. Қалалық өңірде ЖОО-ның профессор-оқытушы құрамынан сабаққа “Шоқантану” бойынша пікір айтуға қонақ шақырса да болады.

Оқушыларға Шоқан Уәлиханов туралы түсірілген көркем фильмдер мен деректі фильмдерді көруді ұсыну керек. Факультатив сабаққа таңдаулы оқушыларға “Шоқантанудан” баяндама, ғылыми жоба қорғауға тақырып беру керек. Факультатив, үйірменің қорытынды отырысында “Шоқан мен оның достарының” арасындағы диалогтан көрініс ұйымдастыруға да болады.

Алтынемел аймағында тұратын мектептер осы тақырыптағы сабақты Шоқан Уәлихановтың мұражайында өтуі керек. Нәтижесінде, осы тақырыпты жүргізу
әдістемесін “әдістемелік журналдарда” (”Қазақ тарихы”, “Мектептегі ғылыми
жұмыс” т.б.) жариялап тәжірибемен бөлісу қажет.

Бағалау мүмкіндігі
Оқушы білімін бағалауға ұсынылатын сұрақтар:

1. Шоқан Уәлихановтың ғылыми экспедицияларының бағыттары.
2. Шоқан Уәлихановтың орыс ғалымдары және ағартушылармен рухани
байланысының нәтижесі неде?

Қосымша тапсырма
Шоқан Уәлиханов туралы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің естеліктерімен танысып, талдау жасаңдар.

Білімін шыңдауға берілген nесттен 3дұрыс жауабын тап!
1. Шоқан Уәлихановтың еңбектерін анықта:

А) «Ыстықкөл сапарының күнделігі»; Е) «Дүнгендер көтерілісі»;
В) «Маңғыстау сапарлары»; F)«Қырғыз өлкесі»;
С) «Манас»; G) «Орынбор тарихы»;
Д) «Тарихи жазбалар»; H) «Дала өркениеті».

Тесттен 3дұрыс жауабын тап!
2. Шоқан Уәлихановтың жақын достарын көрсетіңіз:

А) С.С.Тянь-Шанский; Е) С.С.Гросс;
В) Қоңырқұлжа Құдайменді ұлы; F) В.Михаэлис;
С) Ф.М.Достоевский; G) К.К.Гутковский;
Д) Карелин; H) А.Н.Майков.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:

  1. ХІХ ғасырдағы қазақтың күй өнері (сабақ жоспары)
  2. «Зар заман» әдебиет ағымы өкілдерінің саяси көзқарастары (сабақ жоспары)
  3. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті (сабақ жоспары)
  4. ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақтардың ортаазиялық хандықтармен қарым-қатынастары (сабақ жоспары)
  5. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (сабақ жоспары)
  6. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  7. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  8. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  9. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  10. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ