Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)

0
2404
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты:

— 6.3.1.6 — XIII-XV ғасырлардағы мемлекеттерді білу, картаны қолдану арқылы саяси процестерді түсіндіру;

— 6.1.1.2 — XIII-XV ғасырлардағы мемлекеттердің этноәлеуметтік құрылымын анықтау;

— 6.3.2.5 — тарихи оқиғалардың өзара байланысын анықтап, Қазақстан
аумағында XIII-XV ғасырларда құрылған мемлекеттердің сыртқы саясатын түсіндіру.

Зерттеу сұрағы

Моғолстан мен Әбілхайыр мемлекеттеріндегі оқиғалар қандай өзгерістерге әкелді?

Оқулық

Әбілқайыр хандығы. 146–149 беттер.

Тірек сөздер

— “көшпелі өзбектер”
— Әбілқайыр хан
— Усман Кухистани
— Үз-Темір тайшы

Ресурстар

Қазақстан тарихы көне замандардан бүгінгі күнге дейін. 5-томдық. 2-том.
Алматы. Атамұра. 2010. 77-170 бб.

Сабаққа дайындық

Әбілхайыр хандығының шын мәнінде Ақ Орда мемлекетінің жалғасы болғандығын көрсету маңызды.

Әбілхайыр хандығы деп аталған себебі, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында бұрынғы Орда Ежен әулетінің орнына Шайбан әулетінің өкілі 17 жасар Әбілхайырдың билікке келуімен ғана байланысты екендігін түсіндіреді.

Және жалпы Орыс хан ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтандардың Ақ Орданың астанасы Сығанақ пен Сыр бойындағы аймақтардағы ықпалдарын 1446 жылға дейін сақтап қалғандарын көрсете отырып түсіндіре аламыз.

Сабақтың деректі материалдары

Әбілхайыр хандығының аумағы, Әбілхайыр ханның жаулап алу соғыстарының бағыттары көрсетілген карта, “көшпелі өзбектердің” этникалық құрамын көрсететін кесте.

Сабаққа әдістемелік нұсқау

Ақпараттық технологияны пайдалана отырып, жүйелі ойлау, салыстырмалы талдау жасау әдістері қолданылады. Тарихи сараптау, интербелсенді тапсырмалар, арнайы материалдармен, картамен жұмыс түрлерін пайдалану керек.

Сабаққа қатысты ескертпелер

“92 баулы өзбек” тайпаларының этникалық құрамын көрсететін тізімді іліп қойып (бұл тізімді “Қазақ ру-тайпаларының тарихы” сериясымен шыққан кітаптан алуға болады (Алматы, 2005-2009 жж.)), оның ішіндегі бүгінгі қазақ халқының құрамында кездесетін 20 ру-тайпа атауын белгілеу керек.

Аталған 20 ру-тайпаның бүгінгі таңдағы (42 тайпадан, 112 руддан тұратын) қазақ халқының этникалық құрамымен бірдей екендігіне назар аудар қажет.

Бұл өткен сабақтағы Ақ Орданың этникалық тұрғыдан қазақ хандығымен сабақтастығын тағы бір рет дәлелдейді және алдыңғы сабақтарда өтілетін  қазақ халқының қалыптасуы мен қазақ хандығының құрылуының этникалық алғы шартарын оқушылардың дұрыс түсінуіне негіз болады.

Сабақтың барысы

Шайбан ұлысы туралы, оның Ақ Орда құрамына кіргендігі туралы жалпы ақпаратты беруден басталады. Барақ қайтыс болғаннан кейін, жергілікті ру-тайпа көсемдерінің 17 жасар жас Әбілхайырды хан көтерудегі саясаты талданады.

Одан әрі, Әбілхайырдың Шибан ұлысы аумағын біріктіру мен жалпы Ақ Орданың аумағын билігін орнықтыру жолындағы күресі баяндалады. Әбілхайыр тұсындағы Керей мен Жәнібек сұлтандардың иелігі туралы да айтып өту міндетті.

Одан әрі Әбілхайыр ханның билігінің әлсіреу, оның Үз-Темір тайшыдан жеңілу себептері мен салдарлары туралы тұжырым жасалады. Мұғалім бұл оқиғалардың барлығы болашақ Қазақ хандығынының құрылуына әкеліп соғатын оқиға — Керей мен Жәнібек сұлтандардың көшіп кетуіне себеп болғандығын түсіндіріп кетеді.

Білімді бағалау мүмкіндіктері

Әбілхайыр хандығының қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының
қалыптасуындағы орны мен рөлін анықтауға байланысты арнайы дайындалған
сұрақтар мен тапсырмаларға жауап беру мүмкіндіктері мен өзіндік тұжырым,
қосымша материалдарды пайдалана отырып, салыстырмалы талдау жасай
алу мүмкіндіктеріне орай бағаланады.

Қосымша тапсырма

Әбілхайыр хандығының Қазақ хандығының құрылуындағы рөліне баға беріңдер.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:

  1. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  2. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  3. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)
  4. Наймандар, керейттер және жалайырлар ( сабақ жоспары)
  5. Қыпшақ хандығы (ХI ғасырдың басы — 1219 ж.) (сабақ жоспары)
  6. Ислам дінінің орнығуы (сабақ жоспары)
  7. Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері (сабақ жоспары)
  8. Ертеортағасырлық сәулет ескерткіштері (сабақ жоспары)
  9. Әл-Фараби — әлемнің ұлы ойшылы (сабақ жоспары)
  10. Түркі-моңғолдардың Орталық Азия мен Қазақстан аумағына жорықтары. Отырар қорғанысы (сабақ жоспары)


ПІКІР ҚАЛДЫРУ