Зейін Шашкиннің өмірі туралы очерк

0
1715
Freepik.com

Өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдер:

Зейін Шашкин 1912 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында Бозщакөл дейтін жерде дүниеге келген.

1930 – Павлодар қаласында орта мектепті бітіреді.

1931-1934 – Мәскеу қаласындағы редакциялық-баспа институтының студенті.

1933-1934 – Алматы қаласындағы «Лениншіл жас» газетінің партиялы-комсомолдық бөлімінің меңгерушісі.

1934-1935 – Алматы қаласындағы Журналистика институтының қазақ әдебиетінің тарихы пәнінің мұғалімі.

1935-1937 – МИФЛИ студенті.

1937-1938 – Семей қаласындағы педагогикалық институттың әдебиет және тіл кафедрасының меңгерушісі.

1938-1941 – Алматы мен Жоғарғы Орал қалаларының түрмесінде.
1941-1948 – Ташкент қаласындағы стационарлық ауруханада дәрігердің көмекшісі.

1945 – Иркутск медицина институтын бітіреді.

1948-1949 – Қарағанды қаласындағы Кировск ауданының поликлиника дәрігері.

1949-1955 – Бурабай демалыс орнындағы «Бармашино» санаторийінде фтизиолоринголог дәрігер.

1955 – «Наступило утро» («Таң атты») деген атпен орыс тілінде жарық көрген тұңғыш повесі жарияланады.

1960 – «Құрмет грамотасымен» марапатталады.

1966 – 29 наурызда ауыр науқастан қайтыс болады.

*****

Жазушы Зейін Шашкин 1912 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында Бозщакөл дейтін жерде кедей шаруа отбасында туған. Әкесі Жүнісбек жергілікті
байларға қарсы бас көтергені үшін Сібірге айдалады.

Айдаудан келгеннен кейін 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне қатынасып, совет өкіметін орнату жолындағы күреске атсалысады. 1920-1930 жылдарда Зейін Павлодар
қаласында орта мектеп қабырғасында тәрбиеленеді. Бұдан кейін бірер жыл Москваның тарих, философия және әдебиет институтында оқиды.

Сол кезден бастап әдебиетпен әуестенеді. Алғашқы шығармалары отызыншы жылдары
«Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Әдебиет майданы» журналында жарияланады. Өлеңдері, сын, зерттеу мақалалары, бірлі-жарым әңгімелері жарық көреді.

Газет, баспа орындарында қызмет істейді, институтта сабақ береді. Әдебиет теориясы оқулығын даярлауға атсалысады. Бұл кезеңдегі әдеби еңбектердің ішінде Абай поэзиясының тілі, Асқар Тоқмағанбетов творчествосы жайлы зерттеу мақалалары назар аударарлық.

Бұдан кейін Зейін Шашкин біраз жылдар әдебиеттен қол үзуге мәжбүр болады. Дәрігерлік кәсіппен шұғылданып, медициналық қызметте тәжірибе алады. 1945 жылы Иркутск медицина институтын бітіреді. Кейіннен елуінші жылдардың орта шеніне дейін Бурабайда «Бармашы» санаторийінде бірнеше жыл бойы дәрігер болады.

«Наступило утро» («Таң атты») дейтін атпен 1955 жылы орыс тілінде жарық көрген
тұңғыш повесін осында, дәрігерлік қызметпен ұштастыра жүріп жазған. Осыдан кейін Зейін Шашкин Алматыға ауысып, жазушылық қызметпен біржола айналысады.

Алғашқы повесін өңдеп, «Ұядан ұшқанда» деп ат қойып, 1957 жылы қазақ тілінде бастырып шығарған. Октябрьдің 40 жылдығы қарсаңында М. Гольдблатпен бірлесіп «Заман осылай басталады» атты пьеса жазады. Бұдан кейін қалың жұртшылыққа әйгілі «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім» романдарын, «Темірқазық» атты повесі мен әңгімелерін, пьесалар мен сценарийлер, очерктер мен мақалалар жазады.

Зейін Шашкин әдебиетте бас-аяғы он жылға толар-толмас уақыт қана еңбек етті. Сол аз ғана уақыттың ішінде төрт роман, екі повесть, ондаған әңгіме, очерктер, пьеса, киносценарийлер беріп үлгерді, туған әдебиет тарихынан орын аларлықтай
елеулі шығармалар жазды.

Зейін Шашкин – жаңа заманның, жаңа советтік өмірдің жыршысы, Октябрьмен құрдас, Октябрь әкелген жаңа ұрпақтың сом тұлғасын мүсіндеуші суреткер. Ол өз шығармаларында заман ағымын, уақыт ерекшелігін сипаттайтын кесек, өзекті проблемалар көтерді, жаңа қаhармандар әкелді.

Зейін Шашкин творчествосының соңғы жылдарында әңгіме жанрында да қамал тартты. Заман жайлы, замандастар жайлы көзқарасын, тебіренген ойларын әдебиеттің осынау
шағын да оңтайлы жанры арқылы білдіріп отырды. Оның «Ақбота», «Қойшы серігі», «Дәрігердің қатесі», «Сүйкімді  дауыс», «Әкесі» сияқты әңгімелері жазушының айналасындағы өмірден көрген-түйгендері.

Тақырыптары әралуан болғанымен, бұл әңгімелердің барлығына ортақ бір қасиетар
– ол бүгінгі өмір шындығын, замандастар өмірін жырлау. Зейін Шашкин советтік заманды жан-тәнімен сүйген жазушы. Жаңа заманның әр жетістігі оны шаттандырады,
керісінше мүдіс-мүкіс міндері, шалыс қадамдары қабырғасын қайыстыра толғантады.

Әлі келгенше, романымен де, повесті, әңгіме, мақаласымен де, бар күшімен советтік өмірдің шуағын молайта түсуге, өсу екпінін үдете түсуге қолғабыс етуді мұрат
тұтқан. Ауру бола жүріп, жатпай-тұрмай ізденген, қарманған, толғана жүріп қиындық, кедергі атауларымен арпалыса жүріп, азабына ашына, кейде налып, кейде бөркін аспанға лақтыра қуана жүріп, сарыла еңбектенген.

Мұны әр шығармасынан, мақалаларынан, достарына хаттарынан айқын аңғарамыз.
Жазушының өз өмірі, тағдыры қандай бұлтты, нөсерлі болса, творчестволық жолы да жайдақ, жадағай болмаған, қилы белеңдерді, сын-соққы нөсерлерін де бастан өткерген.

Ал Зейін Шашкин қинала жүріп, құлшына түсті, қиынға ұмтыла түсті, жаңа, бұрынғыдан құнарлы, нәрлі, өміршең шығармаларымен жауап берді. Прозаның көлемді жүгін арқалай жүріп, әркім бармаған соны арналарға жол сала жүріп, ауызға аларлық шығармалар бере жүріп, драматургия, кино  саласына да қол артты ол. Әдеби сын, очерк, публицистика  саласында да белсенді еңбек етті.

Творчестволық жұмысты университеттегі сырттай оқумен, кең көлемді қоғамдық-саяси жұмыспен ұштастырды, бірнеше жыл Қазақстан Жазушылар одағы партия ұйымының секретары болды, Алматы қалалық Советінің депутаттығына сайланды. Қазақ совет әдебиетін дамытудағы жемісті еңбегі үшін СССР Жоғарғы Советінің Президиумы 1958 жылы жазушы Зейін Шашкинді «Құрмет белгісі» орденімен наградтады.

Зейін Шашкин творчестволық кемеліне келген шағында 1966 жылы 29 мартта ауыр науқастан кейін мезгілсіз қайтыс болды. Тікелей әдебиетте аз ғана уақыт еңбек еткенімен ол артына өшпес із, туған әдебиетінің алтын қазынасынан орын
аларлықтай игі мұра қалдырды.

Зейін Шашкиннің алты томдық шығармалар жинағының жарыққа шығуы жазушының жемісті еңбегінің айғағы болумен бірге, Коммунистік партия мен Совет үкіметінің, совет халқының өнер қайраткерлеріне, олардың творчествосына деген құрметі мен қамқорлығыныңкөрі нісі болып табылады. Зейін Шашкиннің жеке шығармалары жөнінде кезінде орталық газеттер мен журналдарда да, республикалық баспасөзде
де көптеген мақалалар мен рецензиялар жарық көрді.

Олардың ішінде дұрыс пікірлермен қоса, үстірт, сыңаржақ пікірлер де болуы заңды. Жазушы Зейін Шашкиннің өмірі мен творчествосын егжей-тегжейлі зерттеп, әділ бағасын беру, оның туған әдебиет тарихынан алар орнын творчестволық
ерекшелігін саралау өнер туындысын мұра тұтқан ұрпақтар мойнына жүктелетін игілікті іс.

Сапар Байжанов

Дереккөз: Шындық деп өткен жан еді (Жазушы, дәрігер Зейін Шашкинге арналады) иблиографиялық редакторлары: Қ.Е. Қаймақбаева, Г.И. Белгібаева, А.Ж. Сақанова,
А.Б. Абдиева

Басқа материалдар:

  1. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы

  2. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ

  3. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  4. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  5. Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет
  6. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы
  7. Сәкен Сейфуллин өлеңдерінің идеясы мен мәні
  8. «Қайталау» теориясы туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ