Қаңлылардың өмірі туралы ақпарат

0
5427

Б. з. б. III ғ. Қаңлы тайпалық бірлестігі құрылды. Мемлекет аты алғаш Қытай жылнамасы «Шы Жи»-Дауан Лежуанда («Тарихи жазбалар»-Ферғана тарауы) жазылған «Қаң жүй го» деген атаудан алынған. Қаң жүй- қаңлы (орыс әдебиетінде «кангюй»), го — «мемлекет» деген мағынаны білдіреді.

Ғалымдардың көпшілігі қаңлылардың түркі тілдес халық болғандығына күмән келтірмейді.

Қаңлы мемлекетінің б. з. б I ғасырында дәуірленген кезеңінде халқының саны 600 мың адамды құрап, әскерінің саны 120 мыңға жеткен.

Қаңлылар астанасы – Битянь қаласы. Байланыс жасаған елдер – Қытай, Рим,
Кавказ т. б. Қаңлы бейлеушісінің жеке иелік шекарасы Каспийдің солтүстік жағалауына дейін барған, оларға Арал теңізі мен Еділ өзенінің төменгі ағысының екі арасында билік құрған сармат-алан тайпаларының одағы түгелдей қарап, тәуелді болған.

Бұл мемлекет өз алдына дербес саясат ұстанып, көрші елдердің сырт жауларына қарсы тойтарыс беруіне көмектесіп отырған. Қаңлы патшасы өзі мекендеген солтүстік өңірді (Талас өзенінің аймағы) жеке басқарады.

Бұл тайпада  билік мұрагерлік жолмен әкеден балаға беріліп отырған. Бар билік ақсақалдардың, ру басшылары мен көсемдердің қолында болған.

Шаруашылығы. Тайпа халқы негізінен мал шаруашылығымен және суармалы егіншілікпен айналысты. Басты байлығы мал болды. Көбінесе жылқы, қой, оған қосымша сиыр, түйе және ешкі өсірді. Ал егіншілер дәнді дақылдар еккен және бау-бақша өсірумен де айналысқан. Жерді тас, металл кетпендермен өңдеді, сондай-ақ сүйектен жасалынған егіншілік құралдары да пайдаланылды. Жиналған өнім жерден қазылған ұраларда немесе қыш құмыраларда сақталды. Көптеген бөгендер мен тоғандар тұрғызылды.

Аң аулау мен балық аулаудың қосалқы маңызы болды. Елік, арқар, киік және су құстары — үйрек, қаз ауланды. Ет, балық және дәнді дақыл өнімдерімен қатар тамаққа жабайы алма, алмұрт, өрік, долана, пісте жемістері, тау жуасы пайдаланылды.

Мәдениеті. Қаңлыларда қолөнер кәсібі өте жоғары дәрежеде өркендеген. Қаңлылардың тегі хұн, түрік тілдес халықтар болғандықтан, олар өз тілінде, яғни түркі тілінде сөйлеген.

Қаңлылардың тұрғын үйлері көшіп-қонуға қолайлы киіз үйлер және топырақ пен ағаштан, тастан жасалған тұрғын үйлер, адамдар жиі орналасқан елді мекен, қалалары болған. Археологтардың мәлімдеуіне жүгінсек, «қазіргі оңтүстік Қазақстандағы ежелгі орта ғасырдағы көптеген қалалардың іргетасы сонау кангюлер (қаңлылар) дәуірінде пайда болған» деген пікір бар.

Қаңлы жұрты пайдаланған киіз-текемет, кілем-сырмақ қатарлы төсеніш және үй қабырғаларына ілінетін тұс бұйымдар, киетін — кимешектер өздері өсіріп отырған мал өнімдері мен мақта мамықтарынан жасалатын болған. Олар қой жүнінен киіз текеметтер, төсеніштер жасаумен қатар, киізден қалпақ, кебенек-шекпендер жасап киген. Қарапайым халық қой терісінен тон сияқты сырт киімдер тігіп киген. Ал жоғарғы жіктегілер түлкі, қасқыр, ілбіс және басқа да аңдар терісінен қымбат бағалы тымақ, ішік, тон сияқты киімдер тігіп киген.

Қаңлы елінде заң мен діни нанымдар өзара ұштастырылып атқарылған.

Қаңлылар — отқа табыну, дінге сыйынатын арнаулы кесенелер салған. Табиғат күштеріне, ата-баба аруағына сиынған. Сонымен қатар қаңлылар жұлдыздар арқылы түрлі болжамдар жасап отырған. Қаңлыларда музыкалық аспаптар болған, би билеген.

Археологиялық ескерткіштері. Мардан – күйік қорымы – Сырдария өзенінің жағасындағы қаңлылардың жерлеу ескерткіші. Бұл қорым Мардан-күйік қаласының іргесінде орын тепкен. Мұнда 50-ден артық мола бар. Қабірге өлікпен бірге ыдыстар, әшекей бұйымдар, қару-жарақ көмілген. Қаңлы тайпалық бірлестігі б. з. б. I ғ. ортасында ыдырады.

Дереккөз: Тarih.spring.kz

Тарих пәні бойынша басқа да ақпараттар: 

  1. Үйсіндер. Олардың мәдениеті мен шаруашылығы 
  2. Шырақ патшаның өмірі туралы деректер
  3. Істімі (Есмеми) туралы мәліметтер
  4. Зарина (Сара) деген кім?
  5. Бумын қағанның өмірі мен қызметі
  6. Аттила (Еділ) патшаның өмірі туралы деректер
  7. Анақарыс немесе Анахарсис туралы мәлімет
  8. «Ежелгі Қазақстан» тақырыбы бойынша тест сұрақтары жауабымен
  9. Тас ғасырының тарихи хроникасы
  10. Сақтар. Олардың қоғамдық құрылымы мен мәдениеті
  11. Ежелгі Египеттің тұрмыс-тіршілігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ