Абай Құнанбаев – ұлы ақын (сабақ жоспары)

0
2922

Сабақтың мақсаты:

– Абай Құнанбаевтың ақын, ойшыл, қоғам қайраткері ретіндегі қызметіне баға беру.

Зерттеу сұрағы: Неліктен Абай Құнанбайұлын “Хәкім Абай” деп атады?

Оқулық

Абай Құнанбаев – ұлы ақын. 195–197 беттер.

Ресурстар

1. Абай Құнанбаев. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы
1995.
2. Мұхтар Әуезов. Абай жолы: роман-эпопея. 4 томдық. Алматы: Жазушы, 2002.
3. Қазақ поэззиясының антологиясы. Алматы: Ғылым, 1993.
4. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. –
Алматы: Атамұра, 2002. 768 б.

Тірек сөздер: қазақ қоғамы, медресе, білім, ақын, жазушы, қарасөз.

Көрнекілік

Фотослайд, Абай Құнанбаевтың шығармалар жинағының, еңбектерінің және Абай туралы еңбектердің (Мысалы, Мұхтар Әуезовтың “Абай жолы” романы) мұқабасы түсірілген суреттер, сондай-ақ Абайдың өзінің түскен тарихи суреттерінен де енгізу керек. Абайдың туып өскен жері, Абайдың мемориалдық мұражайынан Абай қолданған заттарды көрсететін слайдтар қосу керек.

Мақсатты айқындау
Оқушыларға қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтің өмірі мен шығармашылығын “Бала Абай”, “Дана Абай” кезеңдеріне бөліп оқыта отырып, бала Абайдың оқуға өте зерек болып, діни сабақтармен қоса өз бетінше араб, парсы тілдерін үйреніп, шығыс ойшылдары Низами, Сағди, қожа Хафиз, Әлішер Науаи, Физули еңбектерін және орыс, батыс елдері ақындарының, ойшылдарының еңбектерін оқып, білімін толықтырғанын жеткізу арқылы Абайдың жастайынан білім мен ғылымға құштар болып өскенін жеткізу.

Абайдың ауыл арасындағы дау-дамайларға төрелік айтып, рубасылардың әкімшілік қызметіне үйрене бастағанын, билер сотына, билер кеңесіне, руаралық дауларды шешу ісіне жастайынан араласып, даулы мәселелерді шешу барысында жөнсіздікке, қатыгездікке, әділетсіздікке, билеуші топтардың мүддесін көздеген әрекеттерге қарсылық білдіріп отырғанын түсіндіру.

Патша үкіметі сотының заң ережелерімен жақынырақ танысып, патша самодержавиесінің қазақ жеріндегі әкімшілік-шенеуніктік аппараттарының заңсыз іс-әрекеттеріне куә болып, өз ойын бүкпей айтып отырғанын жеткізе отырып, Абайдың өз заманындағы саясаткер, қоғам қайраткері екенін таныту.

Дамытушылық маңызы.

Абай адамдарға өзін-өзі тәрбиелеу, сана-сезімді тәрбиелеу керектігін айтып, осы идеясын өлеңдерімен, қара сөздерімен жеткізген. Абайдың өлеңдері тұрмыс-тіршіліктің барлық қырын қамтыды десек болады.

Ол ел ішіндегі алауыздықты, күншілдікті, адам мінезіндегі жалқаулық, енжарлықты, мақтаншақтықты, ойсыздықты, салғырттықты, көрсеқызарлықты, ысырапшылықты қатты сынға алды. Өз өлеңдеріменхалықты білім алуға, сауаттылыққа, өнерлі болуға, адал еңбек етуге шақырды.

Адам жанының сұлулығын, әсемдікті, тазалықты өлеңмен мүсіндеген. Жаман әдет-құлықтардан бойды аулақ ұстау керектігін, ұстамды болуды, ақыл-ой  мен естілікті насихаттаған. Абай сөзге аса шебер, табиғатынан аса қабілетті болған.

Шығыс ақындары мен орыс классиктерінің шығармаларын оқып, рухани және дүниетанымдық көзқарасы толыққанды қалыптасуы үшін, оларды терең зерделеуді игерді. Абайдың ұлылығы мен даналығы арқылы оқушылардың ой-санасын шыңдай түсу, халыққа қалдырған ұлы мұраларын игеру арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдай түсу.

Тәрбиелік маңызы.

Абайдың “Ұлы Абай”, “Ұлы ақын” атануын оқыту арқылы оқушыларды адам мен қоғам, адам мен табиғат, адам мен қоршаған орта арасындағы қатынасты сезінуге, жамандық істерден жеріп, жақсылық істерге құмар болуға, өнерлі, білімді, еңбекқор болуға, кешенді ойлауға баулу.

Сабақтың деректік материалдары

Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады (Абай Құнанбаев).

Абай Құнанбаевтың “Қара сөздерінен” үзінділер оқу. Оны түсіну. 

Он жетінші, Жиырма бірінші, Отыз екінші, Отыз үшінші қара сөздер.

Сабақ түрі мен әдісі

Тұлғатану. Дөңгелек үстел (мұғалім модератор, оқушылар қатысушылар). Дискурс, ақпараттылық, ғылымилылық.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Сабақты өту барысында басты назарда ұсталатын мәселелер:

1. Абай өмір сүрген қоғам.
2. Абай жазған шығармалар.
3. Абайдың ағартушылық тұрғыдағы ойлары.

Сабақ барысында алдындағы тақырыптарға қолданылған әдіс бойынша мұғалім оқушылар назарына мектеп кітапханасынан және өзінің жеке кітап қорынан Абай Құнанбаевтың шығармаларын алып келіп, сыныпта шағын кітап көрмесін жасайды. Осы кітап көрмесіне кітаптармен бірге Абай Құнанбаевтың сөздерінен цитаталар жазып, оны А3, А4 көлемдегі қағаздарға қалың бояумен шығарып қою кітап көрмесінің мазмұнын аша түседі.

Қалалық өңірде ЖОО-ның профессор-оқытушы құрамынан сабаққа “Абайтану” бойынша пікір айтуға қонақ шақырса да болады. Оқушыларға Абай туралы түсірілген көркем фильмдер мен деректі фильмдерді көруді ұсыну керек.

Факультатив сабаққа таңдаулы оқушыларға “Абайтанудан” баяндама, ғылыми жоба қорғауға тақырып беру керек. Абай туралы деректі фильмді көруді факультатив немесе үйірме жоспарына енгізу керек. Семей, Жидебай өңіріндегі мектеп оқушыларына осы сабақты мұражайда немесе мұражай қызметкерлерінің “көшпелі дәрісі” бағдарламасы бойынша мектеп қабырғасында өтуге болады.

Нәтижесінде осы тақырыпты жүргізу әдістемесін “әдістемелік журналдарда” (”Қазақ тарихы”, “Мектептегі ғылыми жұмыс” т.б.) жариялап тәжірибемен бөлісу қажет. Сабақты Абай шығармаларының әлем тілдеріне аударылып тарауы, Абайдың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойланғанын айтып қорытындыласа болады.

Бағалау мүмкіндігі
Оқушы білімін бағалауға ұсынылатын сұрақтар:

1. Абайдың рухани достары кім болған?
2. Абайдың “Қара сөздерінің” негізгі идеясы.

Қосымша тапсырма
Абайдың “Қара сөздерін” толық оқып шығып, өз ойларыңды айтыңдар.

Білімін шыңдауға берілген тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
1. Абай Құнанбаевтың ғибратты өсиеттерге толы дастандарын анықта:

А) «Қарасөздер»; Е) «Масғұт»;
В) «Елбастар»; F)«Медғат-Қасым»;
С) «Ескендір»; G) «Әзім әңгімесі»;
Д) «Тарихи жазбалар»; H) «Еңлік-Кебек».

Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
2. Абай Құнанбаев аударған орыс классик әдебиетшілерін көрсетіңіз:

А) М.Шевченко; Е) Михаэлис, Мейер, Г.Ф.Миллер;
В) Н.Хлудов; F) А.С.Пушкин;
С) В.Верещагин; G) М.Ю.Лермонтов;
Д) С.С.Гросс, Янушкевич; H) И.А.Крылов.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:

  1. Шоқан Уәлиханов — дарынды ғалым (сабақ жоспары)
  2. Ыбырай Алтынсарин – көрнекті ағартушы (сабақ жоспары)
  3. ХІХ ғасырдағы қазақтың күй өнері (сабақ жоспары)
  4. «Зар заман» әдебиет ағымы өкілдерінің саяси көзқарастары (сабақ жоспары)
  5. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті (сабақ жоспары)
  6. ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақтардың ортаазиялық хандықтармен қарым-қатынастары (сабақ жоспары)
  7. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ