«Айғаным» және «Ғалия» медресесі туралы

0
2195

«Айғаным» медресесі Сырымбеттегі Айғаным ханымның мекен-жайына мешітпен бірге 1834 жылы салынған. 

Жалпы аумағы 200 шаршы метрден астам медреседе әрқайсысына 20 шәкірттен сыятан 5 бөлме болған. Медреседегі дін оқуына, мұсылманша хат тануға сол төңіректегі жас балалар көп тартылған. Шәкірттерге сабақ беруге таңдаулы ұстаздар шақырылған.

Айғаным медресесінде қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уалиханов мұсылманша алғаш сауатын ашқан. Сондай-ақ, оның талантты, өнерлі інілері Жақып, Махмет, Қозыке, Қоқыш және тағы да басқа көзі ашық жастар тәрбие алған.

«Ғалия» медресесі — мұсылмандардың жоғары діни оқу орны. 1872 жылы Башқортостанның Уфа қаласында ашылған. Оның ұйымдастырушысы әрі директоры — түркі зиялысы Зия Камали.

Медресенің «Ғалия» (арабша — «ұлы», «мәртебелі») аталуы оның жоғарғы  дәрежелі оқу орны екенін аңғартады.

«Ғалия» медресесінде дін сабақтарымен қатар араб, парсы, түрік тілдері, исламдық хұқық (шариғат), шығыстану тарихы, арифметика, ал ХХ ғасырдың 10-шы  жалдарынан бастап төте оқу үлгісі бойынша химия, физика, математика, география , т.б. жараталыстану ғалымдары, сондай-ақ,  орыс тілі мен әдебиеті де оқытылған.

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында «Ғалия» медресесінде көптеген қазақ жастары білім алды. Олардың ішінде М.Жұмабаев, Б.Майлин, Т.Жомартбаев, Ж.Тілепбергенов, Қ.Оразбаев, И. Тасболатов, Ш.Назаров, Ғ.қамзин, М.Оразбаев, Б.Серкебаев т.б барлығы 50-ден астам белгілі қазақ азаматтары болған. Мұнда қазақ қыздары да дәріс алған. Жайық өңірінен барған шәкірттер арасынан кейіннен аты елге танымал А.Мәметов, Н.Манаев, Б.Жәнекешов, М.Рахманберлиев сияқты қайраткерлер шықты.

1911 жылы «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттерінің қаражатымен «Әліппе яки төте оқу» атты қазақша оқулық жарық көрді.

Медреседе оқыған қазақ жастары 1913-1914 жылдары «Садақ» атты қолжазба журнал шығарып тұрды. Оны шығарушылардың бірі — Б.Майлин. Осы жастар тобы барлығы 1400 сомның қазақ кітаптарын шығарды.

«Ғалия» медресесінде оқып шыққан қазақ жастары жер-жерде мұғалім болып, халықты сауаттандыру ісіне үлкен үлес қосты.

Дереккөз:  «Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Басқа материалдар:

  1. Пиньчен шайқасы туралы
  2. Қазақ даласындағы ірі шайқастар. Кир патша мен Дарийдің сақтарға жорығы
  3. Томирис (Тұмар) ханша өмірі туралы
  4. Қазақстан тарихынан тест тапсырмалары (І нұсқа)
  5. Қазақстан тарихынан ҰБТ тапсырмалары (ІІ нұсқа)
  6. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  7. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  8. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  9. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  10. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  11. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ