Қарқаралы және Іле Алатауы ұлттық табиғат саябағы

0
2034
Freepik.com

Қарқаралы ұлттық табиғат саябағы. Қарағанды облысының Қарақаралы ауданындағы таулы — орманды атырапта орналасқан.

Саябақ 1998 жылы құрылған.  Саябақта аңның 40 түрі, құстың 114, өсімдіктің 66, балықтың 8 түрі қорғауға алынған.  Олардың ішінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген аңдардан: арқар, сабаншы,; құстардан: бүркіт, ақбас тырна, ақбас үйрек, балықшы тұйғын, безгелдек, қара дегелек, қытай қазі; өсімдіктерден: қызыл қайың, Қарқаралы бөріқарақаты мен сылдыршөбі, кәдімгі қырыққұлақ, Сібір қисық бұтасы, қауырсынды селеу, т.б бар.

Саябақ үш белдемге бөлінген:

1) Кент тауларын қамтитын қорықтық  белдемде таулы-орманды алқаптың төл табиғаты бастапқы қалпында сақталып, қорғалады.

2) Қарқаралы тауларын қамтитын белдемде табиғатты қорғаумен қатар, туристік сауықтыру шаралары ұйымдастырылады.

3) Қарқаралы ұлттық табиғат саябағының қалған бөлігін қамтитын белдемде тек қана осы саябақта өсетін өсімдіктер мен осында тіршілік ететін жануарлар, сондай-ақ бірегей табиғат нысандары қорғалады.

Іле Алатауы ұлттық табиғат саябағы. Алматы қаласы іргесіндегі Алматы тау жотасында орналасқан. Саябақ табиғи кешендерді, жануарлар мен өсімдіктердің сирек кездесетін түрлерін қорғау мақсатында 1996 жылы құрылған.

Іле Алатауының орталық бөлігін  алып жатқан саябақ жері батысында Шамалған өзені мен шығысында Түрген өзені аралықтарын қамтиды. Саябақ белдеміне Алматы қорығы мен оған іргелес жатқан орман шаруашылықтары кіреді.

Саябақ аумағында орналасқан тау көлдері — табиғаттың ең көрікті жерлерінің бірі. Олардың ішіндегі ең ірісі әрі әдемісі — Үлкен Алматы көлі.

Іле Алатауы ұлттық табиғат саябағында өсімдіктердің 1500 түрі анықталған. Бұл өсімдіктің 40 түрі Қазақстанның «Қызық кітабына» енгізілген. Ал 30 түрі Қазақстаннан басқа еш жерде кездеспейді. Саябақта  жануарлардың 200 түрі, балықтардың 8 түрі, құстардың 130 түрі тіркелген.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ