Атом өнеркәсібі

0
2791

Атом өнеркәсібі – уран кенін өндірумен шұғылданатын, одан атом энергиясын өндіретін және сол энергияны пайдаланып жұмыс істейтін өнеркәсіп саласы.

Ядролық энергия өнеркәсіпте, ғылымда, медицинада т.б. салаларда пайдаланылады. Ядролық энергияны пайдаланып, атом электрстансылары жұмыс жасайды, кеме, пойыздар жүріп, ұшақтар мен зымырандар ұшады.

Атом өнеркәсібі 50-жылдардың орта шенінде, атап айтқанда, 1954 жылы КСРО-да тұңғыш АЭС іске қосылғаннан  кейін жеке өнеркәсіп саласы болып қалыптасты. Бұдан кейін  Ұлыбританияда, АҚШ-та АЭС-тар іске қосылды. 1997 жылы  барлығы 437 АЭС жұмыс істеді. Олар дүниежүзіндегі электр қуатының 17%-ін өндірді.

Қазақстан уран қорының молдығы жөнінен әлемде 1-орынды иемденеді. 50-жылдардан бастап Қазақстандағы 20 кен орнында уран өндіру жұмыстары жүргізілді.

Қазақстанның барлық аймақтарында уран өндірумен айналысатын  өндіріс орындары бар. Олардың ең ірілері: Тау-кен химия комбинаты (Орталық Қазақстан), Ертіс химия-металлургия  зауыты (Шығыс Қазақстан), Каспий жағалауы тау-кен металлургия комбинаты (Батыс Қазақстан), Оңтүстік Қазақстан кен басқармасы т.б.

Қазақстандағы тұңғыш АЭС – Ақтау қаласында салынған (1973 ж.) шапшаң нейтронмен жұмыс істейтін БН-350 реакторы бар энергия комбинаты.

Бұдан басқа Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығында төрт зерттеу реакторы жұмыс істейді. Оның үшеуі Курчатов қаласының маңында, біреуі Алматы қаласының жанында орналасқан.

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
    жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова, К.Ә.Бертілеуова, Р.Н.Мұнасаева.
  2. «Қазақ энциклопедиясы», 5-том

Ұқсас материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ