Қазақстан авторлары қоғамы

0
1201
Freepik.com

Елімізде “Қазақстан авторлары қоғамы” республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бірлестік авторлардың мүліктік құқығын басқару, яғни авторлардың атынан олардың туындыларын пайдалануға рұқсат берумен, авторлық сыйақыларын жинаумен, жиналған сыйақыны бөлу және төлеумен айналысады.

Сонымен қатар “ҚазАҚ” авторлардың шағымымен немесе өз бастамасымен де авторлардың бұзылған құқығы үшін сотқа жүгініп, өтемақы талап етеді.

Қоғамдық бірлестіктің 700-ге жуық мүшесі бар. Авторлардың мұрагерлері де қоғам мүшесі болып саналады. Мүшелікке келісім шарт негізінде қабылданады. Авторлық шарт – автор немесе оның мұрагері мен баспа, театр, киностудия және басқалар арасында әдебиет, ғылым немесе өнер шығармаларын қолдану жөніндегі шарт. Авторлық шарт азаматтық заңнамамен айқындалады.

Авторлар қоғамына мүше болған автор қайтыс болғаннан кейін де оның құқығы 70 жыл бойы сақталады. Туындысынан түскен қаржы оның балаларына, туыстарына беріледі.

Авторлық құқықты қорғау белгісі, латынның С әрібінің («copyright» сөзінің алғашқы әрібі) шеңбердің ортасына орналасқанын береді. (Сонымен қатар С әріпін жақшаның — «(с)» ішінде де қолдануға болады.

ПС Авторлық табақ. Авторлық табақтың көлемін және қаламақыны есептеу тәсілдері.

  1. Авторлық табақ жайлы түсінік

         Баспадағы жұмыс авторлық табақты қабылдап алудан басталатындықтан авторлық табақ дегеніміз не, оған қандай талаптар қойылатынын жетік білу керек.  Қабылдап алынған авторлық қолжазбаны есептеп, авторлық табақтың көлемін табу керек. Осындай  есептеулердің әдіс-тәсілдерін қарастырайық.

Авторлық табақ – автордың, аудармашының және нақты материалды дайындаған қызметкерлердің еңбек көлемін көрсететін өлшем бірлігі.

Прозалық мәтінмен жазылған бір авторлық табақ  — 40 000 мәтін таңбасына,  өлеңмен жазылған  авторлық табақ  700 мәтін жолдарына, ал бейне материалдарынан тұратын бір авторлық табақ  3000 см2-лік ауданды алатын материалдардың көлеміне тең.

Мәтін таңбаларына — әріптер, тыныс белгілері, сандар, әртүрлі символдар мен сөздердің арасындағы ашық жерлер жатады.

Баспа ісі стандартының талаптары бойынша авторлық табақтың әр бетіндегі (А4 пішімді қағаздағы) таңбалардың сиымдылығы  шамамен 1800 таңбаға тең болатындықтан, бір авторлық табақ шамамен 22-23 беттен тұрады.

Поэзиялық мәтiнмен жазылған авторлық табақ.

Поэзиялық мәтін көлемiн есептегенде, әрбiр өлең жолы бiр мәтiн жолы деп алынады. Егер өлең сөздерінің бiр сөзі немесе бiр сөздiң бөлiгi бөлек жолға жазылса да бiр жол болып есептеледi. Поэзиялық шығарманың тақырыбы қанша жол алып жатса, сонша жол болып есептеледi.

Поэзиялық мәтінмен жазылған басылымдағы әрбір 700 мәтін жолы — бір авторлық табақ болып есептеледі.

Бейнелік материалдардан тұратын басылым

Суреттерді, безендiру элементтерiн, бейне материалдарын есептеудiң өзiндік ерекшелiктерi бар. Бейнесуреттерден тұратын басылымдағы бір авторлық табақтың көлемі 3000 см2-ге тең. Яғни, жоғарыда айтылып кеткендей  басылымдағы ауданы 3000 см2-ге тең әрбір бейнематериалға авторлық қаламақы төленеді.

Авторлық табаққа қойылатын талаптар

Баспаға ұсынылатын автордың материалы — кітапты басып шығаруға әзірленген қолжазбаларға қойылатын стандарт талаптарына сәйкес, мәтіні  Word бағдарламасында А4 пішіміндегі қағаздың бір жақ бетінде 1,5 интервалымен, 14 кегль өлшемімен теріліп, сол жақ шетіндегі ашық жол 35 мм-ге тең (қолмен түзетілмеген) етіп шығарылып, автордың қолы қойылып, электронды түрде немесе электронды пошта арқылы қабылдануы керек.

(Жоғары айтылып кеткендей А4 пішіміндегі қағаздың бір жақ бетінде терілген таңбалар мен олардың арасындағы ашық жерлердің саны 1800 шамасында болуы керек. Бұрындары компьютерлер қолданылмай тұрғанда А4 пішіміндегі машинкада терілген беттер қолмен есептелетін еді)

Қолжазбаның электронды варианты қағазға басылған материалмен бірдей болуы керек.

Авторлық табаққа кіретін қосымша материалдар толығымен кешенді түрде авторлық табақпен бірге тапсырылады.

Барлық суреттер, схемалар, диаграммалар, кестелер ақ-қара түсті вариантта дайындалуы керек

Тақырыптың алдында автордың аты-жөні, ғылыми дәрежесі мен атағы көрсетіледі. Кітап авторлары аты-жөні мен әкесінің атын толық көрсетуі керек.

Монография, жинақтар мен оқу құралдарына аннотациясының варианты берілуі керек.

Авторлық табақтың көлемін есептеу

Жалпы авторлық табақ жайлы түсінік жоғарыда айтылып кетті. Енді осы авторлық табақты есептеу тәсілдерін қарастырайық.

Прозалық мәтіннен тұратын бір жолда терiлген әріптер шамамен 60 таңбаға, ал А4 пішіміндегі қағаздағы жалпы мәтiн жолдары 30-ға тең болатындықтан бір беттегі таңба санын есептеп шығарамыз. Терілген мәтін жолдарының санын таңба санына көбейту арқылы қағаздың бір жақ бетіндегі таңбалардың санын табамыз.

30х60=1800.

Яғни, жалпы авторлық түпнұсқа қағазының бір бетінде терілген  таңбалардың саны шамамен 1800-ге тең болуы керек.

Жоғарыда айтылып кеткендей, проза тілімен жазылған бір авторлық табақ 40 000 таңбаға тең болатындықтан:

40 000 :1800=22,22бет.

Шыққан сан жалпы бір авторлық табақтың көлемін көрсетедi. Егер түпнұсқа 222 беттен тұратын болса, төмендегі тәсілмен кітаптағы авторлық табақтың көлемін табамыз.

222 : 22,2 = 10;

Демек 222 беттен тұратын түпнұсқа 10 авторлық табақтан тұрады.

Егер авторға төленетiн қаламақы авторлық табақ бойынша келiсiлген жағдайда, (біздің баспаларда негізінен осылай төленеді) әр авторлық табаққа қаламақы төленеді.

Прозалық мәтiнмен басылған авторлық табақ көлемiн есептеу тәсiлi.

 Мысалы:  Автордан  500  беттен тұратын  қолжазба  қабылдап алынды.

Оның 486 беті мәтінмен толық толтырылып терілген, ал 14 беті жартылай терілген мәтін жолдарынан тұрады.  Яғни, 486 бет 1800 таңбадан тұрады деген сөз. (Стандарт талаптары бойынша бет 30 жолдан х 60 таңба тұратындықтан = жалпы толық бір бет 1800 таңбаға тең екені белгілі);

Енді жартылай терілген беттердегі мәтін жолдарын санап аламыз. Қолжазбаның жартылай беттері 166 терілген жолдан тұрады (мысалы).  166 жолдың әрқайсысы 60 таңбадан тұратыны белгілі.

Авторлық  табақтың толық беттеріндегі таңбалардың санын есептейміз:

(486х1800) =874 800 таңба.

Жартылай беттердегі таңба санын шығарамыз:

(166х60) =9960 таңба.

Қолжазбадағы барлық таңба саны өз ара қосып барлық таңба санын табамыз:

874 800 + 9960 = 884760-ге тең;

Бір авторлық табақтың  40 000 таңбаға  тең екендігін ескеріп авторлық табақтың көлемін табамыз:

884 760 : 40 000 = 22,1 авт.табақ.

Тапсырыстағы авторлық табақтың көлемі  22,1 табаққа тең болып шықты.

 

Поэзиялық мәтiнде басылған материалдарды есептеу тәсiлi.

Мысалы: Қолжазбадағы терілген жолдардың саны   14 700-ге тең, оны 700 жолға бөліп поэзиялық мәтінмен жазылған авторлық табақтың көлемін табамыз.

14 700 өлең жолы : 700 бір авт. таб. көлемі = 21 авторлық табақтан тұрады.

Яғни, 14 700 терілген жолдан тұратын өлең кітап 21 авторлық табақтан тұрады.

Бейнематериалдардан тұратын авторлық табақ көлемiн есептеу тәсiлi.

Алдымен авторлық түпнұсқадағы бейнелік материалдардың кiтап ауданына сәйкес кiшiрейту масштабын бiлiп алу керек. Бейнелік материалдардың ауданын квадратты сантиметрде (см2) тауып алып (сызғышты қолданып), шыққан санды 3000 см2 бөлсек, авторлық түпнұсқадағы бейнелiк табақтың санын табамыз.

Мысалы бейнематериалдардың көлемі 63 000см2-ге тең деп алсақ:

63 000см2 : 3000см2 = 21 авторлық табаққа тең.

Авторлық қаламақыны есептеу

Авторлық қаламақы төлеудің бірінші әдісі: әрбір авторлық табаққа, яғни, әрбір 40 000 таңбаға ақша төленетін етіп келісім — шарт жасау. Осы тәсіл бойынша автормен әр авторлық табаққа төленетін болып келісім-шарт жасалған болса, авторлық қаламақының сомасы төмендегідей есептеледі.

Келісім-шарт бойынша бір авторлық табаққа 20 000 тенге  (5000, 10  000, 15 000 т.с.с.) төленетін болып келісілген жағдайда, авторға 442 000 тенге төленеді.

         22,1 жоғарыда есептелген авт.таб. көлемі х 20 000тенгеден қаламақы = 442 000тенге төленеді.

Авторлық қаламақы төлеудің екінші жолы: таралымның әр сатылған данасынан пайыздық төлем  жасап тұруға келісім — шарт жасау. Бұл кітаптың таралымы үлкен болған жағдайда ғана тиімді.

Мысалы, кітаптың таралымы 10 000 дана дейік, құны 700 тенге болсын.

10 000 х 700 =  7 000 000тенге.

Таралымнан түскен ақшаның 7%  авторға төленетін  болып келісім-шарт жасалған болса,  қаламақы  490 000 тенгеге тең болады:

7 000 000 х 7% =490 000 тенге.

Бұл кітаптың таралымы 10 000 дана болғанда шығатын сома, ал егер кітаптың таралымы 2000 дана болса, автордың қаламақысының мөлшері көп төмендеп қалады.

Мысалы:

  • дана кітап Х 700тенгеден = 1 400 000 тенге баспаға.

1400 000 тенгеге сатылды, Х 7% (оның 7 пайызы)   =  98 000 авторға тенге төленеді.

Дереккөз: ҚазҰУ, Ақпараттық кітапхана ісі мамандығының дәрісі

Бақса материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ