Қазақ тілі мен моңғол тілдерінің қарым-қатынасы

0
2122
Иллюстрация: Freepik.com

Қазақ пен монғол тілдерінің қарым-қатынасын үлкен екі дәуірге бөліп қарауға болады: біріншісі – көне дәуір де, екіншісі – ХІІ ғасырдан кейінгі, яғни Шыңғыс хан бастаған монғол шапқыншыларының Қазақстан мен Орта Азия жерін және оны мекендеген түркі тілдес ру-тайпаларды жаулап алып, үстемдік жасаған дәуір.

Егер бірінші дәуірде түркі, монғол тілдерінің, соның ішінде қазақ тайпалары тілдерінің шығу тегі, базистік лексиканың, түбір тұлғалар мен сөз жасау модельдердің тұтастығы, ортақтығы немесе сәйкестігі сөз болса, екінші дәуірде бұл тілдердің жоғарыдағы таихи жағдайларға байланысты ықпал-әсерін, өзара лексикалық ауыс-түйісті қарастырған дұрыс болады.

Тарихи деректерге үңілсек, Қазақстан жерін өте көне замандардан бері діні де, тілі де басқа-басқа әртүрлі этностық топтар мен бірлестіктер мекендеп келген. Ал монғол шапқыншыларының бұл өңірді басып алып, ұзақ замандар үстемдік етуі ондағы түркі және иран тілдес тайпалардың өзара араласуына не жіктелуіне ғана емес, сонымен бірге ұлттық тұрпатын өзгертіп, монғолдастыруға және этностық мәдениет пен тілдердің өзара жақындаса түсуіне, ұқсас белгілерінің пайда болуына өз ықпалын тигізгендігі даусыз.

Бірақ монғол-түркі тілдерінің Қазақстан топырағындағы ұзаққа созылған қарым-қатынасы мен тығыз байланысының дәл осылай аяқталуына қарап, бұл тілдердегі алыс-беріс, ауыс-түйісті жоққа шығара алмайды

. Өйткені ассимиляция процесі қандай болмасын, ол бір жақты, бір бағытта ғана болмайды. Монғол тілдері мен түркі тілдерінің сол дәуірдегі өзара тығыз қарым-қатынасы екі жақа бірдей ықпал жасады. Сондықтан да бұл тілдердің лексикалық қорында кездесетін көптеген ауыс-түйіс, ортақ дүниені заңды түрдегі субстрат, суперстрат құбылыс деп қараған жөн. Бұл мәселені түркологтар да, монголистер де өз тарапынан, не бірлесе отырып арнайы зерттеген емес.

Ал қазақ тілі, оның монғол (халха, ойрат, бурят т.б.) тілдерімен Шыңғысхан дәуірінен кейін (XVII-XVIII ғғ.) де ойроттар (қалмақтар) мен жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне салған ылаңына байланысты қарым-қатынаста болғаны бізге мәлім. Дәл осындай объективті жағдайлар мен толып жатқан тарихи-әлеуметтік оқиғалар тіл үшін де із-түзсіз өте шықпайтыны анық.

Монғол әсерін лексикалық байлығымыздың барлық саласынан кездестіруге болады. Атап айтқанда, Қазақстан топырағындағы көптеген жер-су атауларынан да, кісі, ру-тйпа аттарынан да, тұрмыс-салтқа, әскери басқару, заң т.б.

Бұндай ауытқушылықтар  негізінен қазақ-монғол тілдерінің кейінгі дәуіріндегі тарихи қарым-қатынасына тән, бұл құбылыс тілдердің көне дәуірдегі араласуынан, өзара сіңісуінен пайда болған түбір дәрежесіндегі ортақтықтан мүлдем басқаша. Әрине, екі дәуірдің арасында белгілі байланыс, жалғастық болуы мүмкін, бірақ екеуіндегі нәтиже, қайталап айтамыз, екі басқа: біріншісі генеологиялық, туыстық мәселесіне қатысты да, екіншісі – тіларалық лексикалық ауыс-түйіске саяды.

Басқаша айтқанда, біріншісі алтай теориясының міндеттері де, екіншісі қазақ тілі тарихи лексикологиясының зерттеу объектісі болып саналады. Ал бұл салада, кейбір жалпылама пікірлерді айтпағанда, күні бүгінге дейін арнайы зерттеулердің жоқ екенін жоғарыда ескерттік.

Моңғол тілдері мен түркі тілдері (соның ішінде қазақ тілі) арасында көптеген түбір, түбірлес сөздер мен туынды түбірлер кездеседі. Тарихи лексикология саласында ізденуші кейбір ғалымдар қазақ тіліндегі тұлғасы беймәлім, мағынасы күңгірттене, қолданысы сиректей бастаған сөздердің моңғол тіліндегі сөздермен сәйкестігін байқаса болды, «бұлар қазақ тіліне ауысқан монғол элементі» деп пішіп-кесетіні бар. Мұндай «тәсіл», біздіңше, ғылыми дәлелге, нақтылыққа жуық болмаса керек.

Салыстырып отырған лексикалық элементтердің сәйкестігі түбірге қатысты болса, онда мәселе екі тілге ортақ элемент жайында болуы керек те, ал түбірлес емес туынды тұлғаға қатысты болса, оны тілара ауыс-түйістік деп қараған жөн. Бұл арада моңғол тілдері мен қазақ, не басқа түркі тілдеріне тән сөз жасау модельдердің өзіндік табиғатын тап басып тани білуде салыстырма-тарихи әдістің атқаратын қызметі орасан зор. Салыстырылып отырған тілдердің фактілерін тарихи тұрғыдан қарастыру­–бұл тәсілдің ерекшелігі.

Моңғол мен қазақ т.б. түркі тілдерін тарихи-салыстырма әдісімен зерттегенде ескеретін тағы бір жағдай: бұл ру-тайпалардың арасында ерте кезден-ақ өзара қарым-қатынас жасаудың қажеттігінен туған екі тілділіктің болуы. Мысалы, құба алмақ заманында оқтын-оқтын болып тұрған талас-тартыстарда да, бейбіт өмірдегі той-жиындарда да қазақ пен қалмақтар бір-бірімен еркін сөйлесіп, түсінісе білген.

Ол жайында ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер дәлел бола алады. Мәселен, «Манастағы» Көкетайдың асындағы шешендер айтысын еске алуға болады. Соғыста қолға түсіп, бодан болу, басыбайлы күң, құл болу, қыз алып, қыз берісу т.б. – бәрі де тілге қатысы бар факторлар.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Көркем троптар, олардың түрлері
  2. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  3. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  4. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  5. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  6. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  7. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  8. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  9. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  10. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  11. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  12. Әдеби ағымдар туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ