Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы

0
3596
Иллюстрация: Freepik.com

Тарихи лексикология – жалпы тіл білімінің сүбелі де күрделі салаларының бірі,  лексиканың  пайда болуы мен даму  заңдылықтарын зерделейді.

Тарихи лексикология —  тіл тарихын  сол тілде сөйлеуші этностың басынан кешірген тарихи қоғамдық өміріндегі тілдік фактілердің шығу тегін, қалыптасу кезеңдерін, туыстас тілдердің қатарынан алатын орнын, басқа тілдерге қарым-қатынасын  ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеуді мақсат етеді.

Тіл фактілерін зерттеуде тарихи принципке сүйену– тарихи лексикологияның жалпы лексикологиядан басты айырмашылығы. Тарихи лексикология  белгілі бір тілдің  лексикасын жалпылама емес, нақтылы бір халықтың азаматтық тарихына байланыстыра отырып, сол халықтың мәдениетіне, дүние-танымына, салт-сана, әдет-ғұрпына т.б эксралингвистикалық факторларына қатысты зерттеуге тиіс.

Өйткені  әрбір тілдің сол тілді жаратушы, сол тілде сөйлеуші халықтың тарихымен тікелей байланысты, сол халықтың халық болып қалыптаса бастаған ұзақ дәуірінің жемісі, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, толығып, кемелденіп, жаңарып отыратын асыл да абзал мұрасы, сол халықтың мәдени, рухани өмірінің –сол тілдің лексикалық қоры. Кез-келген тілдің сөз байлығын тарихи тұрғыдан зерттеу дегеніміз – оны сол тілдің өз топырағында, өзіндік даму үрдісін, сыр-сыйпатын ескере отырып қарастыру, жалпылама емес, нақты обьектілермен байланыстыру деген сөз.

Аталғандар түгелдей дерлік тарихи лексикологияның бір тілдегі нақтылы обьектісі болып саналса, оның туыс және туыстас тілдердің лексикасын зерттеуге байланысты проблемаларының шеңбері бұдан әлдеқайда кең болмақ.

Алайда тарихи лексикологияның өзіндік зерттеу обьектісі мен белгілі тәсілдері бар. Оның дербестінен гөрі ғылымның басқа салалармен байланысы, астарластығы ерекше көзге түседі. Соған байланысты «қазақ тілі тарихи лексикологиясын зерттеуге тиісті обьектілері мен міндеттерін біз қалай анықтауымыз керек?» деген сұрақ туындайды. Айта кетуіміз керек, бұл мәселе қазақ тілі білімінде бұрын-соңды арнайы сөз болған емес.

Тарихи лексикологияның жеке мәселелерін сөз еткен бірлі-жарымды еңбектерді есептемегенде, бұл саланың нақтылы обьектілері мен алда тұрған міндеттері жан-жақты қаралып, толық анықталып, күн тәртібіне қойыла қойған жоқ.

Тарихи лексикологияның зертеу обьектілері және басқа ғылым салаларға қатыстығы.

Тарихи лексикологияның зерттеу обьектісі тақырыбын қозғағанда екі түрлі жағдайды ескеру қажет. Біріншіден, тарихи лексиколгия алға қойған мақсатына және тіл фактілерін талдау тәсілдеріне байланысты іштей сараланып, тікелей өзіне қатысты проблемаларды әр қырынан қарастыратын этимология, семасиология, ономасиология, диалектология, этнолингвистика сияқты тарауларды қамтиды.

Екіншіден, тарихи лексикологияның тіл білімінің осы салада қол жеткен табыстар мен талдау әдістерін пайдалана отырып, этностың шығу тарихын этнос тілінің пайда болуын, халық тілінің базистік структурасын, туыс, туыстас және басқа тілмен болған қарым-қатынасын, әр түрлі экстралингвистикалық факторлардың тіл дамуына тигізген әсерін т.б тіл фактілері мен оның заңдылықтары негізінде қарастырып, тұжырым айтуға мүмкіндігі мол. Сондықтан да тарихи лексикологияның өзіндік обьектілері мен қатыстық обьектілері арасында тығыз байланыс, мүдделестік бар.

Соған байланысты қазақ тілі тарихи лексикологияның алдында ірі-ірі міндеттер тұрғаны анық. Қазақ халқы қалыптасқанға дейінгі Қазақстан жерін мекендеген ру-тайпалардың тілін және олардың қарым-қатынасын анықтау– солардың ішінде әлі күнге дейін арнайы зерттелмеген, бірақ зерттеуді қажет ететін пролемаларының бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл өңірде біздің жыл санауымызға дейін және одан кейін де скиф, сақ, массагет, соғды, сондай-ақ көптеген түркі ру-тайпалары жасап келгендігі мәлім.

Бұлардың тілі жөнінде айтылып жүрген пікір көп те бірақ күні бүгінге дейін пікір бірлестігі жоқ. Бұлардың қайсысы түркі , қайсысы иран не басқа тілдерде сөйледі? Бұл жөнінде талас, тіпті бірін-бірі жоққа шығаратын пікірлер де жоқ емес. Шығыстан Батысқа жөңки көшіп, кең байтақ Қазақстан жерін баса көктеп өткен Хундардың этностық белгісі, тілі қандай еді және олар жол-жөнекей кездескен әр түрлі ру-тайпалармен қандай қарым-қатынаста болды, олармен қалай араласты, олардың тіліне қалай әсер етті?

Бұл, әрине, жалпы түркологиялық мәселелер.Алайда оның қазақ тіліне де қатысы бар. Өйткені қазақ тілінің шығу тарихын сөз еткенде біз оны тек ХІV-ХV ғасырлардан басталды деп айту дұрыс болмас: оның шығу тарихы мен дербес тіл боп қалыптасу дәуірлері әлдеқайа әріден басталса керек. «Скифтер мен сақтар, соғдылар мен хундар қай тілде сөйледі, олардың түркі ру-тайпалар тіліне қандай әсері болады?» деген мәселелердің күн тәртібіне қойылуы да заңды.

Түркі халықтарының тілдік тарихының айқандала  түсуі – бұл мәселенің тиянақты шешілуі. Алайда бұл саладағы деректер қоры ауыз толтырып пікір айтуға әзірше жеткіліксіз. Тарихи лексикологиямен шұғылданушы мамандардың бас қоса отырып, шешуге тиісті келелі мәселелерінің бірі осы болса керек.

Демек, бүгінгі қазақ тілінің тегі жайында, тарихи даму сатылары мен басқа тілдерге қатыстығы жайында жорамал ретінде әдетте мынаны айтуға болар еді: оның арғы тегі сонау Хун, көне түркі дәуірінен басталып, түп -төркіні көне үйсін, қаңлы, қыпшақ тайпаларының тілдік дәстүрінен өрбіп, Орхон-Енесей ескерткіштері тілмен ортақтығын сақтай келе, М.Қашғаридың  «Диуаны» мен Ю.Баласағунидің «Құтадғу білігі» тілімен жалғаса түсіп, туыстығын кейінгі дәуірлердегі қыпшақ тілдерінен тапқан-дербес түркі тілдерінің бірі.

Сол себептен де, қазақ тілін әрі көне, әрі жаңа тілдер санатына қосу дәлелді. Себебі оның базистік лексикасында баба  тілі, көне түркі элементтері көптеп сақталған.

 Тілара қатынастар және тарихи лексикология

Тіл біліміндегі күрделі проблемалардың қатарына тілдердің өзара қарым-қатынасы, бір-бірімен байланысы  да жатады. Тілдегі ауытқушылықтардың  көбісі лексика саласында. Сондықтан оған тарихи лексикологияның тікелей қатысы бар. Айтпасқа болмайды, жалпы тілара контакт мәселесінің лингвистер тарапынан зерттеле бастағанына екі жүз жылдан астам уақыт өткен.

Бұл уақыт көлемінде осы проблема жан-жақты тексеріліп, оның неше алуан құбылыстары мен түрлері тиісті теориялық шешімін тапқаны айқын. Десек те, әрбір халықтың өзіндік тарихи даму жолы, басқа халықтармен араласуында өзіне ғана тән ерекшеліктерінің болуына байланысты, бұл мәселенің нақты тарихи-лингвистикалық деректер негізінде зерттелуі талап етіледі.

Осыған орай қазақ тілінің басқа туыс (қырғыз, өзбек, түркімен, башқұрт ,ұйғыр, т.б) , туыстас (монғол, бурят, қалмақ) және өзге системалы (орыс, араб, иран т.б) тілдерімен көрші ретінде  де, тарихи-саяси, мәдени, географиялық жағдайларға байланысты  да әр дәуірдегі қарым-қатынастағы, олардың өзара ықпалы, лексикалық ауыс-түйістері ерекше назар аударады.

Осыларды зерттеу де қазақ тілі тарихи лексикологияның төл істерінің қорын көбейтпек. Бұл саладағы іденістерді бірнеше бағытта қарастыруға болады.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Көркем троптар, олардың түрлері
  2. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  3. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  4. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  5. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  6. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  7. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  8. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  9. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  10. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  11. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  12. Әдеби ағымдар туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ