Қазақ және Орыс тілдерінің қарым-қатынасы

0
2491
Иллюстрация: Freepik.com

Түркі тілдері мен орыс тілінің (кеңірек алғанда – славян тілдерінің) арасындағы қарым-қатынастарды ғалымдар бес кезеңге бөледі.

Бірінші кезеңде (I-VIII ғғ.) орыс тілі мен бұлғар-хазар тілдері, екінші кезеңде (ІХ-ХІІ ғғ.) печенег, половец тілдері, үшінші кезеңде (ХІІІ-ХV ғғ.) Алтын Орда хандығының ресми тілі болып саналған қыпшақ тайпаларының тілі тығыз байланыста болды;

Ғалымдардың пікірі бойынша, осы кезеңде көптеген араб, парсы, монғол, тибет т.б. шығыс тілдерінің элементтері де орыс тіліне қыпшақ тілдері арқылы енген; төртінші кезеңде (ХVI-ХІХ ғғ.) патшалық Россияның Қазан, Астрахан, Сібір, Қырым хандықтары мен Орта Азия, Қазақстан, Кавказ халықтарын қол астына алып, бағынышты етуіне байланысты орыс тілі осы халықтардың тілімен қарым-қатынасқа енеді; бесінші кезеңге Ұлы Қазан революциясынан кейінгі дәуір жатады.

Аталған кезеңдердің ерекшеліктеріне байланысты орыс тілі түркі тілдерінің дамуына игілікті ықпал жасасағ керісінше, түркі тілдерінің де орыс тіліне тигізген әсері аз болған жоқ. Орыс тілінің сөздік қорына еніп, қалыптасқан 10 мыңнан астам түркі сөздері – түркизмдер, міне, осының айқын айғағы болса керек.

Енді орыс тілі мен қазақ тілінің арасындағы қарым-қатынасқа тоқталсақ, ол дәуірленуі жағынан жалпы түркі-славян тіларалық қатынастарының кезеңдерімен бірдей емес. Кейбір зерттеулерде қазақ пен орыс тілдерінің тарихи қарым-қатынасын төрт кезеңге бөліп қарайды.

Бірінші кезең ХVII ғасырдың басына дейінгі дәуірді, яғни қазақтар мен орыстардың әлі араласа қоймаған, экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланысы аз, Қазақстан жеріне олардың көшіп келмеген уақытын қамтиды.

Екінші кезең (ХVII ғасырдан ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін) Қазақстанның өз еркімен Россияға қосылуы және осыған орай қазақтар мен орыстардың арасында жіті қарым-қатынастың басталуымен ерекшеленеді, орыс сөздерінің қазақ тіліне ене бастауы да осы кезеңде байқалады, зерттеушілер осы кезеңнің ауыс-түйісіне, мәселен, майор, солдат, поштабай, сот, атпекет, соқа, хутор, пристап сияқты сөздерді жатқызады.

Үшінші кезең (ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Ұлы Қазан революциясына дейін) орыс тілі элементтерінің қазақ тіліне сөйлеу тілі арқылы да, жазба түрінде де көптеп ене бастаған дәуірге сәйкес келеді, олардың қатарына: порым (форма), аршын, интернат, шар, самаурын, кереует, божы (вожжи), сөлкебай (целковый), жандарал (генерал-губернатор), ояз (уездный начальник), ауылнай (аульнай) сияқты тұлғалық өзгерістерге душар болған орыс сөздерін жатқызады.

Төртінші кезеңге Ұлы Қазан революциясынан кейінгі дәуір жатқызылады. Бұл кезеңдегі орыс тілінің қазақ т.б. халықтардың тіліне жасап отырған әсер-ықпалы – өз алдына арнайы тексеруді талап ететін күрделі мәселе.

Қазақ, орыс тілдерінің осындай қарым-қатынастарын зерттеуде тарихи лексикологияның да қосар үлесі  зор. Бұл мәселені зерттеуші мамандар оны көбіне-көп синхрондық планда ғана қарастырады да, жан-жақты терең талдауларға, тарихи-салыстырма тәсілге сүйене отырып, тіларалық ауыс-түйістердің заңдылықтарын ашуға бара бермейді.

Мысалы, орыс тілінің сөздік қорына түркі тілдерінен енген он мыңнан астам кірме сөз бар екен. «Түркизмдер» деп аталатын осы кірме сөздерді славян тілінің мамандары да, түркологтар да зерттеуге хақылы. Өйткені бұл мәселе славянистер үшін көршілес түркі халықтардың арасында болып келген ұзақ та тығыз қарым-қатынастарды анықтауға қажет.

Ал түркологтар үшін түркі сөздерінің өткен дәуірлердегі тұлғалық, мағыналық қалпын анықтау үшін қажет. Мәселен, бір кезде орыс тіліне еніп, әбден сіңісіп кеткен балық пен алтын сөздері тұлға жағынан сәйкестігін сақтаса да, түркі тілдеріндегі қалыптасқан номинатив мағынасынан мүлдем өзгеше. Балық түркі тілдерінде «балық» атаулының жалпы атауы болса, орыс тілінде ол балықтың бір түрін ғана (кептірілген балық) білдіреді, ал түркі тілдерінде асыл металды білдіретін алтын сөзі революциядан бұрынғы орыс тілінде ақша өлшемінің баоамасы («денежная единица») ретінде қолданылған.

Қазақ тілінде орыс тілнің әсерімен ақша мағынасында сол кезде қолданылған алтын теңге деген тіркес бүгінде көнерген болса, ал ол орыс тіліндегі «Не было ни гроша, вдруг алтын» деген тұрақты тіркесте қолданыста бар. Бұдан шығатын қорытынды: тарихи лексикологияның басты  міндетіне ана тіліміздің басқа тілдерде жүрген лексикалық ауыс-түйістерін зерттеу де енетіндігі.

Олар сөз тарихын аша түсуге, әр түрлі себептермен ұмыт болған, не көнерген сөздеріміздің өткен дәуірлердегі қалпын, жергілікті (регионалды) ерекшеліктеріне қатыстығын, мағыналық, тұлғалық өзгерістерін анықтауға қажет-ақ.

Түркизмдердің тілдік табиғатына түркологтардың көзімен қараудың тағы бір қажеттігі олардың көп сыры қабылданған тілде емес, өзі пайда болған тілдің топырағында айқын көрінеді. Мұны түрколог ғалым Н.К.Дмитриевтің түркизмдерге арналған зерттеуі толық дәлелдей алады.

Шынында да тіларалық қарым-қатынасқа байланысты болатын лексикалық ауыс-түйістер, бір медальдың екі жағы сияқты, бір тұтас құбылыстың екі тілдегі («сөз қабылданатын» және «сөз қабылдайтын» тілдердегі) көрінісі іспеттес.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Көркем троптар, олардың түрлері
  2. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  3. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  4. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  5. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  6. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  7. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  8. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  9. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  10. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  11. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  12. Әдеби ағымдар туралы түсінік
  13. Қазақ тілі мен моңғол тілдерінің қарым-қатынасы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ