«Бекторының қазынасы» шығармасы туралы

0
17097

Адамға бостандықты ешкім де бере алмайды, егер де бостандық оның өзінде, ішкі дүниесінде болмаса. 

Таласбек Әсемқұлов

Әң­гі­ме не се­беп­ті «Бек­то­ры­ның қа­зы­на­сы» атал­ған?

Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» әңгіме метапрозалық
сипатта жазылған. Себебі мұндағы үш түрлі бейнеде және үш түрлі мекеншақта (хронотоп) суреттелетін бас кейіпкер – бір ғана адам.

Шығарма бас кейіпкердің «Бала кезінде ең жақсы көріп тыңдайтын ертегісі «Ер Төстік» еді» деп басталуы жайдан-жай емес. Оның түсіне Ерназарды құдықтың жанында ұстап  алып азапқа салған Бекторының кіруі, әжесінің: «Ол жын-пері ғой, ойлама,  Құдай Бекторыны кездестіргеннен сақтасын», – деген жолдардан-ақ шығарма  оқырманды бірден қызықтырады. Бұл жердегі Бекторының қазынасы – сан  мыңдаған адамды азғырып, жүректерін саудаға салып, қисапсыз байлыққа  айырбастауы.

Әң­гі­ме сю­же­ті не­ден бас­тала­ды?

Шығарма сюжетінің дамуы тәуелсіздік алған жылдардағы халықтың тіршілік ету қамынан басталады. Әке-шешеден ерте айырылып, атасы мен әжесінің қолында өскен Қайырболды деген атпен танылған кейіпкер әскерге барып келгеннен кейін қаладан пәтер жалдап, ресторанда даяшы болып еңбек етіп жүреді. Азын-аулақ ақшасын үнемдеп, ауылдағы атасы мен әжесіне де көмектесіп отырады.

Бір күні ресторанда қымбат коктейль ішіп, есеп айырысуға ақшасы жетпей тұрған үш қызды аяп, өз қалтасынан олардың ақысын төлеп жібереді. Бұрыннан келіп жүретін жүзі таныс «Бекторымын» деп танысқан сұлу қыз  есесіне гаухар орнатылған ауыр алтын жүзікті жігіттің алақанына қоярда-қоймай салып кетеді. Арада екі ай уақыт өтеді. Қыздан үміт үзген жігіт  ломбардта сарапшы болып істейтін Сәрсен деген досына жүзікті көрсетеді.

Ол  әлемдік қаталогтан жүзікті тексертеді. Осы саланың арнайы маманы Аристарх  Никанорович сақинаны өте жоғары бағалап, Қайырболдыға жүз жиырма бес  мың доллар санап береді. Ол бұл ақшаға ескілеу үйден үш бөлмелі пәтер сатып алады. Арада төрт ай өткен соң Бекторы ресторанға тағы келеді.

Қайырболды тағы да оның жетпей қалған ақшасын төлейді. Қайырболды өз әрекеті туралы ештеңе айтпаса да, Бекторы оның не істеп, не қойғанының бәрін білетін боп
шығады. Одан сескене бастаған жігіт Бекторының айтқанына амалсыз көніп,
қыз тұратын зәулім сарайға барады.

Бұл сәтті жазушы: «Ақ, қара, сары,  қызыл мәрмәр діңгектер, әр бұрышта зүбәржаттан қашап жасаған алып  вазалар, төбеден салбырап тұрған алтын люстралар. Атшаптырым залда кем  дегенде жүз адам сиятын үстел. Ақ дастарқанның үсті қисабы жоқ тамақтың,  шараптың түрлері… Қайырболдының көзі бұлдырап кетті», – деп суреттейді.

«Иә, иә, сол баяғы перінің қызы Бекторымын, – деген қыз, адамның ойын
оқитын әдетімен, – әжең талай айтып берген «Ер Төстік», – дегенде оқырман
мекеншақтың мүлде өзгергенін нақты сезінеді. Мұнда әлдебір сұйыққа  салынған ресторанның бастығының жүрегін, өзі танитын бірнеше кеден офицерінің, полиция қызметкерлерінің, жұмыс бабымен алдарына барған тағы да  талай-талай үлкен шенеуніктердің жүректерін көріп, «олардың адамға деген  аяусыздығының, зорлық-зомбылықтарының сырын» түсініп, «адамдардың  бір-біріне неге қиянат жасайтынын» ұғады.

Әлмисақтан бері жиналған адам  жүрегіне сан жетпейді. Қайырболды ойлана келе: «Жәрдеміңді күте-күте  шаршаған жетім қозы, өз несібемді татуға кеттім», – деп, өз жүрегін мәрмәр  жүрекке ауыстыруға келісім береді.

Осылайша, Бекторының үмбетіне айналған Қайырболды қазіргі заманға қайта оралғаннан кейін иелігіне өткен ресторанды місе тұтпай,  «Меркурий» халықаралық қаржы жүйесінің  депозиттерін, швейцар банкісінің депозиттерін  судай шашады. Аз жылдың ішінде шетелдік сапармен бармаған жері, баспаған тауы қалмайды.

Ресторанның директоры етіп тағайындаған Сәрсен досының ақылымен несие беретін банктің алпауыт иесіне айналады. Кредиттің кесірінен  үй-күйінен айрылып, қарызын өтей алмай, жылап-еңіреп келгендердің  ешқайсына қайырымдылық жасамайды. Тіпті өзінің атасы мен әжесін де ұмытып кетеді.

Осындай жапанды жалпағынан кешкен сегіз жыл өте шығады. Бір күні  кездесуге келе жатқанда Қайырболдының көлігі ойда-жоқта бұрқақтың тасасынан жүгіріп шыққан қолында шелегі бар бір баланы қағып кетеді. Машина жуып күнін көріп жүрген баланың бетіне үңілген Қайырболды оның өзінен  айнымайтындығын көріп, айғайлап жібере жаздайды. Бұл жайттан соң оқиға желісі күрт өзгереді.

Осы арқылы жазушы оны өткен шаққа қайта оралтады. 1-сыныпта оқып  жүрген уақытында жолдың шетінде тұрған Қайырболдыны машина қағып  кетеді. Реанимациядан мүгедек болып шыққан Қайырболды жүргізушінің  кінәсін дәлелдей алмайды, себебі ауыл арасындағы сот қана болды. Жүргізуші ештеңені мойындамай, сытылып кеткен еді…

Қайырболды Тұздыбастау ауылынан қалаға қатынап, машина жуып күн
көретін баланың аман-сау қалуына бар күшін салады. Кезінде банктен алған
кредитін жаба алмай, үйі мен бар байлығынан айырылып, қайтыс боп кеткен
әкесінің жиған-тергенін түгел қайтартады. Шұғыл түрде жасалған медициналық көмектен кейін бала да аман қалады.

Енді Қайырболды Бекторы тұрған жерге қайта келіп, санаулы адамдар
қатарында өз жүрегін қайтарып алады. Есік алдына шыққанда Қайырболдының қымбат машинасы жоқ, үстінде баяғы ескі киімі болады. «Ол кейін әжесімен кешу айтысып табысады, атасының төрт жыл бұрын дүниеден қайтқанын  естіп қайғырады, ақырында өзі сүйген қызға жүрегі дауалап, асықтық сөзін де айтады.

Бірақ бұның бәрі кейін болады. Ал қазір ол Алматыға, өзінің Алматысына асығып бара жатыр еді» деп аяқтайды жазушы Қайырболды оқиғасын. Сюжеттің байланысы енді Қайырболдыдан басқа адамға ауысады.  Ол – қазақ теледидарында қатардағы тележурналист-редактор болып қызмет  істейтін Сағындық Тілешев. Жоғарыдағы оқиғаның бәрі Сағындықтың түсі еді.

«Басқа адам болғанына, Қайырболды деген адам болып өмір кешкеніне зәредей
күмәні жоқ» ол орнынан тұра салысымен, өзі түсінде қызмет атқарған ресторанға келеді. Мұнда өзін тосып тұрған Бекторымен кездеседі. Одан неге басқа
адам болып өмір сүргенін сұрағанда Бекторы былай деп жауап береді: «Дүние
барған сайын қиындап, адамдардың бір-біріне деген көңілі барған сайын суып
барады. Қазақтан пейіл кетті.

Бұрын жақсылығы асып-төгілген, төңіректегі жұрттың бәріне пана болып, шарапаты жеткен қазақ, енді өзіне қайырым  қыла алмай отыр. Сен Қайырболдының тағдырын кештің. Қайырболды болып,  кедейшіліктің қорлығын да, байлықтың игілігін де көрдің. Асып-тасқан  меймананың неге апарып соғатынына да көзің жетті. Сен өзің мүлдем танымайтын адамның тағдырына теліндің. Бөгденің тағдырын өз тағдырыңдай
кешкендіктен, сен сол Қайырболдыны енді өзіңдей көресің.

Ұрпақ ендігі жерде  бір-біріне осындай бауырмал болмаса, өмір сүру қиын болады». Осыны айтып, перінің қызы қоштасып кеткенімен, жазушы оның ешуақытта өмірден жоғалмайтынын сездіреді. Тек адамдар өз жүрегін таза сақтай білуі керек деген ойды
меңзейді. Сюжеттің шарықтау шегі Сағындықтың Қайырболды Намазбеков деген
даяшыны іздеп, таба алмауымен түйінделеді. Тіпті ондай адам ресторанда тіркелмеген де болып шығады. Бұған Сағындық қуанып: «Сен пері емессің–періштесің!.. Жаса, Бекторы!» – дейді.

Бұл сөздің мағынасын жазушы былайша көрсетеді: «Мен заманымда
кедейлікті де, байлықты да көрдім. Басыма нелер келіп, нелер кетпеді. Кедей
едім. Кедей болсам да көңіліммен бай едім. Бай болдым, бай болсам да – кедей
болдым. Ақшасы көп қайыршы болдым. Тастан сарай салдырдым, алтынды
уыстап шаштым. Бірақ кеудемдегі жүрегім тас еді.

Міне, мен қазір ешкімнен артық та емеспін, кем де емеспін. Тіршілігім бір басыма жетеді. Есесіне кеудемде тірі жүрегім бар. Көңілімде адамдарға деген құрмет пен ықылас-пейіл бар… Сағындық қаламын қойып, үстелден шегініңкіреп отырды да терезеге қарады. Қалың бақтың ар жағынан Алматының ғажайып таңы атып келе
жатыр еді». Әңгіме осымен аяқталады.

Түйіндеп айтқанда, автор үш түрлі уақыт пен кеңістікті көрсете отырып,  қазіргі қоғамдағы өмір шындығын ашып береді. Біріншісі – Қайырболдының басынан кешкен оқиғалары, екіншісі– Сағындықтың перінің қызы Бекторымен  кездесуі, үшіншісі – әңгіме кейіпкері және әңгіме ішіндегі автор. Т.Әсемқұлов  шығармасында симулякрді екі рет қолданған. Біріншісі – Бекторы мен Қайырболды оқиғасы, екіншісі – Бекторы мен Сағындық оқиғасы. Бұл екі оқиға да  шынайы өмірде болмаған. Бірақ жазушы осы тәсілді қолдану арқылы бүгінгі  заман  ахуалына орай адам санасының сан түрлі құбылуын ашып береді.

Абай атамыздың Он жетінші қарасөзінде қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, бір-бірімен таласа келіп, ғылымға жүгінеді.

Сонда Ғылым:
«Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы
көзге сүртерлік қасиетті адам сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым.
Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала қалпыңа әрдайым
қарайды деп кітаптың айтқаны осы», – депті.

Міне, Т.Әсемқұловтың да негізгі айтпақ ойы– кез келген жағдайда адамдық
болмысты жоғалтпау, жүректі таза ұстау, қайырымды болу, төзімді болу, сабыр
сақтау, сонда ғана уайымсыз-қайғысыз өмір сүресің.

Дереккөз: Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. Р.Зайкенова,
Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова

Басқа да материал:

  1. Талас­бек Әсем­құ­лов­тың өмірі туралы мәлімет

  2. Талас­бек Әсем­құ­лов­ туралы естеліктер

  3. Тұманбай Молдағалиевтың өмірі мен шығармашылығы

  4. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы

  5. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ

  6. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  7. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  8. Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет
  9. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы
  10. Сәкен Сейфуллин өлеңдерінің идеясы мен мәні
  11. «Қайталау» теориясы туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ