ҰБТ-ға дайындалудың тиімді жолдары

0
2541

  Ұлттық біріңғай тестілеу — мектеп табалдырығын тәмәмдап, болашаққа бағдар жасар алдындағы қорқыныш пен қобалжуғa толы сынақ сәті. Осы сынақта білім бәйгесінде оза шапқандар жоғарғы ұпайға қол жеткізіп, тегін оқуға мүмкіндік алады.

Ал өз білімінің белесінен аса алмай, сынақтан сүрінгендер үлкен армандарының көкке ұшқанын аңғарады. Осылай сіздің де армандарыңыз көкке ұшқанын қаламасаңыз, мен өз тәжірибемде қолданған кеңестерді пайдаңызға жаратуға кеңес беремін.

Жайлылық. Сіз ҰБТ – ға дайындықты бастамас бұрын өзіңізге тұрақты бір орынды дайындаңыз.Ол орныңыз өзіңізге ыңғайлы, әрі тыныш болуын ескеріңіз. Егер шулы әрі сіздің ойыңызды бөле беретін, кедергі жасайтын орын болса, ол сізге нәтиже алып келмейді. Тұрақты орын мен жайлы атмосфера қалыптастырып, білім алатын болсаңыз, бұл әдіс сізге мол ықпалын тигізеді!

Жан – жақтылық. Дайындық барысында көп жіберілетін қателіктердің бірі, оқушылар көбіне қиынға соғатын сабағына баса назар аударып, қалған сабақтарын қалыс қалдырып жатады. Бұл үлкен қателік. Тек бір пәнді немесе бейіндік пәндер қиын деп сол пәндерге ғана уақыт бөлу дұрыс емес. Сіз көбірек дайындалған пәннен білім деңгейіңіз көтерілгенімен, басқа пәндерден білім деңгейіңіз төмендегенін келе-келе байқайтын боласыз. Сондықтан белгілі бір жүйе қалыптастырып, барлық пәнге бірдей уақыт бөліп, тереңірек оқи беріңіз. Бұл әдістің нәтижесін уақытында көретін боласыз!

Қайталау – білім анасы. ҰБТ – дағы сұрақтар ойдан құрастырылмайды немесе аспаннан алынбайды. Барлығы біз оқып бітірген оқулықтан алынып, құрастырылады. Сондықтан 5-11 сынып аралығындағы оқулықтарды бір шолып шыққаныңыз дұрыс болады. Түсінбеген тақырыбыңызды бірнеше рет қайталау, тақырыпты толық меңгеруге, есте ұзағырақ сақтауға жол ашады. Оның өзі көмектеспесе сол тақырып төңірегінде конспект жазыңыз. Біреу жазу арқылы көбірек білім алса, біреу көру арқылы, енді бірі естігенін бірден қағып алатын қабілеті болады. Өз қабілетіңізді аша біліңіз!

Тиімділік. Әр дайындығыңызды тиімді өткізіңіз. Дайындықта тек ұялы телефонға телміріп немесе достарыңызбен әңгіме айтып өткізбеңіз. Дайындық үйде болсын, мектепте мұғалімдермен болсын, арнайы білім беру орталықтарында болсын тиімді пайдаланыңыз. Түсінбеген сұрақтарыңызды ешқандай қысылмай уақытында қойып үйреніңіз. Қате болған сұрағыңыздың дұрыс жауабын ғана біліп қоймай, сол тақырыпты толық түсіндіруін талап етіңіз. Мұғалімдер ешқашан бетіңізді қайтармайды, керісінше беліңізді буып, барынша көмектесуге тырысады. Мұғалімдермен кері байланыс әрқашан өтімді болады және жоғарғы нәтижеге жетелейді.

Шектеу. Ең бір ескеретін мәселе ол шектеу қоя білу. Не нәрсені болсын шектен асыратын болсаңыз, ол теріс нәтиже беретіні айдан анық. Ең бірінші дайындық кезінде зейініңізді тек дайындық кітаптарына бұрғаныңыз жөн. Ұялы телефон, гаджеттерден өзіңізді белгілі уақытқа шектеңіз.

Екіншіден, тек оқу, оқу деп достарыңызды, қызығушылықтарыңызды ұмытып кетпеңіз. Уақытылы ұйықтап, дұрыс тамақтануды да естен шығармаңыз. Тым көп оқуға көңіл бөлуді қойып, белгілі бір шегімен ғана оқыңыз. Тым көп оқу адамды шаршатады. «Денсаулық – зор байлық» екенін естен шығармағаныңыз жөн.

Мектеп бітіруші түлектердің көпшілігінде қате түсінік қалыптасқан. Олар ҰБТ – дан жоғарғы балл алу, грант иегері атану өмір бойы өзін бақытты сезіну деп ойлайды. Ал төмен балл алса қоғамға керексіз, шеттетіліп қалған тұйық адамға айналады. Тұйықтық өз кезегінде зардаптарын тигізетіні анық.

Бұл түсінікті біз ҰБТ – ның маңыздылығын тым асқақтатып жібергенімізден пайда болған. Бір ғана айтарым ҰБТ тапсыру өмірдің соңы емес. Тек болашаққа бағдар жасаушы баспалдақтардың бірі ғана. Сол баспалдаққа қадамыңызды нықтап, сеніммен қадам бассаңыз, болашағыңыз жарқын болары анық.

Ал қадамыңды нықтау үшін жоғарыдағы кеңестерді кәдеңізге жаратып, тыңғылықты дайындалыңыз. М.Шаханов атамыз айтқандай, «үлкен болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға». Әрқашан армандай біліңіз!!! Сәттілік серігіңіз болсын!!!

Мәлік Мади Арманұлы
Тұран университеті
3 курс студенті

Ұқсас метриалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ