Дәстүрлі малшаруашылығының ерекшеліктері (сабақ жоспары)

0
1567
Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
—  көшпелілердің шаруашылық өмірінің ерекшеліктерін анықтау.

Зерттеу сұрағы
Ортағасырлық саяхатшылар Қазақстанды қалай сипаттады?

Оқулық
Дәстүрлі малшаруашылығының ерекшеліктері. 167–169 беттер.

Тірек сөздер
— Малшы
— Пірлер
— Жылқы
— Түйе
— Сиыр
— Қой
— Жайылым

Ресурстар
1. Роль степных городов в цивилизации номадов. Астана. 2008
Средневековые города Казахстана. Алматы. 2006
2. Райымхан К.Н. Музей жәдігерлері тарихи дереккөз ретінде (Қазақстан
музейлері негізінде). Астана. 2010
3. Алимбай Н., Муканов М., Аргынбаев Х. Традиционная культура жизнеобеспечения казахов. Очерки теории и истории. Алматы. Ғылым. 1998.
4. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының
дәстүрлі жүйесі. 5 томдық. Алматы. 2011-2014.
5. Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов (Основы жизнедеятельности
номадного общества) Алматы-Москва. Совинвест-Горизонт. 1995

Көрнекілік
Төрт түлік малдың мерзімдік жайылымдары мен жайлаулардағы тұрмысты қамтитын фотослаид.

Мақсатты айқындау
Малшаруашылығының қалыптасуының тарихи кезеңдеріне шолу жасап өту. Төрт түлік малдың түрлерін, олардың тіршілік қамы жүйесіндегі маңызын ұғындыру.

Малды бағуға кәсіптенген малшылардың қоғамдағы орнымен таныстыру.Қазақтардың дәстүрлі шаруашылығында малшаруашылығының алатын орын
көрсету.

Сабақтың деректік материалдары
“Таулы, далалы, шөлейттi болып келетiн түрлi зоналар мен белдеулердi алып жатқан территорияда малшаруашылығының экологиялық негiзiндегi үш типi-көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшы малшаруашылығының iшiнде таулы өлкеге тән болатын жартылай көшпелi шаруашылық типi қалыптасты.

Жартылай көшпелi малшаруашылығы тұрақты қыстаудың болуымен, мал құрамында сиырдың үлес салмағының арта түсуiмен және қыстау маңына тары, бидай егумен ерекшеленедi. Егiншiлерде отырықшы малшылық түрi болды. Далалы ерекшелiктерге байланысты жартылай отырықшы, жартылай көшпелi деген ауыспалы шаруашылық түрлерi болды.

Өйткенi, егiншiлiк алқаптары көшпелi малшаруашылығы дамитын жартылай
шөлейт және шөлейт далалардың ортасында болатын. Отырықшы мен жартылай отырықшы малшаруашылығының жартылай көшпелi және көшпелi
малшаруашылығына ауысуына байланысты түлiк құрамы да өзгерiске түсiп,
көшiп-қонуға қолайлы қой және түйе басым бола түседi”. (Этнограф Досымбек
Қатранның музейлік экскурциясынан).

Дәстүрлі малшаруашылығының түрлерін нақтылап көрсету мақсатында деректерге сүйену, малшалуашылығы түрлерінің дамыған аймақтарын карта арқылы көрсету.

Сабақ түрі мен әдісі
Сабақтың 2-3 минутын ойын, жұмбақ сабақ ретінде ұйымдастыруға болады.
Сабақ барысында төрт түлік малға қатысты жұмбақ жасыру — оқушылар зейінін дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Сабақ барысында төрт түлік малға қатысты халықтық мақал мәтелдер айтып, жұмбақтар жасыруға болады.

Мысалы, түйеге байланысты мақалдар: “Түйесі бардың, киесі бар”, “Бақырауық демесең, бағалы көлік түйе ғой”, “Жалғыз баласы өлген жұртта калмайды, жалғыз түйесі өлген жұртта қалады”, “Түйелі ел қырға, түйесіз ел Сырға”, “Нар баласы Қырымға”, “Нар жолында жүк қалмас”, “Ауырды нар көтереді, ауруды ер көтереді”, “Алты айлық жолға арымас, атан деген көлік бар”.

Бағалау мүмкіндігі
Оқушылар топқа бөлініп көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы малшаруашылығының түрлерін немесе төрт түлік мал түрлерін бөліп алып, олардың ерекшеліктері мен тіршілік үшін маңызын, айтып, бір топ, екінші топқа төрт түлік мал, малшаруашылығында қолданатын шаруашылық бұйымдары туралы жұмбақ жасырып, нәтижесін бағалауға болады.

Топ жетекшілеріне бағалауына мүмкіндік беруіне болады.

Қосымша тапсырмалар
Төрт түлік мал туралы нақыл сөздер, бата түрлерін жаттап келу.
Білімін шыңдауға берілетін тест
Тесттен 4 дұрыс жауабын тап!

1. Халық санасындағы түсінік бойынша малдың желеп-жебеуші пірлерін
дұрыс бағыт бойынша белгілеңіз:
А) Жылқы пірі — Ойсыл Қара     Е) Түйе пірі — Шекшек Ата
В) Қойдың пірі — Шопан Ата  F) Жылқы пірі — Қамбар Ата
С) Сиыр пірі — Зеңгі Баба   G) Қойдың пірі — Зеңгі Баба
Д) Ешкі пірі — Шопан Ата       H) Түйе пірі — Ойсыл Қара

Тесттен 4 дұрыс жауабын тап!
2. Көшпелі мал шаруашылығындағы мерзімдік жайылымдарды анықтаңыз:
А) Өріс           Е) Көктеу
В) Жайылым  F) Қыстау
С) Жайлау    G) Күздеу
Д) Қыстақ     H) Батпақты.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ