Достық әнін шырқайық! 1 мамыр – халықтар бірлігі мерекесіне арналған сазды бағдарлама сценарий

0
2270

1-жүргізуші: Қайырлы күн, ардақты ұстаздар!

2-жүргізуші: 1 мамыр – Халықтар бірлігі мерекесіне арналған «Достық әнін шырқайық!» атты сазды бағдарламамызды бастауға рұқсат етіңіздер!

1-жүргізуші: Бұл күн — әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, адамзаттық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі.

2-жүргізуші: Бұл күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.

1-жүргізуші: Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау – Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет.

2-жүргізуші: Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – барша қазақстандықтардың борышы.

1-жүргізуші: Баршаңызды 1 мамыр – Халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

2-жүргізуші: Баршаңызға, әр отбасына береке-бірлік, бақыт-байлық тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

1-жүргізуші: Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз молшылыққа, ал әрбір шаңырақ шаттық пен бақытқа кенелсін!

1,2-жүргізуші: МЕРЕКЕ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

1-жүргізуші: Нәсілдерге нәсіл болсын нұрлы күн,
Ынтымақтың шертсем деймін бір жырын.
Татулығын жырға қосам ұлттардың,
Мақтан қылып ұлыстардың бірлігін.

2-жүргізуші: Тілі бөлек болғанымен тілек бір,
Ұлы достық мәпелеген жүрек гүл.
Қазақстан бар ұлысқа шаңырақ,
Шайқалмастан шаттығымыз тіреп тұр.

1-жүргізуші: Ұлтаралық татулық арқасында  бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай.Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен.

2-жүргізуші: Кең байтақ елімізді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқарып отырса, біздің білім ордамыздың ұйытқысын келтіріп отырған бәріміздің басшымыз …………………………………………………………….

Ендеше, ағай, көпшілікке деген жүрекжарды ақ тілегіңізді білдіру үшін өзіңізді ортаға шақырамыз.
/мерекелік лебіз/

1-жүргізуші: Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мың тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен күн түрілген.

2-жүргізуші: Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім.

1-жүргізуші: Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 20 жыл толғалы отыр. Бұл – қажырлы еңбектің, төзімділік пен жеңістің 20 жылы. Егемен ел бесігі жыл өткен сайын еңсесін биіктетіп келеді.

2-жүргізуші: Алғашқы кезекті өзіміздің ұлттық дәмімізді ұсынатын, ұлттық биімізді шашу ретінде жолдайтын өз ұлтымыздың өкілдеріне алғашқы сөз кезегін береміз.
—————————————————————————————————————————-
1-жүргізуші: Мерекелік құттықтау сөз кезегі ардагер-ұстаз Төлесбаева Айханым апайға беріледі.
/мерекелік лебіз/
—————————————————————————————————————————-

1-жүргізуші: Құрметті қонақтар! Бүгінгі мерекемізде біз 8 ұлт өкілдерінің басын қосып отырмыз. Әрине, қазіргі таңда елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады.

2-жүргізуші: 1995 жылы ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым.

1-жүргізуші:   Ортақ мекен жер шары,
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан.

2-жүргізуші:Ортақ бізге бір Отан,
Ортақ жердің байлығы.
Еңбек ортақ, жыр ортақ,
Ортақ бізге барлығы.

1-жүргізуші: Байлықтың ең үлкені – халықтар достығы,- дей отырып, Орыс мәдени орталығына сөз кезегін береміз.
/Орыс халқының сәлемі/
1-жүргізуші:Елім менің, жарқыраған, жайнаған,
Бақ біткенде бұлбұл құсы сайраған.
Елім менің биіктігі шарайнам,
Қыран құсы көгінде мың самғаған!

2-жүргізуші: Сөз кезегін Өзбек мәдени орталығына береміз.
/Өзбек халқының сәлемі/

2-жүргізуші: Жер-Ана бәрімізге ортақ. Осынау сахара кең қазақ даласында көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті ынтымақта, бауырластықта өмір кешуде.

1-жүргізуші: Қазақ жері ортақ Отан, ортақ өлке болып, әр азаматтың мекеніне айналған. Келесі кезекті қырғыз мәдени орталығының өкілдеріне береміз.
/Қырғыз халқының сәлемі/

1-жүргізуші:  Ағайын-туған – бар адам,
Адалдық үшін жаралған.
Бар қымбат туыстық,
Баянды болсын тыныштық!

2-жүргізуші: Ортаға көршілес түркмен мәдени орталығының өкілдерін шақырамыз.
/Түркмен халқының сәлемі/

2-жүргізуші:   Республикам менің,
Республикам менің,
Абатым!
Көркіңді көрсе – мейірі көздің қанатын!
Қуат бар сенде лапылдап от боп жанатын,
Шуақ бар сенде достасып бірге табатын!

1-жүргізуші: Сөз кезегі украин мәдени орталығының өкілдеріне беріледі.
/украин халқының лебізі/

1-жүргізуші: Тілегі бір,
Жүрегі бір.
Достармен біз біргеміз.
Туыс барда құрыштан да,
Берік біздің іргеміз!

2-жүргізуші: Өз құттықтау лебізін білдіру үшін ортаға көршілес түрік мәдени орталығының өкілдерін шақырамыз.
/түрік халқының лебізі/

2-жүргізуші:                     Жер-анамыз жасайды тарлық кімге,
Кетпеу үшін мәңгілік қалғып түнде.
Қайталанып, жаңарып айтылады,
Бейбітшілік деген сөз барлық тілде.
1-жүргізуші: Сөз кезегі поляк мәдени орталығына беріледі.
/Поляк халқының құттықтауы/

1-жүргізуші: Жақсылыққа, бақытқа,
Талпынған әр уақытқа.
Бала біткен дос-бауыр,
Болмасын еш тосқауыл!

2-жүргізуші: Келесі кезекте ортаға қытай мәдени орталығының өкілдеріне береміз.
/қытай халқының лебізі/

1-жүргізуші:   Қайсарлығы қара тасты үгіткен,
Қаһарынан қас дұшпаны үріккен.
Қайырымдылығы тас жүректі жібіткен,
Арғы тегі Алаштан тараған,
Керегесін ағаштан құраған елміз!

2-жүргізуші: Тағдырдың тезіне, қолдан жасалған тозақтың өзіне шыдаған елміз. Бабалар рухына бас иіп, Алладан медет сұраған елміз!

1-жүргізуші: Халқы жомарт, даласы дархан, орманы қорған, таулары қалқан болған ақ бесік атамекені бар, сол мекенде жусанының жұпар иісін иіскеген, өздігінен ешкімге тиіспеген елміз!

2-жүргізуші: Шыдамының шегіне жеткенде, намыс оты еті түгілі сүйегінен өткенде, кеудесінде жанар тауы жарылып, көзінің алды қанталап, өзіне қарап анталап тұрған жаудың алысқанының аузына ұрып, жұлысқанының жұлынын жұлып бір-ақ тоқтаған қазақпыз!

1-жүргізуші: Сондықтан да біздің мемлекет кешегі бабаларым табыстаған, сәт сайын, сағат сайын қарыштаған Тәуелсіз Қазақстан!

2-жүргізуші: Ән «Қазақстаным менің!» /ән орындалады/

1-жүргізуші: «Ел бірлігі – ең асыл қасиет.Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек» деп көрегенділікпен Елбасымыз айтқандай, біз сияқты көпұлтты мемлекеттің даму болашағының бір көзі – Қазақстан халықтарының бірлігі.

2-жүргізуші: Қазақстан сияқты жас мемлекеттің өркендеуінің бір кепілі еліміздегі ынтымақтастық пен бейбіт өмір!

1-жүргізуші: Ендеше, бейбітшілік жасасын!

2-жүргізуші: Ынтымақтастық жасасын!

1-жүргізуші: Қазақстан жасасын!

2-жүргізуші: 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні жасасын!

1-жүргізуші: Осымен, бүгінгі «Достық әнін жырлайық!» атты мерекелік бағдарламамызды аяқтаймыз.

1,2-жүргізуші: Сау саламатта болыңыздар!

Басқа материалдар:

  1. Ынтымақ, бірлік туралы мақал-мәтелдер
  2. «Ынтымағы жарасқан – Қазақстан» тақырыбында тәрбие сағаты
  3. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  4. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  5. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  6. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  7. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  8. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  9. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  10. SMM маманы деген кім?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ