Ел тілегі, ел тірегі-Елбасы!

1
996

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күніне орай 2020  жылдың 21 қарашасында  сағат 11.00 -де  әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультетінің студенттерімен (ұйымдастырушы т.ғ.к., доцент Г.Б. Қозғамбаева)  онлайн форматында  Елбасының сыныптасы – Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіге Исатұлы Жүнісбеков ағамызбен кездесу өтті.  

2012 жылы 1 желтоқсан Қазақстанда алғаш рет – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіп, бұл баршамыз үшін қуанышты оқиға болды.

Елбасына деген ел құрметін айрықша айғақтауға арналған бұл мерекенің дәстүрлік іс — шараға айналуда орны ерекше.  Осы іс-шара аясында, Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысымен Қазақстан Республикасы Ұлттық педагогикалық Академиясы мен Қазақ Ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультеті бірлесе отырып, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Елбасының  сыныптасы, досы Едіге Исатұлы Жүнісбеков ағамызбен кездесу өтті.

Іс-шара барысында Едіге ағамыз: «Мектепте бірге оқыған сыныптастары арасында Нұрекең жастайынан дараланып тұратын, ерекше болды, ол бізден гөрі әлдеқайда ақылды, сол уақыттың өзінде-ақ  барлық жағынан биік болды. Бала кезімізде  бір-бірімізбен араздасып та қалатын уақыттар болды. Ал, Нұрекең ешкіммен араздаспайтын, ешкімнен бөлініп кетпейтін және сабақ үлгерімі де өте жақсы болды.

Ол мектеп қабырғасында оқып жүрген кездің өзінде-ақ оның бойынан көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеті дараланып тұратын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, Елбасы —  Н.Ә. Назарбаевты бәріміз де ең алдымен тәуелсіз еліміздің басында тұрған тұғыры биік тұлға ретінде білеміз.

Республикамызда Елбасымыз  жемісті жетекшілік еткен уақытта Қазақстанды биікке көтеріп, дүниежүзіне танытты, өркендетті, әлемдегі мәртебесін биіктетіп, абыройын арттырды. Сарыарқаның сайын даласының төріне апарып орнықтырған елордамыз, бас қаламыз — Нұр-Сұлтан қаласын тұрғызды.

Біздің аса қымбатты Елбасымыздың туған халқы үшін істеген істері ерен, атқарған жұмыстары орасан. Тұңғыш Президентіміздің  алдағы уақытта да туған елі үшін аянбай еңбек ете беретіні анық»,- деп  сөзін қорытындылады. Іс-шара барысында Едіге ағамыз Елбасымен  бірге мектепте оқыған, жастық шақ жылдары, еңбек еткен жолын студенттерге әңгімелеп берді. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар, іс-шара барысында Елбасымыздың: «ХХІ ғасыр табалдырығында», «Бейбітшілік эпицентрі», «Еуразия жүрегінде», «Тәуелсіздік белестері», «Қазақстан жолы», «Бейбітшілік кіндігі», «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл» сынды еңбектері талқыланып, осы еңбектері жайлы студенттерге мәліметтер айтылды. Едіге Исатұлы студенттерімізге жақсы оқып, білім алуға бүгінде барлық жағдай жасалғаны туралы айтып, сәттілік тіледі.

Кездесудің үлкен тәрбиелік мәні болды. Елбасының еңбек және өмір жолымен  танысқан студенттер рухани азық алып, үлкен әсерге бөленді.

Қозғамбаева Гүлнәр Бестібайқызы 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, т.ғ.к.,
Намазбай Бақберген
1 курс студенті

Ұқсас материалдар:


1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ