Ертетүркілік тас қашау, бейнелеу және көзешілік өнері (сабақ жоспары)

0
2504
Гомотетия және оның қасиеттері

Сабақтың мақсаты:
— 6.2.2.5 — көшпелілердің қолданбалы өнер жетістіктерін сипаттау.

Зерттеу сұрағы:
Әлем өркениетінің дамуына түрік мәдениеті қандай үлес қосты?

Оқулық
Ертетүркілік тас қашау, бейнелеу және көзешілік өнері. 82–86 беттер.

Ресурстар
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Алматы. Атамұра. 2010.
2. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников — феномен истории и культуры
Евразии. Алматы. Ғылым. 2002. 654 с.
3. Памятники архитектуры Казахстана. А. 1998
4. Досымбаева А. Западный Тюркский каганат. Культурное наследие казахских степей. Алматы. 2006

5. Роль степных городов в цивилизации номадов. Астана, 2008
6. VI-VIII ғғ. Еуразиядағы түрік мұрасы (ғылыми-танымдық альбом)
Тюркское наследие Евразии VI-VIII (научно-популярный альбом). Алматы.
2012. (қазақша, орысша).
7. Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Ғылыми-зерттеу еңбек. Алматы.
“Өнер” баспасы. 1987. 128 б.

Тірек сөздер
— Балбал
— Бәдіз
— Бәдізші
— Қойтас
— Көзеші

Көрнекілік
Балбал, сағанатас, құлпытас, сандықтас, бестас, қойтас, қошқартастар орнатылған діни-культік кешендер суретінен слайд; Арпаөзен, Сауысқандық (Қаратау), Хантау, Құлжабасы, Таңбалы (Шу-Іле таулары), Ешкіөлмес, Баянжүрек (Жоңғар Алатауы), Шимайлы, Ақжал, Ақжайлау, Оралбай (Тарбағатай таулары) петроглифтеріндегі ертетүркілік кезең жартас суреттерінен слайд.

Көзешілік өнер туындылары атаулары мен суреттері орналастырылған кесте. Отырар, Сығанақ қалаларының көзешілер шеберханасынан, қыш күйдіру пештерінен суреттер. Фотоальбомдар, слайд, қолданбалы өнер туындылары мен олардың жасалу жолдарын қамтитын деректі фильмдерден үзінді.

Мақсатты айқындау
Ертетүркілік тас қашау өнерінің туындылары тас мүсіндердің түрлері мен олардың ерекшеліктерін, қойылу, орнатудағы мәнін түсіндіру. Ертетүркілік кезеңдегі жартастағы суреттер мазмұны туралы тарихи ақпарат беру.

Көзешілік өнердің қазақ жерінде дамуының ерекшеліктерін айтып жеткізу. Сәндік қолданбалы өнер туындылары — тұрмыстық және шаруашылық салада қолданыстық маңызы бар өнер туындыларын қолдан өндіретін, дәстүрлі қазақы орта да ертеден қалыптасқан кәсіпшіліктің атауы.

Сабақты өткізу барысында келесідей мақсатқа жету көзделеді: сәндік қолданбалы өнердің салалары мен бағыттарын қамтып айту арқылы қазақ халқының ұлттық
қолөнерінің бірегейлігін таныту. Қолөнер тұрмыстың барлық саласымен тікелей байланыста қалыптасып, әрі бірге дамып отырғандығын, қолөнердің көпсалалығын таныту. Қазақ қоғамында қөлөнермен айналысатын шеберлердің қоғамда орны ерекше болғандығын, олардың жеке бір салаға маманданғандығын немесе бірнеше еңбекті қатар атқара бергендігін айтып жеткізу.

Ұлттық қолданбалы өнерін дамытқан халық шеберлерінің қолынан шыққан туындыларды жоғары эстетикалық талғаммен жасағандығын көрсете отырып, оқушыларға қазақ халқының материалдық мәдениетінің бірегейлігін, олардың халқымыздың тарихи-мәдени мұрасы екенін ұғындыру, тарихи-мәдени мұрамызға ерекше құрметпен қарауға үйрету.

Ұлтымыздың ұлттық қолданбалы өнерінің бірегей туындылары мен оларды жасаған халық шеберлерінің қажырлы еңбегі мен олардың қоғамда алатын орны зор екенін айта отырып, оқушыларды еңбексүйгіштікке, жоғары эстетикалық талғамға баулу.

Сабақтың деректік материалдары
Деректі оқып діни-ғұрыптық кешендегі тас мүсіндер туралы ақпарат бер.“Атақты ойшыл әрі шешен Иолық тегін әкесі Білге қағанға ескерткіш орнатып былай деп жазған: “Әкем қағанға балдық (балбал) тіктім” деген.

Білге қағанға арналған балдалдар тізбегі (Моңғолияда) 3 км., шамамен 750 тас. Ол түркі дәуірінің (6-9 ғғ.) ғұрыптық тас қоршауларымен бірге орнатылады. Қоршаудың сыртындағы шығыс іргеге өлген бейнесін беретін тас мүсін қойылса, одан әрі шығысқа қарай ондаған, кейде жүздеген балбалдар тізбег іорнатылады.

Ә. Марғұланның деректері бойынша, ертеректе Қарқаралы, Баянауыл жерлерінде 300-350 ден астам бағаналардан тұратын балбал тізбектері кездескен” (Ұлттық Энциклопедия. 2 том. Алматы, 1999. 106 б.). “Көркемдік әсері бар дүние ол — текемет. Өзінің монументалдығымен, түр-түсінің сәнімен өлшенеді. Киізден жасалатын төсеніштің тағы бір түрі — сырмақтың оюлары симметриялы және графикалық анықтылықпен ерекшеленеді.

Оюлау әдісі — (аппликация және инкрустация) ежелгі дүниеден белгілі болғандығына Пазырық қорғанынан (біздің эрамыздан бұрынғы V  ғасырда) табылған көркем киіздер айғақ болады. Төсеніш киіздерде қошқар мүйізді оюдың алуан түрлі көріністері басымырақ кездеседі.

Ол байлықтың және молшылықтың нышаны болған. Ал сырмақтың текеметтен айырмашылығы оның ою-өрнектерінде өсімдік мәнерінде — пальметта, жапырақ және бұтақ бейнелі өрнектердің үйлесімділігінде Көшпелі өркениет бейнелеу өнерінің станоктік формаларын жасамағанмен киіз үйдің ішкі көркемдік формаларының ең маңызды элементі — кілемді дүниеге әкелді.

Сонау көне заманнан бері келе жатқан халықтың дәстүрлі үй мүлкінің бірі — кілем қазірдің өзінде де маңызын жойған жоқ. Қазақ шеберлері кілемнің небір түрлерін тоқыған: түкті кілем, тақыр кілем, алашалар, басқұрлар, қоржындар, кілем салатын керме қап сияқты тұрмыстық бұйымдар. Қазақстан жерінде кілем тоқу өнері әсіресе Қызылорда, Оңтүстің Қазақстан және Жамбыл облыстарында жақсы дамыған” (Ә. Қастеев атындағы өнер музейі фотоальбомы. Алматы. Өнер баспасы, 2012)

Сабақ түрі мен әдісі
Интерактивті белсенділік. Тарихи саяхат. Тарихи дискурс. Жаңа білім мен өткенді және пәндер арасындағы байланысты көрсету мақсатында — технология пәні мұғалімінің қатысуымен біріккен сабақ.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Интернет желісіне қосылған интерактивті тақта арқылы http://kazmuseum. kz; http://www.madenimura.kz/ru/ сайттары кіріп, Ұлытау тарихи-мәдени қорығы, Маңғыстау тарихи-мәдени қорығы, Орхон-Енисей тарихи-мәдени қорығында сақталған тас мүсіндермен, “Таңбалы” тарихи-мәдени қорығындағы түркілік кезең жартас суреттерімен танысу оқушылардың тарихи-танымдық білімін бекіте түседі. Тас мүсіндерді ҚРМОМ, ҚР Ұлттық музейі және жергілікті тарихи-өлкетану музейлері қоры мен экспозициясынан көрсетуге болады (музей сайттары мен каталогтары, фотоальбомдары).

Қазақтың сәндік қолданбалы өнерінің бағыттары мен салалары көп, оның барлығы бір сабақ көлемінде қамту қиын болғандықтан факультатив немесе қосымша сабақтарға өз қалауларыңызбен тақырып қоюларыңызға болады. Мысалы, “Тас қашау өнері және балбал тастар, бұғытастар, қойтастар”, “Ер-тоқым түрлері”, “Оюөрнектер мәні мен мағынасы” т.б.

Бағалау мүмкіндігі
Оқушылардың білімін бағалау мақсатында келесідей сұрақтар қоюға болады. Қазақ жеріндегі тас мүсіндер қандай материалдардан қашалды? Ортағасырлық қыш-құмыралардағы үй жануарларының бейнелері немен байланысты? Жартастардағы ертетүркілік бейнелер мазмұнының ерекшеліктері неде? Оқушылардың сәндік қолданбалы өнер, қолөнер туындыларын дұрыс атауын, танымын қалыптастыра отырып, білімін бекіту.

Ағаштан жасалған жиһаздық бұйымдар: сандық, асадал, адалбақан, ағаш төсек. Ағаштан жасалған шаруашылық бұйымдар мен ыдыстар: келі-келісап, күбі, шара,
саптыаяқ, қымыздық. Теріден жасалған ыдыстар: саба, торсық, көнек т.б.
Сұрақтарды интерактивті тақтаға алдын-ала сақтап қойып шығарып отыруға
болады. Оқушылар жауабын айтқан алдын-ала сақталған суреттерді шығару
арқылы оқушылардың өз білімін өзі тексеруін, қатемен жұмыс жасауын
ұйымдастыру.

Қосымша тапсырмалар
Тас мүсіндер, жартас бейнелерінен өз таңдауың бойынша шығармашылық жұмыс орында. Мысалы, қайта жаңғыртылған мүсін, сурет көрмесі, фотоальбом. Ескерткіштің қай түрін және шығармашылық жұмыстың қай түрін таңдағаныңның себебін түсіндір. Оқушылардың өз отбасында немесе туысқанының үйінде қандай ұлттық сәндік қолданбалы өнер туындысы бар және оның қолданыстық аясы, отбасылық маңызы туралы айтуын, фотосуретін алып келуін ұйымдастыру.

Білімін шыңдауға берілетін тест.
Тесттен 3 дұрыс жауап тап:

1. Дәстүрлі жиһаз түрлерін анықтаңыз:
А) Шаңырақ          Е) Алаша
В) Асадал             F) Сандық
С) Қалам сауыт    G) Босаға
Д) Ағаш төсек      H) Тұскесте.

2. Киіз түрлерін көрсетіңіз:
А) Шошала       Е) Тұскиіз
В) Сырмақ        F) Абажа
С) Құйысқан     G) Кілем
Д) Текемет       H) Жағлан.

Тақырыпқа байланысты сөзжұмбақты шешіңіз:
1. Марқұмға арналған белгі тас. 2. Қыш-құмыра жасаушы. 3. Қой мүсініне ұқсайтын тас атауы. 4. Бейнелеу өнері қайда іске асырылады. 5. Түркі дәуірінің қағаны. 6. Көзеші қолданатын өрнек түрі. 7. Суретті хат арқылы өз білімін хабарлау түрі. 8. Үйдің қабырғасына сылақ кеппей тұрғанда салынатын бояулы кескіндеме.

П
Е
Т
Р
О
Г
Л
И
Ф

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ