Х-ХІІІ ғасырларда Ұлы Даланың саяси картасының өзгеруі (сабақ жоспары)

0
6009
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты:

— 6.3.1.3 X–XIII ғғ. мемлекеттерді білу, ортағасырлық мемлекеттердің
ыдырауының негізгі және жанама себептерін анықтау.

Зерттеу сұрағы

X — XIII ғғ. саяси карта қаншалықты өзгерді?

Оқулық

Х-ХІІІ ғасырларда Ұлы Даланың саяси картасының өзгеруі. 58–60 беттер.

Ресурстар

Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 2-том. Алматы.
Атамұра. 2010.
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. 1-кітап. – Алматы, 2016.

Тірек сөздер

— Қидандардың Ляо мемлекеті
— Тұңғыс-манчжур, яғни көне монғол тілінде сөйлейтіндер
— Енисей қырғыздары
— Татарлар

Көрнекілік

• Тарихи карта: Х-ХІІІ ғасырлардағы Еуразия. Қидандардың Ляо империясы (Х-ХІІ ғғ.). Оқулықтың 63-беті
• Электронды оқулық.

Мақсатты айқындау

Ұлы Дала аумағына шығыстан ығысып келіп қоныстанған түркі тайпаларының Х-ХІІІ ғасырлардағы тарихи тағдырымен таныстырып, қоныс аудару себептері мен салдарын анықтау.

V-VІІІ ғасырлардағы Моңғол үстірті мен Ұлы Дала аймағындағы түркі тайпаларының орналасуларымен таныстырып, олардың біртіндеп батысқа жылжу себептерін анықтап, жаңа этникалық топтардың, тайпалардың қалыптасуындағы түркі тілдес халықтардың миграциясының әсерін оқушыларға түсіндіру.

Дамытушылық маңызы — Х-ХІІІ ғасырлардағы Ұлы Далада болған этно-саяси өзгерістермен және олардың тарихи салдарларымен таныстырып, шығыстан ығысып келіп қоныстанған түркі тайпалардың жергілікті халыққа әсері мен жаңа этникалық топтардың қалыптасуына тигізген ықпалын анықтау.

Тәрбиелік маңызы — Х-ХІІІ ғасырларда шығыстан ығысып келіп қоныстанған түркі тайпаларының түркi тілдес халықтардың тарихи тамырларын нығайтуға қосқан үлесін, мәдени және рухани өміріне жасаған ықпалын оқушыларға түсіндіру.

Сабақтың деректік материалдары

Мұғалім Х-ХІІІ ғасырлардағы Еуразияның тарихи картасы мен электрондық оқулықтардағы деректерді пайдалана отырып X — XIII ғғ. саяси картаның қаншалықты өзгергенін, оған шығыстан ығысып келіп қоныстанған түркі тайпаларының ықпалын баяндайды.

Х ғасырдың басында Орталық Азияда Ляо мемлекетiнiң құрылуына байланысты түркi тiлдес тайпалар үстемдiгiнiң кезеңi аяқталды. Қидандардың тарих сахнасында пайда болуының негiзгi салдары, түркi тiлдес тайпалардың батысқа қоныс аударуларының бастаулары болды.

924 жылы басталған қидандардың Орталық Азия далаларына жорықтары
барып тұрған қасiретке айналды. Ол Орталық Азияның этникалық картасын түбiрiнен өзгертiп жiберуге алып келдi.

Х ғасырға қарай бұрын Түрік қағанаты үстемдік жасаған Орхон өзенінің аймағында Қидандардың Ляо мемлекеті деп аталатын қағанатының орнығуы осында шығыстан ауып келген тұңғыс-манчжур, яғни көне моңғол тілінде сөйлейтіндердің бұрынғы
түркітілдестермен араласа қоныстануларын туғызды.

ХІІІ ғасырдың бас кезінде Моңғол көшпелілерінің мемлекеті өмірге келді. Оның құрамына моңғол атанғандармен қатар осы аймақтағы көшпелі түркілер де кірді. Бұл мемлекеттің негіздеушісі Шыңғыс хан екенін тарихтан білеміз. Жоғарыда аталған түрік-моңғол тайпаларын бір орталыққа,іргелі империяға бағындырған ол, XIII-XIV ғасырларда қазіргі Моңғолия жерінде тұрақты мемлекет орнатты.

Бұл мемлекеттің этно-саяси құрылымы да аса күрделі. Онда әртүрлі тілде сөйлейтін көшпелілер қатар көшіпқонып жүрді. Моңғолтілдестердің солтүстік шығысындағы үлкен тайпа бұрынғысынша Жалайырлар болды.

Олардан батысқа қарай Онон өзенінің бойында Тайчиуттар, олардан төменде Онон және Керулен аралығында Моңғолдар, олардан оңтүстікте Татарлар (1202 ж. дейін, оларды монғолдар талқандағанға дейін, өмір сүрген тайпалық бірлестік) және оңтүстік шығыста Қоңыраттар (Хонгираттар).

Олардан оңтүстік батыста Оңғұттар, ал Қарақорым атты империя астанасының айналасында Керейттер (1203-1204 ж. дейін,монғолдардан жеңілгенге дейін, өмір сүрген түркітілдес көшпелілер хандығы), олардан солтүстікте Байырғулар және шығыста Гурвандар мен Меркіттер (1185 ж. дейін, моңғолдар күйретіп жібергенше өмір сүрген түркітілдес тайпалық бірлестік), ал Моңғолдардың батысын Хамагтар жайлап жатты.

Сондай-ақ, Моңғол мемлекетінің Байкал көлінен батысқа қарайғы солтүстігін
Ойраттар, олардан батыста Алтай жотасының бойын түркітілдестер хандығын
құрған Наймандар мекендеді. Міне, біз білетін Х-XIII ғасырлардағы Моңғол үстіртін мекендеген халықтардың этникалық құрылымы осындай.

Ал моңғол аталғандардың көршілеріне келетін болсақ, Байкал көлінің шығысында Булгачиндар, батысында Енисей қырғыздары және Дубалар, Ертістен оңтүстік батысқа қарай Қарақидандар, олардан төменде Шығыс Түркістанда Ұйғырлардың тайпалық одағы (847-1218 жж. өмір сүрген) орналасқан еді.

Түркі моңғол көшпелілерінің оңтүстігін Таңғұт хандығы иемденіп жатты. Бұл 1031-1227 жж. аралығында өмір сүрген мемлекеттік бірлестік болатын. Осындай күрделі этно-саяси процестерді әңгімелегенде және оларды сипаттағанда бүгінде қазақ халқын құраған көптеген тайпалардың атауларын, яғни этнонимдерінің шығу себептерін анықтап алу тарихымыз үшін өте маңызды.

Сабақтың түрі мен әдісі

Аралас. Баяндау, пікір алмасу, ой бөлісу, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабілетін дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер

X — XIII ғғ. Алтай-Саян және қазіргі Моңғолия территориясын көптеген түркі және моңғол тайпалық бірлестіктері мекендеген еді.

Сабақтың жоспары

Оқытушы сабақ өткізу барысында оқушылар назарын төмендегідей
мәселелерге аударады:

1. Ұлы Дала аумағына шығыстан ығысып келіп қоныстанған түркі
тайпаларының Х-ХІІІ ғасырлардағы тарихи тағдырлары.
2. Олардың осы аймаққа қоныс аудару себептері.
3. Х-ХІІІ ғасырлардағы Ұлы Далада болған этно-саяси өзгерістермен және
олардың тарихи салдарлары

Бағалау мүмкіндіктері

1. Х ғасырдан бұрын, ежелгі және ертеортағасырларда батысқа қоныс
аударған қандай түркі тайпаларын білесің?
2. Қидандар дегендер кімдер еді?
3.Көне моңғол тайпалары неліктен бұрынғы түріктер билеген аймақтарда
үстемдік алып кетті?

Кері байланыс

Сабақ қызықты болды ма?
Нені түсінбей қалдың?
Менің сабаққа байланысты пікірім.

Оқушы аты-жөні Оқушының өзінің өзіне қойған бағасы Топ бас-шысының қойған бағасы Топтық жұмысқа қатысуы Тапсыр-маларды орындауға қатысуы Бекіту сұрақ-тарына жауабы Қоры-тынды баға

0 – мүлдем қатысқан жоқ. 1 – орташа қатысты. 2- жақсы қатысты. 3- өте
жақсы қатысты.

Қосымша тапсырма
1. Х-ХІІІ ғасырларда Моңғол үстіртіндегі түркі тайпаларының батысқа жылжу себептерін анықта және олардың көшу жолдарын картаға түсір.

3. Монғолдарға көрші түркі тайпаларының орналасқан аймақтарын картаға түсіріп, белгіле.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:

  1. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  2. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  3. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  4. Ұлы далада қарлұқтар билігінің орнауы (756-942 жж.)
  5. Түргеш қағанаты (704-756 жж.) (Сабақ жоспары)
  6. Көшпелілердің дәстүрлі шаруашылығының ерекшеліктері (сабақ жоспары)
  7. Түркілердің дүниетанымдық ерекшеліктері (сабақ жоспары)


ПІКІР ҚАЛДЫРУ