Әйгілі Қордай, Басқан, Мақпал, Жүзасу тау асулары

0
1507
Freepik.com

Қордай асуы. Қордай асуы Шу — Іле тауларының оңтүстік — шығысындағы Кіндіктас және Жетіжол жоталары аралығында орналасқан.

Ол Жамбыл облысы Қордай ауданында, Мұзбел ауылынан 12 шақырым жерде.

Асу теңіз деңгейінен 1233 м биіктікте (асудың шоктығы) жатыр. Мұнда қыста солтүстік-шығыстан Қордай желінің әсерінен бұрқасын борап, асудан автокөліктердің өтуіне қолайсыз жағдай туындайды.

Басқан асуы. Басқан асуы Жетісу (Жоңғар) Алатауында орналасқан. Бұл асуды кейде Қараүңгір деп те атайды. Ол Қазақстан мен қытай шекарасында теңіз деңгейінен 3801 м биіктікте жатыр.

Асуда жыл бойы мұз бен қар жатады. Солтүстік беткейінен Басқан өзені, оңтүстік беткейінен (Қытай аумағында) Қараүңгір өзені бастау алады. Асудан мамыр — қараша айларында салт атпен өтуге болады. Асуды жергілікті халық ертеден-ақ пайдаланып келеді.

Есектартқан асуы. Есектартқан асуы — Алматы облысының Райымбек ауданындағы асу. Ол Кетпен (Ұзынқара) жотасының оңтүстік-батыс сілемі — Қаратауда. Теңіз деңгейінен 2500 м биіктікте орналасқан. Жаз айларында асуда қарболмайды. Оның оңтүстік беткейі жалаңаш, терең жыралармен тілімделген.

Солтүстік беткейінде қылқан жапырақты орман өскен. Жергілікті халық Есектартқан асуын ертеден-ақ пайдаланған. Асу Текес өзенінің аңғарының жоғары жағынан тауаралық Кеген аңғарына, одан әрі Іле аңғарына өтетін төте жол саналады.

Жүзасу асуы. Жүзасу асуы Жетісу (Жоңғар) Алатауының оңтүстік бөлігіндегі Матай және Шолақтау таулары аралығында орналасқан. Ол теңіз деңгейінен 1714 м биіктікте жатыр. Аласа асулар қатарына жатады.

Асу арқылы өтетін жол солтүстігінде Қоянкөз ауылынан басталып, Матай ауылының шығысындағы Қарақасқа өзенінің бас жағына қарай өтеді. Одан әрі Іле өзенінің аңғарына шығады.

Қарабура асуы. Қарабура асуы Талас Алатауында орналасқан. Теңіз деңгейінен
3415 м биіктікте жатыр. Бұл — жотаның солтүстігіндегі Талас өзенінің саласы — Қарабура бастауынан оңтүстіктегі Шатқал өзенінің саласы — Қарақаспақ бастауына асатын соқпақ жол.

Демалушы саяхатшылардың  Батыс Тянь-Шаньдағы маршруттарының көбі осы асу арқылы өтеді.

Мақпал асуы. Мақпал (Мақбел) асуы Талас Алатауында, Қазақстан (Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында) мен Қырғызстан шекарасында орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі — 3006 метр.

Асудың солтүстік етегінен Мақбел өзені бастау алады. Өзенді бойлай оңтүстік беткейіндегі Талас өзенінің бастауына қарай соқпақ жол өтеді. Сәуір — қыркүйек айларында ғана салт атты адам өте алады.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:
  1. Тау асулары дегеніміз не?

  2. Алатау мен Алтай тауы

  3. Ұлытау аймағы туралы қызықты мәліметтер

  4. Қызылқұм өңірі туралы мәлімет

  5. Сыр бойы туралы ақпарат

  6. Сарыарқа аймағы туралы мәлімет

  7. Бетпақдала шөлді өңірі туралы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ