Әйгілі тау асулары

0
1312
Freepik.com

Хабарласу асуы. Хабарласу асуы Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай және Үржар аудандары жерінде орналасқан.

Тарбағатай жотасының шығыс бөлігінде , теңіз деңгейінен 2370 м биіктікте жатыр. Жотаның оңтүстік беткейіндегі Ақшоқы ауылынан шыққан соқпақ жол Қарақитат өзенінің бастауы арқылы солтүстік беткейіндегі Томар ауылына дейін жетеді.

Абай асуы. Абай асуы Іле Алатауындағы Азутас жолынан өтеді. Оның теңіз деңгейінен биіктігі — 3650 метр.

Бұл асу Кіші Алматы шатқалының орталық бөлігін Богданович мұздығымен жалғастырады. Асу жолы Медеу шатқалынан басталып, «Тұйықсу қақпасы» метеостансасына дейін автомобиль жолф, одан әрі  Шайтан шатқалы арқылы   өтетін жаяу жол арқылы өтеді. Жылдың басым бөлігінде қар жатқанымен, ол өтуге жеңіл асулар қатарына жатады.

Алтынемел асуы. Алтынемел асуы Алтынемел жотасы мен Матай тауы аралығында, теңіз деңгейінен 1711 биіктікте орналасқан.  Көне тау жыныстарынан түзілген асудың жер қыртысы қиыршық тасты келген. Оның бетін қызғылт қоңыр және қара топырақ басқан. Биіктігі орташа асуларға жатады.

Сондықтан жер бедері бұта аралас бозды, бетегелі, шылғынды болып келеді. Қыс айларында қар жатып, суық болғанымен, асу қолайлы өткел болып саналады.

Ш.Уалиханов 1858 жылы Қашқарияға сапарында осы асу арқылы құрамында 43 адам, 101 түйе, 65 салт және тиген аты бар керуенмен өткен. Асудың солтүстік — батысындағы Қоғалы тауаралық ойысынан оңтүстік-шығыстағы Қоңырөлең тауаралық ойсына қарай Алматы — Сарыөзек — Жаркент автомобиль жолы өтеді.

Алматы асуы. Алматы асуы Алматы қаласының оңтүстігінде, Іле Алатауында, 3559 м биіктікте орналасқан. Ол Үлкен Алматы өзенінің саласы — Проходная өзенінің бастауы мен оңтүстігінде Шоң-Кемін өзенінің оң саласы — Алматы өзенінің басталу аралығын қосып жатыр.

Жол 1850 м биіктіктен өтеді. Асу орманды белдеммен, ал ең жоғары шегіде альпілік шалғынды жазықпен ұласады. Оңтүстігінде шыңдарын қар мен мұз басқан Күнгей Алатауы орналасқан.

Аманжол асуы. Аманжол асуы Іле Алатауының солтүстігіндегі Кіші Түрген өзенінің жоғары ағысында орналасқан. Теңіз деңгейінен 3115 м биіктікте жатыр. Кіші Түргеннің  жоғары ағысында Аманжол өзені аңғары мен Асы жайлауын басып өтеді. Асу маңынан Шілік өзенінң салалары — Аманжол және жіңішке өзендері ағып өтеді.

Күйік асуы. Жуалы ауданы шығысында Жамбыл ауданымен шектесер тұсында кіші Қаратау қатпарлы белдеуімен шектеседі. Оның жалпы ұзындығы 200 щақырым, ені 35-40 шақырымды құрайды.

Сол кіші Қарату белдеуі арқылы Алматы — Ташкент-Бішкек көлік жолы Күйік асуы арқылы өтеді. Абсолюттік биіктігі 1200 метр. Күйік асуы жамбыл облысының энциклопедиясында «Қиын асу» деп көрсетілген.

Кеген асуы. Кеген немесе Қайқы асуы — Құлықтау тауларының шығысындағы асу. Ең биік нүктесі — 1900 м. Аласа асуларға жатады. Жаз айларында басында қар болмайды. Асудың оңтүстік, солтүстік және батыс беткейлері жалаңаштанған.

Батыс беткейінде жалпақ жапырақты шоқ ормандар кездеседі. Жергілікті халық асуды ертеден-ақ пайдаланған. Асу арқылы Шарын өзені аңғарының жоғары жағынан Кеген аңғарына қарай өтетін тауарлық төте жол бар.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:
  1. Әйгілі Қордай, Басқан, Мақпал, Жүзасу тау асулары

  2. Тау асулары дегеніміз не?

  3. Алатау мен Алтай тауы

  4. Ұлытау аймағы туралы қызықты мәліметтер

  5. Қызылқұм өңірі туралы мәлімет

  6. Сыр бойы туралы ақпарат

  7. Сарыарқа аймағы туралы мәлімет

  8. Бетпақдала шөлді өңірі туралы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ