Күрделі синтаксистік тұтастықтың құрылымдық сипаты

0
2772
Иллюстрация: Freepik.com

 Күрделі синтаксистік тұтастықтың үш бөліктен тұратыны: кіріспе бөлік, негізгі бөлік және қорытынды бөлік. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері. Күрделі синтаксистік тұтастықтардың функционалды стиль түрлеріндегі ерекшеліктері, олардың композициялық-сөйлеу формаларындағы түрлері.

Сөйлем синтаксисі жай сөйлем синтаксисі және құрмасалс сөйлем синтаксисі болып бөлінеді.

Жай сөйлем синтаксисі жай сөйлемнің құрамын, құрылымын, мағынасын, қызметін зерттесе, құрмалас сөйлем синтаксисі құрмалас сөйлемнің құрылу заңдылықтарын зерттейді. Таратып айтқанда: құрмалас сөйлем қалай жасалады, бірнеше жай сөйлемді тізе берсек, одан құрмалас сөйлем жасала ма, құрмалас сөйлемнің белгілері, оның жай сөйлемнен айырмашылығы қандай, құрмалас сөйлем құрамындағы сыңарлардың /компоненттердің/ мән-маңызы, олардың бір-бірімен байланысы, қатынасы, құрмалас сөйлемнің мағыналық, құрылымдық түрлері қандай – міне, осылар зерттеледі.

Ең алдымен құрмалас сөйлем деп қандай синтаксистік тұлғаны айтамыз, оның қандай белгілері бар? Оның жай сөйлемнен мазмұны, құрлымы жағынан ерекшеліктері бар ма, бар болса – қандай, осы сұрақтардың басын ашу керек.

 І. Біріншіден, құрмалас сөйлемде кем дегенде екі предикативтік орталық болады. Олар өзара мағыналық және құрылымдық жағынан тығыз байланыс, қарым-қатынасқа түсіп, күрделі ойды білдіреді.

Мысалы: Ушаков үйінде болмай, Бұланбай қайтып кетті. /Ғ.Мүсірепов/. Бұл сөйлемде екі предикативтік орталық бар: біріншісі – «Ушаков үйінде болмай», екіншісі – «Бұланбай қайтып кетті» Сөйлемдегі негізді ойды /Бұланбайдың қайтып кетуі/ білдіріп тұрған предикативтік сыңар мен көмекші ойды /Ушаковтың үйінде болмауы/ білдіріп тұрған предикативтік сыңар тығыз мағыналық бірлікте және тиянақсыз –й көсемше жұрнағы мен интонация арқылы грамматикалық жағынан да тығыз байланысып, бір бүтін тілдік единица құрап тұр.

Ал мына сөйлем құрамында соншама көп сөзден жасалғанымен, бір ғана предикативтік орталық бар, сондықтан ол жай сөйлем болады: «Кеше күні бойғы әңгімеде Абай өз әкесі туралы үлкен кісілердің аузынан ең алғаш сын сөздерін есітті» /М.Әуезов/. Предикативтік орталық «Абай есітті».

 ІІ. Құрмалас сөйлемнің екінші бір басты белгісі – өзіндік интонациясы болады:

Әдетте, құрмалас сөйлем компоненттерінің арасында интонациялық кідіріс /пауза/ болатыны белгілі. Бірақ ол интонациялық кідіріс сөйлемді жеке синтаксистік тұлға-бірліктерге айырып, олардың әрқайсысын тиянақтап тұрмайды, ал предикативтік сыңарларын бір-бірімен байланыстырып, құрмалас сөйлемге тән мағыналық-құрылымдық тұтастықты, сол арқылы ой бірлігін қамтамасыз етіп тұрады.

Сондықтан құрмалас компоненттерінің арасындағы интонацияны ажыратушы емес жалғастырушы, ұластырушы интонация деуге болады. Ол интонация құрмалас сөйлем компоненттерін әрі ажыратып, әрі байланысытырып, екі жақты қызмет атқарып тұрады. Кестеленуі:

Интонациялық кідіріс жай сөйлемнің ішінде де кездеседі. Мысалы: Біз барған ауыл //өзен жағасында екен. Немесе: Біз //қарсы кездескен әр бір адамнан жол сұраумен болдық.

Бір жай сөйлем ішіндегіинтонациялық кідірістің атқаратын қызметтері бір емес. Жай сөйлемдегі интонациялық кідіріс сөйлемді мағыналықь топтарға / бастауыштық-баяндауыштық/ немесе / тема-ремалық/ бөліп тұрса, құрмалас сөйлемдегі интонациялық кідіріс предикативтік компоненттердің ара жігін ажыратып, синтаксистік қызмет атқарып тұрады. /Біз барғанда, ауыл өзен жағасында екен/.

ІІІ. Үшіншіден, құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын лексика-семантикалық, грамматикалық арнаулы амал-тәсілдер тобы болады.

Басқа да тілдердегі сияқты, қазақ тілінде олардың тұтас бір қалыптасқан жүйесі бар.

І./ Ең алдымен, құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын жай – олардың мағыналық жақындығы. Компоненттер арасында мағыналық жағынан жақындық, іліктестік қатынас болмаса, олар құрмалас сөйлем құрамына еніп, бір бүтін болып тұра алмайды.

Мысалы, Енді әзіл әңгімеге кірісе бергенде, ауыз үйдің есігі шалқасынан ашылды. Дәл кірер жері тар болғандықтан, Көкбай бастаған жігіттер бірінің артынан бірі тізілді /М.Әуезов/.

Жоғарыдағыдай, құрмалас сөйлемде олардың компоненттері мағыналық тұрғыдан бірін-бірі толықтырып тұрады, олар өзара мезгілдік, себептік, шарттық т.б. мағыналық қатынастарда тұрады.

2/ Екіншіден, құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын арнайы грамматикалық тәсілдер болады. Оларға компоненттерінің бірінің баяндауышының тиянақсыз тұлғалары жатады: көсемше, есімше, шартты рай тұлғалары, септік жалғаулары, кейбір жұрнақтар және өмекші сөздер /шылаулар/ тобы.

Мысалдар: Бұл жігіттерді бөгей алмасын сезініп, Омар да ас үйге қарай кетті. /Ғ.М./. Киімдері жылы болғанмен, қатты қажыған дене тоңуға айналды. /М.Ә/. Мұсақұлға келсе, Базаралы да сонда екен. /М.Ә./. Бұл қонақтар кетісімен, Абай Татьяна әнін қайта іздеді /М.Ә./. Үшеуі өз жұмыстарын оп-оңай жайлады да, Шыңғысқа қарай қайта тартты /М.Ә./. Кәмшат жайы осындай күйіп жүрген күндерге дәл келген соң, Бөжейдің рақымсыз боп жүргені рас /М.Ә./.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  2. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  3. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  4. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  6. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  7. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  8. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  11. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  12. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  13. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  14. Екі негізді сөйлемдердің топтастырылу парадигмасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ