Мал терісінің түрлері мен атаулары

0
2753
Freepik.com

Мал терісі негізінде жондық, сауыр, бауыр, мойын, үйектік, пұшпақ деген бөліктерге бөлінеді.

Төрт түлік малдың терісі — өте қымбат шикізат. Соның ішінде ірі қараның терісін: сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп төртке бөліп атаған.

Жылқы терісін: бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөледі.

Түйе терісін: атан терісі, бота терісі дейді. 

Қой терісін: жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тықыр тері,тоқтышақ терісі,  сеңсең тері, елтірі, мари, жылбысқа деп бөледі.

Жабағы — қой-ешкінің сәуір, мамыр айларындағы жабағы жүні қопсымаған қалың түбітті терісі.

Қырықпа — жабағы жүн мен күзем жүндеріқырқылғаннан кейін сойылған малдың сұйық жүнді терісі.

Күздік тері — қазан, қараша айларында сойылған малдың терісі.

Соғым тері — жүндес, қыртысы қалың мықты терілер. Олардан киімнің барлық түрлерін тігуге болады.

Тықыр тері — жүнін қырқып алысымен сойылған немесе жүнін жидітіп алған терілер. Бұдан жарғақ шалбар, қап, дорба, т.б заттар жасалады.

Сеңсең — үйш ай мен бес ай аралығындағы қозының қырқылмаған терісі. Көбінесе, ішік, тымақ, бөрік, бөстек жасауға қолданылады.

Елтірі — туғанына 2-3 ай болған қозы терісі. Жүні бұйра қаркөл сияқты өте әдемі болады. Одан ішік, тымақ, бөрік, жаға жасайды.

Мари — туа салып немесе бір-екі тәулікте өлген қозы, лақ терілері. Бөрік, тымақ тігуге, әдептеуге, киім тысын көмкеруге қолайлы. Маридің жүні тықыр, жылтыр, таңдай өрнекті болып келеді.

Жылбысқа — іште жатып өлген немесе туа салып өлген қозының өте жұқа терісі.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т

Тақырыпқа ұқсас материалдар:

  1. Құс жемінің түрлері
  2. Құс жабдықтарының түрлері
  3. Қазақстанның құстары. Ұлар мен балықшы тұйғын құсы

  4. Кептер (көгершін) мен қараторғай туралы ақпарат

  5. Қарлығаш пен құз көктекесінің айырмашылығы қандай?

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ