Қорғалжың, Марқакөл, Үстірт, Батыс Алтай, Алакөл қорығы

0
3007

Қорғалжың қорығы. Қорғалжың қорығы 1958 жылы Ақмола облысының бірнеше көлді (Қорғалжың, Теңіз) алқабының табиғат байлығын қорғау, құстарға қамқорлық жасау, қоқиқаз, аққулардың санын көбейту мақсатымен ашылды. 

Басты байлығы — су құстары. Қорық арқылы Пәкістанда, Үндістанда, Солтүстік Африкада және Каспий теңізінде қыстаған құстардың солтүстікке қарай ұшу жолы өтеді.

Көктем, жаз, айларында құстарға толы көлдері бар бұл қорықты «Құс базары» деп атайды. Қамыс арасын шағала, қасқалдақ,  сұқсыр үйрек, қоңыр қаздар мекендейді.

Сондай-ақ әупілдек, қарадегелек, аққұтан, қалбағайларды, шөлді дала аймағында дуадақ, безгелдек, ақбас тырналарды, тоғай ішінде  жыртқыш құс — саз құладынын көруге болады. Қорғалжыңда түлкі, қарсақ, суыр, т.б жануарлар да бар.

Марқакөл қорығы. 1976 жылы 4 тамызда Марқакөл қорығы ашылды. Марқакөл қорығы Оңтүстік Алтай алқабы мен Марқакөл табиғатын қорғау үшін құрылған. 

Негізгі мақсаты — ормандарды, өзендер мен сұлу көлдерді табиғи қалпында сақтап қалып, онда өмір сүретін терісі бағалы жануарларды, құстарды, өсімдіктерді молайту.

Табиғаты көз тартарлық бай көлдері балықтардың уылдырық шашып, дамып, көбеюіне қолайлы. Марқакөлде қоңыр аю, кәмшат, қарадегелек, шырша мен балқарағай өскен ормандарында меңіреу құр, тиін, Алтай тауларында Алтай ұлары, тұщы су көлдерінде аққулар мекендейді.

Олардың көбісі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Үстірт қорығы. 1984 жылы 12 шілдеде ұйымдастырылды. Үстірт қорығы Маңғыстау өңіріндегі Үстірттің шөлді табиғатын қорғау мақсатында құрылған. 

Үстірт қорығы көлемі жағынанүлкен шөлді аймақты қамтиды. Бұл жерде Үстірт арқарлары , қарақұйрықтар және сирек кездесетін аңнан қарақалдар, ал құстардан жорға дуадақ, ителгі және т.б кездеседі.

Батыс Алтай қорығы. Бұл қорық 1992 жылы 3 шілдесінде ұйымдастырылды.

Батыс Алтай қорығы Шығыс Қазақстан облысының солтүстігіндегі, Ұлы Алтай тауының батыс бөлігі аймақтарының табиғатын қорғау мақсатында құрылған.

Қорықтың қысы суық, жазы ылғалды. Мұнда осы жердің табиғатына бейімделген Алтай ұлары, таутеке, борсық, барыс, сілеусін және т.б қорғауға алынған жануарлар мен құстар  мекендейді.

Алакөл қорығы. Бұл қорық 1998 жылы 21 сәуірінде ұйымдастырылды. Алакөл қорығы Жетісу өңіріндегі Жоңғар Алатауы мен өзендерінің табиғатын қорғау мақсатында құрылған. 

Еліміздегі ең терең көл — Алакөлдің де сұлу табиғаты осы қорық құрамында. Ол — сазан, жайын және т.б балықтарға қолайлы мекен. Тоғайлы, жазықты Алакөл қорығы өсімдіктерге бай. Құстардан кекілік, қырғауыл, бірқазан, шағалалар, аңдардан барыс, аю, борсық және т.б мекендейді.

Сонымен қатар қасқыр, түлкі, қарсақтарды көптеп кездестіруге болады. Алакөл қорығының аңдары мен құстары қорғауға алынған.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ