Отарлау саясатының қазақтардың дәстүрлі шаруашылығына тигізген әсері (сабақ жоспары)

0
3373

Сабақтың мақсаты: 

– дәстүрлі қазақ қоғамындағы өзгерістерді өткен тарихи кезеңдермен салыстыру арқылы анықтау.

Зерттеу сұрағы:

Патша өкіметі тарапынан “бөліп ал да, билей бер” ұстанымы қалай жүзеге асты?

Оқулық
Отарлау саясатының қазақтардың дәстүрлі шаруашылығына тигізген әсері. 132–136 беттер.

Тірек сөздер: ауыл, қыстау, көктеу, жайлау, күздеу, жайылым.

Ресурстар
1. Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов (Основы жизнедеятельности
номадного общества) – Алматы-Москва: Совинвест-Горизонт, 1995
2. Казахи: историко-этнографические исследования. – Алматы: Қазақстан,
1995. – 352 с.
3. Артықбаев Ж.О. Қоғам және этнос (ХVIII ғасырдағы қазақ қоғамының
этноәлеуметтік құрылымы). – Павлодар: “ЭКО” ҒӨФ, 2004. 392 б.
4. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. –
Алматы: Атамұра, 2002. 768 б.

Көрнекілік: фотоклип (слайд-шоу).

Мақсатты айқындау

  • Қазақ жеріндегі байырғы қоныстар мен қазақ ауылының байланысын сипаттау; дәстүрлі мерзімдік қоныстар: қыстау, көктеу, жайлау, күздеуді пайдаланудың аймақтық ерекшеліктері, мерзімдік қоныс көлемі, қоныс таңдау, адам мен табиғат байланысының дәстүрлі шаруашылықты реттеудегі ерекшелігін айту;
  • дәстүрлі қазақ ауылындағы баспаналар жүйесі, киіз үйдің түрлері, дәстүрлі баспана тұрғызудың жергілікті жердің табиғатымен байланысы, экологиялық ортаның әсерін, дәстүрлі баспана – киіз үйдің жергілікті ерекшелігі, қыстық баспаналар – бастырма, жертөле, жеркепе, қақыра, уақытша баспаналар – өлшек, шошала, қос тұрғызу мен олардың халықтың тұрмыстық қажетін өтеудегі алатын орны мен мәнінің сипатын көрсету.

Дамытушылық маңызы. Дәстүрлі қазақ ауылының келбеті мен сипатын жан-жақты баяндау арқылы, байырғы ата-бабаларымыз дәстүрін, тарихын құрметтеуге баулу. Дәстүрлі қазақ ауылына деген қызығушылығын тудырып, осы тақырыпты ғылыми-шығармашылық тұрғыдан зерттеуге бет бұруға ынтасын арттыру.

Тәрбиелік маңызы. Дәстүрлі қазақ ауылын сипаттай отырып, оқушыларды адам мен табиғат арасындағы байланысты сезінуге, қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін оқыту арқылы отансүйгіштікке, патриоттыққа, эстетикалық талғамға тәрбиелеу, экологиялық білім беру.

Сабақтың деректік материалдары
Қазақтар ертеде қыс мезгілінде де киіз үйде отыра берген. Ибн Рузбехан бойынша қазақ көшпелілері қыс кезінде керегесін тереңдетіп қазылған шұңқырларға орнатып тігілген, екі қабат киізбен жапқан, етегін құммен көмкеріп, сыртынан қамыспен қоршаған киіз үйлерде отырған, ортасында орнатылған ошақта үнемі от жанып тұрған.

Киіз үй көшпелілердің негізгі баспанасы болды. Г.С.Загряжский: “Сырдария қазақтары қыста баспанада отыруға мәжбүр емес. Қыстық киіз үй жаздық киіз үйден кіші етіп тігіліп, бір үзікке кем жабылған. Қыстық киіз үйлерді кейбірі екі киіз үзікпен
жапса, кейбірі киіз үй сыртын қамыспен қаптаған. Қыста киіз үйді қоңыр, сұр киізбен, жазда ақ киізбен жапқан”, – деп киіз үйдің мерзімдік сипатын берген.

Ал О.Шкапский: “Байлар киіз үйдің сыртынан қыс уақытында тағы бір қабат киіз жабады, кедейлер болса қамыс жабады…”, деп киіз үйдің мерзімдік жабдықталуының әлеуметтік сипатын көрсеткен.

Л.Мейер “қыс кезінде де киіз үйде тұруды жалғастырып, жылы болу үшін екі қабат киіз жауып, етегін қамыс, құммен бастырған”, – деп қыс кезінде үйлердің қамыспен жабылғандығын тағы да растайды (Картаева Т. Қыстық атақоныс. Взаимодействие природы и общества в кочевой цивилизации народов Центральной Азии. /Сборник научных трудов. Алматы, 2015. 133 бет). Деректі оқи отырып, ертеде дәстүрлі қазақ ауылдарында киіз үйдің қыс кезінде де тұрмыстық баспананы қамтамассыз еткенін айтыңыз.

Сабақ түрі мен әдісі
Тарихи танымдылық, ғылыми-танымдық. Интербелсенділік, сыни талдау, креативті ойлау.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Сабақты өту барысында басты назарда ұсталатын мәселелер келесідей:
1. Байырғы қазақтардың қыстау ауылдарының келбеті.
2. Қазақ ауылдарының жайлаудағы келбеті.
3. Ауыл ақсақалының атқаратын міндеті.

Мұғалім жаңа тақырыпты бастар алдында балалардан қазіргі кездегі “ауыл” туралы сұрайды. Мысалы, қалада тұратын балалардан “ауыл” туралы не білетінін сұраса, ауыл баласынан “біздің ауыл” тақырыбында қысқа сұрайды.

“Біздің білетініміз қазіргі заманғы ауыл, ал байырғы заманғы ауыл қандай болған?” деген сауалнаманы айта отырып жаңа сабақты түсіндіруге көшеді.

Мұғалім сабақты дәстүрлі қазақ ауылының бейнелі қойылған фотоклипті көрсете отырып түсіндіреді. Киіз үйдің жабдықтары немесе мерзімдік қоныстар (қыстау, көктеу, жайлау, күздеу) сияқты ерекшелікті көрсететін 2-3 минуттық деректі фильм немесе алдын-ала жасалған түрлітүсті слайд арқылы түсіндіруге болады.

Бағалау мүмкіндігі
Оқушы білімін бағалауға ұсынылатын сұрақтар:

1. Қазақ ауылында шамамен қанша үй болған.
2. Қазақтың мерзімдік қоныстары дегенді қалай түсінеміз және қандай
сипаттама береміз?

Қосымша тапсырма
“Дәстүрлі қазақ ауылы” және “Мен білетін бүгінгі ауыл” тақырыбында эссе жазыңдар.

Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
1. Маусымдық жайылым түрлерін табыңыз:
А) Қырға шығу; Е) Жайылым;
В) Қыстау; F) Күздеу;
С) Өріс; G) Шидем;
Д) Жайлау; H) Суат.

Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
2. Алыс жайылымдарға көшетін аймақ қазақтары:
А) Шығыс Қазақстан, Алтай;
В) Маңғыстау, Үстірт;
С) Оңтүстік Қазақстан, Сырдария;
Д) Үстірт, Арал маңы;
Е) Сырдарияның төменгі ағысы бойы;
F) Жетісу, Сарыарқа;
G) Солтүстік Қазақстан;
H) Тарбағатай, Жетісу.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:

  1. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  2. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  3. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)
  4. Наймандар, керейттер және жалайырлар ( сабақ жоспары)
  5. Қыпшақ хандығы (ХI ғасырдың басы — 1219 ж.) (сабақ жоспары)
  6. Ислам дінінің орнығуы (сабақ жоспары)
  7. Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері (сабақ жоспары)
  8. Ертеортағасырлық сәулет ескерткіштері (сабақ жоспары)
  9. Әл-Фараби — әлемнің ұлы ойшылы (сабақ жоспары)
  10. Түркі-моңғолдардың Орталық Азия мен Қазақстан аумағына жорықтары. Отырар қорғанысы (сабақ жоспары)


ПІКІР ҚАЛДЫРУ