Палеометалл дәуірі — энеолит

0
1721
Иллюстрация: Freepik.com

Көптеген тарихи-мәдени аймақтарда б.з.б. ІV мыңжылдықта заттай мәдениетте түбегейлі өзгерістер басталғандығы мәлім. Бұл кездері адам баласы металл бұйымдар жасауды үйрене бастайды.

Сондықтан да әлемдік тарихнамада палеометалл дәуірі ерекше маңызға ие, ал оған көпшілік мамандар энеолит пен қола дәуірлерін жатқызып келеді. Жаңадан пайда болған металл өз кезегінде тастан жасалған еңбек құралдарын түгелдей ығыстырып шығара қоймады.

Энеолитте мыс бұйымдар кең тарала қойған жоқ. Оның жұмсақтығы, мыс өндірудің күрделілігі бұрынғыдай тасты кеңінен пайдалана беруге алып келді. Тас бұйымдарды жасаудың біршама қарапайымдылығы әрі шикізат көздерінің барлық өңірлердегі молдығы қола дәуірінде де олардың кеңінен пайдаланылуына алып келген болатын. Қазақстан жеріндегі энеолит дәуірі шамамен б.з.б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарды қамтиды. Оның республика аумағындағы хронологиялық шегі әрбір мәдени-тарихи өңірлердегі тарихи дамумен тығыз байланысты.

Шамамен мың жылдай уақытқа созылған бұл өтпелі кезең адамзат тарихында маңызды рөл атқарды, адам баласы өз дамуында жаңа сатыға көшті.

Энеолит дәуірі басталмас бұрын табиғатта кездесетін құрамында түрлі металы бар кентастар неолиттік адамдарды ерекше қызықтырғандығын айта кету керек. Кентастар неолиттік адамдардың сенімінше магиялық күшке ие болған, оны құдіреті күшті тылсым дүние туындысы деп есептеген. Мұны Ә.Х.Марғұлан зерттеген Орталық Қазақстандағы Шом тауларындағы неолиттік жерлеу орындарынан көруге болады. Бұл жердегі обаларға мәйітпен бірге кентастар қоса жерленген.

Кентастардың не себепті түрлі түсті екендігін немесе күнмен шағылысқанда түсі құбылып тұратындығын түсінбеген неолит дәуірінің тұрғындары, олардың әйтеуір бір ерекше бір қасиеті бар екендігіне сенген. Кейіннен олар бірте-бірте кентастардың мәнін түсініп, оны игеруге көшсе керек. Бірақ ғылымда металл игерудің ең алғашқы қолданылған әдісі қайсы екендігі (суық немесе ыстық) жайлы ғылымдар арасында пікір-сайыстар тоқтамай келеді.

Дегенмен көпшілігі бастапқыда табиғи кесек (самородок) металл пайдаланылған деп есептейді. Одан алғашқыда механикалық өңдеу арқылы пышақ, бігіз, ине, қармақ ұшын және басқа да бұйымдарды жасады.

Сонымен қатар барлық мамандар адам баласы ең алғашқы игерген металл «мыс» екендігімен келіседі.

Тағы да бір айта кететін жайт, энеолит (мысты тас) дәуірі адамзаттың мысты ашуымен ғана сипатталынып қана қоймайды, сонымен қатар қоғамдық өмірдегі бірқатар өзгерістермен де сипатталынады. Олардың ішінде алғашқы еңбек бөлінісі, жекелеген өңірлерде шаруашылық түрлеріне көше бастау, кейбір бұйымдар мен әшекейлердің шығуы мен жетілдірілуін де атап кетуге болады. Мысты алу оңайға түскен жоқ. Ол аса қымбат дүниелердің бірі болған еді.

Сондықтан да көптеген энеолиттік тұрақтарда мыстан жасалған бұйымдар некен-саяқ қана ұшырасқанымен, бұл тарихи-мәдени кезеңнің негізгі сипатын көрсетуге едәуір мүмкіндік береді.

Энеолит кезеңінде Еуразия аймақтарында егіншілік пен мал шаруашылығы қарқынды түрде дами бастағандығын, ондағы түрлі археологиялық мәдениетті қалдырған тайпалардың ертеден келе жатқан өзіндік мәдени дамуды бастан кешіргендігін далалық зерттеулер нақты көрсетіп отыр. Әсіресе Қазақстан энеолиті басқа өңірлерге қарағанда мүлдем өзгеше еді. Мұндағы табиғи-экологиялық орта мен оны адам баласының игеруі нәтижесінде мал шаруашылығына өту біртіндеп қалыптаса бастайды. Бұл кезде тас құралдарын пайдалану одан сайын жетіле түсті, тіпті ол жоғарғы деңгейге жетті.

Адамзат тас өңдеудің соңғы жетістіктеріне осы кездері қол жеткізді де, өнім түрлерін кеңейте түсті. Дегенмен, бұл уақыттарда тілікшелі-қыстырма индустриясы өз мәнін біршама жоғалта бастады. Есесіне жебе ұштары асқан шеберлікпен жасалынғандығы байқалады.

Энеолит дәуірінде климат біршама ылғалды болды. Мұның өзі ірі сүт қоректілерді көптеп өсіруге деген мүмкіндікті арттырды. Айта кету керек, бірқатар өңірлерде тіршілік еткен топтар (ру-тайпалар) белгілі бір шаруашылық түріне бейімделіп қана қоймады, сонымен бірге көптеген қосалқы шаруашылық түрлерімен (аңшылық, балықшылық, т.б.) де айналысты. Өйткені, демографиялық ахуал өнімге деген сұранысты күн өткен сайын арттырып отырды. Осыған орай Қазақстан далаларында жылқы өсіру кең етек жайды.

Түбі жалпақ, ою-өрнегі мол қыш ыдыстар жасалынды, табиғатқа бейімделген баспаналар соғылды. Қыш ыдыстарындағы ою-өрнектер мен жартасқа түсірілген шимай суреттер энеолит заманындағы тұрғындардың дүниетанымы біршама күрделене түскендігін де аңғартады. Энеолит дәуіріндегі түрлі жартас суреттеріне қоңыр-қызыл жосамен бедерленген символдық белгілер, антропоморфты бейнелер тән болып келеді.

Мұндай суреттер Ертіс алабындағы Смолянка, Бұқтарма өзендері бойынан, Манат және Жантас ауылдары маңынан, Монастырь көлдері қасынан, Өскемен қаласының төңірегінен табылған. Жасыбай көлі (Баянауыл ауданы) маңындағы үңгірлер мен жартас қуыстарынан да жан-жануарлар мен антропоморфты жан иелерінің суреттері ХХ ғасыр 30-жылдарынан бастап кеңінен белгілі. Осындағы бедерлерге ұқсас жартас суреттері Оңтүстік Қазақстан (Сусіңген, Тесіктас, т.б.) мен Жетісу жерінен (Қапал-Арасан жаны) де анықталған.

Әсіресе Шығыс Қазақстандағы Ұлан ауданындағы Ақбауыр үңгіріндегі 80-нен астам жануарлар суреттері мен символдық белгілердің мәні зор. Онда кейбір зерттеушілердің ойынша, аспан әлемі жайлы түсініктер де орын алған.

Өткен ғасырдың екінші жартысында зерттелінген кейбір ескерткіштер материалдары энеолит дәуіріндегі шаруашылық қаракеттерді толымды түрде сипаттайды (Л.Чалая). Солардың бірі Пеньки-2 тұрағы. Ескерткіштен алынған тас құрал-саймандар Пеньки-1 неолит тұрағында қолданылған тас өндеу техникасындағы дәстүрлермен сабақтастықта дамығандығын көрсетеді.

Сонымен қатар ол уақыты жағынан едәуір кейін шыққан: құралдардың тұрпаттарының өзі өзгерген, тас тіліктерінің пайыздық мөлшері ғана емес, олардан жасалған бұйымдардың пайыздық мөлшері де азайды. Құралдар көбінесе әмбебап сипат¬та болып келеді, оларды өңдеудегі мүқияттық та төмендеген. Жебелердің ұштары неғұрлым сүйір болады; олардың қыры екі жағынан өңделген; сағасындағы ойықтары тереңдеу; сағасына келгенде бұл қырлар шығыңқы өткір тістер болып шығады. Қоныстан көптеген балталар мен шоттар табылды.

Табылған жалпақ тас мүсін де өте қызық; онда аузын ашып тұрған бұланның басы мен мойны бейнеленген; көзі ойылған шұңқырша тәрізді, құлағы жымпитылып жасалған. Ол, сірә, ғұрыптық міндет атқарған болса керек.

Пеньки-2 тұрағының қыш ыдысы бірінші тұрақтың ыдысына ұқсас. Бірақ мұндағы ыдыстардың қабырғасы қалың, түбі жайпақ. Өрнек те өзгерген. Ыдыстар тарақ тәрізді қалыппен түсірілген үш бұрыштар мен шүңқыршалардан тұратын күрделі композициямен сәнделген. Мұндай өрнектер қола дәуірінде андронов мәдениетінің ескерткіштерінде кеңінен тараған.

Ботай мәдениеті. Аталмыш мәдениетті (неолиттік атбасар мәдениетін де) ғылыми айналымға археология профессоры В.Ф.Зайберт енгізген. Ботай мәдениеті біршама түрде Солтүстік Қазақстан далалық энеолитін (Орал-Ертіс өзендері аралығын) толыққанды сипаттайды. Оның хронологиялық шеңбері б.з.б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарды қамтиды. Әйтсе де, 2008-2009 жылдары алынған жаратылыстану ғылымдарының мағлұматтары (Англияда жасалған) Ботай қонысындағы кейбір төменгі мәдени қабаттар б.з.б. Ү мыңжылдыққа баратындығын дәлелдеп берді.

Бұрын бұл мәдениеттің қалыптасуында атбасар және маханжар мәдениеттері елеулі рөл атқарғандығы айтылып келсе, ендігі жерде соңғы мәліметтер бойынша энеолиттік Ботай мәдениеті осындағы жергілікті неолиттен бастау алатындығы айқын болып отыр. Бірақ көршілес археологиялық мәдениеттердің де оған тигізген ықпалы зор болғандығын жоққа шығаруға болмайды.

Алғаш рет 1980 жылы ашылған Ботай қонысынан қазіргі таңда ондаған мың заттар – еңбек құралдары, қару-жарақтар, ыдыстар, әшекейлер жинастырылған. Сонымен қатар осы қоныс пен өзге ескерткіштерде (Васильковка-4, Баландино, Сергеевка, Красный Яр, т.б.) жүргізілген зерттеулер негізінде «ботай мәдениеті» 1983 жылы бөлініп көрсетілді. Негізгі ескерткіші – Ботай қонысы. Далалық ізденістер барысында одан бірнеше баспана орындары аршылған. Баспаналардан қырғыштар, пышақтар, қыш ыдыстары, жебе мен найза ұштары, сүйектен жасалған бұйымдар көптеп табылған.

Қоныстың шаруашылық бөлігінен сан алуан заттар жиынтығы аршылып алынған. Әсіресе хайуанаттар сүйектері мен олардан жасалған бұйымдар көп ұшырасады. Адам қолымен жасалған заттардың (артефактілердің) арасындағы ең көбі шақпақ тастан жасалған бұйымдар болып табылады. Қоныстан табылған сүйектердің басым бөлігі – жылқы сүйектері. Зубр, бұлан, елік, тур-өгіз, аю, қасқыр, түлкі, күзен, ит, түйе, қарсақ, қабан, т.б. түз тағылары мен құстардың сүйектері аздап болса да кездеседі. Ботай қонысынан алынған көптеген артефактілерге жасалған типологиялық-трассологиялық талдау оның тұрғындары көп салалы кешенді шаруашылық жүргізгендігін, қоныс тұрғындары негізінен жылқы өсірумен айналысқандығын дәлелдейді.

Гарпун секілді құралдардың табылуы мұнда балықшылық та дамығандығын көрсетеді. Баспана тұрғызу үшін пайдаланылған құрал-саймандар (балта, қашау, жонғы, кескіш, т.б.), қосымша құрал-саймандар (балға, кескіш, ұршық, болас, т.б.) да жеткілікті дәрежеде табылған. Қоныстан алынған сүйек сулықтар, айылбастар, ветеринарлық мақсатта пайдаланылған тескіштер, сонымен қатар өзге де сан мыңдаған еңбек құралдары ежелгі ботайлықтардың өнім өндіруге толық көшкендігін аңғартады. Ботай қонысының өзінен ғана қыш ыдыстарының 10 мыңнан астам сынықтары жиысырылған. Сақталу дәрежесі жақсырақ сынықтар негізінде 60 шақты қыш ыдыстар қалпына келтірілген.

Бұлар, негізінен, мойын тұсы ашық немесе қабырғалары тік қыш ыдыстар еді. Ою-өрнек ыдыстың барлық жеріне түсірілді, ернеуіне дейін және мойын тұсының ішкі жағына да түсірілген. Өрнектері тарақ, жіп және цилиндр тәрізді бірнеше штамптармен түсірілгендігі байқалады. Ежелгі ботайлықтардың үй кәсібінде сүйектен заттар жасау кеңінен қолданылды.

Сонымен қатар тері илеу, тоқыма бұйымдарын дайындау, ағаш өңдеу де дамыды. Сүйектен және мүйізден жасалған бұйымдарға аралау, бұрғылау, жону және жалтырата тегістеу, т.б. әдістер кеңінен қолданылды, тіпті оларды өңдеуге мыс құралдар да қолданылғандығы аңғарылады.

Әдетте өзен жағалауында орналасқан қоныстардың ауданы бірнеше гектар жерді алып жатады. Аталған мәдениеттің жарқын ескерткіші саналатын жоғарыдағы 15 га-лық Ботай қонысынан 158 баспананың іздері анықталған. Қазба барысында бір-біріне белгілі жүйе бойынша жапсарластырыла орналасқан, сөйтіп өзіндік махалла (квартал) құраған бірнеше баспаналар тобы анықталған. Баспана салу үшін алдымен тереңдігі 1 м, ауданы 20-70 м-ге дейін баратын 4-8 бұрыш тұрпатындағы (пішіндегі) қазаншұңқыр қазылған.

Шұңқырдан қазып алынған топырақ оның шетіне үйіліп, биіктігі 1 м-дей жал құраған. Осылайша тұрғызылған қабырғаға бөренелер қойылып, олар төбеге қарай күмбезделе жабылған. Күмбез пішінді төбесі ағаш бұтақтарымен және шым қабаттарымен жабылып, оның ортасынан түтін шығатын тесік қалдырылған. Кірер есігі қабырғасынан түсірілді және оған шағын дәліз жалғасты. Ішінде, орта тұсындағы шұңқырда ошақ жағылды. Ошақ пен кірер есік арасын шаруашылық аймақ алып жатты. Баспана бүйірінен, әдетте, азық-түлік сақтайтын шұңқыр қазылды.

Ал Тобыл өзені бойындағы құмдақ қабаттарда өзгеше архитектуралық ерекшелік сақталған. Сірә, мұндағы баспана қабырғалары ағаштан тұрғызылған болуы ықтимал.
Ежелгі ботайлықтардың дүниетанымы біршама күрделене түскендігін жерлеу салты мен бірқатар символдық заттар да аңғартады. Көпшілік заттар (бойтұмар, т.б.) тотемизм, ата-баба аруағына табыну секілді ғұрыптардың қоғамда орын алғандығын нақты көрсетеді.

Ботайлықтар туыстастарын қоныс аумағындағы көне баспаналарда жерледі, мүрде жанындағы қабырғаға жылқының бас сүйектері де қойылды. Баспаналардың біріндегі қабырға астынан сазбен мумияланған ер адамның бас сүйегі шыққан. Табалдырыққа итті жерлеу де жиі ұшырасады.

Қазақстан солтүстік аймақтарындағы энеолит жайын қозғаған кезде Торғай өңіріндегі терсек мәдениеті жайлы да айтып өтуге болады. 1946-1951 жылдары азды-кемді жинастырылған материалдар негізінде А.А.Формозов энеолиттік терсек-қарағай мәдениетін бөліп көрсету қажет екендігін айтқанымен, мұнда далалық жұмыстар ұзақ уақыт жүргізілмегендіктен, бұл мәдениеттің ғылымдағы орны нақтылана қоймады. Осында 1970 жылдардан бастап зерттеулер жүргізген В.Н.Логвин кейіннен терсек мәдениетін бөліп көрсеткенімен, оның да тарихнамадағы орны нақты көрсетілген жоқ.

В.Н.Логвин, С.С.Қалиева сынды археологтар ойынша «терсек мәдениеті» өз алдына жеке мәдениет болып табылады. Ал белгілі ғалым В.Ф.Зайберт оны ботай мәдениетінің батыс нұсқасы деп есептейді. Келесі бір ғалымдар (В.С.Мосин, С.В.Захаров) екеуінің өзара ұқсастығын айта келіп, оларды «ботай-терсек» мәдениеті деп атауды ұсынады.

Қалай болғанда да, «терсек мәдениетіне» жататын Қожай-1, Құмкешу-1, Бестамақ сынды ескерткіштер материалдары өзіндік бірегейлігімен көзге түседі. Әсіресе толымды түрде зерттелінген Қожай-1 қонысының материалдары назар аударуға тұрарлық. Бұл қоныс 1983-1985 жылдары зерттелінген. 1983 жылы 360 шаршы м жер аршылып, одан алты баспана орны мен тоғыз шұңқыр анықталған. 1984 жылы төрт баспана орны мен 17 шұңқыр 492 шаршы м телімнен аршылған. 1985 жылы жалпы ауданы 372 шаршы м телімнен төрт баспана мен 40 шақты шұңқыр аршылған болатын.

Қазба барысында ондаған мың шақпақ тас пен басқа жыныстардың сынықтары, өзектастар мен өзектас тәрізді сынықтар, түзетілмеген тас жаңқалары, түзетілмеген тас тіліктері, тас тіліктерінен, жаңқаларынан жасалған құралдар (пышақтар, қырғыштар, жонғыштар, үшкіртастар, т.б.) шапқылар, үтікшелер, әшекей бұйымдар (моншақ, алқа, т.б.) дәнүккіштер, дискілер, т.б. аршып алынған.

Олардан басқа сүйектен жасалған сан алуан бұйымдар мен қыш ыдыстар сынықтары да көптеп табылған. Сондай-ақ қоныстан қола дәуірінің де мол материалдары кездескен. Мамандардың есептеуінше, Қожай-1 қонысы маусымдық жазғы кент болған. Мұны қоныстағы жартылай жертөле секілді баспаналар орны анықтап берген. Қоныс баспаналарының сырты жеңіл ағаштармен немесе мал терісімен жабылған және де ішіндегі ошақтардан аса қалың емес күл орны анықталған. Остеологиялық материалдардың басым бөлігі қолға үйретілген мал сүйектерінен тұрады және де мұнда қысты күні тіршілік етпейтін түз тағыларының сүйектері де ұшырасады.

Мәдени қабаттан алынған еңбек құралдарына қарағанда Қожай-1 тұрғындары мал шаруашылығымен және ішінара аңшылықпен айналысқан. Қоныс тұрғындары қыста Сырдария өңірін мекендеуі мүмкін екендігін орта-азиялық қосөзен аңғарындағы мәдениеттерге ұқсас қыш ыдыстары мен мыс бұйымдарға жасалған спектральды талдау да нақты көрсетеді. Терсектік бұл «мәдениет» зерттеушілер пікірінше б.з.б. ІІІ мыңжылдықпен белгіленеді.

Маңғыстау энеолиті. Маңғыстау тарихындағы энеолит шартты түрде алынған, көп жағдайда жалпы кезеңдестіруге сай келе бермейді. Б.з.б. Ү мыңжылдық соңы мен б.з.б. ІҮ мыңжылдық бас кезінде бұл аумақтың жергілікті тұрғындары көршілерімен мәдени байланысқа түскендігі анық, сірә, солтүстіктен және оңтүстік-шығыстан келген тайпалар легі өзіндік мәдени әсерін тигізген. Алғашқы лек шебір типіндегі ескерткіштерден байқалады, ол Еділ-Жайық өңірінде кеңінен таралған энеолиттік хвалын мәдениетіне жатады.

Энеолит заманының тұрақтары мен жекелеген олжалары Бозашы жартыаралынан, Маңғысаудың орталығынан және жағалауларынан көптеп ашылған. Ең көрнекті тұрақ Бозашыдағы Шебір кенті маңындағы құмдардан табылған. Бұл жерден шақпақ тастар мен қыш ыдыстар сынықтарының екі үлкен шоғыры анықталған. Шоғырлардың өте тығыз орналасуы жер бетінде сақталмаған құрылыс орнына тән шекараны да байқатса керек. Телімнің мәдени қабатын тазалаған кезде шаруашылық шұңқырлары, қызыл бояулы құммен толтырылған және 105 дана ұсақ тас жаңқалары мен тас тіліктері бар ғұрыптық мақсатқа пайдаланылған шұқыр аршылған.

Шебір типіндегі шақпақ тас топтамасы ірі тас тіліктері мен олардан жасалған құралдарымен дараланады. Құралдар жиынтығы жергілікті неолит тұрақтарынан алынған бұйымдарға ұқсас. Бірақ тері өңдеу үрдісін анағұрлым жылдамдата түсетін бүйірлі қырғыштар көбірек ұшырасады. Қашау тәрізді құралдар, бір жүзді пышақ, иықты бұрғы пайда бола бастайды. Тұрақтардан геометриялық микролиттер ұшыраса қоймайды. Жебе ұштары табылмағанымен, оны пайдаланбауы мүмкін еместігі белгілі, себебі құрамы күрделі олжалар жеткілікті дәрежеде кездеседі. Еңбек құралдары мен қару-жарақ жасауда жергілікті шикізат көздері пайдаланылғандығы анықталған.

Қыш ыдыстары қолдан жасалды. Ыдыстарға жұмыртқа секілді дөңгелек-конус тәрізді пішін берілді. Оның шеті ірі ернеуінен тұрды. Ою-өрнектер, қабыршақтарының қабырғаларынан дайындалды. Моншақтардың шеттері мұқият түрде жалтыратылды, ал тесігі қарсы бұрғылау әдісімен түсірілді.
Шебір тұрағынан шағын металл біз табылған. Оны Хвалын қорымынан алынған металл бұйымдарға ұқсас деуге болады.

Маңғыстауға келген тұрғындардың екінші легі орта-азиялық қосөзен аңғарынан келген. Ол Маңғыстаудағы Қошқар-ата ойпатынның жағалауында орналасқан ескерткіштерден байқалады және де келтеминарлық олжалармен, соның ішінде Дингильдже-6 сынды нысандармен байланыста. Тұрақтың шақпақ тас құралдары арасынан бүйірі ойық тас тілікшелі жебе ұштары, асимметриялы ойықтары бар қашаулар, сырты доғалданған және бүйір шеті негізінен, тарақ штамппен түсірілді. Қарапайым геометриялық өрнекпен ыдыстың жоғарғы және төменгі бөліктері көмкерілді. Ыдыстың іші сол тарақпен тегістелді. Саз балшыққа ұлутас-қабыршақ бөліктері де қосылды. Ыдыстар жіп тәрізді әдіспен, қабырғасы жұқа етіп жасалды және де олардың сыйымдылығы 6-7 литрге жетті.

Шебір тұрғындары өздерімен бірге жаңа әшекейлер – теңізде тіршілік ететін моллюскілерден жасалған ірі моншақтар және диаметрі 3-6 мм цилиндр тәрізді ұсақ моншақтар алып келді. Соңғылары теңіз үшкірленген қыстырма, шеті үш бұрышты бұрғы мен шағын бұрғыларды атап кетуге болады. Бұл құралдар келтеминар мәдениетінің дамыған және кейінгі кезеңдеріне тән.

Хронологиялық тұрғыдан Маңғыстаудағы хвалын және келтеминарлық әсердегі ескерткіштер замандас. Қошқар-ата-4 тұрағының қыш ыдыстары келтеминарлық кейіпте болғанымен шебірлік ыдыстарға да тән екендігі байқалады, айырмасы – тек олардың түбі жалпақ болып келеді. Өз кезегінде бұл мәдениеттер ойықты және төлес сынды жергілікті мәдениеттермен қатар өмір сүреді, мұны шебір типіндегі қыш ыдыстары бар Қосқұдық тұрағы секілді археологиялық нысандар материалдары растап отыр.

Б.з.б. ІҮ мыңжылдықтағы тарихи үрдістерді танып-білу Шығыс Каспий аумағында орын алған өнім өндіру экономикасымен (мал шаруашылығымен) тығыз байланысты. Егер бұрын бұл өңірге таяушығыстық мәдени ошақ аудандарынан қойдың таралуына себепкер болған деген басымдық берілсе, соңғы уақыттарда бұл пікір М.И.Итина мен В.А.Алекшин тарапынан теріске шығарылуда. Олар орта-азиялық қосөзен аңғарына мал шаруашылығы солтүстік далалы аймақтардан келу мүмкіндігі мол екендігін айтып отыр. Келтеминар мәдениетінің жоғарғы шегінің хронологиялық тұрғыдан кешуілдеуі және кейіннен Орта Азиядаға өнім өндіру шаруашылығының солтүстікке қарай ауысуы (б.з.б. ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда) Еділ-Жайықтық хвалын тайпаларында б.з.б. Ү-ІҮ мыңжылдықтарда көшпенді (жылжымалы) мал шаруашылығы біршама дамығандығын нақты көрсетеді. Осы кездері хвалындықтар Маңғыстауға да келе бастайды.

Сөйтіп, Маңғыстау түбегіндегі энеолит бас кезіндегі археологиялық кезеңдестірілу мұнда жылжымалы мал шаруашылығы қалыптаса бастағандығын аңғартады. Белсенді қимыл жасаған келімсек тайпалардың жергілікті неолиттік тұрғындарымен араласуы кейінірек Маңғыстауда қола дәуірінде жаңа мәдениеттердің қалыптасуына алып келді. Дегенмен бұл кезеңдердегі уақыт шеңбері әлі нақты емес. Оны келешектегі далалық ізденістер нақтылайтындығы белгілі.

Энеолит дәуіріне жататын ескерткіштер Сарыарқа өңірінен де көптеп табылған. Мұндағы ескерткіштердің көпшілігі бұлақтардың жанында, өзен жағалауларында жиі орналасқандығы байқалады. Бірнеше мәдени қабаттардан тұратын Қарағанды қаласының маңындағы, Екібастұз өңіріндегі тұрақтар материалдары энеолит мәдени қабаттарының неолиттік кезеңдегі қабаттармен тығыз байланысты екендігін аңғартады. Көбіне энеолиттік ескерткіштер неолиттік археологиялық нысандардың тасасында қалып кетіп жатады.

Себебі мыстан жасалған бұйымдардың сирек ұшырасуы, зерттеушілердің көптеген энеолиттік ескерткіштерді неолитке жатқыза салуына алып келген. Әрі екі кезең ескерткіштерінің бір орында ұшырасуы нақты бөліп көрсету мүмкіндігін шектейді. Сондықтан да Орталық Қазақстан неолиті әлі де болса нақтылай түсуді қажет етеді. Дегенмен, бірқатар зерттеушілер тарапынан Сарыарқаның кейбір энеолиттік ескерткіштеріне азды-кемді талдау жасалғандығын атап кету керек.

Пайдаланылған әдебиет: Байпақов К.М., Таймағамбетов Ж.Қ. Қазақстан археологиясы

Ұқсас материалдар: 

  1. Қазақстан тарихынан тест тапсырмалары (І нұсқа)
  2. Қазақстан тарихынан ҰБТ тапсырмалары (ІІ нұсқа)
  3. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  4. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  5. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  6. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  7. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  8. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ