«Поэзия падишасы» атты Фариза Оңғарсынованы еске алуға арналған кеш сценарийі

0
3352

ПРОЛОГ

Ақырын күй ойнап тұрады.

Ортада әйелі мен күйеуі отырады.

Отағасы қолында домбыра, отанасы қолында кесте.

Отанасы: Отағасы, бүгін бір ғажап түс көрдім. Түсімде саялы бақтың ішінде екеуміз қыдырып жүр екенбіз. Айналамызда албырап пісіп тұрған алма ағаштары. Мен сол алмаларға қызығып біреуін ағаштан үзіп алғым келді. Бір уақытта көзіме бір алма ағашы түсті. Ол ағашта алманың орнына том-том болып кітаптар ілініп тұр. Сол кітаптардың арасында қып-қызыл алма көздің жауын алатындай болып тұр екен. Мен қуанып кетіп, сол алманы алып рахаттанып жеп жатқан жерімде оянып кеттім.

Отағасы (күліп): Ай, тәйірі-ай! Алла бұйыртса, екеуміз армандап жүрген қызымыз дүниеге келеді екен. Қызымыз жай қыз емес, том-том кітаптарды жазып қалдыратын ақын ба, жазушы ма болатын сияқты.

Әйелі: Айтқаныңыз келсін, отағасы, айтқаныңыз келсін!

Кадрдан тыс дауыс:

Қазақ даласын өзінің құнарлы жырымен сусындатқан қазақтың ерке, ақын қызы Фариза туған елін өз жырларына қосып, әр қазақтың жүрегіне салмақты ой сала білген, қайталанбас дарын иесі. Оның өлеңдері арқылы күш алып болашаққа нық сеніммен аттанған бүгінгі ұрпағымыз Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы алдында тағзым етеді.

Жүргізуші:

Қайырлы күн, әдебиет сүйер қауым! Бүгін біз Фариза Оңғарсыноваға арналған «Поэзия падишасы» атты еске алу кешіне жиналып отырмыз. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты жыр жинағы 2013 жылы «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында бүкіл ел болып оқитын кітап болып тандалғаны баршаңызға аян. Осы акция аясында Балқаш қаласының ОКЖ-інде әр түрлі ісшаралар өткізілген болатын. Акцияны қорытындылау мақсатында Фариза апамызды еске алу кешін ұйымдастырып отырмыз.

Жыл сайын өтетін «Бір ел — бір кітап» акциясына тоқталатын болсақ, бұл жобаның негізгі идеясы АҚШ-тан бастау алған. Бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстік батысындағы ірі қала Вашингтон штатына қарасты — Сиэтл көпшілік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсынылған. 1998 жылы «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» тақырыбымен алғаш өткізілген акцияның мақсаты — Сиэтл халқының бірлігін нығайту және оларға оқуды насихаттау. Бұдан соң осыған ұқсас мәдени шаралар штаттың басқа қалаларында да ұйымдастырылды.

Қазақстанда «Бір ел — бір кітап» акциясы 2007 жылы Абайдың «Қара сөздерімен» басталды.

Буктрейлер «Дауа» көрсетіледі.

Жүргізуші:

Шын өнер жайшылықта емес, жан дүниенің қайшылығында туады. Ал дарын Алланың айрықша мейір-шапағаты түскен пендесіне қиял-ғажайып нұры. Ата күші, Ана сүті, киелі топырақтың жебеуі, өмір сүрген ортасының демеуі, тірліктің тоқсан тарау иірімі, жаныңа жайлы адамдардың мейірімі сол нұр иесін қайталанбас тұлға ғып қалыптастырады. Біздің қазақ елі киелі, ұлы тұлғаларға кем емес. Солардың бірі — Фариза Оңғарсынова болатын.

Ақын — өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі- дауасы — поэзия болды.

«Өзімді таныстыру» өлеңі оқылады

 Жүргізуші:

Фариза Оңғарсынова — халық жазушысы. Ол қазіргі Атырау облысы Новобогат ауданы Манаш аулында 1939 жылы желтоқсанның 25-і күні дүниеге келген. Фариза Оңғарсынова 1961 жылы Гурьев (Атырау) педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, 1966 жылдан бастап мұғалім болып, содан кейін ауылдық мектепте директор болып жұмыс атқарды. 1970-1977 жылдар аралығында Фариза Оңғарсынова “Қазақстан пионері” атты республикалық газеттің редакторы қызметін атқарды. 1978 жылы “Пионер” журналының бас редакторы болды. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, Мәдени ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты (1996-2004 жылдары) болған. Жыл сайын өткізіліп жатқан «Бір ел — бір кітап» акциясының да ұйымдастырушысы болып жұмыс атқарды.

 Жүргізуші:

Фариза Оңғарсынова — адамның бой сұлулығымен қатар ой сұлулығын да таба білген ақын. Ол «Біреудің пасықтығынан, біреудің жасып мұңынан, жүрегім сыздаған кезде, жаным мұздаған кезде, мен сені аялаймын» дейді. Өз өлеңдерін дәл өзі айтқандай пана, қамқор, дос тұтты. Ақын өлеңнің бал- шырағына тамсанды. Соның ләззатына да, азабына да мойынсұнды. Ақын поэзияны «дара күндерінің, нала түндерінің серігі» санайды. Ол — ерлік пен биік рухтың өлеңі, үнінде әрлік, асқақтық бар, дүниетанымы кең, ақындық бояуы қанық, қайратты да қайсар Фариза жыры әрқашан жүрегіңе тиеді, сезімінді қозғайды, жаныңды байытады.

«Өлең»  оқылады

Фариза апамыздың “Өлең”  деген туындысын тыңдадыңыздар. Мұнда Фариза апамыз өзінің ақындық кредосын танытады. Өзінің поэзиямен шын туысуы, қуанышты, қайғылы күндерде де бірге болған досы — өлең туралы ұғымы жеткізіліп айтылған.

Фариза Оңғарсынова — сезімнің ақыны, өлендері арқылы қазақ поэзиясына Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев буынын батыл әкелген драматизм мен трагизмге толы лирикалық әуенді, философияны одан сайын байыта түсті. Әріптес ағаларының өкшесін баса жүріп өз көркемдік әлемін оқырмандарына тамаша көрсете білді. Шығармалары 1958 жылдан жариялана бастады. Тұңғыш өлендер жинағы «Сандуғаш» деген атпен 1966 жылы жарық көрді. Ол көптеген поэма, өлең топтамаларының авторы. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудің бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары, «Үйім — менің Отаным», «Маңғыстау монологтары» және «Революция және мен» өлеңдері.

Жүргізуші:

Ақының анасы халқымыздың аңыз-жырларымен, халық өлеңдерімен сусындатқан. Қыстың ұзақ кештерінде оның балалары кітап оқып, халқымыздың ескі жырларын жаттап өскен.

«Сырласу немесе ана рухымен әңгіме» өлеңі оқылады.

Жүргізуші:

Фариза өлеңдері 1958 жылдан басыла бастаған. Оған алғашқы назар аударған адамның бірі қазақтың ұлы ақыны, жастардың қамқоры Әбділда Тәжібаев еді. Ол Фаризаның алғашқы жырларынан-ақ оның бойындағы талантын танып, оны әкесіндей қолдады және ылғи да кадағалап, куанып отырды.

«Әке» өлеңі оқылады.

Жүргізуші:

Фариза жырлары автордың көп ойлауынан, қоғам шындығы мен өз басының мұңды күйлерін түйіндестіре толғаудан туған. Оның ойлары халықтың жарқын тіршілігі, адалдық, әсемдік туралы арман-мұратқа ұмтылады. Бірақ оған жетудің жолы оңай емес. Адам баласы өмір бойы осы ізгі арман үшін күресіп келеді. Фариза ақын басына жиналған ой да, одан туындайтын мұң да осының жалғасы. Сондықтан ол өмірдің, адам жанының күрделігін жырлайды, өзін налытқан жайларды өлеңіне арқау етеді.

Жүргізуші:

Фариза басқа ақындар сияқты Отанын, туған жерін, өзі туып өскен өлкенің кешегі және бүгінгі өмірін, адам еңбегін, әкесі мен анасына деген ұлы махаббатын, достық пен сүйіспеншілікті жырлады.

Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына азаматтық пен әлеуметтік тән, оның өлеңдері өз ұлтын, оның дәстүрін және мәдениетін сыйлауға әрі сүюге үндейді.

Ол — республикалық әдеби-көркем бағыттағы «Тұмар» журналының бас редакторы болды. Аталған басылым арқылы жас дарындарға қолдау көрсетті.

Жүргізуші:

Мұқағали поэзия патшайымы Фаризаны мың бір акынның ішінен тандап алып, кеудесіне сыймаған өкініші мен өтінішін аманаттаған. Өйткені Фариза — Нарынның құмында күйіп, күн қақтап, жел сорып, іңкәр дүниеге мен келдім деп жылап емес, айқайлап келген Ақын.

Сен мені білесің бе, білесің бе,

Жан екенмін жаралмаған күресуге.

Жылай жүріп, өтірік күлесің де,

Жүресің де қоясың, жүресің де.

Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып

Тастағысы келеді күресінге.

Фаризажан, сен соны білесің бе?

Көрмеге қысқаша шолу жасалады

Алғыс хаттар тапсырылады.

Жүргізуші:

Осымен бүгінгі еске алу кешіміз аяқталды. Сіздердің назарларыңызға ұсынылған кітап көрмесін тамашалауға, танысуға шақырамыз.

Уақыттарыңызды бөліп біздің мәдени шарамызға келгендеріңізге көп рахмет. Келесі кездескенше, сау болыңыздар!

Басқа материалдар:

  1. Өмірін өлеңмен өрнектеген ақын Фариза Оңғарсынова (шығарма)
  2. Әбіш Кекілбаев: Фариза
  3. Фариза Мұқағалимен алғаш қалай кездескен?
  4. Аққудың қанатына жыр жазған ақын (эссе)
  5. «Тіл деген алып мұхит, түбі терең» атты мәнерлеп оқу сайысы
  6. Мұқағали есімінің қазақ жастарының жүрегінде ерекше орын алуының себебі неде?
  7. Мұқағали ақынмен сырласу

ПІКІР ҚАЛДЫРУ