«Сазгердің музыкалық мұрасы» атты Келгенбай Төлеутаевты еске алу кешінің сценарийі

0
1199

Жүргізуші:

Армысыздар құрметті оқырмандар, осы ісшарамызға қатысушы қонақтар. Қазақ өнерін қастерлеген жерлесіміз Келгенбай Төлеутаевтың туғанына 75 жыл толуына арналған «Сазгердің музыкалық мұрасы» атты еске алу кешіне қош келдіңіздер.

Қазақ халқының рухани байлығы болып саналатын ән-күйін ел арасынан жинап алып, оларды нотаға түсіріп, ғылыми тұрғыда зерттеуді 1920 жылы А.В.Затаевич бастағанын халқымыз жақсы біледі. Содан бері қаншама жылдар өтті. Осы мерзім ішінде қазақ халқының музыкалық фольклорын зерттеу, жинақ етіп, халық игілігіне жарату мақсатында А.Жұбанов, Б.Ерзакович, Т.Бекхожина, М.Ахметова, А.Темірбекова, Қ.Жүзбасов, Н.Кетегенова, У.Бекенов, Б.Қарақұлов, К.Төлеутаевтар үлкен еңбек етті.

Олардың зерттеу еңбектерінің арқасында бұл күнде егемен Қазақстанның музыкалық өнері құлаш жайып өркендеуде. Халқымыздың тамаша әндері мен күйлері тек орындалып қоймай, оқыған мамандарымыз оларды өңдеп оркестрге, хорға, сонымен бірге опера өнеріне пайдалануда. Сол зерттеушілердің бірі — өнертанушы ғалым әрі тамаша ұстаз Келгенбай Төлеутаев.

Жер жаннаты — Жетісуда дүниеге келген белгілі өнер зерттеуші Келгенбай Жиенбайұлы Төлеутаевтың туғанына биыл 75 жыл.

Ол 1938 жылы 12 қазан күні Талдықорған облысы Берлітөбе ауданына қарасты «Үлгі» балық колхозында (атақты сазгер М.Төлебаевтың ауылы) туған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, әкесі Төлеутай жауырыны жерге тимеген балуан, әрі домбырашы, шешесі Жәмиқа сол өңірге белгілі, татар сырнайымен тамаша ән айтқан адам. Келгенбайдың өзі ауылындағы орта мектепте оқып жүрген кезінде мектеп әншісі атанған.

М.Төлебаев Алматыдан анда-санда ауылына келгенде мектеп оқушыларына өзінің шығарған әндерін үйретіп отырған. Сол кезде Келгенбай оның «Тамаша», «Барқыт қалқам», «Жылқышы», «Соқ, барабан» әндерін нақышына келтіре орындаған. Мектепті бітіргеннен кейін Балқаш қаласындағы №2 техникалық училищесіне түсіп, кеншілердің мәдениет сарайындағы атақты домбырашы Мағауия Хамзин жетекшілік ететін ұлт аспаптар оркестріне қатысып жүреді.

Сол кезде Қазақстан бойынша консерваторияға оқуға тусіру үшін талантты жастар іздеп барған әйгілі сазгеріміз Н.Тілендиев көп шәкірттің ішінен есту қабілеті ерекше, музыка ырғағын жақсы түсінеді, әрі жақсы әнші деп Келгенбайды оқуға шакырады. Айтулы өнер иесінің Мысшылар каласының мәдениетін көтеруге қосқан үлесі орасан зор.

Атақты композиторлар Еркеғали Рахмадиев, Мұқан Төлебаевтың өнерлерін танып өскен және жасынан өнерді, музыканы, халық әндерін тыңдап, бойына сіңіріп өскен Келгенбай Төлеутаев консерваторияның контрабас, домбыра аспабының орындаушысы, оркестр дирижері мамандығын меңгеріп шығады.

Жүргізуші:

Сол бойынша консерваторияның екі жылдық дайындық және бес жыл негізгі курсын ойдағыдай бітірген жас Балқаш қаласына қызметке шақыртылған. 1964 жылы жолдамамен Балқашқа келген Келгенбай Төлеутаев музыка мектебінде домбыра класының оқытушысы, Мысшылар мәдениет сарайында республикаға танымал «Сарыарқа» халық ансамблінің жетекшісі болып 18 жыл жұмыс жасады. Осы ансамбльдің белді әншісі болған Касенова Ания татені ортаға шақырсам.

Жүргізуші:

Ания тате, Келгенбай аға жөніндегі естеліктеріңізді ортаға салсаңыз. Сонымен қатар, «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» операларын сахналадыңыздар. Келгенбай Төлеутаевтың сол жылдары жазған мақалаларында басты рольдерді сомдаған Сіздің аты-жөніңіз жиі айтылады. Және де операға Ғ.Мусірепов келеді деп жазған екен. Ол кісінің пікірі жөнінде айтсаңыз. Ал енді Ания татенің орындауында «Біржан-Сара» операсындағы Сараның ариясынан үзінді тыңдаңыздар.

Касенова Ания «Біржан-Сара» ариядан үзінді

Жүргізуші:

Ансамбльдің өнерпаздарымен бүкіл Балқаш көлі аймағының елді мекендері мен балықшыларына концерт беріп жүрген кезінде халық арасында жасырын жатқан музыкалық мұраның молдығына көзі жетіп, 1974 жылдан бастап фольклор жинап, зерттеушілік жұмысқа кіріседі. 1976 жылы жинаған ән-күйлерінің негізінде М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасына түсіп, атақты музыка зерттеуші ғалым Б.Ерзаковичтің басшылығымен «Балқаш өңірі қазақтарының музыкалық фольклоры» тақырыбында диссертация жазады.

1982 жылы оны Ташкент қаласында ойдағыдай қорғап, ғылым кандидаты атанды. Осы жолда сазгер аянбай тер төкті. Келгенбай Төлеутаевтың атқарған істерімен қоса, артында қалдырған мол мұрасын айтпай кетуге болмас.

Көрме:

Сазгер 650 шақырым Балқаш көлінің оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс жағалауларында мекен ететін елді аралап, 200-ден астам әндер мен 100-ге тарта күйлерді үнтаспаға жазып алып келіп, оны нотаға түсіреді. Ол әндер «Балқаш аймағының ән мұрасы» деген атпен музыкалық-этнографиялық жинақ болып басылды. Бұл жинаққа 1968 жылдан 1980 жылға дейінгі осы аймактың мол мұрасын жинап, зерттеу негізінде халық арасында бұрын-соңды тарамаған нотаға түсіріліп, зерттелмеген, көп жанрлы 132 ән енген.

Бірнеше жылғы зерттеу еңбектерінің нәтижесінде оның «Жалын» және «Өнер» баспасынан «Бақыт құшағында», «Ән — көңілдің айнасы», «Балқаш өңірінің әндері» этно-монографиялық жинақтары шығып халыққа тарады. Монғолиядан келген өнер қайраткері, дирижер Қисықұлы Ахметбек бұл жинақтарды Монғолия қазақтары да пайдаланып жүргендігін айтады.

Өнер майталмандары туралы сыр шерткен мақалалары облыстық, республикалық газет-журналдарда жиі жарық көрді. Сонымен қатар ол кісінің бірнеше ғылыми мақалалары Алматы, Көкшетау, Семей, Қызылорда, Қараганды, Талдықорған педагогикалық институттарында өткен ғылыми-теориялық конференция жинақтарына енгізілді.

Сонымен қатар «Жетісу сазгерлерінің әндері», «Жетісу сазгерлерінің күйлері», «Қазақ халқының музыкалық шығармашылығы», «Қазақ тәрбиесінің ерекше түрлері», «Ақын сазгер Күлбараш Мұханова» атты жинақтары белгілі.

Жүргізуші:

Бар саналы ғұмырын өнер жолына арнаған Келгенбай Төлеутаев кезінде өзі білім алған №2 Абай мектебінде, қаладағы педагогикалық училищеде қазақ хорын ұйымдастырды. Ән-күйден сабақ бере жүріп, талантты жастарды өнерге баулыды. Мысшылар мәдениет сарайында «Сарыарқа» халық ансамблінің талай биіктерден асуына күш салып, өзінің қолтаңбасын қалдырған Келгенбай аға жайлы шәкірті Капенова Ғалия апайдың естелігіне құлақ салсаңыздар.

Жүргізуші:

Ғалия апай, Сіз «Сарыарқа» ансамбліне қашан келдіңіз? Келгенбай ағаның қандай қасиеттерін жас ұрпаққа өнеге етер едіңіз?

Ғалия апайдың орындауында «Алтыным» әнін қабыл алыңыздар.

Жүргізуші:

К.Төлеутаевтың халық арасынан жинап алып, нотаға түсірген «Әләуләй», «Жанай керім», «Жеті арал», «Үкілім», «Үкілім-ай», «Сырғалы жеңгем», «Томпидым угай-ай», «Желбір желкен», «Еркем-ай», «Қызыл гүл» халық әндеріне қоса Арқа жерінің көптеген күйлері жұртқа кеңінен тараған. Олардың бәрін күні бүгінге дейін республикамыздың майталман әншілері үлкен сахналар мен радио-теледидардан орындап, халыққа насихаттауда.

Күй

Жүргізуші:

К.Төлеутаев 1983 жылы Қазақстан Оқу министрлігінің нұсқауымен туған өңірінің музыка мәдениетін көтеруге үлес қосу үшін І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтының ән-күй факультетіне оқытушылық қызметке тағайындалады. Келісімен оқытушылық қызметке қоса қоғам жұмысына да белсене араласады.

Бірнеше жылдар бойы институттың көркемөнер кеңесінің жетекшісі, сонымен қатар университеттің «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Оның басшылығымен даярланған көптеген баяндама, концерттер, тақырыптық кештер қаланың оқу орындары мен университет көлемінде өткізілді. Ғалым-ұстаз университеттің студенттеріне «Қазақ халқының музыкалық шығармашылығы», «Қазақ музыкасының тарихы», «Қазақстан өнерінің тарихы» тәрізді күрделі пәндерден терең мәнді дәрістер берді.

Арнайы оқу жоспары бойынша бірнеше жылдар бойы бүкіл облыс аудандарына студенттерді фольклорлық практикаға апарып, халық арасында әлі де болса тарамаған көптеген әндер мен күйлерді жинап әкелу экспедициясын басқарды. Тәжірибелі зерттеуші бұл материалдарды нотаға түсіріп, болашақта арнайы жинақ етіп шығару үшін еңбектенді.

Жүргізуші:

Келгенбай ағаның сүйіп тыңдаған «Құстар әнін» «Балқаш сазы» ансамблі әншілерінің орындауында қабыл алыңыздар.

Ән

Қорытынды

Жүргізуші:

Міне, Қазақстан Сазгерлер одағының мүшесі Қазақстан халық ағарту ісінің озық қызметкері, өнертану ғылымының кандидаты, профессор міндетін атқарушы К.Төлеутаевтың халқымыздың музыка өнерін өркендетуге қосқан үлесі осындай. Композитордың мол мәдени мұрасын халық ешқашан ұмытпайды деген сенімдеміз. Осымен сазгер К.Төлеутаевты еске алу кешіміз аяқталды. Алтын уақыттарыңызды бөліп, келгендеріңізге үлкен рахмет. Сау болыңыздар!

Басқа материалдар:

  1. Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлы туралы не білеміз?
  2. Классик — композитор Ықылас Дүкенұлы (1843-1916). Күй мектебінің қалыптасып   өркендеуі.
  3. Ән әлемінің падишасы, вальс королі – Шәмші Қалдаяқовқа арналған кеш сценарийі
  4. Шәмші Қалдаяқов — вальс королі
  5. Тест: Шәмші әндерінің шығу тарихын білесіз бе?
  6. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сының тараулары (ІІ том)
  7. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сының тараулары (ІІІ том)
  8. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  9. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  10. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  11. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы
  12. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сы туралы түсінік (І том)
  13. Абай жолының ІV томы
  14. С. Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңі (Сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ