«Шәмші әлемі» атты әдеби-сазды кеш сценарийі

0
4605
Шәмші Қалдаяқов - вальс королі

Мақсаты : әр қазақтың жүрек түкпірінен орын алып, ән әлемімізге жарық жұлдыздай сәуле шашқан вальс королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне шолу жасау, шығармашылық жолымен  танысу.

Шәмші әндерін насихаттау арқылы халық арасында шоқтығы биік жұлдыздар шығуына ықпал жасау және оқушыларды сұлулыққа, әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу.

Міндеттері:  

  • Ш.Қалдаяқовтың шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу;
  • ауысым қатысушыларын Шәмші әндерін нақышына келтіріп жеткізу қабілеттерін дамыту;
  • өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Өткізілу түрі: әдеби-сазды кеш.

Қажетті жабдықтар: тақырыптық слайдтар, Шәмші Қалдаяқов өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм.

ІС-ШАРАНЫҢ БАРЫСЫ:

Көрініс«Шәмшінің өмірге келуі»
(Музыка баяу ойнап тұрады.)

Автор: Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жердегі қойнауында «Сарыкөл» деген шағын көл бар. Осы көлдің жағасын 1927 жылы бір жағы қыстамшылық қуған Қалдаяқ деген кедей келіп, қамыстан күрке салып, осында мекендеп қалады.

Қалдаяқтың шын аты – Әнапия. Оң аяқ балтырындағы үлкен қалды көріп жүрген жеңгелері оны Қалдаяқ атап кеткен. Татарлардың гармонын, қазақтың домбырасы мен қобызын шебер орындайтын сері Қалдаяқтың сол қамыс күркесінде 1930 жылы бір бала дүниеге келеді. Шәмшінің әкесі ұл туса Жәмшид патшаның атын қоямын деп жүрген кезінде түс көрген. Түсінде ұлының көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көрген. Мұны Шәмшінің әкесі жақсылыққа жорыған.

«Ән аға» фильмінен үзінді

Жүргізушілер сахнаға шығады

1-Жүргізуші :
Армыздар, асылын ардақтап, ұлы өнерді ұлықтауға жиналған қадірлі қонақтар?!

2-Жүргізуші :Қайырлы кеш,  қымбатты көрермен.  Қазақ вальсінің королі атанған алты алаштың оң қолын жүрегіне қойғызып, ән салдырған халқымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың «Шәмші әлемі» атты кешіне қош келдіңіздер!

1-Жүргізуші: Әндері ғажайып саздылығымен, бұлақ суындай  тап-таза сыңғырымен лирикалық наздылығымен ерекшеленген  Шәмші Қалдаяқов тірі болса 90 жасқа келер еді. Эстрадалық әндердің әуенін ұлттық нақышпен құнарландырған құбылыстың артында «Сыған серенадасы», «Өмір өзен», «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең» сияқты 300 ден астам әні қалды. Бағзы мен бүгінгі мақамдарды керемет ұштастырған  Шәмші әндері халықтың ыстық ықыласына бөленді.

2-Жүргізуші:Сонымен, ұлтымыздың арда жазушысы  Мұхтар Әуезов тамсана тыңдап,  жоғары баға берген XX ғасырдың төбесінен  тамшылаған лирикаға кезек берейік.

Ән: «Ақмаңдайлым»

1-Жүргізуші: «Бар қазақты тамсандырған,
Таңнан – таңға ән салдырған,
Өзін әнмен қарсы алдырған , Шәмші Қалдаяқовтың мен әр әніме алғашқы махаббатымдай қараймын деген сөзінде үлкен бір мән жатқан сияқты.

2-Жүргізуші:Дұрыс айтасың, шынында да әр әні әсем бір бақтың әртүрлі боп гүлдеген мәуелі ағашындай өз жемісі , өз жеңісі өз жолымен өз тағдыры бар.

Ән: «Кешікпей келем деп ең»

 1-Жүргізуші: Бейне ролик «Әнім – халқымның жүрегінде….»

1-Жүргізуші:
Сұлу Арыс жаралғандай ән үшін
Бір кездері тапқан да еді әншісін.
Бұл күндері баяу ағады сарқылып,
Іздей ме екен төл перзенті Шәмшісін

2-Жүргізуші:
Жырымды бүгін арнасам сізге айып па,
Өмірден озған ағаға асыл ғайыпта.
Арыстың әсем жағасындағы арулар,
Жүргендей бүгін ескексіз мініп қайықта

Ән: «Арыстың жағасында»
 

1-Жүргізуші:
«Аңшыны аңшы алыстан таниды» демекші, Шәмші ағамыздың тұстасы, өнер әлеміне бірдей құлаш сермеген Қазақстанның халық әртісі Мыңжасар Маңғытаев Шәмшінің шығармашылығы, адамгершілігі жайлы көзі тірісінде айтып кетіп еді:
«Мен ойладым, Шәкен өлместің адамы, өйткені із қалдырған азамат. Тірі адам ешуақытта жанында жүрген адамды өз деңгейінде бағалай алмайды. Өкінетін жағдайым Шәкең ерте кетті.

Ол жиырмасыншы ғасырдың серісі еді. Бұл азамат күншіл емес еді. Өсек айтпайтын, ешкім туралы қызғаныш айтпайтын. Бір кездесуде Шәкеңнен әңгіме естідім: – Сізге неге атақ бермеді, дер кезінде?»- дегенде, «Халқым-ау, менің алдымда Әблахат тұр ғой»,- деді. Сонда мен бұл кісінің бойындағы адамгершілік қасиетті сезінген едім».

2-Жүргізуші: Шәмші ағамыз бір сөзінде.
…. Өмірге, адамдарға құрметі жоқ кісіден өнерпаз шықпасы керек. Мен де адамдарға ғашықпын.
Сендер менің әл – Фарабимен жерлес екенімді ұмытпаңдар.
Ол да, мен де Отырардың перзенттеріміз деген екен.

1-оқушы

Отырардың ерке ұлы Шәмші ағаға

Артында өнер өшпес мұра қалды,
Әніне табындырып барша жанды.
Қазақтың сазгер ұлы, сал – серісі,
Ғасырдың ұлы елдің маңдай алды.
Ел аузында айтылар өзге қыры,
Дайын тұрды кімге де әзіл, шыны.
Ақ пейіл көңіліне берген шығар
Әнұранға айналып отты жыры.

Ұлылықты өзің – ақ дәлелдедің,
Жарқырадың ұлыдай кемеңгерім.
Әнмен тербеп әлемді сен тұрғанда,
Мүмкін емес ұлы аға төмендеуің.
Аты аңызға айналды Шәмші бүгін,
Тиісті еркелеуге елге дүйім.
Жүректен орын алған сазды әуенің,
Көтерер алты алаштың көңіл күйін.
Вальстің королісіз – ақ, өзі алтын,
Бағалай білген қазақ өнер парқын.
Әуеннен күмбез салған өзіңізді,
Құрметпен тағзым етер сізге халқым.

2-оқушы

М. Мақатаев./ Шәміл – ау! Шәмші қайда? Шәмші қайда?

… Сол күдер ғой – жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп айызың тамсанады.
Өкініш пе, білмеймін қуаныш па,
Өз – өзінен жүрегім ән салады.
Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,
Шәміл – ау!
Шәмші қайда?
Шәмші қайда?
Шәмшіге айт,
Тағыда бір таңдандырсын,,
Жандырсын жүректі, жандырсын!
Мәңгі өлмейтін Махаббатым айта жүрер!
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын!
Шәмшіге арнау.
Оқитын хор класының оқушысы
Жанаев Еренбақ
Отырарда туып, өсіп, ержетіп
Жалауын әннің көтердің аға өрге тік.
Сіз де өттіңіз опасыз мына жалғаннан
Ғашықтардың жүрегін әнмен тербетіп.
Кетті аға, әнің қазақтың жерін шарықтап,
Көгершін болып көк аспанында қалықтап.
Байлық пен мансап бақытқа бастар жол емес,
Қоныпты сол кез басыңа аға, анық бақ.
Әніңе қосып Ақжайық, Каспий, Арқа елің
Ғашықтардың жүрегін аға өртедің.
Жалаң аяқ көбелек қуған сәбиін
Іздейді бүгін кіндік қан тамған Сарыкөлің.
Ол рас аға өмірден сыйды аз көрдің,
Қиындыққа сыр бермей өтті жаз көңілің.
Қайыққа мінген Сыр сұлу күтіп жүр ме екен
Бір соғар деп оралмай кеткен сазгерін.
Жабыны жоқтап, тұлпарды көзге ілмеген,
Санасыздар қызғаныш отын үрлеген.
Бүгіндер жүр бармағын шайнап өкініп,
Уағында қадіріңізді білмеген.
Әніңе бөлеп бозторғай ұшқан қырқаны,
Ән салдың аға таңға ұрып тағы бір таңды.
Әлемнің қазір төрінен биік дауыспен,
Әніңіз сіздің Ән ұран болып шырқалды.
Күніңіз туды төріне өнер өрлейтін,
Ерлер де шықты, намысын ердің тербейтін
Өлді деп сізді кім айта алар жан аға,
Ән салдырған мәңгілікке өлмейтін.

3- оқушы.

Шәмшіге

Мен сендей жаза алдым ба … жаза алмадым,
Жұртымды тербемеді ғазалдарым.
Уа, Шәке, мәңгілік ән сыры неде?
Түнде туып өледі азанда әнім.
Айтшы,вальс каролі,не қылайын,
Отырғаным түңіліп шегіп уайым.
Сенің ғажап әніңмен тербетіп тұр,
Жапырақтай жүрегін сері қайың.
Әндеріме шынайы мұң сіңіп пе?
Қайдам, қайдам жазбағам күрсініпте.
Мен әлде әндейтұғын ханшайымды,
Күң қылып жібергенмін тіршілікке.

4- оқушы.

Сезімге бай сырлы әнді сыйладым қай?
Күңіренткен дүниенің дидарын жәй.
Сүйкімсіз ноталарым сумаңдайды,
Қысқа киген сұлудың сирағындай.
Кешір,кароль ,кешірім өтінемін,
Запыранға толып тұр көкірегім.
Ән сенің аманатың аманатқа,
Қиянат жасадым-ау өкінемін.
Ажары бөлек боп тұр бүгінгі айдың,
Қозданып бара жатыр мұңым,қайғым.
Жалғыздық деген көлдің жағасында,
Жәй ғана “Қайықтаны” ыңылдаймын.

5 -оқушы.  Шәмшіге арнау

Тарихқа ән қалдырған
Тастыда тан қалдырған Шәмші аға
Сезімнің қылын шерткен
Мұрын сепкен
Әндері жібек шапан
Жүрегің тігін жеткен Шәмші аға
Ақ шағала құстай Шәмшінің әні
Самғайды құламайды
Ұялшықтың өзін әнші қылады
Айтпауға шыдамайды
Сендегі ән шағымды
Шашқандай маржанымды Шәмші аға
Сен жазған наз орынды саз шағынды
Қазаққа білдін бе екен әнұран жазғанынды
Шәмші аға

1-Жүргізуші:

Келесі орындалатын әннің тарихы қызық . Бұл әнді Мұхтар ағамыз Владивостокта әскери борышын өтеп жүргенде татар жігіті татардың халық әні деп шырқайды. Мұхтар аға бұл ән әкесі Шәмшінің әні екенін дәлелдейді.

2-жүргізуші: Ол қай ән дейсіздер ғой? Ол Шәмші ағамыздың аналарға орнатқан ән ескерткіші. «Ана туралы жыр» болатын.
Ән: «Ана туралы жыр»

1-Жүргізуші :Арыстың жағасынан түлеп ұшқан Шәмші бүкіл қазақ даласын әнмен әлдиледі. Шәмші Қалдаяқовтың ән мұрасы бүгінде ұлтымыздың мәңгі өшпес рухани құндылығына айналды.

2-Жүргізуші:

Шәмшінің әні мынау өмір өзенінде, бақыт құшағына бөлеп, қуаныш вальсіне билетті. Ол қайықта тербеп, сырдың толқынындарында шомылдырды. Ол үшін еліміздің әр тасы қымбат бір уыс топырағынан асқан құндылық жоқ.

1-Жүргізуші :

Шәмшінің әні ғашықтардың сағыныш әні,
Шәмшінің әні еліміздің жігері мен рухын тіктейтін ән байрақ .Өмірінің соңғы сәтіне дейін Шәмші жүрегінің әр лүпілі  Менің Қазақстаным  деп соқты.

2-Жүргізуші :

Еліміздің әнұранына айналған Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні

Хор: «Менің Қазақстаным»

Дереккөз: bilimainasy.kz

Басқа материалдар:

  1. Ән әлемінің падишасы, вальс королі – Шәмші Қалдаяқовқа арналған кеш сценарийі
  2. Шәмші Қалдаяқов — вальс королі
  3. Тест: Шәмші әндерінің шығу тарихын білесіз бе?
  4. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сының тараулары (ІІ том)
  5. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сының тараулары (ІІІ том)
  6. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  7. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  8. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  9. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы
  10. «Абай жо­лы» ро­ман-эпо­пея­сы туралы түсінік (І том)
  11. Абай жолының ІV томы
  12. С. Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңі (Сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ