Үштілді білім беру – жаһандану талабы

0
1600
Иллюстрация: Freepik.com

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дегендей, тіл білуге деген сұраныс күннен күнге артуда. Полиглот адамдар бұрын сирек кездессе, бүгінгі күні көп тіл білу ел азаматарының басты қажеттілігіне айналып отыр.

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы ХХІ ғасырды көп тіл білетін тұлғалар мен полиглоттар ғасыры деп жариялаған болатын. Соған байланысты біздің еліміз де 2017 жылы «Үштілділік саясаты» мәдени бағдарламасын енгізді.

ҚР тұңғыш Президенті Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселе көтерілген: «Үштілділік мемлекеттік деңгейде көтермеленуі тиіс. Біз ағылшын тілін үйренуде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады».

Бүгінгі таңда аталған бағдарлама аясында қыруар іс атқарылып, халқымыздың үш тілде еркін сөйлей алуы үшін балабақшадан ЖОО-ға дейінгі білім жүйесінде оңтайлы өзгерістер орын алғаны белгілі.

Ұлттық тіліміз — қазақ тілі, мемлекеттік қарым-қатынас тілі — орыс тілі, ал халықаралық экономикаға интеграция құралы ретінде ағылшын тілі таңдалды.

Аталған бағдарлама аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да үштілді білім беру бағдарламасы тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Шетел ғылыми оқу орындарымен, ғылыми ұйымдармен ынтымақтастығы, мұғалімдер мен студенттерге арналған арнайы халықаралық гранттардың көптеп бөлінуі, шетелге тағылымдамадан өтуге жолдама берілуі, халықаралық конференциялардың тұрақты түрде өткізілуі — бәрі де университеттің үштілділік саясатын ұтқыр қолдануының негізінде жүзеге асырылып отыр.

Биылғы жылы үш тілде білім беретін аккредиттелген білім беру бағдарламасы бойынша ҚазҰУ 422 бірлікті құрап отыр. Сонымен қатар ағылшын тілінде сабақ беретін профессор- оқытушылық құрам бойынша да ҚазҰУ ұлттық ЖОО-лар ішінде көш бастап тұр.

Университеттің Философия және саясаттану факультетінде магистранттарды оқыту үштілділік саясатының барлық ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуда. Атап айтатын болсақ, магистратурада оқу жүйесі нақты үш тілді білім беру жүйесі бойынша ұйымдастырылған.

Сабақтардың үштен бірі қазақ тілінде, келесі үштен бір бөлігі орыс тілінде және қалған бір бөлігі ағылшын тілінде өткізілуде. Сонымен қатар конференциялар мен ғылыми мақалалардың үш тілге аударылып жариялануы факультеттің білім беру жүйесіндегі үштілділік саясатының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады.

Осы оқу жүйесін ескере отырып, ҚазҰУ магистранты ретінде мен университетіміз өз студенттеріне толыққанды білім алу үшін барлық мүмкіндікті жасап жатқанын және жаһандық білім жүйесінің талаптарына сәйкес үштілді білім беруді жүзеге асырып отырғанын толық сеніммен айта аламын.

 

 Жолдыбаева Аягүл
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
«Философия және саясаттану» факультетінің
1-курс магистранты


ПІКІР ҚАЛДЫРУ