Ұстаз — ұлы тұлға (Эссе)

0
17392
Иллюстрация: Freepik.com

Ғалым да, шахтер де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген,
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең …

Осы тақырыпты алғаннан соң көп ойландым. Шындығында мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» деп қалай дәл тауып айтқан. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық.

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі – бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы — жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар деп ойлаймын.

2009 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Физика – математика» факультетінен «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығын игеріп, жоғарғы білімді маман атандым. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес М. Шәменов ауылындағы №34 Ә. Бердаулетов атындағы орта мектебіне мамандығым бойынша жұмысқа орналасып, қаржылай әлеуметтік көмек алдым. Мектеп ұжымынан әрбір ұстаздың бойында болатын төзімділік, сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбек сүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойыма сіңірдім.

Мен өзімнің ұстаздарыммен қатар еңбек етіп, баланың бойына ақыл – білім дәнін сеуіп, аялап, көңілін табуды, алаламай сүйе білуді үйрендім. Менің шәкірттерім Серәлі Нарбота 2011 жылы аудандық пәндік олимпиадасынан ІІІ орын, ал аудандық пәндік ғылыми жоба жарысында Жақсылық Жұлдызай І орын иеленді. Осы мамандықты таңдауыма математика пәні мұғалімдері Байқожаев Болат ағай мен анам Дәулетбайқызы Шынардың еңбегі үлгі болды.

Дана халқымыз «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, «Ұстаздар жанұясы» болғанымыз мен үшін үлкен бақыт.

Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады. «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдында үлкен жауапкершілік жүктеді. Әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды.

Нағыз мұғалім, міне, осы. Өйткені, әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келген кез келген мемлекет ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше, осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа формация мұғалімінің еншісіне тиері анық.

Жаһандану заманында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың көр­сет­кіші – білім деңгейімен өлше­неді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жү­йе­сін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе.

Бұл мәселені шешудің кілті ұс­таз қолында. Өйткені, ұстаз ел­дің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Адам тәр­бие­леу – ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы – ұстаз. Ұстаздың негізгі құралы – сабақ.

Сабақ скрипка аспабы секілді: онымен жай гаммаларды ой­науға немесе Паганинише саусақ ұшын сымға жеңіл тигізіп, одан ға­жай­ып үн шығаруға да болады. Әрбір сабағы ғажайып әуенге толы на­ғыз ұстаз болу кімнің де болса арманы.

Менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой – өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен та­бандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жа­ңа­шылдықтың бастаушысы, жү­ре­гі – жылы, көңілі – дарқан адам.

Ұстаздан дәріс алмаған адам қазір жер бетінде жоқ десе де болар. Бұл мамандық содан да киелі. Жан – Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, бас­қаның бақытын аялау» деген нақыл сөзі жаныма өте жақын.

Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адам­ның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Шәкірті өзінен оз­ған ұстаз – еңбегі ақталған ұстаз. Өйткені, өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін шебер ұстаз үз­дік­сіз ізденісте болып, қоғам сұ­ра­нысына сай білімді, шығарма­шыл, өзін – өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ой­лай­мын. Мен ұстаздықтың ауыр жү­гін арқалауды өз жүрегімнің қа­лауымен таңдадым. Маман ұс­таз ретіндегі негізгі ұстанымым: ба­ланы тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, оқушының кішкентай қуанышын, табысын ба­ғалай білу.

Бо­лашақта мұғалім мамандығы ең беделді, әрі жоғары ақы төле­не­тін мамандықтың біріне айналуы үшін оны сүйіп, талмай еңбек ету қажет.

Ұстаздық қызметте, шәкірт­термен қарым – қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мә­дениеттілік бірінші кезекте тұру керектігіне көзім жетті.

Қытай философының «Маған жәй айтсаң – ұмытамын, көрсет­сең есімде сақтаймын, ал өзімді іс – әрекетке қатыстырсаң үйрене­мін» деген даналығы білім алу­шының білімге ықыласын атты­руда ақпараттық – комму­никатив­тік технологияларды пайдалана отырып, өзіндік ізденіс жүргізуді практикада жүзеге асырудың маңызды екендігін көрсетеді.

Сапалы білім негізі – жан – жақты ақпараттық материал­дар­ды, көрнекі құралдар мен ұтым­ды технологияларды, тиімді әдіс – тәсілдерді пайдалана отырып, білім алушыға ешбір кітаптан таба ал­майтын білім беру. Өйткені, тек оқулықтағы білімді жеткізуші мұ­ғалімнің құны жоқ деп ой­лай­мын. Оқулықтағыны оқушы өзі де оқып алады.

Сондықтан бүгін білім бе­ру­дің сапалы болуы үшін: біріншіден, ұстаздың жан – жақты ака­демиялық білімінің бо­луы, екіншіден, мұғалімнің өз ма­ман­ды­ғы­на деген шынайы сүй­іс­пенші­лігінің және ешқан­дай дипломмен бірге берілмейтін шығар­машылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қа­сиет­тері болуы шарт.

Мен қазір біздің елімізде қа­лыптасқан мұғалімдік маман­дық­қа мектепте негізінен орташа оқыған білім алушыларды қа­был­дап, олардан орташа маман дайындап, оларды білім ұяла­ры­на жіберетін құрсаудың бұзы­лып, ұстаз мамандығы ең жоға­ры ең­бекақы төленетін үз­дік ма­мандыққа айналса деп ар­ман­дай­мын. Өйткені, жаңа ға­сыр­да ғы­лымның, техниканың, өн­дірістің қарқындап өсуі білім берудің бар­лық жүйесін жүйелі дамы­ту­ды талап етіп отыр, жаңа мүм­кін­діктерге жол ашу үшін іргелі өзгерістер керек.

Иә, қазір жаңа типті мектептер салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Дарынды балалармен жұ­­мыс бағдарламасы жүзеге асу үс­тінде. Жастарды шетелдерде оқы­­­туға мүмкіндік алдық. Жаңа буын оқулықтар, электронды оқу­лық­тар білім беру ісіне ене бастады.

Басқа материалдар:

  1. Ұстаздар туралы 10 таңдаулы қанатты сөздер
  2. Ұстаз — ұлы тұлға (шығарма)
  3. «Менің ұстазым» тақырыбында шығарма
  4. Ұстаздар күнінің шығу тарихы
  5. Ұстаздар туралы өлеңдер топтамасы
  6. Әлемдегі ең керекті мамандық (Ұстаз туралы шығарма)
  7. Сүйікті ұстаз (Шығарма)
  8. ҰЛТ боламын десең, ұстазыңды түзе
  9. Ұлы ұстаз өнегесі
  10. Өмірқұл Айниязов: Ұстаздың үстінен шағым айту — біздің санамызда болған емес…
  11. Ұстаздар күніне құттықтау сөз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ