Т.Молдағалиевтің шығармашылығына арналған «Нәзік сырлы, ойлы отты жылдары» атты әдеби-сазды кеш cценарийі

0
526
Иллюстрация: Freepik.com

Экран арқылы Т.Молдағалиевтің шығармашылығы туралы видео ролик жүріп жатады (лирикалық музыка)

Т.Молдағалиевтің поэзияларынан композиция

І Білімгер: Өткен күндерге хат жаздым,

Өшіп қалмасын оты деп.

Іздейді, мүмкін, хат жазды

Арманға толы көкірек.

Тағдырым, мені жүдетпе,

Биіктеп ұшсын нар құсым.

Қартайған қайсар жүректе,

Жігіттің оты, бармысың.

Бітпеген әні, әуені,

Жігіт едім ғой мен күшті.

Бес жапырағым бар еді,

Бір жапырағым желге ұшты.

Құлатып алдым ай, күнді,

Жылады жаным еңіреп.

Көтерісті ауыр қайғымды,

Сүйеді елім мені кеп.

Найзағай соққан қарағай

Орманда осы аз ба, әттең.

Жаңа аяқтанған баладай

Жүремін құлай жаздап мен.

 

ІІ білімгер: Екі жүз жыл. Сен туғалы, Махамбет,

Екі жүз жыл жұлдыздарға ұмтылғалы, Махамбет.

Дұшпаның да, зымыраған жылдар да

Келмеді ғой сені мәңгі құртуға әлі, Махамбет.

Сен жыл сайын биіктедің, асқақтадың, Махамбет.

Жамандықтың жармасатын жасқап бәрін, Махамбет.

Көтерілдің биігіне даңқтың да абыройдың,

Өр өзен боп кең далада босқа ақпадың, Махамбет,

Жырларыңды бала кезде жатқа айтып ем, Махамбет.

Жігітімде жігіттерге мақтайтын ем, Махамбет

Ақындық та ұлы майдан, бір майданда жеңілсем,

Келесі бір жеңістерге баптайтын ең, Махамбет.

Сенше кетсек, бұл дүниеге сенше келіп, Махамбет,

Халық деген ұлы анадан емшек еміп, Махамбет.

Ақындық пен батырлықтың туын бірдей көтеріп,-

Санамызда от боп жандың өршеленіп, Махамбет.

Сен тірісің әлі күнге, сен өлмедің, Махамбет,

Шың, асуда атың тайып бөгелмедің, Махамбет.

Ақындықтың хас батырлық екендігін, ендеше.

Өміріңмен өзің кешкен дәлелдедің, Махамбет.

Ел жадында мәңгі бақи есен ерсің, Махамбет,

Саған деген ел пейілі еселенсін, Махамбет.

Дәл өзіндей атқа мініп, дәл өзіндей жыр толғап,

Келетұғын ұрпақтарың өсе берсін, Махамбет!

 

ІІІ білімгер: Бақытты бол, қазағым, қайда жүрме,

Бара алмадық көбінде тойға бірге.

Үлестіріп әркімге беретіндей,

Біздің туған өлкеміз бай ма гүлге?!

Біз бітпейміз, жат бізге ондай ұғым,

Табыстадық тарихқа тандай ұлын.

Келін түскен кең үйге кең жүрекпен

Жарасады жасасақ қандай ырым.

Мен елімнің ұнатам ер мінезін,

Көпке қызмет жасаймын жалғыз өзім.

Келін түскен үйлерден әсем үйді

Көрген емес туғалы менің көзім.

Әсем әндер жаңбыр боп төгіледі,

Бақыты көп не деген өмір еді.

Қыз ұзатып жатқан үй қызығымның

Басы болып әрқашан көрінеді.

Оянасың, ойшылым, күнмен бірге,

Көбелек боп ұшасың гүлден гүлге.

Қуанышың көп болын сенің, қазақ.

Аз көрмедің қайғыны бұл өмірде.

Туған жерді көреміз жанымыздай.

Ән бір арман, айтамыз оны бұзбай.

Әрқашанда бақытты болғын, қазақ,

Жиырмадағы жігіттей, ару қыздай.

 

ІV білімгер: Өмір маған кейде тау сияқты,

Шыңына шыққым келеді.

Өмір маған кейде бір жау сияқты,

Аяққа жыққым келеді.

Өмір маған кейде бір бел сияқты,

Гүлдерін тергім келеді.

Өмір маған кейде бір шөл сияқты,

Сусын бергім келедi.

Өмір маған кейде бір от сияқты,

Жылысын алғым келеді.

Мен үшін кейде бақыт жоқ сияқты

Өліп калғым келеді.

Өмір маған кейде жақсы дос сияқты,

Күнде көргім келеді.

Өмір маған үлкен керуен көш сияқты,

Жетектегім келеді.

Өмір маған кейде адал жар сияқты,

Еркелеткім келеді.

Мені күткен бір бақыт бар сияқты,

Ерте жеткім келеді.

Өмір маған кейде сұлу қыз сияқты,

Құшақтап сүйгім келеді.

Өмір маған кейде «апа», сіз сияқты,

Қуаныш үйгім келеді.

Өмір маған шаттық сезім сияқты,

Мәз болып күлкім келеді.

Өмір маған кейде өзім сияқты,

Өмір сүргім келеді.

 

V білімгер: Азайып бара жатыр біздің бұлақ,

Көзіне қарағышпыз қыздың бірақ.

Көктем келсе, жолында жазға соқпай,

Өтіп бара жатады күз зымырап.

Күз кетеді, соңынан қыс келеді,

Қабақ шытып ызалы тістенеді.

Сыбағасы бардай-ақ өзі жейтін,

Кірген үйдің бәріне түстенеді.

Өрден сайға өрекпіп желмен ұштың,

Саған аяп қол ұшын бермеді ешкім.

Үстіңе тон, аяққа етік киіп,

Қызметінде жүресің сен де қыстың.

Ешкім көмек бермейді құр жатқанға,

Ат болдырып, қалады бір жақта арба.

Денең сергіп, қарайсың көңілің өсіп,

Дүниені көктем кеп нұр жапқанда.

Қартайған соң көп күнің жеке өтеді,

Қиялға да берілме өте тегі.

Сол көктемге, бауырым, аман жетсең,

Ар жағын жаз жетелеп әкетеді…

 

VІ білімгер: Кінә қойма, жақсы дос, енді маған,

Мұнарланған даламнан кеңдік алам.

Биіктенем қарап ап тауларыма,

Жылау үшін өмірге келді ме адам?

Жоқ, келгем жоқ дүниеге жылау үшін,

Елімдікі бойдағы бұла күшім.

Мен шыққанда саңқылдап сахнаға,

Үнсіз ұйып тыңдайды үлкен-кішім.

Салғырттықты сара жыр қуалады,

Тау биігі мекенім, гүл алабы.

Үнсіз тыңдап жырымды балаларым,

Бір бақытты көргендей қуанады.

Бүгін, міне, заң басқа, заман басқа,

Беріп бақтым қол ұшын әман досқа.

Жақсылық боп көрінсем жамиғатқа,

Керек маған қандай бақ одан басқа?!

 

І жүргізуші: Армысыздар құрметті ұстаздар, қонақтар, білімгерлер!

ІІ жүргізуші:  Лирикамен нұр сыйлаған,

Шапағатпен гүл сыйлаған- Т. Молдағалиевтің шығармашылығына арналған «Нәзік сырлы, ойлы отты жылдары» атты әдеби-сазды кешімізге қош келдіңіздер!

І жүргізуші: Классик ақын атанған Тұманбай Молдағалиевтің қазақ поэзиясындағы орны тым ерекше. Басылым беттеріне берген сұхбаттарының бірінде: «Көңілімнен өлеңнің оты өшкен күні жер бетінде жүре қоймаспын. Өлеңнен өз орнымды таптым», — деген еді. Халқының махаббатына бөленген Тұмаш аға біздің жадымызда. Өйткені ол өшпес мұра –поэзияларын бізге аманат етіп қалдырды.

ІІ жүргізуші: Ақын неғұрлым халық өмірімен тығыз байланыста болса, оның өнері де өмірлі болмақ. Ал халықпен үні үндес, ұраны бір өнер жанашыры жұртшылық жүлдесіне ие, әрдайым ел ардағы, қауым құрметтісі саналмақ. Поэзияны, өнерді таптырмайтын тәрбие құралы деп ұққан, саналы өмірінде туған еліне өлең сөзімен қалтқысыз қызмет еткен ақын Тұманбай Молдағалиев есімі ерекше аталады.

Лирикалық өлеңдермен қатар, ол балалар әдебиетін назардан тыс қалдырған жоқ. Көзі тірісінде қазақ әдебиетінің классигі атанған Тұмаш ата қазақ әншілерінің орындауындағы әндердің басым көпшілігіне сөз жазған еді. Қазақ музыкасының дүлдүлдері Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сияқты сазгерлермен тығыз байланыста болып, талай әндердің дүниеге келуіне ықпал етті.

І жүргізуші: Тұманбай ақын Ш.Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», Н. Тілендиевтің «Қайран менің жүрегім», «Куә бол», «Құстар қайтып барады», Әсет Бейсеуовтың «Шақырады көктем», Сейдолла Бәйтерековтың «Жан досым», Бөкен Жамақаевтың «Ертіс вальсі», Қуат Шілдебаевтың «Отан-Ана» тағы сол сияқты көптеген әндердің сөзін жазған. Болмысынан мейірімді, ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтін ақын ата алдына келген сазгер іні-қарындастарының өтінішін аяқ асты етпей, өлең жазып беретін.

ІІ жүргізуші: Олай болса әнге де кезек берейік.

Т.Молдағалиевтің сөзіне жазылған

Ә.Бейсеуовтың әні «Шақырады көктем»

Орындайтын Абитова Мадина

І жүргізуші: Тұманбай ақын өлеңдерін оқып отырып, ақын бойындағы сүйіспеншілік сезімі туған табиғат арқылы келгендей күй кешесің. Сонымен қатар халықтың ғасырлар бойына аңсап күткен асыл арман, үмітін, бар талап-тілегін айтуды да ұмытпайды. Ақын ылғи оқырманын толғанысқа бөлеп отырады.

ІІ жүргізуші: «…Өмір деген – алысқа аттаныс,

Қайда ұшсаң да, қасиетіңді сақтап ұш.

Бүгін дырдай көрінгенмен, күні ертең,

Мен сендерге бола алам ба мақтаныш?»  … Бұл тамаша өмір – қол жетпес қиял, арман емес, қазіргі біздің шын, күнделікті бақытты өміріміз деген өзінің қуанышын білдіреді. Қазақ ақыны Тұманбай үшін Отаны, елі, жерінің тағдырын жырлау – негізгі мақсат, биік мұрат іспетті.

Музыкалық номер.

-Дүйсенәлиев Нәби «Құстар әні»

-Шәкіш Әмірбек «Туған жер» әні

-Т. Молдағалиевтің әндерінен жинақталған музыкаға «Шолпы» би ансамблі композиция

І жүргізуші: Бірде ақын ата Нұрғиса Тілендиевтің қалын сұрап, үйіне барады. Сазгердің ауырып отырғанын көрген ақын: «Қай жерің ауырады?» деп сұрап, «Жүрегім» деген жауап алады. Сол сәтте ақын:

ІІ жүргізуші: Қайран менің жүрегім, жас жүрегім,

Көктем едің бір кезде, тасқын едің.

Жастық дәурен, жалтақтап қарайлайсың,

Сені ойласам, ұйқым да қашты менің,

— деп өлең жазып кетеді. «Қайран менің жүрегім» әні осы кездесуде дүниеге келген екен.

— Әшімжан Жәнібектің орындауында «Жүрегім менің» әні

І жүргізуші: Н.Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әнінің де сөзін Тұманбай Молдағалиев жазған. Бірде ақынға Нұрғиса Тілендиев «Сенің өлеңдеріңе алда талай ән жазамын. Бірақ та, дәл осындай ән қайта шықпайды. Мені ақтық сапарға осы әнді айтып, шығарып салыңдар,» — деп аманат етіпті.

Театрландрылған көрініс «Құстар қайтып барады»

ІІ жүргізуші: Сейдолла Бәйтерековтың «Жан досым» әні шамамен 1981 жылы дүниеге келген. Сазгер бала күнін еске алып, интернатта бірге өскен дос-бауырларын сағынып, ән жазады. Кейін ақын ағасына келіп: «Тұманбай аға, мынау дос туралы ән болсын» деп дайын әуенді тыңдатады. Ақынның бірге өсіп, жақын туыс болып кеткен Едіге Сапаев деген досына арналып жазылған өлеңі бар болатын. Бұл өлең мен әуен бір үйлесім тауып, дүниеге «Дос туралы жыр» атты ән келеді. Кейін оның атауы «Жан досым» болып кетеді.

Сахнаға Баратбек Бекжігітті «Жан досым» әнімен шақырамыз

І жүргізуші: Сыршыл-лирик ақын махаббат тақырыбына да көп көңіл бөлген. Саналы ғұмырын өлеңге арнаған ақынның поэзияларын қазігі жастар беледі ме, қалай ойлайсың Гүлназ?

ІІ жүргізуші: Өзін қазақпын деп санайтын әрбір азамат қазақ поэзиясынан, оның ішінде классик ақын Т. Молдағалиевтің поэзиясынан хабары болу керек деп ойлаймын. Бекжігіт, біз бір-бірімізге сұрақ қойып, жауап алып сахнада тұра бермей, одан да көрермендер қатарына түсіп, кім ақынның қандай өлеңін білетінін сұрайық.

(жүргізушілер залға түсіп, көрермендермен жұмыс жаайды)

— Бейсен Айнаш «Куә бол » әні

І жүргізуші: Күндердің күнінде «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында қызмет ететін ақынға Шәмші Қалдаяқов арнайы келіп: «Өзіңді тосып жүрмін. Дүниеге бір ән келді. Оның сөздерін тек қана сен жазуың керек. Бұл ән би алаңында айтылатын ән болады» деп айтады. Аға өтінішін аяқ асты қылмас үшін ақын бірден қолына қалам алып, өлең жазуға кіріседі.

Дайын мәтінді сазгерге көрсеткенде ол: «Басқа біреуге беріп қоясың» деп сөз жазылған қағазды дереу қалтасына салып алып кетеді. Бірер күн өткен соң Тұманбайды дайын әнді тыңдауға шақырады. Ақын алғашқылардың бірі болып Ришат Абдуллиннің орындауындағы «Бақыт құшағында» әнін тыңдайды.

ІІ жүргізуші: Олай болса құрметті көрермен бүгінгі Т.Молдағалиевтің шығармашылығына арналған әдеби-сазды кештің қатысушылар мен қонақтары барлығымыз бірігіп осы «Бақыт құшағында » әнін орындасақ.

І жүргізуші: «Қайда жүрсем, ойлап сені жүремін,

Сүйікті елім, момын елім, ұлы елім.

Саған ғана арқамды мен сүйедім,

Саған ғана аяғымды тіредім», — деп ақын үлкен тебіреніспен сыр шерткен өлеңдері ешқашан ұмытылмайды.

І жүргізуші: Құрметті көрермен, халқына қара өлеңдері мен әсем әндерді қалдырған Т.Молдағалиевтің шығармашылығына арналған «Нәзік сырлы, ойлы отты жылдары» атты әдеби-сазды кеш өзінің соңына да келіп жетті.

ІІ жүргізуші: Бүкіл ғұмырын өлең жазумен өткізген ақын атамыздың еселі еңбектері ел жадында мәңгілік сақталып, келешекте талай-талай әндер дүниеге келеді деп сенейік.

І жүргізуші: Келесі поэзия әлемінде кездескенше!

Дереккөз: internet-konkursy.com

Ұқсас материал: 

  1. «Мен өзім тауда туып, тасында өстім» атты Ілияс Жансүгіровқа арналған кеш сценарийі
  2. ХVІІІ ғасырдың ақырғы ширегіндегі дала жыршылары
  3. Сыпыра жырау туралы мәлімет
  4. ХІV–ХVІІІ ғасырлардағы ұлттық әдебиетіміздің жыраулары мен ақындары шығармашылығының негізгі ерекшеліктері
  5. Көркем троптар, олардың түрлері
  6. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  7. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  8. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  9. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  10. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  11. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ