Талғаулықтық салалас құрмалас сөйлемдер

0
819
Иллюстрация: Freepik.com

Оқиғалардың, кісінің танымдық әрекетін, болжамды талғамдық ретпен хабарлайтын құрылымдарды талғаулықтық салалас құрмалас сөйлем дейміз.

Талғаулықтық салалас құрмалас сөйлемдерді ұйымдастыруға мына жалғаулықтар жұмсалады: не, я, болмаса, немесе, біресе. Бұл қызметте жоқ, әлде сөздері де пайдаланылады.

Бұл талғаулықтық жалғаулықтардың, талғаулықтық қызметінде жұмсалатын сөздердің ерекшеліктері бар.

Жалғаулықтардың бәрі негізінен бір позицияда компоненттердің жігінде жұмсалады.

Тарасын бұл арадан. Қу томардай сорайып жалғыз ұлықтың өзі қалсын немесе соның бауырына тығылған сұмдар қалсын (М.Әуезов).

Мына жалғаулықтар екі позицияда — әр компоненттің басында тұрып қатысады: біресе, не, я, әлде.

Не мен жатырқаған шығармын, не сен өзгерген шығарсың (С.Мұқанов). Я белгілі мамандығым жоқ, я алға ұстаған мақсатым жоқ (Д.Досжанов).

Жоқ әлде сөздері сұраулы сөйлемдер қатысқан құрмалас сөйлемдерді ұйымдастыруға жұмсалады.

Жылқыға қасқыр шапты ма жоқ Әзімбайлар қашаған қуғызып жүр ме (М.Әуезов).

Жоқ әлде бір сөйлемде қатар тұрып қатысады.

Үйдің ішін тұмандата тұнып тұрған папиростың түтіні жыбырлатты ма жоқ әлде қалғып отырған Бөлекбасты оятқысы келді ме? (Ә.Әбішев).

Талғаулықтық салалас құрмалас сөйлемдер іштей мынандай грамматикалық-семантикалық топқа бөлінеді:

  1. Альтернативтік талғаулықтық салалас құрмалас сөйлемдер. Бұл құрмалас сөйлемнің компоненттері атаған оқиғалардың, іс-әрекеттердің біреуі ғана расталады, жүзеге асады.

«Қой, Оспан енді өзіңді өзің қолға ал»  деген сөзді әлде көңлі айтты, әлде өзі айтты, әлде күңгірттенген көктен жетті (Ә.Тарази).

Бұл топқа жататын сөйлемдер формаға бай: баяндауыштары өткен шақ, келер шақ формада тұрып, бұрынғы, келешек оқиғаларды болжаулы талғауға түсіріп хабарлайды. Баяндауыш болжамды модальдық форма да алады.

  1. Мезгілдік талғаулықтық сөйлемдер. Бұл құрмалас сөйлемдер біресе жалғаулығы қатысып жасалады. Сөйлем мезгіл жағынан алмасып, кезекпен талғанып болатын оқиғаларды, іс-әрекетті хабарлайды.

Біресе лейтенант ашық жүзді, кең маңдайлы ақ құба жігіт сияқтанады, біресе ол күнге күйген күрең жүзді көрініп кетеді (Ғ.Мүсірепов).

Теңіздің беті біресе тынши қалады, біресе бұйра толқындары жағаға секіріп жатады (Ж.Аймауытов).

  1. Потенциялды талғаулықтық сөйлемдер.

Қазір не жаз басындағы жастардың арасында таң атқанша отырып өлең айтатын сауық жоқ, не көңіл көтеретін бас қосқан той-топыры жоқ (М.Әуезов).

Не көз тоқтатар қылаң көрінбейді, не құлақ қағар дыбыс естілмейді. (С.Мұратбеков).

Әкемнің бар малын сол айдатып алып, сымпидық та қалдық. Не мал жоқ, не үй жоқ, не тамыр-таныс жоқ. Жаппаның астында жаттық (Ж.Аймауытов).

Талғаулықтық құрмалас сөйлемнің бұл түрінің баяндауышы болымсыз формада, болымсыз мағына сөзден жасалады. Компоненттер хабарлаған іс-әрекеттің, оқиғаның бәрі болмайды, іс-жүзіне аспайды. Бірақ сөйлеуші, субъект үшін қалаулы.

Аталған құрмалас сөйлемдерді да, де демеуліктерін қатыстырып құруға болар еді: Көз тоқтатар қылаң да көрінбейді, құлақ қағар дыбыста естілмейді. Осылай құрылған құрмалас сөйлем оқиғаларды санақтап атайды, талғаулықтық мағына жоғалады.

Бұл сөздердің жалғаулыққа айналу процесіне байланысты.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  2. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  3. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  4. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  6. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  7. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  8. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  11. Қазақ тілі пәні бойынша бөлімді қорытындылауға арналған тест тапсырмалары
  12. Қашаған Күржіманұлының өміріне байланысты тест сұрақтары
  13. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  14. Екі негізді сөйлемдердің топтастырылу парадигмасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ