Торайғыр би өмірінен деректер

0
1759
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Торайғыр Шоң бидің туған інісі, Едіге бидің баласы. Баянауылдың күншығыс қатпалында Бауыртас деген жерде туып, өскен.

Қыстауы да сол жерде. Өмірден жастай кеткенмен ел алдында беделді, өзіндік
орны бар азамат болған. Мінезі тік, әр істің басын тез қайыратын, қайратты да әділ, әрі ақылдығымен танылған.

Ол туралы жазушы Қ.Исабаевтың «Серт» трилогиясының «Шоң би» деген үшінші кітабында:

«…Анадай көгалда оқшауланған көп қауым көрінеді. Шоң төңірегіндегі халық екен. Ал Шоңның не нәр татпай, не басын көтермей түнеріп отырғанына бір тәуліктен асыпты. «Құдай ісіне амал бар ма, басыңызды көтеріңіз, еңсеңізді жоғары ұстаңыз» дейтін жан жоқ.

Төңірегі түгелдей Шоңның қайғысына қайғы қоса түскендей, ол күрсінсе күрсінеді, ол теңселсе теңселеді. Қайғының ең батқан зілі көңілге қазір түспек Торайғыр денесін өзі осынау даланың қай тұсында жүрмесін қайтып келуге асығып тұратын үйінен шығармақ, енді бұдан былай мүлде қайтып оралмайтын сапарға аттандырамыз.

Мұны іштей сезіп отырған Шоңның көңілін осы тұста сергіту керек. Әрине, бұл ақынның ғана қолынан келеді. Адамға жан салғаннан басқаның бәрінің бетін қайтаратын сөзді жалындата өретін ақын ғана.

Өмірдегі орын жақсы білетін Жанақ домбырасын күйлетіп, жердегі құжынаған халықты ғана емес, қамыста бұққан құстарды да, көгілдір аспанды да көтере түскендей айқайға басып салды:

Темірге қайрақ керек өту үшін,
Жігітке керек тұлпар жету үшін.
Шоң аға көтер басты, еңсеңді ұста,
Торекең кетті дүниеден келмеу үшін.

Жақсы адамды жарылқанар алса құдай,
Жаманға көз тікпепті-ау олай-бұлай,
Шулатып елін-жұртын аза қылып,
Таңдауға шебер екен мына құдай.

Торайғыр інің еді соңынан ерген,
Еркелігі де бар еді-ау, елден ерен.
Едігенің бір арысы болса егер Шоң,
Екіншісі осы еді ғой сұрап берген.

Ауылы Шоң атамның елден ерек,
Еркелігі Торекеңнің ол да керек.
Айтпаңыз ұқсамады түгелдей деп,
Торекемде болушы еді басқа жүрек.

Сол жүрек тыңдайды екен өзін ғана
Сізге ұқсаса не болар еді, жалғыз дана?
Айтпаңыз Торы асау, жөнсіз ед деп,
Сонымен елге әйгілі өзі дара.

Шоң аға, Торекең сізге тізгін еді,
Асауды ауыздықтамаса не етер еді?
Торекем табылган соң жаныңыздан,
Қадамды байқап басу бекер ме еді?

Едігенің ол ұлы да елден ерек,
Ұл-ұлда кездеспейтін ол да сирек.
Жалғыз сен бе, Шоң би-ау, қара тұтқан,
Қайғыдан аз ба езілген бауыр жүрек?

Шоң аға, мойныңды бұр, көр халықты,
Дала да күңіренеді, ой шалыпты.
Біз де тұрмыз айырылдық деп бір көсемнен
Көтер басты, көңіл айт, ел келіпті!

Бала-шағасымен әйелінің зары, былайғы жұрттың «Ойбай бауырымдаған» айқайымен Торайғырдың еңгезердей денесі өзі сыймастай аласұрып жүрген кең даланың осынау екі аршын ғана қуысына берілді», — деп жазылған.

Осы арада Торайғырдың ел ісіне араласып, билік айтуынан да бір мысал келтіре кеткен жөн сияқты: «Кенет «ей!» деген дара дауыс ерекше саңқ етті. Торайғыр ол сөйлемес бұрын бір тізерлеп, көтеріліп алды.

— Би-аға, Төртұлы Қарқаралыға қарау керек. Оның мынадай мәнісі бар: дуанның құрамын Ысқақ баяғыда оқып берді ғой: «әр 10-12 түтіннен — ауыл, 60-70 ауылдан болыс, 20-30 болыстан — дуан.

Енді Төртұлы құрамына ұстап құрамын салыстырыңдаршы? Дәл өз үлгілеріңді өздеріңе үсынған кезде неге қабыл алмайсыңдар? Сөйтіп дуанға неге кірмейсіңдер?

Билер арасын бас шұлғыс пен бей-берекет сөздер аралап кетті. Торайғырдың мына сөзі отырғандарға жыбырсыз су бетіне жел жүріп өткендей әсер етті. Шоңның аңғаруы інісінің сөзіне билер кеңесінің мүшелері де мойын бүрып қалған сияқты белдерін жазып, біріне-бірі қараса қалыпты.

Торайғырдың айтқандарын Шоң баяғыда-ақ Ысқақ аузынан естіген. Бірақ әліптің артын күтіп оны тісінен шығармай келген. Сол әліптің арты хан тұқымының аға сұлтан деген атпен таққа қайтып келуі болып шықты. Осы отырыстағы әңгімені де содан бастап еді ғой. Торайғыр оған қалай түсінбеген? Шоң көпке осыны айтты да:

— Бұл қара халықпен санасудың әлі жоқтығы. Халық мұраты өз қатарынан басшы қойылғанда ғана орындалар. Хан тұқымына халық қамынан гөрі өз құлқыны жақын.

Сондықтан да біз Қарқаралы дуанына кірмейміз — Бөкей тұқымына кіріптар болмаймыз. Осыған көнгенің қаласың, көнбегенің жүре бересің.

Шоң тоқтап, алдында отырғандарды шолып шыққанша Торайғыр орнынан атып тұрып:
— «Күлтөбеде күнде жиын» деген,- деп мама ағашқа қарай адымдай жөнелді».

Міне, Торайғыр би туралы осындай деректер бар. Ал ол туралы ел аузында жүрген аңыз әңгімелер қаншама дерсіз.

Дереккөз: Бір туар дара тұлғалар, Қ.М. Алдабергенов, Е.М. Арын, Б.Т. Бапхкеева

Басқа материалдар:

  1. Қарадан шығып хан болған — Шоң мен Шорман би туралы
  2. Ел мен жердің намысын қорғап қалған батырлар (Қалқаман батыр, Сәти батыр, Сүйіндік батыр, Бөкенбай батыр, Шотана батыр)
  3.  Қара қылды қақ жарған (Айдабол, Едіге би)
  4. Шорман бидің өмірі туралы
  5. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы
  6. Зейін Шашкиннің өмірі туралы очерк
  7. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  8. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  9. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі
  10. Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет
  11. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ