XIII-XV ғасырлардағы көшпелілердің қолданбалы өнер жетістіктері (сабақ жоспары)

0
2189
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
— көшпелілердің қолданбалы өнер жетістіктерін сипаттау.

Зерттеу сұрағы
Ортағасырлық саяхатшылар Қазақстанды қалай сипаттады?

Оқулық
XIII — XV ғасырлардағы көшпелілердің қолданбалы өнер жетістіктері.170–172 беттер.

Тірек сөздер
— Кесене
— Тайқазан
— Жер асты мешіті
— Шығас моншасы

Ресурстар
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Алматы. Атамұра. 2010.
2. Байпақов, К.М. Қазақстан археологиясы. Алматы. 2011
3. Ажигали С.Е. Архитектура кочевников — феномен истории и культуры
Евразии. Алматы. Ғылым. 2002. 654- с.
4. Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Ғылыми-зерттеу еңбек. Алматы.
Өнер. 1987. 128- б.
5. Средневековые города Казахстана. Алматы. 2006.

Көрнекілік
Фотослайд. Фотоклип, Каталог, фотоальбом кітаптар.

Мақсатты айқындау
ХІІІ — ХV ғасырлардағы сәулет өнерінің озық туындыларымен таныстыру. Әлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тарихын оқыту.

Арыстан баб кесенесі, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі ерекшеліктерін айту. Жерасты мешіттері, шығыс моншалары құрылыстарының ерекшелігімен таныстыру.

Сабақтың деректік материалдары
“Қ.А. Ясауи сәулет ғимараты айқын, дәл әрі үйлесімді жоспармен салынған.Деректерде Әмір Темір кесененің салынуына бұйрық беріп, әрі жобасын жасауға да тікелей қатысқан.

Қожа Ахмет Ясауи сәулет ғимараты — аса үлкен порталды-күмбезді құрылыс. Оның ені — 46,5м, ұзындығы — 65м. Ғимараттың орасан зор порталы (ені — 50 метрге жуық, порталдық аркасы — 18,2 м және биіктігі — 37,5м) және бірнеше күмбезі бар. Оның орталық бөлмесінің төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған.

Қ.А.Ясауи кесенесі жамағатхана, қабірхана, мешіт, кітапхана, үлкен ақсарай,кіші ақсарай, асхана, құдықхана және бірнеше құжыра бөлмелерден тұратын, діни-ғұрыптық, діни-ағартушылық, тұрмыс-салттық қызмет түрлерін атқаруға арналған аса күрделі, аса зор кешенді құрылыс болуымен ерекшеленеді.

Сәулет ғимараты сансалалы қызмет атқаруымен қатар, қоғамның да саналуан деңгейіндегі мүшелерінің басын бір жерге қосып, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты, ынтымақ пен өзара қамқорлықты қамтамасыз еткен орталық болған. Кесененің бүкіл сәулет жобалық композициясының орталығы — жамағатхана (қазандық) бөлмесі.

Жамағатхана — күмбезге дейінгі биіктіктігі — 36 м, ұшар басына дейін — 37,5 м қабырғалары 18,2 м болатын, үлкен шаршы бөлме. Жамағатханаға екі жағынан екі деңгейдегі — 3,2 x 4,6 м болып келетін сегіз құжыра бөлмелер жапсарлас салынған. Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі –– жамағатхананың төрінде орналасқан
әулиелер Сұлтанының қабірханасы болып табылады.

Қабірхананың дәл ортасында шымқай жасыл тастан (нефрит тасы) әулиенің құлпытасы орнатылған.Төбесі қосқабатты, сырты қатпарлы күмбезбен көмкеріліп, сырты мозаикамен қапталған.

Оң жағында жамағатханамен созылыңқы келетін жолбарысхан дәлізі арқылы жалғасатын, мешіт бөлмесі мен кітапхана орналасқан. Мешітке ерекше көрік беріп тұрған михраб ойығының беті мозаикамен және өсімдік тектес өрнектер бедерленген мозаикалық тақташалармен әшекейленген.

Қабірхананың сол жағында ғұламалардың сұхбатына, ғылыми жиындарға,пікір алысуға арналған үлкен ақсарай (қабырғалары 6,2х10,2) орналасқан.

Үлкен Ақсарай — жамағатханамен және кіші Ақсараймен дәліздер арқылы жалғасады. Кесененің оңтүстік-батысында асхана-халимхана бөлмесі орналасып, жамағатханамен дәліз арқылы байланысқан (6,2х12м).

Бұрын мұнда Әмір Темірдің уақыфтық қолхаты бойынша “Хәлім ботқа” тамағы дайындалып, таратылған. Халқымыз салт-дәстүрінде үлкен орны бар, дүниеден өткен адамның аруағын құрметтеп ас нәзір беру салты әулиенің басында ғасырлар
бойы жүйелі түрде орындалған.

Ғимараттың оңтүстік шығыс бөлігінде биіктігі 16 м, қабырғалары 6,3 м күмбезді бөлме — Құдықхана орналасқан. Кесененің жалпы архитектуалық құрылымдық жобасы мен композициясы бұл құрылыстың — Ясауи тариқаты дәруіштерінің діни-ғұрыптық құлшылық, ғибадатын орындаған, Түркілік мұсылмандық дәстүрдің қалыптасуының
кіндік орталығы болғанын көрсетеді.

Батыс қабырғада “Алла Раббым және Мұхаммед пайғамбарым” сөздер жазылған. Кесененің солтүстік қабырғасында “Пенде жоспарлайды — Алланың қалауы болады” деген жазу таңбаланған. Гүлдестелерде, қабырғаның әр тұсында, әралуан өрнектермен Алланың көркем есімдері, пайғамбар есімі таңбаланған. “Бүкіл жаратылыстың иесі Алла”, “Бағыт көрсету Аллаға тән”, “Күш-құдірет Алланікі”, “Мәңгі-бақилық сипат Аллаға тән”, “Ұлылыққа жету Алламен болады” деген Алла-Тағаланың ұлық сипаттарын ұлықтап, мадақтаудан тұратын сөздер жазылған.

Ал кесененің шығыс қабырғасында Алланы пәктейтін — “Сұбһан-Алла”, мақтайтын — “Алһамду-лилла”, ұлықтайтын — “Аллаһу Акбар” тәспихтары өзара ұштаса ұласып жатқан геометриялық өрнектерде таңбаланған. Құл қажы Хасан Күрди Ширазидің
есімі, жұмыстың аяқталған жылы (х.809/м.1406-07) жазылған.” ((http://
www.madenimura.kz сайты материалынан).

Сабақ түрі мен әдісі
Тарихи саяхат. Тарихи дискурс. Интерактивті белсенділік.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Сабақ барысында интернет желісіне қосылған тақта арқылы “Әзірет сұлтан” тарихи-мәдени қорық мұражайы сайтына кіріп, сәулеттік ескерткіштермен танысуға болады. Жергілікті жердегі мектептер, әрине сабақты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде өтуін ұйымдастыру керек. Әр облыс мұғалімдері өз өлкесіндегі осы кезеңдегі сәулет өнері ескерткіштерін қамту керек.

Мысалы, “Тараз” тарихи-мәдени, “Ұлылау” тарихи-мәдени қорық мұражайлары.
Бағалау мүмкіндігі “Өлке ескерткіштері” атты тақырыпта өз өлкелеріндегі ескерткіштерге қатысты сауалнамалар жасауға, фото сауалнамалар ұйымдастырып, нақты жауап беруін ұйымдастыру.

Қосымша тапсырмалар
Оқушылардың “Тарихи-мәдени ескерткіштер” атты өз фотоальбомдарын жасауына тапсырма беру.

Білімін шыңдауға берілетін тест
Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!

1. XIV—XV ғасырларда Түркістан қаласында салынған ескерткіштерді
белгілеңіз:
А) Алаша хан кесенесі Е) Шығыс моншасы
В) Рабиға сұлтан бегім кесенесі F) Қарахан кесенесі
С) Бабаджа қатын кесенесі G) Бәйдібек би кесенесі
Д) Қожа Ахмет Иасауи кесенесі H) Түгіскен кесенесі

Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
2. Қ. А. Иасауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғаларды анықтаңыз:
А) Кенесары хан Е) Әйтеке би
В) Абылай хан F)Қабанбай батыр
С) Төле би G) Есім хан
Д) Қазыбек би H) Керей хан

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ