Жер қойнауының білгірлері. Қосым Пішенбаев пен Бұқарбай Тәшімов туралы

0
933
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Басылым атаулы қанша ескі дегенмен бетін бұрын ашпаған адамға бір ғасырдан кейін де «жаңа» болып көрінеді екен.

Ескі журналдардың бірі — «Геолологические исследования и разведочные работы по линии Сибирской железной дороги» басылымының 1898 жылғы 9-шы санында А.Мейстер деген инженердің «Екібастұз көмір кені» деген еңбегі басылыпты.

А.Мейстер — құрылысы сол кезде Омбы төңірегінде жүріп жатқан Сібір темір жолының бас геологы. Ол кезде бұл құрылыстың геологтары болашақ темір жолмен зымырайтын поездар паровозына отын іздеп шартарапты шарлап жүреді екен. Ал Мейстердің
өзі осы мақсатпен 1895 жылы Екібастұзға келіпті.

«Қосым разносы -Артем шахтасының солтүстік батыс жағында 135 сажень жерде өте
кең түрде қазылған болатын және қалың пластаның барлығы осы жерде дәлелденіп еді. Мұны қазған уақытта, әуелі оңтүстік — батысқа қарай құлай біткен қоқысқа кездеседі: алайда тек Қосымның табандылығының арқасында ғана қоқыстан өтіп, нағыз көмірге кездескен.Осыдан кейін барып, Артем және басқа шахталардың беті ашыла бастаған».

Біз келтірген жолдар мақалада «Қосым разносы» деген тақырыппен жеке берілген екен де, осы беттің аяғында «Оны қазған Қосымның есімімен осылай аталған» деген түсіндірмесі де бар.

«Золотопромышленность и горное дело» хабаршысының 1900 жылғы 10-шы санында Екібастұз кен орнының А.Мейстер сызған сызбанұсқасының жобасы келтірілген. Онда 1 Екібастұз көлі, және Е Ертіске қарай тартылған темір жол. Шахталардан алынған көмір вагондарға тиеліп, Ертіске, одан баржаға қотарылып, сумен Омбыға жеткізілген екен.

Бір қуанышқа бөлегені — сызбаның бетінде Қосым есімі үшьжерде аталыпты: «Қосым разносы», «Қосым шахтасы» (яғни, капиталист Деров өзінің әйелі мен балалары есімдерімен аталған шахталардың біріне Қосым атын да қойыпты). Сонан соң сызбанұсқаның етек жағында жіп бойына тізілгендей елу шақты нүкте (оның он жетісі нөмірленген) бар екен де, олардың астына «Қосымның барлау линиясы» деп жазылыпты — тегі, көмір байлығының мөлшерін белгілеу үшін Қосымның қазған шруфтары болу керек.

Осы журналдың 185—186 беттерінде Семей губерниясының таукен инженері В.Коцовскийдің «Екібастүз көмір кені» деген мақаласы бар. Мақалада: «Кен байлықты алғаш ашу жергілікті қырғыз Қосым үлесіне тиеді» деген жолды ерекше көрсетіп қойыпты…

Қазақ ССР Ғылым Академиясының академигі Шапық Шөкин 1970 жылы Екібастұзда болып, Қосым жөнінде материал жинап, оның есімімен көше, разрез атау жөнінде мәселе көтерген екен. Осыны ести сала «Қосым өміріне қосар үлес болар » деген оймен Шөкин жолдасқа бардым. Ол «Қосым жөнінде Ленинградтан алынған материалдар бар », — деп мені Қазақ ССР Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институтының академигі Ақай Нүсіпбеков
жолдасқа жіберді. Келіп, шаруамды айттым.

— Иә, бір адамды Ленинград архивтерінде әдейілеп үш ай отырғызып тапқан материалдарымыз бар, — деп, ол кісі сейфін ашты.Келесі сәтте менің қолыма ескі журналдардан фото арқылы көшірілген екі парақ қағаз тиді. Бірі- «Геологическое исследование и разведочные работы по линии Сибирской железной дороги» басылымының 1888 жылғы 9 санындағы А.Мейстер мақаласының біз жоғарыда келтірген үзіндісі, екіншісі — «Золотопромышленность и горное дело» хабаршысының 1900 жылғы 10 санында жарияланған тағы да сол автордың Екібастұз жөніндегі сызбанұсқасы.

Мен Ақаңнан Ленинградтан алдырған материалдармен таныстыруын өтіндім.
— Алдындағың аз болып тұр ма?- деді ол кісі. Мен бұл материалдардың қолымда барын және оны Алматыдан шықпай-ақ тапқанымды айттым.

Ақаң бастаған осы инициативті топ осы екі материалды негізге ала отырып, «Егер Қосым атына Екібастұздың не бір көшесі, не бір  разрезі қойылса, бұл біздің интернационалдық борышымызға толық жауап берген болар еді» деген хатты Павлодар облыстық партия комитетіне жолдаған екен.

Осыдан кейін жазушылар Әзілхан Нұршайықов, Ақат Жақсыбаев бас қостық. Әзілхан да Қосымды халық аузынан теріп жазғаны бар, ал Ақат өзінің бүкіл творчестволық өмірін Екібастұз өндірісінің өткені мен өсуін зерттеуге арнаған. Ғалым ағаларымыз көтерген мәселені жүртшылық назарына салу үшін мақала жазуға отырдық. Оған біз Қосым жөнінде табылғанның бәрін салдық та «Казахстанская правда» газетіне ұсындық.

1972 жылдың 14 қаңтарында мақаламыз жарық көрді. Неге екенін білмедік, Мейстердің
«Қосым разносының» қалай пайда болғаны жөніндегі жазғаны мен Екібастұздың ол салған схемасын алып тастапты. Алайда, оқырман назарын елең еткізіп, тиісті мекемелер мен басшы қызметтерде отырған жолдастарға ой салатындай ұсынысымыз толық жарияланыпты.

Сол айда мен «Қосым кім болған?» деген мақаланы, барлық фотосурет, схемамен «Қазақ әдебиеті» газетіне де жарияладым. Біздің осы екі газетке жариялаған мақалаларымыздағы деректер негізінде Медеу Сәрсекеев «Білім және еңбек» журналының 1972 жылғы мамыр санына «Қосым Пішенбаев туралы ақиқат пен аңыз» атты очерк жариялап, ол да үн қосты.

Өз басым бір-екі материалмен қанағаттанбай Қосым жөніндегі деректерді әрі қарай іздей бердім. Төңкерістен бұрын «Живописная Россия» деген көп томды кітап шыққан. Соның қазақ даласын таныстырған 18-томын қолыма алдым… Міне, Екібастұз көлі жөнінде мәлімет.

Белгілі сөздер. Алайда, бұл жерде менің назарымды Екібастұз көлінің қағазға түскен бейнесі тартып еді — көлдің оңтүстік-шығыс жақтарында шығанақтары бар. Сырт қараған көзге көл тұрпаты ешкінің желініне ұқсайды. Қазақ жерінің бұл жағында не көп, тұзды, сортаң көлдер көп.

Олардың ішінде Сүйріксор, Дөңгелексор дегендері сол айдындардың сырт тұрпаттарына байланысты қойылған аттары. Сол сияқты, мына көлдің екі шығанағы екі басы деп аталады ма екен? (Дазақ кейде сортаң көлді «тұз» дей салады.) Екібастұз есімі осылай тумағай. Жергілікті қазақтар кейде «тұзды қоспай «Екібас» деп те
айтады.

1916 жылы бұл өңірдің қазынасы ағылшындар иелігіне өткен уақытта осында жұмыс істеген Сәбит Дөнентаев өлеңін «Екібас» деп қана атаған ғой. Егер шындығында мен ойлағадай болса, Қосымның Екібастұз көмірін ашуындағы айтылатын аңыз жоққа шыға ма, қалай?

Оның үстіне сонау сексен километрдегі Қалқаман көлінен жақын жерде Қосым белгіге қоятындай түйірлеп алатын тұз да жоқ…

Тиісті мекемелер алдында Қосым есімін есте сақтау жөнінде мәселе қойып жүргенімізде, маған бір ой келді. «Қолымызда Қосым есімімен тікелей байланысты бірде-бір мәлімдеме жоқ екен-ау!».

Көңілдегі осы бір олқылықтың орнын толтыратын дерек табылмас па екен деген
оймен енді архивке бардым… Кеш қайтып, ғасырлар сырын сақтап жатқан папкілерді ақтаруға асығып, келесі күні ерте барамын. Мынау не? Қазақ ССР Мемлекеттік орталық архивіндегі 1479-фонд, 153 папкенің 62 бетінен: 1876 жылғы масштабы екі шақырымдық картада Екібастұз көмір кені белгіленген», — деген жолдар оқыдым.

Мұны Қырғыз тау-кен акционерлік қоғамына 1948 жылы командировкаға барған
Молчанов деген инженер жазыпты. Ал, енді «Екібастұз көмірі 1886 жылы ашылды» деген датамыз қайда қалады. Өтірік болғаны ма? Екібастұздың оңтүстік жағында 50-60 километр жерде Шөптікөл, Талдыкөл деген жерлерде де көмір бар.

Молчанов осыларды айтып отырмағай. Олар Екібастұздан әлдеқайда бұрын ашылған ғой. Мүмкін, ана картаға түскен осылардың бірі болар. Павлодарға барған сайын облыстық партия комитетінің сол кездегі секретары Григорий Алексеевич Бариковқа кіріп, жаңалықтарымды хабарлап тұратынмын. Менің «Көлдің аты өзінің сырт тұрпатына қарап қойылған болу керек » деген ойымды, сол жерде сызып көрсеткен суретіме қарап, мойындады. Ал, Қосымның есімін мәңгілік ету мәселесіне келгенде ол езу тартып күлді. Григорий Алексеевич тегінде мені жылы қарсы алатын. Ал, мынадай қуанышты кейпін бұрын байқамаппын. Оның жүзінде не өз әйелі, не менің әйелім ұл тауып,соны хабарлағысы келген адамға ғана тән қуаныш, масаттану тұрды.

Мен оған үміттене қарадым. Ол үстел тартпасынан үш-төрт парақ
қағаз алып ұсынды. Машинкаға басылған материал басына: «Кен көзі ашылуының қысқаша тарихы мен барлау жұмыстары», — деген тақырып оқыдым. Тағы да Мейстердің еңбегі екен. Екібастұз көмірінің ашылуы жөнінде ол да Молчанов көрсеткен картаға сілтейді де, «Екібастұз көлінің оңтүстік жағында таскөмір белгіленген», — дейді…

Көңілім бір өсіп, бір басылды. Өйткені, көлдің Екібастұз аталуы жөніндегі менің жорамалым дұрыс сияқты. 1876 жылы картада да ол Екібастұз атанған ғой. Басылғаны — «кенді ашқан Қосым емес, мүлде басқа біреу шығар» деген күдік. Осы жерде «жан дүниесі әуелден Қосымды қош көрмейтін Бариков қуанышы да тегін емес-ау» деп ойладым. Ендеше Қосыммен қатар өмір сүрген Семей губерниялық таукен инженері В.Кацовскийдің жоғарыдағы сөзін қайда қоямыз? Және ол 1895 жылы Екібастұзға бірге келіп, бір журналдың бір санына автор болған Мейстерен келісіп алмай кенді Қосымның ашқаны жөніндегі пікірін айтуы мүмкін емес.

Егер осы тұжырымымыз дүрыс десек, сонда Қосым ол көмірді қашан тапқан болады? Бұл сұраққа Коцовский жауап бермейді. Енді мені жетекке алған себеп осы болды. Архив есігін қайта аштым. Тағы да беттерінің жабылғанына ғасыр болған папкалар қағазын парақтау…

Мына бір материал кездеспегенде менің архивте бұдан әрі отырар-отырмасым белгісіз еді. Степан Александрович Попов деген көпес 1881 жылы тиісті жерге Екібастұз көмірі жөнінде мәлімдеме түсірген екен. «Екібастұз көлінің оңтүстік жағынан бес жүз саженьдей жерден көмір табылды. Бенардаки көпестің бұрын көмір қазған жері екен», — дей келіп, «Іздеушілер партиясының құрамында Қосым Пішенбаев және Жөке Тезекбаев болды», — дейді. Тағы қуаныш, тағы күйініш. Қуанышым мәлімдеме бетінен Қосымның шыға келуі, күйінішім әсіресе XIX ғасырдың екінші жартысында оңай олжа іздеген өнеркәсіпшіл көпестер. Мейстер сөзімен айтқанда, қазақ даласында «аш бөрідей өріп жүріпті».

Айтса айтқандай! Олардың алфавитпен тіркелген тізімінде фамилиялары «А»-дан «К»-ға дейінгі аралықтағы әріптерден басталатындардың өзі 6368 адамға жеткен. Оның ішінен мен Бенердаки деген көпестің Александр, Дмитрий тәрізді бірнешеуін кездестіріп едім және олар сонау Верхотур өлкесінен болатын. Попов айтып отырған Бенердаки солардың қайсысы? Осы сұрағыма жауап табу үшін тағы да
архивке келдім…

1974 жылы Москвада «Дружба народов» журналының редакциясында Павел Сугоняка деген украин журналисімен жолықтым. Жасы егде тартып қалғанына қарамастан Қазақстанға келіп, Тарас Григориевич Шевченко суреттерінде бейнеленген қазақ жерлерінің бүгінгі кейпімен таныспақ ойы барын айтып, осы жөнінде менен көмек сүрады және менің Украина женінде бірдеңе білгім келсе, өзінің де көмекке
дайын екенін айтты.

Сол жерде менің есіме мынадай жай түскен: Деров 1893 жылы Екібастұз көмірін өндіретіні жөнінде мәлімдеме жасасымен Бродский деген Киев көпесін қоғамдасуға шақырған болатын. Сонда Бродский Екібастұзға өзінің инженерін жіберіп алып және Деровтан кен көзіне байланысты қағаздар мен документтерді сұратқан.
Осыдан кейін барып екеуі «Воскресен тау-кен» қоғамын ұйымдастырған. Қоғамның бір мүшесі Деровтың бас кеңсесі Павлодарда, екінші мүшесі Бродскийдің бас кеңсесі Киевте болды. Осыған байланысты Украина астанасы архивінің қағаздарына үңілу арманым еді… Мен Суганякадан осыны сұрадым…

«Бір жоқ, бір жоқты табады» дегендей, мен кенеттен қуанышқа кенелдім. Зерттеушіні мұндай қуанышқа тек архивтің ғана бөлеуі мүмкін -Қосымның ұстазы Бұқарбай табылды! Оның өз қолымен жазған алпыстан астам мәлімдемесіне жолықтым. Ол мәлімдемелер даталарына қарағанда 1834-1866 жылдар аралығында сонша кен көздерін ашыпты.

Олардың ішінде совет дәуірінде де жұмыс істеген Жосалы (мыс. 1840 жылдың 23 мамыры [19], Қандықарасу-Александровка (мыс. 1839 жылдың 15 тамызы), Шөптікөл (көмір 1838 жылдың 15 қазаны), Майқайын (темір. 1854 жылдың 24 мамыры [20], болашақта елімізге арзан көмір беретінМ әукемен- Майкөбен (1840 жылдың 28 шілдесі) және басқа да кен көздері бар. Бұқарбай тапқан кені жөнінде өз атынан мәлімдеме беріп,ол жерлерді қазақ байларынан сатып ала беруге ықтиярлы болыпты.

Мысалы, Баянаула төңірегіндегі Жосалы, Жуантөбе, Үйтпес деген жерлерді Көккөз, Жарылғап дегендерден 285 сом 71 тиынға, Қандықарасуды Елубай Бәйменов дегеннен бір мың сомға, Ақкөл деген жерді Кемеу, Айтбай Шымыровтардан 150 сомға, Егізқараны Таныбай Үзденбаев,Түнқатар Қабасов дегендерден 300 сомға, Айман бұлағыға  (белгілі ақынСүлтанмахмүт Торайғыров пен режиссер Шәкен Аймановтардың бабаларының қонысы) Байтоқа Жұмағұлов, Бәке Есенбаев, Арықтанбай Дулатов дегендерден 100 сомға, Жанболдыны Құсайын Тәшімов (документтерде Бүхаретдин Тачимов) Поповтардың үш ұрпағына кен тауып беріп қызмет көрсеткен екен.

1852 жылдың 7 мартында Степан Иванович Попов қайтыс болып, оның Баянаула төңірегіндегі кеніш, зауыттарына ие болуға екінші ұлы Александр келгенде 1853 жылдың 18 қыркүйегінде Бұқарбайға мынадай ресми хат жазады: «Жоғарғы бастықтардан Шығыс және Батыс Сібір, Орынбор губерниясы мен Сібір қырғыздары (казақтарды — Қ.И.) округында алтын рудасы» және басқа минералдарды іздеп табуға рұқсат ала отырып Сіздің тәжірибеңізге сенемін және осы істерді Сізге жүктегім келеді» [21].

Бұқарбай жауап хатында өзінің хат-шот үйренуіне, жалпы «адам болуына жағдай жасаған және тағдыр әлегімен жас кезінен қол үзіп қалған еліне қайта алып келгені үшін Степан Иванович Попов арқылы Поповтар әулетіне алғыс білдіру ретінде олардың қайсысына болсын қызмет істей беруге барлығын айтады» [22].

Бұл құжаттар біріншіден, С.И.Поповтың 1866 жылы 2 мамырда Мойылды кенін ашқаны үшін 22 жасар Қосымға берді деген қағазды жоққа шығарады. Екіншіден, Бұқарбайдың жергілікті жердің тумасы екенін айтады. Бұған мынаны қосу да артық емес. Бұқарбай 1857 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторына хат жазып, қоныстанғысы келіп,
егіншілік шаруашылығымен айналысу үшін Баянауланың батыс бөлігі Жаманауланың шығыс жағындағы Егіндібұлақ деген жерді сұрайды.

«Бұл жер менің ата-бабамның мекені» дейді. Қалайда Бұқарбай өмірі, сол жылдары орысша сауатты жаза білген геолог өмірі әлі де терең зерттеуді қажет етеді.

1976 жылы Қазақ Совет Энциклопедиясы жарық көрді (7-томы).Алфавит ықпалымен Қосымға бірінші бетінен орын берген екен. Қуанышты-ақ. Алайда, халық геологының өмірін терең зерттемеудің салдарынан біз осы беттердің жалған екенін дәлелдеп отырған документтер пайдаға асып кетіпті. Энциклопедиядан Қосымға байланысты
біз білмейтін соны дерек кездестіре алмадық…

Архивтен, шамамен, 3-4 айдың ішінде Қосымға тікелей байланысты жиырмадан астам кен ашу мәлімдемесі табылды. Рас, бұлардың бірде-бірі Қосымның өз атынан ұсынылмаған. Әр мәлімдемеде әр көпестің не болмаса, көпестердің сенімді адамдары атынан беріліпті. Алайда, сол мәлімдемелердің қайсысынан болсын кен іздеу партиясының құрамы тек Қосым Пішенбаевтан ғана басталып отырады екен.

Бес-алты мәлімдемеде Қосымның інісі Есілбай да жүр. Том тау-кен басқармасына 1915 жылдың 4 қарашасында түсірілген актыға қарағанда Деров өзі иелік еткен елуден астам кенішінің бірін — Баянауланың күнбатыс жағында 140 шақырым жердегі Басқожан адырындағы кенішін Қосым есімімен атапты. 1976 жылдың жазында Павел Суганякадан хат алдым. Конверттен фотопленка шықты. Фотоателье оны қағазға шығарып бергеннен кейін менің қуанышымда шек болған жоқ. Мен Суганяқаға баяғы өтінішімді айтқанда, сол бір қадамым осыншама сәтті болады деп ойлаппын ба?

Верхотур көпесі Александр Бенердакидің Екібастұз көмірін ашқаны жөнінде 1867 жылдың 21 маусымында ұсынған мәлімдемесі бес адамнан тұратын іздеу партиясының тізімі Қосымнан басталады! Мәлімдемеге қарағанда олар Баянауылдан шығысымен араға бір қонып Қарабидайыққа жетіп, шурф қазған. Бұдан шығатын ой — Баянауылдан
Қарабидайықты (Қазіргі Екібастұздың «Богатырь» разрезінен көмір алып жатқан жер) тура көздеп шыққандары сөзсіз.

Осыған қарап Қосым «көмірді қарсақ болсын, мейлі суыр болсын, әйтеуір бір кемірушінің інінен тапты дейтін халық әңгімесі Бенардаки мен келген солардың  алдында болған оқиға ма екен?» деген ой туады. Бұл мәлімдемеде де көл Екібастұз деп аталады — менің осы есімнің тууы жөніндегі жорамалым дұрыс болса керек…

Мен Екібастұз кенінің ашылуы мен Қосымға байланысты құжаттарды ұсынып жүрген мекемелеріме соңғы мәлімдеменің фото көшірмесін де жібердім…

1977 жылдың жазында Екібастұздың қала аталуының 22 жылдық мерекесі атап өтілді. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті 8 июль күнгі санында «…кен білгірі атанған Қосым Пішенбаевтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Еңбекшілер депутаттары Екібастұз қалалық Совет атқару комитетінің шешімі бойынша қаладағы бір көшеге Қосым Пішенбаевтың есімі берілді. Келешекте оның мүсінің жасап,
ескерткіш орнату да ұйғарылды…» деп жазды.

Дереккөз: Бір туар дара тұлғалар, Қ.М. Алдабергенов, Е.М. Арын, Б.Т. Баткеева

Басқа материалдар:

  1. Торайғыр би өмірінен деректер
  2. Қарадан шығып хан болған — Шоң мен Шорман би туралы
  3. Ел мен жердің намысын қорғап қалған батырлар (Қалқаман батыр, Сәти батыр, Сүйіндік батыр, Бөкенбай батыр, Шотана батыр)
  4.  Қара қылды қақ жарған (Айдабол, Едіге би)
  5. Шорман бидің өмірі туралы
  6. Әке жолын қуған ұл. Мұса Шорманов туралы
  7. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы
  8. Зейін Шашкиннің өмірі туралы очерк
  9. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  10. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  11. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ