«Өзім ту­ра­лы» өле­ңінің мағынасы

0
27862

Ал­ды-ар­тын­да еш­кі­мі бол­ма­са, Қа­сым да ба­қыт­сыз бо­лар еді. Қа­сым – ба­қыт­ты ақын. Тай-құ­лын­дай те­бі­сіп бір­ге өс­кен, бі­рін-бі­рі қам­шы­лап, өлең­ді жа­ры­са жаз­ған, өз­де­рі­нің жақ­сы­сын көл­де­нең тарт­пай, Қа­се­кең­ді ыл­ғи да ұс­тап, ая­лай біл­ген құр­бықұр­дас­та­ры­ның кө­бі қа­зір ара­мыз­да жүр. Қа­се­кең­нің өле­ңін өзі­нен де жақ­сы бі­ле­тін жә­не жақ­сы кө­ре­тін өнер бәй­ге­сін­де ал­ды­на бір, ар­ты­на бір шы­ғып, шарқ ұрып жүр­ген із­ба­сар іні­ле­рі жә­не бар. Қа­сым – со­лар­мен Қа­сым. Бір орыс ақыны­ның жаз­ға­ны барды: «Қан­ша ұлы бол­ға­ны­мен Пуш­кин тұ­тас бір дәу­ір бо­ла ал­май­ды. Тұ­тас бір дәу­ір бо­лу үшін оның қа­сын­да Гри­боедов пен Кры­лов, Тют­чев пен Ба­ра­ты­нс­кий, Го­голь мен Жу­ко­вс­кий, Ка­рам­зин мен Гон­ча­ров­тар бо­лу­ға ке­рек». Бұл жа­ғы­нан қа­ра­ған­да, Қа­се­кең Ма­хам­бет пен Абай­дан да ба­қыт­ты­рақ. Аман­жо­лов де­ген – ас­қар тау. Оны
еш­қан­дай бұлт бүр­кей ал­май­ды, қа­лай айт­саң да, ол тау ала­сар­май­ды.

Са­ғи Жиен­ба­ев

Ақын шы­ғар­ма­ла­рын­да жан дiрiлiн, шы­ңы­рау сыр­дың тұң­ғиы­ғын шар­лай­тын, зама­на шерi мен қо­ғам құ­бы­лыс­та­рын, та­рих тол­қын­да­рын бар­лай­тын те­рең сезiну бар. Нәзiк ли­ризм мен көк­жи­ектi қам­ты­ған эпи­ка­лық бай­тақ әлем, фи­ло­со­фия­лық та­мыр­лар бiте қай­на­сып, тұ­та­сып жа­та­ды. Мұ­ның бәрi – ақын­дық ше­берлiктiң ғана емес, ең ал­ды­мен, ақын­дық та­би­ғат­тың, ин­тел­лек­ту­ал­дық те­реңдiктiң нә­ти­жесi. Зер­делi, естi, асау рух, сол рух­тан нұр ал­ған, сол рух­пен суар­ған, сол рух­тан ту ал­ған шы­ғар­ма­лар – «көр­нектiле­ну» үшiн де емес, кө­сем­су үшiн де емес, көкiректегi шежiре-шердi не­ме­се бас­қа да әр­қи­лы тебiренiстерiн жеткiзу­ге де­ген та­би­ғи қажеттiлiк, та­би­ғи ықы­лас.

Бе­кен Ыбы­рай­ым

«Өзім ту­ра­лы» өле­ңі
Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында…

Қасым Аманжолов

Қ.Аманжолов поэзиясы өршіл романтизм, биік пафос, азаматтық идеясының айқындығымен ерекшеленеді. Ақынның «Өзім туралы» өлеңі өзінің өткен өміріндей, өмірлік кредосындай. Ол осы өлеңі арқылы келер ұрпаққа сыр айтып, өсиет қалдырып кеткен:

Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап,
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.
Жүзінде кәрі жердің әжімі көп,
Ізімді табарсыңдар әзер іздеп,
Оқырсың сонда мүмкін бұл жырымды:
«Досың да, туысың да біздерміз», – деп.

Онысы соңынан жақсы жыр қалдырсам екен деген жалын жүректің ұшқынындай сезіледі:

Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында,
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да…
–деп, өз көрерменін үлкен оқиғаға дайындайды.
Аманжол, Рақымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын,
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.

Өлеңдегі лирикалық кейіпкер өзіне әрі оқырманына сауал тастайды, болашағына болжам жасайды:

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде,
Қай жерде үзіледі қайран сапар?
Түйін боп өмірімнің бір шетінде.
Сол жерге қалармын ба мәңгі тоқтап,
Жоғалып жер бетінен сүрлеу-соқпақ,
Немесе бастармын ба екінші өмір,
Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап.

Қ.Аманжолов – өз кезеңінің, қазіргі уақыттың, тіпті келешектің де ірі ақыны. Оның әр жыры – қазақ жырының тарихындағы ірі жетістік. Өткенімізді іздесек, біз Қасым Аманжоловтан анық табамыз. Өйткені ақын «өртеңге тиген дауылдай» жырларымен өшпес із қалдырған, қазақ поэзиясында Абай дәстүрін жалғастырып, дамытушы. Ерлік пен өрлікті парасатты поэзиясына ту еткен.

Бұл туралы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев былай деп түйіндейді:
Дейсіңдер-ау, Қасымның несі басым,
Қасым солай болмаса, несі Қасым?
Ақынмын деп қопаңдап жүргендердің
Әммесінен Қасымның десі басым.

Қаламгер Бекен Ыбырайым да Мақатаевтың сөзін растап, Қасым Аманжоловтың шығармашылығын былайша талдап көрсетеді: «Қасым Аманжолов қазақ әдебиетiне, сол арқылы әлем поэзиясына көркемдiк ойлаудың адамзат тарихында бұған дейiн болмаған жаңа құбылыстар, тың толқыныстарды әкелдi. Болмысты сезiну мен бейнелеудiң, көркемдiк тәжiрибенiң адамзатты байытатын жаңа типiн тарту еттi. Ендеше, Қасым Аманжолов – ұлы ақын.

Қасымнан кейiн дүниеге келген ақындардың iшiнде оған бас имеген, тағзым
етпеген ешқайсысы жоқ». «Өлемін деп емес», «ұқсата алмай келемін» деп өкінетін ақын «өзіммен бірге өлмесін өлеңім» деп, «күніне жүз ойланып, мың толғанады», себебі ақынның «бары да, бақыты да – өлеңі».

Ақынның өз энергиясындай өлеңі де мықты:

Гүрілдеп жалын атқан кеудем-көрік,
Сөз соғам құлашымды еркін керіп.
Суарып шынықтырам күйге малып,
Болсын деп әрі әдемі, әрі берік.
«Құя алман үгітілген балшық өлең», – деген ақын-ұстаның кеуде-көрігінен
соғылып, суарылып, шынығып шыққан жырлары мәңгілік, ұрпақтан ұрпаққа
жалғасып кете береді.

Оны өзі де сезіп кетті:
Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың!

Дереккөз:  Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. Р.Зайкенова,
Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова, 2020 жыл.

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ